75 ең дәулетті бизнесмен – 2024

Қазақстандық Forbes тізімі ұлғайып, түрленуде

Биыл Forbes Kazakhstan рейтингі айтарлықтай кеңейіп – соңғы 12 жылдағы дәстүрлі топ-50 енді топ-75-ке ұласты. Зерттеу тобы мен серіктестердің бірнеше ай бойғы жұмыс нәтижесі тізімді ұлғайту қажеттілігі туралы ішкі сезім мен ұстанымды қуаттай түсті: соңғы екі жылда отандық ірі бизнес қарқындап дамып келеді (бағалау барысында 2022–2023 жж. тізімдер құрамында болған компаниялардың жұмыс нәтижесі негізге алынды – бұған дейін жарияланған рейтингтердегі ақпарат бойынша). Мұны макроэкономикалық статистика да растап отыр: 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші 264,2 млрд долларға жетіп, мұнайдың орташа бағасы 109 долларды құраған девальвацияға дейінгі 2013 жылғы рекордты жаңартты деуге тұрады.

Айтқандай, топ-75 құрамына үміткер таңдауда қандай да бір объективті проблема туындаған жоқ, бірақ әдеттегідей саясат араласпай қоймады. Мемлекет басшысы – су тасқынынан зардап шеккен әр аймақты қалыпқа келтіруге Forbes тізіміне қатысушылар тағайындалатыны туралы мәлім еткенде, тізімге енбей қалуға тырысқандар саны күрт өсті. Төтенше жағдайдың салдарын еңсеруде мемлекет басшысы таза журналистік зерттеуге жүгінуге мәжбүр болғаны таң қалдырады, әрине (біздің бағалауымыз ресми құжат емес, біз бұл туралы рейтингтің дисклеймерінде әрқашан көрсетіп жүрміз). Сонда дейміз-ау, үкіметтің экономикалық секторындағы, салық қызметі мен қаржылық бақылау қызметтеріндегі мыңдаған маман не бітіріп жүр? Ақпаратқа қол жеткізудің өзге де тиімді тетіктерін айтпағанда, журналис­тердің қолы жетпейтін деректерге ие Президент әкімшілігі не істеп отыр? Түсініксіз. Осы арада арнайы айта кетейік, біз швейцар және араб банктерінде депозит түрінде жатқан бос қаражат пен экс-шенеуніктердің люкс санатындағы сән-салтанат мүлік байлығын санап отырғанымыз жоқ, біз салық төлеп, жұмыс орындарын ашып, экономиканың өсуін қамтамасыз етіп, елдің дамуын қаржыландырып жүргендердің заңды активтерін есептеп, бағалаймыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары жүйелі сипатта көрініс бере бастаған «қамдап қолдау» ұсынысы отандық заңды бизнесті түзу жолдан тайындырып, тасаға кетуге не өзге юрисдикция аясына ығысуға мәжбүр етпейді деп те сенгіміз келеді, сонда біз де ел экономикасының ашықтығын арттыру жұмысын жалғастыра аламыз.

Айтпақшы, біз күткендей, рейтингке қатысушылардың жиынтық байлығы өткен жылмен салыстырғанда 8,2 млрд долларға артып, 46,63 млрд долларға дейін өсті. Орташа көрсеткіш былтырғы 769 млн доллармен салыстырғанда 622 млн долларға дейін төмендеді (бұған тізімнің екінші жартысында жаңадан келгендердің көп болуы және бір жылда 1 млрд доллар жоғалтқан миллиардер Владимир Кимнің байлық жағдайына берілген бағаның төмендеуі өзіндік ықпал етті). Егер биылғы рейтинг те бұрынғыдай топ-50 негізінде жасалса, онда жиынтық байлық 44,07 млрд долларды, ал орташа көрсеткіш 881,4 млн долларды құраған болар еді (былтырғыдан айтарлықтай жоғары). Ал жиынтық капиталдың жалпы ішкі өнімге арақатынасы өткен жылғы деңгейде қалды деуге болады: 2023 жылы 17,5%, биыл – 17,65%.

Биылғы рейтингте «қайтып оралғандар» деп белгіленген тұлғалар да бар, олардың саны жетеу, сондай-ақ 19 «жаңа тұлға» келіп қосылды және олардың біразы қоғам ішінде бұрыннан танымал. Тізімге жаңадан қосылғандардың бірі Швейцарияда тіркелген Harvest Group сауда-логистикалық компаниясының негізін қалаған Алмаз Альсенов, бізге берген сұхбатында ол өз бизнесі мен болашақ жоспарлары туралы толығырақ әңгімелеп берді.

Әдістеме

Рейтингтің аналитикалық тобы әлемнің ең дәулетті 120 бизнесменінің лонг-тізімін жасап шығарды. Шорт-листке алдыңғы 75-і таңдалды. Рейтинг қатысушылары өздеріне тиесілі активтердің жиынтық құны бойынша бағаланды. Компаниялар «осы шектен төмен емес» консервативті принципі негізінде іріктелді. Аудиттелген қаржылық есептерін ұсынбаған компаниялардың құнынан 50% шегерілді.

Экономика секторына қарай компаниялар төмендегі категориялар бойынша бағаланды:

  • нарықтық капитализациясы;
  • меншік капиталы;
  • дисконтталған ақша ағыны (discounted cash flow);
  • біріктіру/жұту мәмілелері не компанияның нарықтық капитализациясының таза табысқа немесе кіріске тікелей қатысы бар P/E немесе P/S коэффициенттерін пайдалана отырып;
  • EV/EBITDA мультипликаторы.

Рейтингтің бастапқы мәліметтері ашық дереккөздерден және қатысушылар ұсынған қаржылық ақпараттан жинастырылды. Бағалау қорытындысы дөңгелектеп берілді.
Қатысушылардың жасы 2024 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша көрсетілді.

Forbes Kazakhstan зерттеу тобына GrantThornton аудиторлық-консалтингтік компаниясының бөлімшесі қолдау көрсетті.

Дисклеймер. Бұл рейтинг аталған тұлғаларға тиесілі мүлік құнының таза журналистік және сараптамалық бағасы болып саналады және оны ресми ақпарат ретінде пайдалануға болмайды.

Рейтингтегі мәліметтерді басқа БАҚ-тар тек рерайт түрінде және Forbes.kz пен тікелей рейтингтің өзіне белсенді сілтеме негізінде ғана қолдана алады. Копипаст негізде, яғни сөзбе-сөз қайта басып шығаруға тыйым салынады.

   1. Вячеслав Ким

$5 800 000 000
Әртарапты бизнес / 54 жаста

Бір жылдың ішінде өзінің дәулет байлығын бірден 2,2 млрд АҚШ долларына ұлғайта алған Вячеслав Ким биыл Forbes Kazakhstan әзірлеген ең дәулетті бизнесмендер рейтингінің төріне алғаш рет шықты. Forbes 3 сәуірде жариялаған миллиардерлердің жыл сайынғы жаһандық рейтингінде ол 511-позициядан көрінді.

Бизнесмен байлығының басым бөлігін – депозитарлық акциялары 2024 жылдың қаңтарынан бері NASDAQ биржасында сатылып жатқан «Kaspi.kz» АҚ-дағы үлесі құрайды. IPO барысында акционер­лер 11,3 млн депозитарлық қолхат сатты: бір қағаздың бағасы 88,78 АҚШ долларын, ал барлық сатылған ауқым 1,03 млрд АҚШ долларын құрады. Вячеслав Ким жалпы сомасы 334,4 млн АҚШ долларын құраған 3 766 666 депозитарлық қолхат сатты. Депозитарлық бір қолхат компанияның бір қарапайым акциясына тең келеді. Листинг басталғанда акция бағасы 87,02 АҚШ долларына дейін құлдырап кеткенімен, 2 сәуірде 131,84 АҚШ долларын құрады, ал компанияның капитализациясы 25,3 млрд АҚШ долларына жетті (наурызда компания LSE – Лондон қор биржасында делистинг өткізді).

KASE дерегінше, компания 2023 жылға бір акция бойынша 850 теңге көлемінде дивиденд төлеу жөнінде шешім қабылдап, қор биржасын мәлім еткен. Төлем жасау 8 сәуірден басталды: ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, сол күні 1 АҚШ долларының бағамы 446,78 теңгені құрады. Осылайша, Вячеслав Ким 77,4 млн АҚШ доллары шамасында дивиденд алды.

2023 жылды қорытындылаған есебінде Kaspi.kz – Magnum сауда жүйесімен коллаборациядағы e-Grocery бағытында 5,2 млн тапсырыс орындалғанын хабарлады (2022 жылы – 1,6 млн). Аталған сервистің жылдық айналымы 3,5 есе ұлғайып, 68,7 млрд теңгені құраған. Алматы мен Астанада жұмыс істейтін бұл сервистің Шымкентті қамту жоспары да бар. Жылдық есепте Travel сервисі туралы (темір жол, авиа биллеттері мен туристік жолдама сататын): айналым бір жылда 53%-ға артып, 353 млрд теңгені құрады деп көрсетілген.

Вячеслав Ким – Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы, 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша компанияның 21,4%-на бақылау жасайды. Сондай-ақ, «Алсеко» АҚ-ның 90%-на иелік етеді және осы компания арқылы оның «Астана-ЕРЦ» ЖШС, «ELTOP Soft» ЖШС, «ПОЗИТИВ Инвест» ЖШС сынды компанияларда үлесі бар.


   2. Тимур Құлыбаев

$5 000 000 000
Әртарапты бизнес / 57 жаста

Бір жылда Тимур Құлыбаевтың дәулет байлығы 700 млн АҚШ долларына ұлғайып өскен. Forbes жария еткен миллиардерлердің жаһандық рейтингінде ол 612-орында.

Бизнесменнің байлығы оның Halyk Bank-тегі үлесінің құны өскенде ұлғая түсті – Лондон қор биржасы котировкаларына сәйкес банк бір жылда 1,8 млрд АҚШ долларына қымбаттаған: 2024 жылдың 3 сәуіріндегі жағдай бойынша оның нарықтық жалпы капитализациясы 4,9 млрд АҚШ долларын құрады. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар «Алмэкс» холдинг тобы» АҚ арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на бақылау жасайды. Сондай-ақ, паритеттік негізде «Фирма Алмэкс Плюс» және «Алмэкс Проект» серіктестіктеріне иелік етеді.

Бұдан бөлек, «Кипрос» ЖШС-ның Viled, Emdeu, «Қамқор Менеджмент», «PetroRetail» ЖШС (Qazaq Oil жанармай бекеттері желісі), «Бахус» АҚ, «Joint Technologies» ЖШС және т.б. компанияларда да үлесі бар. Соңғы ЖШС құрылымына «Prime Aviation» АҚ, «МГҚК «ҚазҚұрылысСервис» 2» АҚ, т.б. кіреді.

Құлыбаев – «Joint Resources» АҚ иесі, оның құрылымында «Каспий нефть» АҚ 100%-ы, «Шұбаркөл Премиум» АҚ 67%-ы, «Кристалл Менедж­мент» АҚ 51%-ы, «Premier Development Company» ЖШС 50%-ы және т.б. бар. 2022 жылдың соңында «Joint Resources» АҚ «KVK-Petroleum» ЖШС-дегі өзіне тиесілі 25% үлесті Құмкөл кен орнының солтүстік бөлігінің операторы болып табылатын мұнай өндіруші «Торғай-Петролеум» АҚ акционеріне (50%) сатты. 2022 жылы АҚ Қазақстан мен Қытай нарығына шикі мұнай сатудан 43,56 млрд теңге кіріс алды. Joint Resources есебінше, «KVK-Petroleum» серіктестігіндегі 25% үлес 2,92 млрд теңгеге сатылған.

Құлыбаевтарға тиесілі бизнес құрылымында «Mercury Properties» ЖШС да бар, ол Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Дубай қалаларында жалпы алаңы 1 млн шаршы метрден асатын коммерциялық негіздегі жылжымайтын мүлікті жалға берумен және басқарумен айналысады.


   2. Динара Құлыбаева

$5 000 000 000
Әртарапты бизнес / 56 жаста

Forbes жария еткен миллиардерлердің жаһандық тізімінде Динара Құлыбаева да 612-орыннан көрінді: бір жылдың ішінде оның дәулет байлығы 700 млн АҚШ долларына ұлғайып өскен.

Құлыбаева тең дәрежеде иелік ететін NNEF қоғамдық қоры (бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры) былтыр желтоқсанда өзінің 25 жылдығын атап өтті. Қор Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), Алматы энергетика және байланыс университеті (Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ), Astana IT University (AITU) сынды жоғары оқу орындарының акционерлік капиталдарына қатысады.

Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар «Алмэкс» холдинг тобы» арқылы Halyk Bank («Қазақстан Халық Банкі» АҚ) акцияларының 69,52%-на иелік етеді: банктің депозитарлық қолхаттары (GDR) Лондон қор биржасында (LSE) сатылады. Бір жыл ішінде депозитарлық қолхаттардың құны – 2023 жылдың 3 сәуіріндегі 11,5 АҚШ долларынан 2024 жылғы 3 сәуірдегі 18,1 АҚШ долларына дейін өсті. Бір GDR банктің 40 қарапайым акциясына тең. 2024 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстан Халық Банкінің активтері 15,09 трлн теңгені, меншік капиталы 2,5 трлн теңгені, төлем мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің үлесі 2,13%-ды құрады. Өткен жылы банк қарапайым акциялар бойынша дивидендтер түрінде 276,5 млрд теңге төледі (2022 жылы – 138,34 млрд).

Қазақстан Халық Банкі, сондай-ақ Altyn Bank-тің 40%-на иелік етеді, қалған үлестер China Citic Bank Corporation Ltd. (50,1%) және China Shuangwei Investment Co. Ltd. (9,9%) иелігінде.


   4. Владимир Ким

$3 600 000 000
Металдар, қаржы / 63 жаста

Владимир Кимнің дәулет байлығы бір жылдың ішінде 3,6 млрд АҚШ долларынан 1 млрд АҚШ долларына дейін азайып кетті де, ол Forbes-тің жаһандық миллиардерлер рейтингінде 896-орыннан көрінді.

Табыстың елеулі ауқымда бұлайша төмендеуі KAZ Minerals компаниясынан ресейлік «ГДК Баимская» мыс жобасының шығуымен түсіндіріледі (кезінде Роман Абрамовичтен 900 млн АҚШ долларына сатып алынған). Бұл актив АХҚО-да тіркелген Trianon Limited компаниясына 200 млн АҚШ долларына сатылды. Компанияға Forbes Kazakhstan-ның ең дәулетті бизнесмендер рейтингіндегі Владимир Ким және Олег Новачук (№34) иелік етеді. KAZ Minerals компаниясының осы жоба бойынша жалпы шығыны 2,67 млрд долларды құрады.

Владимир Ким KAZ Minerals Ltd компаниясының 63,5%-на иелік етеді. Компанияның 2023 жылдың IV тоқсанындағы өндірістік есебіне сай, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр мыс өндіру 6,2%-ға артып, 403,4 мың тонна көрсеткішіне жеткен. Қазақстанда бұл топ екі ашық типті кеніште – Ақтоғай мен Бозшакөлде және «Шығыс өңірі» өндірістік алаңына біріктірілген жерасты кеніштер тобында жұмыс жүргізеді.

Бизнесмен сондай-ақ, Kazakhmys Copper» АҚ-ның 70%-на (құрылымында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС бар) және «Банк RBK» АҚ-ның 89,79%-на иелік етеді.


   5. Тимур Турлов

$3 300 000 000
Финтех / 36 жаста

Тимур Турловтың дәулет байлығы бір жылда 200 млн АҚШ долларына ұлғайып, Forbes миллиардерлері тізімінде оған 991-орынға жайғасуға мүмкіндік берді.

Турлов – АҚШ-та тіркелген Freedom Holding Corp (FRHC) қаржы-инвестициялық тобының негізін қалаушы әрі мажоритар иесі (70,3%). Қазақстанда оның құрылымына «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Bank, «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы» АҚ, «КСЖ Freedom Finance Life» АҚ, Arbuz.kz онлайн супермаркеті, Aviata.kz агрегаторы және т.б. кіреді. Сол сияқты, бұл топтың 18 елде – АҚШ, Германия, Өзбекстан, Кипр, т.б. – өз өкілдіктері бар.

3 сәуірдегі жағдай бойынша (Forbes жаһандық рейтингі шыққан күн) FRHC акцияларының құны бір данаға 68,71 АҚШ долларын құрады: 2023 жылдың 3 сәуірінде – 71,27 АҚШ доллары болатын. Нарықтық капитализация 4,15 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылдың бойында акциялардың минималды құны 68,71 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасса, максималды деңгейі 100,67 АҚШ долларына жетті.

Бизнесмен Freedom Mobile дүкендер желісіне, автокөлік жүргізушілерге қызмет көрсететін Freedom Drive сервисіне және онлайн дүкенге, «Баст» АҚ-ның 74,18%-на, «Varsa Mining» ЖШС-ның 45%-на иелік етеді және оның Арманжан Байтасовпен (№55) бірге Сitix компаниясында үлесі бар, сондай-ақ Chocofamily, Naimi.kz, Cerebra және т.б. жобаларда да үлеске ие.

Турлов – Freedom Holding Corp басқармасының төрағасы, «Фридом Финанс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Freedom Finance Insurance және Freedom Finance Life директорлар кеңесінің төрағасы.


   6. Болат Өтемұратов

$2 700 000 000
Әртарапты бизнес / 66 жаста

Forbes әзірлеген әлемдік миллиардерлер тізімінде Болат Өтемұратов биыл 1238-позицияға орналасты – оған тиесілі былтыр­ғы байлық көлемі биыл да өзгере қойған жоқ.

Бизнесмен «ForteBank» АҚ-ның 81,82%-на бақылау жасайды (тағы 7,5%-ы ұлы Алидар Өтемұратов­тың қолында). 2024 жылдың 1 наурызында банк активтері 3,6 трлн теңгені, меншік капиталы 459 млрд теңгені құрады. KASE мәліметтеріне сай, 2023 жылдың мамырында банк 49,03 млрд теңге дивиденд төледі (бір қарапайым акцияға 0,5421 теңгеден), олардың 40,12 миллиардқа жуығы Болат Өтемұратовтың үлесі, төлем күні басталғандағы бағам бойынша, бұл – 90,67 млн АҚШ долларын құраған сома.

Бизнесмен «Кар-Тел» ЖШС-ның 25%-на (Қазақстандағы «Билайн» байланыс операторы), алтын өндіруші RG Gold-тың 65%-на, Астана­дағы және Венадағы Ritz-Carlton, Мәскеудегі The Carlton, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe отельдеріне, сондай-ақ Қазақстандағы Burger King фастфуд желісіне, Global Development девелопер компаниясына, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына иелік етеді және «31 арна» ТРК мен Video International Kazakhstan медиа­жарнама нарығы операторында үлестері бар.

Миллаирдер «Narxoz University (Университет Нархоз)» КеАҚ-на иелік етеді. Оған Болат Өтемұратов Қоры да тиесілі (Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» атты бұрынғы қайырымдылық қоры), осы қор арқылы оның «Haileybury Astana School» КеАҚ мен «Haileybury Almaty» КеАҚ-да үлестері бар.


   7. Ибрагимовтер отбасы

$1 500 000 000
Әртарапты бизнес

ERG-дің негізін қалаған марқұм Алиджан Ибрагимовтың әйелі Мукадасхан Ибрагимова мен олардың ұлдары Достан, Даврон, Шухрат және Фурхат Eurasian Resources Group компаниясының 20,7%-на иелік етеді (өзге де акционерлері: ҚР үкіметі – 40%, Александр Машкевич – 20,7%, Патох Шодиев – 18,6%). Отбасының ERG тобындағы өкілі 38 жастағы Шухрат Ибрагимов – директорлар кеңесінің мүшесі. Қазақстанда бұл топтың құрылымына «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-­кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан алююминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ және т.б. кіреді.

Ибрагимовтер «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, (Еуразия­лық банк және «Евразия» сақтандыру компаниясы), «Евразийская промышленная компания» АҚ және «Евразийская производственная компания» ЖШС сынды компаниялардың 33%-на бақылау жасайды.

Қазақстанда ағайынды Ибрагимовтер өз меншігіндегі компания­ларға да («Laggar group» ЖШС, «DaLaNi Group» ЖШС, «Eurasian Space Ventures» ЖШС), бірлескен компанияларға («CTK Sokol» ЖШС) да иелік етеді.


   8. Нұрлан Смағұлов

$980 000 000
Авторетейл, машина жасау, девелопмент/ 58

Нұрлан Смағұлов – құрамына «Астана Моторс» кіретін Astana Group компаниясының иесі әрі оның негізін қалаған, сондай-ақ оған MEGA СОО желісі (MEGA Alma-Ata, Алматыдағы MEGA Park, Астанадағы MEGA Silk Way) және қолданыста болған көліктерді сататын (автоорталық желісімен) Mycar экожүйесі тиесілі. «Астана Моторс» нарықта әлемдік деңгейдегі 18 автокөлік брендін ұсынып отыр, Hyundai жеңіл көлігі мен Hyundai, Golden Dragon, Foton коммерциялық техникасын шығаратын екі зауыты бар.


   9. Сәрсеновтер отбасы

$970 000 000
Әртарапты бизнес

Сәрсеновтер отбасына «Нұрбанк» АҚ, «Виктория» сақтандыру компаниясы, Helios жанармай станциялары желісі, «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты тиесілі. Сонымен қатар олардың иелігінде, алтын өндіруші «AltynEx Company» АҚ, «Көкше-Цемент» Өндірістік бірлестігі» ЖШС, «Кастинг» ЖШС металлургиялық комбинаты, «Oil Real Estate» ЖШС (жылжымайтын мүлікті басқару), «Компания Нефтехим LTD» ЖШС (полипропилен өндіретін), «Caspian Food» сауда серіктестігі, «Текелі Тау-Кен Өңдеу Кешені» ЖШС бар.


   10. Арсен Томский

$920 000 000
IT/ 50

46 мемлекеттің 749 қаласында аттас мобильді қосымшасы бар InDrive такси сервисінің (ride-hailing) негізін қалаушы әрі акционері. Саха Республикасында (РФ) құрылған компания 2021 жылы «бірегей» статусын иеленіп, инвесторлар тарапынан 1,23 млрд АҚШ долларына бағаланды. Тасымал қызметінен бөлек, бұл сервисте курьерлік, тұрмыстық қажеттіліктерге тапсырыс беру функциялары бар.

2022 жылдың көктемінде Томский компания офисін Якутиядан Алматыға көшірді. 2023 жылы ол Қазақстан азаматы атанды.

Бизнесмен білім, технология, креативті индустрия, бұқаралық спорт секілді әлеуметтік жобаларда белсенді.


   11. Айдын Рақымбаев

$886 000 000
Құрылыс/ 51

Айдын Рақымбаев – құрамына BI Construction&Engineering, BI Development және BI Education кіретін BI Group құрылыс холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы әрі мажоритар акционері.


   12. Александр Клебанов

$815 000 000
Әртарапты бизнес/ 61

Александр Клебанов – Сергей Канмен (№32) бірге «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ-ның 50%-на және «Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясы» АҚ-ның 47,1%-на иелік етеді (әрқайсысы). Соңғысының құрамында «Павлодарэнерго» АҚ, «СевКазЭнерго» АҚ, «Ақмола ЭҮК» АҚ бар.

Оның ұлы – Яков Клебанов «Circle Maritime Invest» АҚ 50%-на иелік етеді және оның «Astana Aviation Services» ЖШС, «Теңіз Star» ЖШС, «Global Advisers» ЖШС, «Aksa Group» ЖШС, «Solis ltd» ЖШС (Rixos Almaty отелі) сынды компанияларда үлестері бар.


   13. Эдуард Огай

$800 000 000
Металдар/ 54

Эдуард Огай – Kazakhmys Holding Limited компаниясының ортақ иесі және сол арқылы «Kazakhmys Coal» АҚ және «Kazakhmys Copper» АҚ компанияларының 30%-на ие (соңғысының құрамына «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС енеді). Екі баласымен бірге көмір-кен орнымен аттас «Каражыра» АҚ 70%-на бақылау жасайды.


   14. Беловичтер отбасы

$745 000 000
Құрылыс, девелопмент

Александр Белович – Bazis-A құрылыс корпорациясының негізін қалау­шы әрі басқарма төрағасы. Компанияға қазір ұлы Павелмен бірге иелік етеді.


   15. Ғалымжан Есенов

$590 000 000
Қаржы/ 42

Бизнесмен «First Heartland Securities» АҚ-ның 99,74%-на иелік етеді және осы компания арқылы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның 78,73%-на бақылау жасайды, сондай-ақ банктың 20,11%-ы тікелей өз меншігінде. Jusan Bank арқылы «Қазақтелеком» АҚ-да 9,19% және «Kceлл» АҚ-да 9,08% үлеске ие (тағы 14,84%-ы жеке өзіне тиесілі).

Есеновтың бақылауындағы құрылымдар қатарында «Jusan Mobile» АҚ және «JFood Kazakhstan» ЖШС да бар (бұрынғы «Цесна-Астық»).

Айжан Есім (№44) және Валихан Тенмен бірге «Sport Center» серіктестігіне иелік етеді: қазір KRIDA фитнес-клубы (бұған дейін World Class франшизасымен жұмыс істеген).


   15. Дариға Назарбаева

$590 000 000
Әртарапты бизнес/ 60

Дариға Назарбаева «Европа плюс Казахстан» ЖШС мен «Независимый Телевизионный Канал» (НТК телеарнасы) ЖШС-на иелік етеді.

Сондай-ақ, «DLS Group холдингтік компаниясы» ЖШС арқылы «Регион-Медиа» ЖШС мен «A-Service Management» ЖШС-да үлесі бар.


   17. Дінмұхамед Ыдырысов

$530 000 000
Әртарапты бизнес/ 59

Дінмұхамед Ыдырысов – Шымкент, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп жатқан «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясының иесі.

Ordabasy Group меншік иесі, сол сияқты, «Керегетас» тау кен өндіру компаниясы» ЖШС, «Үшқұю» АҚ, «Ақтөбе мұнай жабдықтары» АҚ, «Kundybai Mining» АҚ және т.б. компанияларда үлестері бар.


   18. Қайрат Итемгенов

$518 000 000
Фармацевтика, девелопмент/ 53

Қайрат Итемгенов – Europharma және ArzanPharm бренд белгісіндегі дәріхана жүйелерін басқаратын Aqniet Group» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы және негізгі акционері.

Ресейлік Globaltrans Investment PLC компаниясында (ТМД аумағында теміржол жүктерін тасымалдаумен айналысатын), «KBI Energy» және «Satti Logistics» серіктестіктерінде, одан бөлек Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешенінде үлестері бар.

Мәскеудегі Mövenpick және Pana отельдері мен Алматыдағы Novotel Living, Ibis Style брендтеріндегі қонақ үй кешендерінің иесі.


   19. Кеңес Рақышев

$435 000 000
Әртарапты бизнес/ 44

Бизнесмен «Fincraft Group» ЖШС-ның бірден-бір меншік иесі, осы компания арқылы «Fincraft Resources» АҚ мен «БТА Банк» АҚ-ның 78,58%-на бақылау жасайды. Бұдан бөлек, бизнесменнің АҚШ, Украина, Ұлыбритания, Ресей, Кипр және Сейшель аралдарында жүргізетін жобалары бар.

Рақышев – «Fincraft Resources» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Алматыдағы Шоқан Уалиханов атындағы жекеменшік мектептің құрылтайшысы.


   20. Сейітжановтар отбасы

$410 000 000
Әртарапты бизнес

Сейітжановтар отбасы өздерінің негізгі активтері «Оңтүстік» ҚСӨК арқылы мұнаймен айналысатын «Саутс Ойл», құрылысқа негізделген «МұнайҚұрылысСервис» серіктестіктерінің 57,16% үлесіне, «Smart-Oil» ЖШС және «Стандарт Цемент» ЖШС компанияларына бақылау жасайды.

Сондай-ақ олар, Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan отельдері мен Түркістандағы Khanshaiym Plaza СОО меншік иесі және Түркістандағы Talas Investment Company цианид зауытында үлесі бар.


   21. Данияр Әбілғазин

$380 000 000
Әртарапты бизнес/ 54

Данияр Әбілғазиннің Qazaq Oil, SinoOil, Gas Energy жанармай желілерінде, «PTC Оperator» ЖШС, «Petroleum» ЖШС, «РТИ-АНПЗ» ЖШС, «SilkwayTransit» ЖШС және т.б. компанияларда үлестері бар.

Бизнесменнің жары Айдан Сулейменованың «Viled Group», «Viled International», «Viled Fashion», «Group Lux», «Premium Beauty» серіктестіктерінде үлестері бар. Сондай-ақ ол, «ADD Invest Properties» ЖШС 100% үлесіне иелік етеді, осы компания арқылы Сүлейменова ерлі-зайыпты Құлыбаевтармен бірге (№2) Keruen city Astana СОО, Астанадағы Keruen СОО, Talan Gallery СОО, Keruen city Aktobe СОО, Атыраудағы Baizaar СОО сынды сауда орталықтарын басқарады.


   22. Бақытбек Байсейітов

$376 000 000
Банк, инвестициялар, мұнай сервисі/ 65

Бақытбек Байсейітов «Банк ЦентрКредит» АҚ мен «BCC Invest» инвестициялық акционерлік қоғамының дауыс беретін акцияларының 48,47%-на иелік етеді. Оған сондай-ақ, «Orient Invest Group» АҚ-ның 100%-ы тиесілі.

Ол «Банк ЦентрКредит» АҚ, «BCC Invest» АҚ директорлар кеңесінің және Еуроазиялық ынтымақтастықтың қаржы-банк қауымдастығы (ЕАЫ ҚБҚ) іскерлік кеңесінің төрағасы.


   23. Фаррух Махмудов

$375 000 000
Әртарапты бизнес/ 48

Фаррух Махмудов інісі Сухраб Махмудовпен (№23) бірлесіп құрған Orbis Kazakhstan компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы. Топқа тиесілі қоржынға Қазақстанның 12 қаласында 46 автоорталығы бар Orbis Auto дилерлік желісі де кіреді, ол қазір 15 түрлі автомобиль брендін ұсынып отыр. Сондай-ақ, жеті бренд, жеті салон және коммерциялық арнайы техника шығаратын зауыты бар Orbis Machinery желісі де осы қоржында.


   23. Сухраб Махмудов

$375 000 000
Әртарапты бизнес/ 45

Сухраб Махмудов ағасы Фаррух Махмудовпен бірге Orbis Kazakhstan компаниясының иесі. Оның құрамына Orbis Auto-дан бөлек, мұнай сервисімен айналысатын «Ақсайгазсервис» АҚ, көлік құралдарын жедел лизингке беру қызметін ұсынатын «Автодом-М» ЖШС, сонымен қатар, Orbis Agro (дәнді және майлы дақылдардың саудасы мен 100 мың гектардан астам алқаптағы жылыжай және егін шаруашылығы), Orbis Development, Orbis Finance және Orbis Manufacturing компаниялары да кіреді.


   25. Владимир Жұманбаев

$365 000 000
Металдар/ 50

Владимир Жұманбаев «АҚ Алтыналмас» АҚ-ның 20%-на иелік етеді – Дияр Қанашев (оған компанияның 10,5%-ы тиесілі) және Gouden Reserves B.V компаниясымен (60%-на иелік етеді) бірге.

Оған сондай-ақ, «Қаражыра» АҚ-ның 20%-ы тиесілі – бұл жобадан 70% үлес Эдуард Огай отбасының (№13) және 10% үлес Ерлан

Нығматуллиннің меншігінде.

Бизнесмен «Benkala» тау-кен компаниясы» АҚ, «Ronson-2000», «Vertex Holding» серіктестіктерінің 30%-на иелік етеді және сол арқылы оның «Goldstone Minerals» акционерлік қоғамында мажоритарлық үлесі бар.

2022 жылдың есебіне сай «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Жұманбаевтың «Vertex Holding» ЖШС-нан 2,26 млн теңгеге «Жетімшоқы БК» ЖШС компаниясының 60%-ын сатып алған. Кейінірек, 2022 жылдың қыркүйегінде корпорация «Vertex Holding» серіктестігінен қалған 39,99%-ын да сатып алды. Мәміле сомасы жария етілген жоқ. «Жетімшоқы» БК» ЖШС Қарағанды облысындағы аттас кен орнында мыс өндіру және барлау жұмыстары бойынша келісімшартқа ие


   26. Ерлік Балфанбаев

$350 000 000
Құрылыс материалдары/ 60

Ерлік Балфанбаев – Alina компания­лар тобы мен AlineX құрғақ құрылыс қоспалары ұлттық брендінің негізін қалаушы. Осы жылдың басында ол топтың құрылыс бөлімінің 75%-ын трансұлттық Nippon Paint Holdings SG Pte компаниясына сатты. Алматы маңындағы «Oi-Qaragai» маусымдық демалыс орны мен Doctor Green тұрмыстық химия заттарының бірден-бір меншік иесі.


   27. Еркін Тәтішев

$340 000 000
Әртарапты бизнес/ 48

Еркін Тәтішев – Қазақстан, Сингапур, Канада, Вьетнам, Израиль, Украина, Италия, Грузия т.б елдерде девелопмент, агробизнес, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, мұнай және газ өндіру, бөлшек сауда сынды салаларда жұмыс істейтін Kusto Group компаниясының мажоритар акционері.

Қазақстанда бұл топ мұнай өндіруші Kazpetrol Group, Compass жанармай станцияларының желісі, мал шаруа­шылығымен айналысатын KazBeef Group, тұқым шаруашылығына негізделген KazSeeds, сондай-ақ High Tech Academy мектебі, Wendy's фастфуд желісі франшизасы (қазір Өзбекстанда да дамытып бастады) секілді компаниялармен ұсынылған. 2024 жылдың ақпанында бұл топ «MKC Logistics» серіктестігінен бақылау үлесін сатып алды, мәміле сомасы жария етілген жоқ.

Сонымен қатар, Тәтішев «Қостанай минералы» АҚ компаниясындағы ірі үлеске бақылау жасайды.


   28. Мұқашевтар отбасы

$320 000 000
Тау-кен өндірісі, девелопмент

Мұқашевтар отбасына Иранда Rio Tinto-мен бірге жұмыс істейтін алтын өндіруші Zar Kuh Mining Company-дың мажоритарлық үлесі тиесілі.

Бұл отбасы сондай-ақ, портфель құрамында Aport Mall, Aport Mall East СОО және SAT Business бизнес орталығы бар Eurasia RED девелопер компаниясына иелік етеді.


   29. Бахаридин Аблазимов

$305 000 000
Химия өнеркәсібі, мұнай және газ/ 55

Қазақстанда аммиак және аммиак селитрасын өндіретін бірден-бір жалғыз компания «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, осы компанияда үлесі бар – тікелей және «Kazakhstan Petrochemicals» ЖШС арқылы.

Бизнесменге «Матен Петролеум» АҚ-ның 3,3%-ы тиесілі, «KazAeroSpace» және «Sunrise Development» серіктес­терінде үлестері бар.


   30. Бауыржан Исабаев

$296 000 000
Құрылыс/ 51

Бауыржан Исабаев – Айдын Рақымбаев (№11) және Асхат Омаровпен (№40) серіктестік негізде құрған BI Group құрылыс холдингінің ортақ иесі және тең құрылтайшысы. GR бағытына жетекшілік етеді (мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл). BI Group директорлар кеңесінің мүшесі.


   31. Сергей Кан

$292 000 000
Әртарапты бизнес/ 56

Сергей Кан Александр Клебановпен (№12) бірге «Орталық Азия отын-­энергетикалық компаниясы» АҚ-ның 50%-на және «Орталық Азия электро­энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның 47,1%-на иелік етеді.

Оған «Circle Maritime Invest» АҚ жүк тасушы кеме компаниясының 50%-ы да тиесілі (екінші жартысы Яков Клебановта).

Бизнесменнің тікелей және «Circle Maritime Invest» АҚ арқылы Rixos Almaty отелі мен «Teniz Star» серіктестігінде үлес­тері бар.

«Қазақ мұнай және газ институты» АҚ мажоритарлық акционері.


   32. Александр Чукреев

$290 000 000
Сусындар, девелопмент/ 62

Александр Чукреев азық-түліктің көтерме саудасымен айналысатын «Стелл» ЖШС, «Дальпродукт» ЖШС компанияларына, сондай-ақ ұлы Николаймен бірге минералды су және алкогольсіз сусындарды құйып, таратумен айналысатын компанияларға иелік етеді. Өнімдер желісіне Dizzy Energy, Riks және «Златояр» лимонадтары, Arzu Life Fitness және Asem Ai Saryagash ауыз суы брендтері кіреді.

Бизнесменнің бақылауында Алматы мен Өскемендегі «ADK» СОО да бар.


   33. Александр Гарбер

$282 000 000
FMCG/ 61

Александр Гарбер – халық тұтынатын тауарлардың дистрибуциясымен айналысатын Қазақстандағы және Қырғызстандағы ең ірі компанияның бірі «Прима Дистрибьюшн» ЖШС-ның мажоритар иесі.

Оның сондай-ақ, «Прима Құс» және «Прима-Мороженое» серіктестіктерінде үлестері бар.


   34. Олег Новачук

$265 000 000
Металдар/ 53

Олег Новачук Nova Resources B.V. арқылы KAZ Minerals Ltd компания­сының 36,5%-на бақылау жасайды және осы компанияның директорлар кеңесінің төрағасы.

Владимир Киммен (№4) бірге Trianon Limited жекеменшік компания­сына иелік етеді және өз меншігінде АХҚО-да тіркелген Finaccord Limited компаниясы бар.


   35. Марат Жұман

$260 000 000
Транспорт/ 47

Марат Жұман – негізін өзі қалаған Atasu Group көлік-логистикалық компаниясына иелік етеді, оның құрамында «Atasu Logistics», «Dostyk Cargo Service», «Жетісу Асыл Сервис», «Жас Customs» серіктестіктері бар. Сондай-ақ, «IMD Company» ЖШС мен «Atasu Express» ЖШС-на бақылау жасайды.

Atasu Group бүгін әлемнің 30 елінде жұмыс істейтін халықаралық көлік-логистикалық холдингі. Қазақстан аумағында компанияның үш көлік-логистикалық терминалы және теміржол вагондарының, локомотивтердің, жүк автотранспортының жеке парктері бар.

«Parasat» бизнес клубының қатысушысы.


   36. Алмас Мыңбаев

$250 000 000
Сақтандыру, фосфориттер/ 50

Алмас Мыңбаев Nomad Life және «Номад Иншуранс» сақтандыру компанияларының бірден-бір акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Ол сондай-ақ, «Темір-Сервис» ЖШС еншілесі арқылы Шилісай фосфат кенішін игерумен айналысатын Nomad Digital Financial Services» ЖШС және Sunkar Resources Limited компанияларының бірден-бір иесі.


   37. Әлімжановтар отбасы

$240 000 000
Ретейл

Әлімжановтар отбасы – ALSI компаниялар тобына ортақтасып иелік етеді. Өз тарихын 1990-жылдары бастаған бұл топ бүгін танымал брендтегі кең ауқымды компьютерлік және офистік техниканың уәкілетті сервис өкілі, ресми дистрибьютері әрі диллері.


   38. Яков Цхай

$228 000 000
Әртарапты бизнес/ 73

Яков Цхай «Компания «Достар» ЖШС меншік иесі, оның құрылымында «Винзавод Жетiсу», «Достар-Сервис», Компания «Достар-Инвест» серіктес­тіктері бар, осы компания арқылы ол «Достар-Коммерц» серіктестігіне және «Бахус» АҚ-ның 36,36% бақылау жасайды.

Сонымен қатар, ол «Caspian Group» АҚ-ның 96,7%-ын және «Первомайские пруды» ЖШС-на бақылау жасайды. Forum Almaty сауда ойын-сауық орталығында үлесі бар.


   39. Серік Төлбасы

$224 000 000
Құрылыс, девелопмент/ 58

Серік Төлбасы TS Development компаниялар тобының меншік иесі. Оған Dostyk Plaza СОО, Shymkent Plaza СОО, Алматыдағы және Шымкенттегі Cinemax кинотеатрлар желісі тиесілі.

Бизнесмен сондай-ақ, Smart Technologies Solutions ІТ компаниясына және коммерциялық жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысатын TS Property Management компаниясына иелік етеді.


   40. Асхат Омаров

$222 000 000
Құрылыс/ 50

Асхат Омаров – Айдын Рақымбаевпен (№11) және Бауыржан Исабаевпен (№30) серіктестікте BI Group компаниясының ортақ иесі. Өнеркәсіптік құрылыс нысандары мен энергетикалық инфрақұрылым бағытын басқарады, оның ішінде EPC-келісімшарттарын да (толығымен дайын жобалар).

BI Group директорлар кеңесінің мүшесі және басқарма төрағасы.


   41. Нұрали Әлиев

$220 000 000
Әртарапты бизнес/ 39

Нұрали Әлиев – «Транстелеком» АҚ, «Capital Holding» ЖШС, «Darmen Holding» ЖШС компанияларының мажоритар акционері.

Дубайдағы (БАӘ) Donatello Hotels and Resorts, Алматыдағы Donatello boutique hotel отельдеріне және Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірқатар мейрамханаларға иелік етеді.


   42. Серік Толықпаев

$217 000 000
Құс шаруашылығы/ 53

Серік Толықпаев – Aitas KZ компаниялар тобының мажоритар акционері. Бұл компанияның кәсіпорындары Макинск және Өскемен құс фабрикаларында «Құс&Вкус» және «АМП» брендтерімен шығарылатын құс етін, жартылай дайын өнімдер мен шұжық өнімдерін өндіру, өңдеу және таратумен айналысады. Топ құрамына 32 мың га жері бар өсімдік шаруашылығы кәсіп­орындары да кіреді.


   43. Эдуард Ким

$208 000 000
Ретейл/ 58

Эдуард Ким – Қазақстандағы және Қырғызстандағы «Technodom Оperator» АҚ негізін қалаған меншік иесі. «Технодом Сервис» және «Компания Фаэтон» (жылжымайтын мүлікті жалға алу, қолдану) серкітестіктерінде, Алматыдағы Airba Fresh маркетплейсінде үлестері бар.


   44. Айжан Есiм

$207 000 000
Фосфориттер/ 42

Айжан Есiмге тиесілі мүліктің басым бөлігін «Қазфосфат» ЖШС-дан сатылған үлес құрайды, 2021 жылы ол британдық Kazphosphate Limited арқылы осы компанияда Ғалымжан Есеновпен (№15) бірге акционер болған.

Сондай-ақ, «Sport Center» ЖШС (KRIDA фитнес-клубы) және Петропавл нан-тоқаш комбинатында үлестері бар.


   45. Айдан Кәрібжанов

$198 000 000
Инвестициялар, энергетика/ 52

Бизнесмен «Visor Kazakhstan» ЖШС мажоритарлық инвесторы, осы компания арқылы «Greencity KZ», «Northern Wind Kazakhstan», «Aua Energy», «Sarma Energy» серіктестіктерінде үлестері бар (төртеуі де жел электр станцияларынан электр қуатын өндіреді).

Сол сияқты, Шоқпар және Жаңатас жел электр станцияларында, «Теңіз Сервис» (Waterford International Holdings Ltd арқылы) серіктестігінде үлестері бар.


   46. Қайрат Мәжібаев

$187 000 000
FMCG/ 56

Қайрат Мәжібаевқа «RG Brands» АҚ-ның 98,05% үлесі тиесілі, бұл компания өз қызметін Қазақстанда, Ресейде мен Қырғызстанда да жүргізеді.

RG Brands директорлар кеңесінің төрағасы.


   47. Марат Сәрсенов

$185 000 000
Транспорт/ 56

«Исткомтранс» ЖШС теміржол тасымалы операторында мажоритарлық үлеске ие, бұл компанияның вагон паркінде 10 мың вагон бар. Былтыр компания «Жетіген» көлік-логистикалық орталығын іске қосты, оны дамыту үш кезеңде жүргізіліп, оған қосымша 100 млн АҚШ долларын салу жоспары бар. Кешеннің ауданы 51,2 гектарды құрап, бір уақытта сақтау мүмкіндігі 8 мың TEU (жиыр­ма футты балама) құрайды деп пайымдалған.

Сәрсенов «Будан» (дәнді және бұршақ дақылдарын өсіру), «Продерус», «Тоболтранс» серіктестіктеріне де иелік етеді.


   48. Сайдулла Қожабаев

$182 000 000
Машина жасау/ 64

Сайдулла Қожабаев – Alageum Group негізін қалаушы және мажоритар акционері. Компанияның құрамында «Кентау трансформаторлық зауыт» АҚ, «Орал трансформаторлық зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформаторлық зауыты» ЖШС, «Алматы электр-механикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «Пром­Энерго» жобалау институты және Шымкенттегі трансформаторлық құрылғылар жасау жөніндегі Asia Trafo зауыты бар.


   49. Жакулиндер отбасы

$170 000 000
Дистрибуция, авторетейл

Қытайда өндірілетін Sany, Howo, Shantui, Heli, Airman, Shacman, Weichai брендтеріндегі арнайы техниканың ресми дистрибьютері «Ас-Ай» компаниясына иелік етеді. Доңғалақты және шынжыр табанды техника түрін сатумен қатар компания қаржы лизингі, техникалық қызмет, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сату қызметтерін де көрсетеді.

Жакулиндер отбасына «Минметалс Казахстан» ЖШС, «Ас-Ай Лизинг» ЖШС және т.б. компаниялар тиесілі.


   49. Қанат Көпбаев

$170 000 000
Әртарапты бизнес/ 47

Қанат Көпбаев – Еркін Тәтішевтің (№27) және Дәулет Нұржановтың (№49) Kusto Group бойынша серіктесі. Kusto Group PTE Ltd басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі. Топ бизнесінің құрылыс сегментін қадағалайды, оған Израильдегі бояу және лак өнімдерін шығаратын Tambour зауыты мен Вьетнамдағы Coteccons Construction құрылыс компаниясы кіреді.

Қазақстанда бұл топтың иелігінде «Kazpetrol Group» ЖШС мұнай компаниясы, Compass жанармай бекеттері желісі, «Kusto Home» ЖШС құрылыс компаниясы, Семейдегі «Semey Tannery» ЖШС тері-былғары комбинаты, Павлодардағы «KazCenosphere’s» ЖШС зауыты және Wendy’s франшизасындағы фастфуд желісі бар.


   49. Дәулет Нұржанов

$170 000 000
Әртарапты бизнес/ 52

Дәулет Нұржанов – Еркін Тәтішевтің (№27) және Қанат Көпбаевтың (№49) Kusto Group бойынша серіктесі. Топтың ауылшаруашылық бизнесін басқарады. Сондай-ақ, «Кусто Агро» ЖШС арқылы бұл топтың Қазақстанда «Щучинск қалалық сүт зауыты», «Көкшетау элеваторы», «KazGrain Feeders», «Kazbeef Ltd» серіктестіктерінде үлес­тері бар.


   49. Нұрбол Назарбаев

$170 000 000
Әртарапты бизнес/ 40

Нұрбол Назарбаев – «Prime Capital Invest» ЖШС және «Prime Capital Holding» ЖШС иесі.

«PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» және «PLS-TM» серіктес­тіктерінің тең иесі.


   53. Алмас Сұлтанғазин

$160 000 000
Ретейл, IT/ 59

Алмас Сұлтанғазин тұрмыстық техника мен электроника сататын Sulpak және Alser сауда желілерінде мажоритарлық үлеске ие.

Телекоммуникациялық және ІТ құрылғылары дистрибуциясымен айналысатын «ST Networks» ЖШС-да үлесі бар.


   53. Алмаз Альсенов

$160 000 000
Агротрейдинг, логистика/ 42

Алмаз Альсенов – Швейцарияда орналасқан Harvest Group-тың негізін қалаған, бұл компания ауылшаруа­шылық өнімдері мен дақылдарының халықаралық дистрибуциясымен айналысады. Сонымен қатар, теңіз және ішкі логистика, жүкті сақтау, тиеу және өңдеу қызметтерін, экспорт алдындағы қаржыландыру мен сауда кредитін ұсынады.


   55. Арманжан Байтасов

$115 000 000
Медиа, телеком, девелопмент/ 54

Tan Media Group және United Media Group компанияларында үлестері бар. Олардың құрамына MuzzOne телеарнасы, Business-FM радиостанциясы, Businessfm.kz сайты, Forbes Kazakhstan және Forbes Georgia журналдары, Arbat Media компаниясы және басқалары кіреді.

ICON телекоммуникациялық компаниясының, Тимур Турловпен (№5) бірге Citix Ltd технологиялық компаниясының мажоритар акционері.

Media Café желісінің құрылтайшысы. «Parasat» бизнес клубының негізін қалаушы (Мұхтар Джакишевпен бірге).


   56. Владимир Денисов

$114 000 000
Әуе тасымалы/ 63

«Scat әуе компаниясы» АҚ-ның 57%-на ие мажоритар акционері және президенті, осы компания арқылы Тараздағы «Әулие-Ата» Халықаралық әуежайы» АҚ мен аймақтық авиарейспен айналысатын «Оңтүстік аспаны» АҚ компаниясына бақылау жасайды.

Ағымдағы жылдың басында «Шымкент әуежайы» АҚ әуежайды сатып алу құқығынсыз «Scat Airlines» АҚ-ның сенімді басқаруына 10 жылға беру туралы шешім қабылдады.

Әуежайдың директорлар кеңесінің құрамына Денисов биыл ақпанда енді. 2019-жылдан бері компания әуежайдың жаңа терминалын салып жатыр, ол биыл қолданысқа берілуі тиіс.


   57. Дулат Қожамжаров

$110 000 000
Химия өнеркәсібі/ 48

Бизнесменің иелігінде Шымкенттегі өндірістік кешені бар жағармай материалдарының кең ауқымын шығаратын ірі өндіруші Hill Corporation компаниясы бар.

2010 жылы негізі қаланған толық циклді кәсіпорын араластырғыш қондырғы мен пайдаланылған майларды регенерациялау (өңдеу) және майлау материалдарын өндіру кешенінен тұрады. Компания Литваның Клайпеда қаласында жанар-жағармай қоспаларын араластырып, мұнай қалдықтарын қалпына келтіруге арналған осы тұрғыдағы кешеннің құрылысын жүргізуде.


   57. Александр Дериглазов

$110 000 000
Дистрибуция, ретейл/ 54

Александр Дериглазов «Бірінші қазақстандық музыкалық баспа» және «Фирма «Стинг» серіктестіктеріне иелік етеді. Соңғысы арқылы «Меломан Home Video» ЖШС-на («Меломан»/Marwin дүкендер желісі), Астанадағы «Арсенал» кинотеатры мен сауда ойын-сауық кешеніне, «Комфорт DIY» ЖШС-на («Комфорт» гипермаркеттері желісі) және т.б. бақылау жасайды.


   59. Владимир Сидельковский

$105 000 000
Әртарапты бизнес/ 58

Бизнесменнің «Рахымжан-Петролеум» ЖШС-да, «ЦУМ» АИЖМҚ» АҚ-да, «Алматы Қала Жарық» АҚ-да үлестері бар. Оған тиесілі қоржынның басым бөлігін энергетикалық сектордағы үлестері құрайды. «Энергоинвест Лтд» ЖШС арқылы Сидельковский «Атырау Жарық» АҚ, Т. И. Батуров атындағы «Жамбыл ГРЭСі» АҚ, «Көкшетау Энерго» ЖШС т.б. қатысады.


   60. Ерем Арутюнян

$103 000 000
Ретейл/ 61

Ерем Арутюнян – «Мечта» электронды және тұрмыстық техника дүкендері желісінің мажоритар акционері. Желі құрамына Қазақстанның 44 қаласында жұмыс істеп жатқан 96 сауда орны кіреді.


   60. Ибрагим Акдрашев

$103 000 000
Мұнай сервисі/ 61

Ибрагим Акдрашев – құрылыс-монтаж және сервис қызметтерімен айналысатын «Неф­тестройсервис ЛТД» ЖШС-ның бірден-бір жалғыз иесі, Компания құрылымында «CIS Kashagan», «ҚазақНефтеГазСервис», «Kentz Kazakhstan» және «Батысстройконтракт Лтд» серіктестіктері бар. «Нефтестройсервис ЛТД» – Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі компанияның бірі, былтыр оның құрамына «Рожковское» кен орнындағы газ жобасы қосылды (жыл соңында қолданысқа берілді).


   62. Қаныбековтер отбасы

$100 000 000
Мұнай, әуе тасымалы

Қаныбековтер отбасы өз бақылау­ындағы «Petro Asia» АҚ арқылы «Саутс-­Ойл» ЖШС мұнай өндіру компаниясының 39,17%-на иелік етеді, олардың мұндағы серіктестері – Сейтжановтар отбасы (№20).

Қаныбековтер иелігінде «Sky Logistics Service» ЖШС да бар, сол арқылы олар «Евро-Азия Эйр» АҚ әуе компаниясына бақылау жасайды.

Сонымен қатар, бұл отбасына «Nimex Logistics» ЖШС, «Нимэкс-Транс» ЖШС және «Хеликоптер Сервис» ЖШС тиесілі.


   63. Иван Сауэр

$98 000 000
АӨК, химия өнеркәсібі/ 65

Иван Сауэр «Агрофирма «Родина» ЖШС-ға бақылау жасайды және Степногорск қаласында зауыты бар өсімдіктерді қорғаушы әртүрлі қоспалар өндіретін (пестицидтер, инсектицидтер, т.б.) «Астана-Нан» ЖШС-на иелік етеді.

Сондай-ақ, агробизнеспен айналысатын «Жакен-1», «Тастақ», «АФ-Отан» серіктестеріне иелік етеді.


   64. Виктор Буллер

$96 000 000
Құрылыс материалдары/ 78

Виктор Буллер – Астанада дайын бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын «Стройконструкция» АҚ-ның мажоритар акционері. Компания 1959 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан темір-бетон бұйымдары мен конструкциялары зауытының негізінде 1992 жылы құрылған.


   65. Ерлан Баймұратов

$93 000 000
FMCG/ 64

Ерлан Баймұратов «KazFoodProducts» ЖШС негізгі иесі, сол арқылы «Баян Сұлу» АҚ (кондитерлік өнімдер) мен «АзияАгроФуд» АҚ-да мажоритарлық үлестерге ие.

Бизнесменнің «Sweet City» ЖШС, «Bioline KZ» ЖШС және «BioOpera­tions» ЖШС-да (биоэтанол, бидай глютені, крахмал, ұн және мал азығын өндіретін зауыт) үлестері бар.


   66. Бауыржан Оспанов

$86 000 000
Әртарапты бизнес/ 56

Бизнесмен ауыл шаруашылығы, энергетика және жылжымайтын мүлікті басқару салаларында бизнес жүргізеді. «Сайман Корпорейшн» ЖШС, «Көксу Гидро» ЖШС, «ТСК Сервис» ЖШС, «Арқарлы-Майбүйрек» ЖШС, «Талдықорған» Акционерлік Көлік-Электр желілік Компаниясы» АҚ, «Zhersu Power, Zhersu Metal және т.б. иелік етеді.


   66. Қаппаровтар отбасы

$86 000 000
Әртарапты бизнес

Гауһар Қаппарова ұлы Нұрсұлтанмен бірге «Ер Сай Каспиан Контрактор» және «Жандиг-С» ЖШС мұнай-сервис компаниялары, Tin One Mining тау-кен компаниясы және Quantum Stem мектептер желісіндегі үлесті қамтитын Lancaster Group-тың үлесіне иелік етеді.

Сондай-ақ оның «G and G Гламур» ЖШС, «MaxGlamour» ЖШС брендтік киімдер дистрибьютерінде және «Green production» ЖШС-да (мұнай өндіру) үлестері бар.

2022 жылы Қаппарова сыртқы жарнама орналастыруға негізделген «РТС Деко» АҚ-ның 15%-ын сатты, мәміле сомасы жария етілген жоқ.


   68. Сағат Түгелбаев

$85 000 000
Мұнай және газ/ 76

Швейцариялық First Montana Capital AG арқылы«Anaco» ЖШС мұнай өндіру компаниясының мажоритар акционері. Компания «Қырықмылтық» кен орнының операторы.

Ол сондай-ақ, мұнай саласына арнап құрал-жабдық шығаратын және қызмет көрсететін «Атыраумұнаймаш» ЖШС, «Premium ANACO» ЖШС трейдинг компаниясы мен «Белкамит» ЖШС инжиниринг компаниясына бақылау жасайды.


   69. Владислав Ли

$83 000 000
Сақтандыру, қаржы/ 67

Владислав Ли – Бақытбек Байсейітовпен серіктестікте (№22) «Банк ЦентрКредит» АҚ және «BCC Invest» инвестициялық компаниясының дауыс беру құқы бар акцияларының 11,16%-на иелік етеді.


   70. Елдар Әбдіразақов

$76 000 000
Сақтандыру, қаржы/ 51

Бизнесмен Centras Group холдингіне иелік етеді, оның құрамында «Коммеск-Өмiр», «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниялары мен «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Сентрас Капитал» АҚ, «Сентрас» венчурлық қоры» АҚ қаржы компаниялары бар.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE), «Air Astana» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.


   71. Раушан Сағдиева

$74 000 000
Әртарапты бизнес/ 61

іктесі Раушан Сағдиева солармен бірге «CAR CITY» АИЖМҚ» АҚ» 15%-на, «Joint Technologies» ЖШС, «Arbat Retail» ЖШС-на иелік етеді.

Жеке иелігінде «Vector Enterprise» ЖШС және «FCI Management LLP» ЖШС бар, соңғысы арқылы «Кристалл Менеджмент» АҚ-ның 9,5%-на, «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ның 16,5%-на бақылау жасайды.


   71. Чингис Бердіғожин

$74 000 000
Мұнай және газ/ 55

Чингис Бердіғожин тікелей және жанама түрде «Қор» Мұнай компаниясы» АҚ-ның 41%-на иелік етеді. Бұл компания Қызылорда облысындағы Ащысай кен орнында мұнай және газ өндірумен айналысады.

Оған сондай-ақ, «Компания «Недра-инжиниринг» ЖШС тиесілі және оның «Варрант» ЖШС мен «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ-да үлестері бар.


   73. Берік Қаниев

$64 000 000
Әртарапты бизнес/ 54

Берік Қаниев – көптеген бағыттарды қамтитын Lancaster Group тобының акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Топ құрамы «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ (құрылымына «Ер Сай Каспиан Контрактор» мұнай-сервис компаниясын, «Ерсай теңіз порты» ЖШС, «Жандиг-С» ЖШС т.б. кіреді), Quantum STEM School мектептер желісін (BI Group-пен бірлескен жоба), Abdi Ibrahim Global Pharm-ды (түріктің Abdi Ibrahim компаниясымен бірлес­кен) қамтиды.

Сондай-ақ «Жалтырбұлақ» АҚ-да, «Mountain Breeze» ЖШС-да (қонақ үй қызметтері) және «Jas Qyran» балалар мен жасөспірімдер футбол орталығында үлестері бар.


   73. Юрий Пак

$64 000 000
Әртарапты бизнес/ 54

Юрий Пак – 25% үлеспен Lancaster Group компаниясының тең иесі.

Сондай-ақ ол алтын кен орнын игеріп жатқан «Жалтырбұлақ» АҚ-ның 16,73%-на иелік етеді. Сол арқылы «Васильков» тау-кен байыту комбинаты» ЖШС мен «Боке» ЖШС-ға (геология­лық барлау) ортақ негізде иелік етеді.


   75. Төлеген Балғымбаев

$63 000 000
Құрылыс, мұнай сервисі/ 52

Төлеген Балғымбаев Қазақстанның экс-премьері, марқұм Нұрлан Балғымбаевтың ұлы. «Консорциум Isker» ЖШС, «West Dala» ЖШС-да үлестері бар. «Уест Ойл», «Алма Ист Вест Груп», «КаспийМеталл», «АМS-Real Estate» серіктестіктеріне бақылау жасайды.

Көппрофильді Isker тобы мұнай-газ және азаматтық секторларда құрылыс, инженерлік және техникалық қызметтер көрсетеді. Атырау өзен айлағына иелік етеді және Атырау облысындағы мұнай-газ компанияларына қызмет көрсетеді.

Рейтингтегі мәліметтерді басқа БАҚ-тар тек рерайт түрінде және Forbes.kz пен тікелей рейтингтің өзіне белсенді сілтеме негізінде ғана қолдана алады. Копипаст негізде, яғни сөзбе-сөз қайта басып шығаруға тыйым салынады.

Рейтинг Grant Thornton аудиторлық-консалтингтік компаниясымен бірлесіп, Adata.kz сервисінің қолдауымен дайындалды

Фотографтар: Андрей Лунин, Владимир Шаповалов, Никита Басов, Резеда Небогова, Вадим Соловьёв, Руслан Мазунин, Сали Сабиров, Максат Байкенов, Валерий Аяпов, Ильяс Уалиев, Тимур Эпов, Жанарбек Аманкулов, Синди Тимас, Иван Беседин, Владимир Трефилов, Яков Фёдоров және баспасөз қызметтері архивінен

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте