Жаһандық компаниялармен жұмыс істейтін отандық бизнесмен Қазақстанды кәсіптендіруге қалай кірісті
Бизнестегі үш жеңіс

Бұл әңгіме тек бизнес жүргізу тұрғысында емес, бұл — тұтас бір ауқымды миссия мен құндылықтар туралы әңгіме, ал бүгінгі таңда мұндай ұстаныммен күнде кездесе бермейтініміз анық.
Centras холдингінің негізін қалаған кәсіпкер мұнымен өзі келіспеуі де мүмкін, бірақ сырттай қарағанда — 2024 жыл оның бизнестегі жиырма жылдық тарихының өзіндік бір аралық нәтижесі іспетті деуге болады.
Биыл қаңтарда Елдар Әбдіразақов EY ұйымдастырған 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл кәсіпкері» байқауының ұлттық кезеңінде жеңімпаз атанды (ол «Көшбасшы» номинациясында ұсынылған-тын). Дәл сол тұста жаһандық электронды коммерция нарығындағы ең ірі платформа — америкалық Amazon компаниясы Centras холдингіне ынтымақтастық ұсынды және тіпті қазақстандық тараптан қандай да бір салым не міндеттеме де талап еткен жоқ. Ал наурыз айында тағы бір маңызды оқиға орын алды: бір қарағанда ол Елдар Әбдіразақовтың негізгі бизнесіне қатысы жоқтай көрінген еді…
Соңғы бес жылда Centras Group жұмыс процесіне жасанды интеллект пен алгоритмдерді енгізумен айналысып келеді. «Бізде әртүрлі жаңа бастамалар көп, жасанды интеллектіні енгізуді қолға алған энтузиастар клубы бар. Әрине, қарыштап алға кеттік дей алмаймын: ChatGPT деңгейінде бірден қол жеткізген жылдам да оңай жеңістер тез іркіліп, жабылып қалды. Бірақ бізде, мысалға, алгоритмдік шешім қабылдауға негізделген терең әрі тың зерттеулер бар. Шамамен жарты жылдан бері сақтандыру компанияларының клиенттеріне 1 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде төлем жасау туралы шешімдер адамның қатысуынсыз қабылданады», — деп әңгімелейді Елдар Әбдіразақов. Оның түсіндіруінше, кез келген сақтандыру төлемі 78 шақты өлшемнен өтуі тиіс, олардың бірқатары жай ғана маңызды емес, өте маңызды деуге тұрарлық. Барлық мәліметті тексеріп, салыстырып, бағалау керек. «Адам болғасын қателесіп те, жаңылысып та жатады. Ал бізде дайын дереккөз бар — 2012 жылдың өзінде-ақ біз барлық мәліметтерді біріктірілген біртұтас басқару жүйесіне (ERP) енгізіп қойдық. Жай ғана бухгалтерия не қаржыға ғана қатысты емес, барлық шешімдер бойынша — HR, сатулар, ішкі төлемдер, т. б. түгел осы бірыңғай жүйеге ағылып, жинақталады. Осылайша біз оны алгоритмдеуге кірістік: компания қызметкерлері атқаратын күнделікті жұмыстың көп бөлігін машиналардың құзырына беру үшін. Миллиардтаған міндеттер әп сәтте шешімін тауып, орындалып жатады. Осы алгоритмдердің арқасында дәл қазір маңызды емес дейтін, бірақ ұзақ уақыт алатын ұсақ-түйек шешімдерді де автоматтандырып қоюға болады. Әдетте шешімдердің шамамен 5%-ы өте маңызды болуы мүмкін. Бірақ біз оған дер кезінде үлгермей жатамыз, өйткені уақыттың 80%-ын күнделікті қарабайыр жұмысқа арнаймыз», — дейді бизнесмен.

Күндердің күнінде компания жұмысының дәл осы бағытына ойламаған жерден Amazon көмек көрсетуге ниет білдіреді — Centras компаниясы Amazon-ға тиесілі машиналарды оқытудың бұлттық сервистерін коммерциялық негізде қолданып келген-ді. «Олар бізбен бір жылдай жұмыс істеді де, бір күні бізге: «Команда ретінде сіздермен жұмыс істеген оңай әрі тиімді, біз сіздерге өз ресурстарымызды бөліп, әзірлемелеріңізді кредиттеуге дайынбыз. Ынтымақтастықтың келесі деңгейіне өткеніміз дұрыс, сіздер де біздің технологияларды тиімді етіп қолдана алатындай. Ал табысқа жетіп жатсаңыздар, бұл тұрғыда Amazon ресурстарын пайдаландық деп айта жүріңіздер, бізге сол да жеткілікті» деді. Яғни, біз Қазақстанда бұрын-соңды болмаған технологиялық мүмкіндіктерге қол жеткізе алдық. Оның сыртында бізбен олардың solution-архитекторлары жұмыс істейді. Ең бастысы — олар біздің ойлау деңгейімізді өзгертті. Бізге Amazon-ның мәселелерді шешу жолдары қатты ұнады. Біз негізі перфекционистпіз, ал олар бізге: «Сіздерде 2% жетпей жатса, сіздер оны жеткізу үшін, күш саласыздар. Қайтесіздер оны? 75%-ын жауып, әрі қарай жылжыңыздар» деді. Біз солай жұмыс істеп көрдік, сөйтсек, төлемдердің 90%-ы дереу өтіп кетеді екен. Ал қалған 10%-ын адамдар асықпай отырып шешеді. Қазір бірнеше пилотты жобаны іске қосуға дайындап жатырмыз», — дейді Әбдіразақов.
Әйтсе де мұндай жомарттық Amazon үшін де кездейсоқ туындаған шешім болмаса керек. Бизнесменнің түсіндіруінше, бұл екі жаққа да тиімді өзара ынтымақтастық қатынас: «Ресей нарығы жабылып қалған соң олардың Орталық Азияда өз бизнесін дамытуға деген құлшынысы өте жоғары. Бірақ олар бұл аймақта өздеріне серіктес керектігін жақсы түсінеді, мүмкіндігінше оларды жаңадан оқыту қажеті болмаса, тіпті жақсы».
Жергілікті мамандарға үміт зор…
Бір қызығы Әбдіразақовпен соңғы жылдары байланысқа шыққан жаһандық деңгейдегі америкалық компания бір ғана Amazon емес. Қазақстанда өзінің Burger King франшизасы арқылы жұмыс істеген Restaurant Brands International (RBI) 2022 жылы Centras қожайынына өздері таяуда ғана сатып алған Popeyes мейрамханалары желісін ұсынады. «Олар ұсыныс жасап өздері келген соң, мен оларға өз тарапымнан талап қоя алдым. Біріншісі — біз ингридиенттерді жергілікті деңгейге бейімдейміз, өйткені ұзақ мерзімді перспективада бізге тұрақтылық қажет (Қазақстанда бұған дейін McDonald’s жабылып қалғаны белгілі). Екіншісі — команда жергілікті мамандардан жасақталады, мен экспаттарды қаламаймын. Әрине, олар өздерінің дәлелденген дайын желілерінің мән-мәнісін түсіндіріп, бізге өз схемаларын ұсынумен болды, бірақ мен де дегенімнен қайтпадым. Сөйтіп біз бұл жобаны локализациялауға кірістік», — деп еске алады бизнесмен.
Дегенмен жаңа жобаны жергілікті деңгейге бейімдеу барысы тіпті де оңай соққан жоқ, ингридиенттерді локализациялау үшін де біржарым жыл қажет болды. Сөйтіп алғашқы мейрамхана тек 2024 жылдың наурызында бірақ ашылды. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген мемлекеттік бағдарламалардың ақшасы қайда кетіп жатыр? Мүлдем түсініксіз. Бұл саладағы стандарттау деңгейі тіпті ойға сыйымсыз. Бұған дейін бір жерде айтқаным бар: біз — тым төмен стандарттарға негізделетін қоғамбыз, елміз деп… Quick-service restaurant санатында ингридиенттерді жергілікті өнімдермен алмастыруға ден қойған біз бірінші компаниямыз. Біржарым жылдың ішінде бөзіміз заңгер, өзіміз техникалық кеңесші және ІТ-интегратор болып шықтық. Біз негізі қаржы индустриясына тән ұстанымдармен жақсы таныспыз. 1990-жылдары халықаралық стандарттарға бірінші болып өткен осы қаржы саласы болатын, біз оны толық үйреніп алғанбыз. Сол кездері біз коммерциялық сақтандыру дегеннің нақты не екенін бірінші рет көріп, түсіне алдық, яғни ол бүгінгі күні бізде кең тарап кеткен мемлекет пен оның қажеттіліктерін міндетті сақтандыру дегенге мүлдем ұқсамайды», — дейді бизнесмен.
Осылайша Centras холдингі сақтандырудың көмегімен өнім сапасын басқаруды локализациялау саласындағы бірінші компания болып отыр. Жаңа мейрамханаға қажет негізгі өнім — тауық еті — Александр Гарбердің (Forbes Kazakhstan әзірлеген ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде № 33 — ред.) «Прима-Құс» құс фабрикасынан жеткізіледі. «Сақтандыру барысында орташа мәндер есептеліп, ауытқулар ескеріледі. Өнім жеткізуші өнімнің сапалы болуын және тоқтамай жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс. Ал тапсырыс беруші — оны қабылдап алып, төлем жасалуына кепіл болуы тиіс. Бірақ бұл арада үшінші тарап та қажет: ол — осы қатынасты басқарып, келісімшарт барысындағы шығындарды өтейтін сақтандыру компаниясы. Бұл тұрғыда өзімізге таныс барлық стандарттарды ақтарып-төңкеріп, стандарттарды орындауды сақтандыру тетіктерін ішкі технологиялық процестерге енгізу жолдарын іздеуге тура келді. Егер бұл үшін шетелдік сақтандырушыларды шақырған болсақ, онда бұл сатудан түсетін кірістің 7%-ы деген сөз, ал бұл жаңа басталған жоба үшін кәдімгідей шығын. Стандарттардың орындалуын сақтандыруға бізде аса көңіл бөлмейтіні де содан болса керек», — деп пайымдайды Елдар Әбдіразақов. Бизнесмен Centras ұстанатын бағаларды жария еткісі келмеді: «Біз де, «Прима-Құс» та осы стандарттарды енгізіп, қолдану үшін ұзақ уақыт бойы ресурс бөлумен келдік. Бұл біздің де, серіктестеріміздің де инвестициясы, біз бір-бірімізге сенім артуымыз керек, ал егер әрқайсысымыз өз қажетімізге сай ғана әрекет етсек, онда бұл арада ынтымақтастық жоқ деген сөз».
Әйтсе де жаңа мейрамхана желісінде құс етін малуға қажет ұнды (кляр жасау үшін) стандарттау мүмкіндігі жүзеге аса қойған жоқ, әзірше ұн Франциядан сатып алынады. Сонда қалай — бидай және ұн экспорттаушы елдің бірі саналсақ та мейрамханаға қажет ұн тауып бере алмағанымыз ба? «Қазақстандағы жоғары сортты ұнның стандарты, шындап келгенде жоғары деңгейге жете қоймайды. Ұнның құрамындағы протеин деңгейі бойынша біз тіпті орташа стандарттан да алшақтаумыз, — дейді Елдар Әбдіразақов. — Біз шақырған мамандар жергілікті өнімдерді талдап, сарапқа салған соң белгілі болғаны — бізде ұнды термоөңдеу барысында оның құрамындағы бірқатар ферменттер жойылып кетеді. Ұн өндірудің технологиялық процестері біздің елде өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері қолданылып келеді. Ал одан бері әлемде талай нәрсе өзгерген. Шетелдік мамандар: «Ұнды өңдеу процесінде сіздер соңғы ширегін орындамай-ақ, жұмысты жеңілдетсеңіздер болады» деп кеңес береді. Оған біздегі өнім өндіруші — бұл процесті жақсы білетін әрі кетсе бір-екі маман ғана қалды, егер қазір ұн өңдеуді толығымен өзгертер болсақ, онда бізде бәрі «ұшып кетеді», өйткені қазір бізде жаңа мамандар жоқ, дейді. Яғни, бұрынғы процестерді біліп отырған бірер маман бар, ал жаңартылған процесті енгізу үшін басқарушы мамандар жоқ…».

KFC-мен бәсекелестік туралы бизнесмен, бұл арада проблема жоқ деген сенімде: «KFC бұл саладағы алғашқы желілердің бірі әрі өте сәтті жоба деп есептеймін. Сауда көлемі бойынша — ол біздің сақтандыру нарығындағы деңгейге сай ауқым жинап отыр. Меніңше, ел ішінде тауық етіне негізделген тағы бір желі көптік етпейді. Оның сыртында, біздің артықшылық ерекшеліктеріміз де бар. Біріншіден, біз мұздатылған өнімді емес, былайша айтқанда, тауықтың балғын етін пайдаланамыз, ал оның дәмі мүлдем бөлек. Біз оны juicy, шырынды деп айтамыз. Оған тауық етін терең әрі жылдам етіп қуырудың арнайы патенттелген жүйесі негізінде қол жеткізіледі. Екіншіден, бұл луизиандық әдіс. Кариб теңізі аймағындағы Каджун асханасының дәмі. Жалпы, біздегі аналитикалық деректер көрсеткендей, KFC-мен салыстырғанда біздің өнім жоғары бағаланады, сатылым көлемі де жаман емес, кей жерлерде тіпті асып та түседі».
Қазір Алматыда Popeyes желісінің төрт мейрамханасы бар, қазан айында тағы екеуі ашылады. Бизнесменнің айтуынша, болашақта Астанада және Шымкентте ашылуы мүмкін. «Соңғы бір аптада бізде франчайзер өкілдері болып, біздегі жұмыс процесін өз көздерімен көріп кетті. Олар біздегі стандарт деңгейіне риза болып, қатты таңғалды, мысалға, Шығыс, тіпті Батыс Еуропамен салыстырғанда. Айтқандай, жергілікті тауық еті де еуропалық өніммен салыстырғанда анағұрлым дәмді», — деп мәлімдейді бизнесмен.
Қазақстандық Popeyes — GFSІ, яғни азық-түлік қауіпсіздігінің ең жоғары халықаралық стандарттарына сай келетінін Елдар Әбдіразақов мақтан тұтады. Осы арада айта кетсек, бұл мейрамхана халал стандартына сай келетін еліміздегі алғашқы фаст-фуд желісі.
Сақтандыру бизнесі тура Бразилия іспетті…
Бизнесменмен әңгіме барысында түйінделген тағы бір ой — отандық сақтандыру нарығында қазір сапалы даму, өсіп-өркендеу аса байқалып отырған жоқ (Әбдіразақовтың холдингіне «Коммеск-Өмiр», «Сентрас Коммеск Life», «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниялары кіреді). «Бізді алаңдатып отырғаны — нарықты жақсы білетін жеке компаниялар қазір автокөлік иесінің жауапкершілігін міндетті мемлекеттік сақтандыру секторынан кетіп жатыр. Бұл тұрғыдағы заң 1997 жылы қабылданды, тарифтер — 2007 жылы. Алматы қаласы мен облысындағы тарифтердің арасындағы айырмашылық 2–3 есе. Жұрт көлігін облыста тіркеп алады да, қалада жүреді, ал жол бойындағы көлік апаты көбіне қалада орын алады. Кезінде көлік иесін міндетті сақтандыру шарасы азаматтардың жол бойындағы қарым-қатынасын өзіндік бір өркениетті деңгейге шығарған болатын. Жалпы, сақтандыру дегеніміз — әлеуметтік әділеттілік тетігі, бірақ оны дұрыс жолға қойып, дұрыс реттеу керек. Мемлекеттің ұстанымы — тұтынушыны қорғау дегенге саяды. Ал құн тізбегін түсініп, оның қай жерде қалыптасатынын, қандай құзыреті, қабілеті болатынын, қандай стандартқа жүгінетінін, бұл арада қандай мүмкіндіктер бар екенін анықтап беретін индустриялық саясат жоқ», — деген біздің кейіпкеріміз, бүгін сақтандыру секторы әлем бойынша белсенді дамып жатқан саланың бірі екенін айтады. Бірақ біздегі жағдай бұдан өзгешелеу.
Қазақстанның сақтандыру нарығы туралы әңгімелей отырып, Елдар Әбдіразақов генерал де Голльдің Бразилия туралы пікірін еске алады: «Бұл елдің келешегі зор және ол ұзақ уақыт осы қалпында қалады деген екен ол. Осыдан 20 жыл бұрын Centras-ты құрып бастаған тұста біз сақтандыру секторы бос екенін байқадық. Осы саланы игеріп, кәсіби мықты компания болуды көздедік. Нарықты дамыту әлеуетін 100 рет көрдік. Уақыт өте осы индустрияда үздік компания атандық, біздегі ішкі жүйелерді алдыңғы қатарға шығару жолында мықты мамандар дайындай алдық. Бұл тұрғыда кәдімгідей көп күш жұмсадық. Басқаларда да осылай ма, жоқ па, реттеуші орган оны біліп отыр ма — ештеңе дей алмаймын, бірақ біз өзіміз үздік оқушы секілді, алға қойылған талапты үнемі орындап отырдық. Қазір біз батыстағы қайта сақтандырушы танымал компаниялармен жұмыс істейтіндердің біріміз. Бірақ бұл бізді одан әрі байыта түсті дей аламыз ба?».
Бизнесменнің айтуынша, қазір сақтандыру нарығының басым бөлігі — өз ішіндегі топаралық бизнеске айналған, ақша олигархиялық монополиялардың арасында айналып жүр. «Олар нарық ішінде демпинг жасауға ниетті, ал біз бұл нарықта ақша табуымыз керек. Оның сыртында ірі құрылымдардағы біздің бәсекелестер ұсынатын жалақы мөлшері бізден 30 — 50% жоғары, олар үнемі біздің қызметкерлерімізді «тартып әкетіп» жатады. Командадағы адам саны 500-ден асқанша қиын болды, өйткені әр адамның өз орны бар дегендей. Қазір енді 1500-ге жуық қызметкеріміз бар, сәйкесінше ішкі құрылымға барынша мән беріп, бірқатар институттарды дамытып жатырмыз», — дейді ол.
Centras командасы өздері әу бастан белгілеп, ұстанатын қағидаттарды бүгін де орындауға ерекше мән береді деп отыр компанияның меншік иесі: «Бізде triple win (үш есе жеңіс) деген түсінік бар. Бірінші — біз команда мүшелері кәсіби маман ретіндегі өз әлеуетін толыққанды ашып, арттырғанын қалаймыз. Олар өз бойындағы қабілет-қарымын кез келген елде қолдана алса, біз оны мақтан тұтамыз. Екінші — бізге сенім арта білетін және біздің сенімімізді ақтай білетін серіктестер болса дейміз. Үшінші — біздің өз азаматтық позициямыз болғанын қалаймыз, біз қандай жобамен айналыссақ та, біздің қимыл-әрекетіміз елге не индустрияға зиян келтірмеуі керек».
Тендерлік экономика
Десек те, бизнесмен ел ішіндегі өзге индустриялардың бүгінгі жағдайына да алаң көңілде: «Батыста — экономиканың өсуі, инфляция және жұмыспен қамту сынды үш негізгі міндетті жүзеге асыруға түпкілікті мән беріледі. Елдің экономикалық саясаты да әдетте осылардың төңірегінде құрылады. Елдегі инфляция туралы біз үкіметке 2022 жылдан бері айтып келеміз. Мәселе тіпті бағалардың өсуінде емес, ең нашары — бағалар мен шығындардың инфляциясы жалақы инфляциясына ұласуы. Бұл девальвация сыр берді дегенді білдіретін алғашқы триггер. Біз Centras 500 ренкингінде (холдинг әзірлейтін Қазақстандағы 500 ірі компанияның рейтингі) статистиканы көрсетіп бердік: 2022 жылы жалақылар 42%-ға көтерілді, ал 2023 жылы — 20%-ға. Осы тұста 2023 жылғы ресми инфляция 8,9% деп тұрды (Дүниежүзілік банктің көрсеткішінде 15% делінген). Биыл біз жалақылардың 25%-ға көтерілгенін көріп отырмыз. Ал, мысалға, Centras 500 тізіміндегі компаниялардың өзіндік құны (ал бұл экономиканың бір жартысы деуге болады) 18%-ға, кірістері — 6%-ға өскен».
Шығындарды көтеруге болады, Әбдіразақовтың айтуынша, мұны әрбір басшы біледі, бірақ оның кірісі жылдамдап өсуі тиіс. «Бірақ біз көріп отырмыз, өсу көрсеткіші шығындарды артта қалдырған. Біздің болжамымызша, бұл осылай жалғаса береді — кезінде үкімет бұйрық негізінде бағаларды бақылауға алды да, енді бос жіберді, бұл соның кейінге қалдырылған салдары, — дейді ол. — Былтыр үкімет өндіруші сектордың 2022 жылы қалай өскенін көре алды: ТШО — 63%-ға, металлургиялық шикізат салалары орташа есеппен — 38%-ға өскен. Артынша біз ел экономикасын 2029 жылға қарай екі есе арттырамыз деп жария етті. Яғни шикізат секторындағы қарқын көрсеткішін бүкіл экономикаға әкеп теліп, бірнеше жылды болжап айта салды, тура бір Хрущевтің кезінде коммунизмнің орнауы болжанғандай».

Айтқандай, Centras 500 рейтингі өлшемдерінің бірі құбылмалық индексі де айтарлықтай өскен. Мысалға, бір жылдың ішінде коммуналдық қызмет басшыларының 43%-ы ауысқан. Екінші орында ІТ сектор, ал үшінші орында — өнеркәсіп тұр. «Яғни бізде басшылар құрамы мен персоналдың тұрақтылығын қажет ететін салаларда тұрақсыздық көрініс берді деген сөз», — деп түсіндіреді Елдар Әбдіразақов. Оның пікірінше, мұның себебі, сірә, жүйелік проблемалардан туындаған былтырғы күйзелістен бастау алса керек, ал оның соңы жауаптыларды іздеп табумен шектелген тәрізді. Ал ІТ секторындағы түйінді мәселені бизнесмен: күтер үміт көп, бірақ жүйелі басшылар жоқтың қасы деп сипаттайды.
«Centras 500 аясындағы тағы бір статистиканы мысал етейін. Компаниялар инновациялар енгізіп, құзыреттілікті арттыру тұрғысында мақсат қоюдан қалған. Бізде тендерлік экономика қалыптасқан. Centras 500 рейтингінің ішінде топ-50 тізімі бар, олар түгел монополиялар мен мемлекеттік немесе жекешелендірілген компаниялардан, көмірсутегі алыптарынан тұрады. Бүгін осы топ-50-ге барлық кірістің 70%-ы және барлық пайданың 90%-ы тиесілі. Анығын айтқанда, бұл кешегі советтік монополиялар, яғни ҚТЖ, «Қазақтелеком», «Қазцинк», «Қазақмыс» дегендей, оларға жаңадан келіп қосылғандар жоқтың қасы. Мынадай бір сөз бар: біз алдымен құрылымды салып, сапқа тұрғызамыз, ал артынан құрылым бізді сапқа тұрғызады деген. Бірақ біздегі барлық құрылым 1980 жылы бой түзеген үлгіде», — дейді Әбдіразақов.
Елдегі экономикалық саясатты ол советтік болмысынан арылмаған деп сипаттайды. «Экономика — ол не өндіру керек деген мәселеден туындамайды, бұл тіпті нарықтық экономикаға қатысты терминология емес. Нарықтық экономиканың категориялары — бизнес-модель және capability (мүмкіндік, қабілет). Ал біздің ой өрісіміз әлі индустриалзация дәуірінен шыға алмай жүр. Бізде 2007 жылдан бері орта тап өкілдері азайып барады. Нарық ішінде сапалы өзгеріс жоқ, тек бизнестің екі түрі қанат жайған — олигархтар мен «барахолка» базары», — деп күйінеді біздің кейіпкеріміз.
Бизнесменнің пікірінше, тағы бір түйінді мәселе — біздің елде бизнесті басқару тізгіні кәсіби менеджерлерге өткен жоқ, бизнес меншік иелерінің өз қолында. «Бізде кәсіби менеджер мен меншік иесі арасындағы қарым-қатынас тәртібін реттеп беретін тетік жоқ. Біз кезінде АҚШ-тағы акционерлік қоғамдар туралы заңды көшіре салдық, ал онда бастапқы меншік иелері, бизнестің негізін қалаушы деген ұғымдар жоқ. Британдық Institute of directors деген қоғам бар — пандемия кезінде уақыт болғанда, мен онлайн емтихан тапсырып, диплом алдым… Бізге қазір үлкен тексеріс, ревизия қажет», — дейді ол.
Елдар Әбдіразақовтың айтуынша, 2022 жылғы ішкі және геосаяси күйзеліс ел басшылығын экономиканы реформалап, түрлендіру жолында мейлінше батыл қадамдарға жетелейді деген үміт болды. Ол мұндай үміт әлі де жоқ емес деп отыр: «Егер сенің қолыңда тек балға ғана болса, онда сен барлық нәрсеге тек шеге деп қана қарайсың». Мемлекет әлі де сол бұрынғы директивалық, жоспарлық сипатынан шыға алмай отыр, дейді ол, ал үкімет нарықтық тетіктерді қалайша дұрыс қосу керектігін әлі түйсініп болған жоқ. Тек ағымдағы мәселелерді күйттеумен жүр, жүйелі мәселелерді түсінбей жүр — әлеуметтік батылдыққа негізделген советтік концепциямен жұмыс істейді, ал бұл модель сол кездің өзінде-ақ тиімсіз екендігін көрсеткен. «Совет одағы тараған сәтте Қазақстанның өз ішіндегі жеткіліктілік индексі 28%-ды ғана құраған. Яғни біз сол кезде қажетті дейтін 100 индустрияның бар болғаны 28%-ын ғана қолда ұстағанбыз. Бүгінгі жағдай да осыған ұқсас — біз әзірлеген Centras 500 рейтингінде ІТ саласы тек үш жыл бұрын ғана пайда болды», — дейді Елдар Әбдіразақов.
Сондықтан да бизнес пен нарық ішіндегі ойыншылар өз арасынан сарапшылар қауымдастығын құруы керек, деп есептейді бизнесмен. Бұл арада сондай-ақ Centras холдингі жыл сайын ұйымдастыратын Kazakhstan Growth Forum маңызды рөл атқара алады. Әйтсе де ол қауымдастықтың пікір-ұсыныстары тиісті деңгейлерге жете қоятынына күмәнмен қарайды: «Біз бірнеше рет өз ұсыныстарымызды президентке жеткізбек болып талпындық, бірақ бәрібір президентке жетпей, ортада қалып жатты. Бұрын мен, жеткізгісі келмейді-ау деп ойлайтынмын, бірақ қазір — жоғарыдағылар біздің айтқанымызды дұрыс түсінбейді деген тоқтамға келдім».
Әбдіразақовтың пікірінше, қазір стратегиялық индустрияларда жүйелі операторлар құра білген өте маңызды, яғни алдағы 15–20 жылда осы индустрияларда құзырет орталықтарын құруды қамтамасыз ететін бизнес деген тұрғыда. «Брендтер туралы ойланатын уақыт жоқ, бізге қазір ең негізгі деген процестерді қалыптастырып, сақтап, жекелеген сегменттерді кәсібилендіруді, шығындарды тоқтатуды қолға алу керек», — дейді біздің кейіпкеріміз.
Дағдарыс — мүмкіндік ретінде
Егер біз бірінші кезекте тұрған бірқатар мәселені жүйелі түрде шеше бастасақ, онда Қазақстан үшін белгілі бір даму мүмкіндіктері аз емес, әсіресе, геосаяси өзгерістер аясында, деп отыр Елдар Әбдіразақов. «Қазір ЕЭО талаптарын, шарттарын қайта қарап, реттеу мүмкіндігі туындап отыр, тіпті Ресей де бұл шарттарды қайта қарауға мәжбүр. Байқап отырмыз, қазіргі қалыптасқан жағдай ұзаққа созылатын түрі бар, батыс компанияларының офистері таяу арада Мәскеуге қайта оралатыны өте күмәнді. Ал олардың аймақтық орталықтарының Орталық Азияда ашылу мүмкіндігі барлық тарапқа тиімді. Түсіну керек, бұл тұрғыда Астана аймақтық орталық бола алмайды, таңдау Алматы мен Ташкенттің арасында қалыптасуы ықтимал. Бізде миллионнан асатын тұрғыны бар бірде-бір қала әзірше мұндай талапқа дайын емес, сондықтан да бізге тездетіп автономдық инфрақұрылым салып, жаңа стандарттарды қолдануға көшу керек. Әрине, бұл дереу орындала қоятын шаруа емес, бірақ біз бұны қазірден бастап қолға алсақ, алдағы үш-бес жылда оны ойдағыдай жүзеге асыра аламыз. Мысалға, біздің компанияда мен кез келген бастаманы іске асыруға екі-үш жыл белгілеймін, команда мүшелері ұсынылған идея жайында біраз ойланып жүреді де күндердің күнінде оны жүзеге асыруға икемі барлар өздері суырылып шығады», — дейді бизнесмен. Егер салықтық басқару мен әкімшіліктерге қатысты мәселелерді азайтып, реттей алсақ, онда Ташкентпен бәсекеде жеңіп шыға аламыз, деген сенімде бизнесмен.

Оның пайымынша, Орталық Азия елдері үшін тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің мейлінше оңай, жеңілдетілген қозғалысы түріндегі аймақішілік интеграция да қосымша мүмкіндік бере алады. Бұл сондай-ақ инфляциялық процестердің жүгін азайтып, білікті мамандарға деген тапшылық мәселесін шешіп бере алады. «Біз көршілес елдерден дәрігерлер мен инженерлер, өзге де қажетті мамандар тарта отырып, ең болмаса алдағы 10 жылдың қажеттілігін жаба аламыз, ал осы 10 жылда өзімізге қажет тиісті инфрақұрылым мен жүйе құрып, қалыптастыра аламыз», — деп әңгімелейді біздің кейіпкеріміз. Әйтпесе, деп есептейді ол, қоғам алдындағы бүгінгі талаптар одан әрі қиындап, ірілене түспек: жоғары және кәсіптік білім беру жүйесі деградацияға ұшырап жатыр, қазірдің өзінде оқу орындарын бітіріп шыққан түлектердің 70%-ы функционалдық тұрғыда сауатсыз, жағдай ептеп өзгере қалса олар тіпті қарапайым тапсырманың өзін орындай алмай қалады.
«Мемлекеттік құрылымдарда қазір экономиканың қажеттіліктеріне сай келетін жүйелі реформалар жүргізуге дайын дейтін ұйымдасқан талант та, тәжірибе де, құзырет те жеткіліксіз, тіпті олардың пейілдері дұрыс болса да. Меніңше, біздің президент жүйелі басшыларды жеке бизнестен іздеп таба алады, атап айтсақ, мысалы, Қайрат Мәжібаев, Ерлік Балфанбаев сияқты (Forbes Kazakhstan рейтингтеріндегі дәулетті де беделді тұлғалардың бірі –ред.). Не болмаса, БАЭ секілді батыс мамандарын жалдап, реформаларды басқаруды соларға тапсыруға болады. Бірақ, әрине, Эмираттарда номиналды басшылар түгел жергілікті мамандар, экспаттар негізінен олардың орынбасары. Бірақ былайғы жұрт тыңдап, құлақ асатын да осы негізгі операциялық офицерлер, яғни орынбасарлар», — деп түсіндіреді Елдар Әбдіразақов. Айта кетсек, 2012 жылдан бері бизнесмен Жаһандық бәсекеге қабілеттілік федерациясында Қазақстанның өкілі, оның пікірінше, экономиканы трансформациялау жолында Қазақстанға БАЭ таңдаған жол үлгі бола алады.
Дегенмен, әзірше отандық бизнес қауымдастықтың — экономиканың ағымдағы мәселелерін шешуде аналитикалық көзқарастан кәсіби іс-әрекетке көшу туралы ұсынысын үкімет дұрыс бағалай қоймаса керек. «Үкіметтен сұрап көріңізші, қазір қандай мәселелерді шешуге кіріскен екен? Сізге кем дегенде 20 шақты түйінді түйткілді тізіп көрсетуі мүмкін. Ал, мысалға, батыстағы басқару практикасына сәйкес — проблема қашанда ұшан-теңіз, бірақ бір уақытта әрі кетсе үш мәселені түпкілікті шешуге болады», — деп қосады бизнесмен.
Өз ойындағы пікір-ұсынысын жоғары билікке жеткізу талпынысымен қатар Елдар Әбдіразақов бірнеше жылдан бері жас мамандарға арналған Professionalize Kazakhstan (K-PRO) білім жобасын қаржыландыруды да қолға алған, бір қарағанда бұл төменнен жоғары қарай бағыт алған жаңа талпыныс іспетті. «Біздің өз әлеуметтік жобаларымыз бар. Мұндай жобаларды қолға алғанда оған толыққанды беріліп, қатысу керек, сонда уақытыңыз зая кетпейді. Маған өзіме білімге негізделген жобалар ұнайды. Бұл бағдарламаны біз 2014–2015 жылдары бастадық — сол кезде қазақ халқын аймақ бойынша ағылшынша еркін сөйлейтін ұлтқа айналдырсақ деген ой болды. Бүгінде ЖИ білім алудағы бізге тән олқылықтардың орнын толтырып бере алады, бірақ ол үшін біз ағылшын тілін білуіміз керек. Сонда біздің көзіміз жеткені — мектеп оқушыларын оқытып, үйрету, әрине, игілікті іс, бірақ тиімсіз, өйткені уақыт өте олар сол біздің кешегі советтік жоспарлау экономикасына қайта оралады. Бізге қазір осы экономиканы қалыптастырушы топтың ой-өрісін өзгерту керек», — дейді бизнесмен.
Оның айтуынша, бұл курсты жылына 200 түлек оқып шығады, ал тоғыз жылда жалпылай алғанда 1500 студент білім алған. Курстағы оқудың 80%-ы Centras академиясының материалдары (бұл академияда холдинг өз менеджерлерін оқытады). 20%-ы сырттан тартылған менторлар, мысалға, McKinsey, BIG 4 сынды т. б. ұйымдардан. «Кітаптағы құрғақ білім қазір ешкімді білімді етпейді. Біліммен бірге тәжірибе, жекелеген скиллдер, мәдениет, терең ноу-хау маңызды. Осы себептен де, меніңше, «Болашақ» бағдарламасы (мемлекеттің қаржыландыруымен студенттерді шетелде оқыту бағдарламасы — ред.) елімізге біз күткендей нәтиже бере қойған жоқ. Бағдарлама түлектерінің кейбірінің бойында тіпті өзін бірегей данышпан санайтын менмендік те байқалып жатады. Тіпті маңайындағы адамдарға деген қарым-қатынасында да. Кезінде Ганди айтқан екен: «Білімділердің жүрегінде қоныс тепкен қатыгездіктен қорқамын» деп. Осы оймен толық келісемін», — деп түйіндейді өз әңгімесін Елдар Әбдіразақов.