Серік Толықпаевтың бизнес және өмір сүру квинтэссенциясы

Су тасқыны мен білім, экономикалық даму мен ұлттық менталитет, қайырымдылық пен бизнес. Бір қарағанда бір-бірінен алшақ жатқан ұғымдар арасында қандай байланыс бар?

Серік Толықпаев
Серік Толықпаев
Фото: © Андрей Лунин

Бұл жайында Қазақстандағы ең дәулетті 75 бизнесмен тізіміне кіретін AITAS компаниялар тобының мажоритарлық акционері Серік Толықпаев сұхбат барысында айтып берді.

Серік мырза, ең әуелі еліміз үшін үлкен сынақ — су тасқыны тақырыбына тоқтала кетсек. Бұл зілзаланың адамдар өміріне төндіретін қатерінен бөлек ауылшаруашылық жерлеріне, мал шар­уашылығына әсері де зор…

— Топан судың тарихы биыл немесе былтыр басталған жоқ. Оның тамыры –мемлекеттің және халықтың кәсібилік пен білімді құндылық ретінде бағалай алмауында. Өкінішке қарай, қазақта білімге деген көзқарас, менталитет әлі де болса дұрыс деңгейде емес. Мысалы, ауылшаруашылығында тапшы мамандарды Ресей, Украинадан әкелуге тура келеді. Өйткені, бізде университет, техникумдарда білім дұрыс бағаланбайды…

Білім мәселесінің су тасқынына да қатысы бар дейсіз ғой?

— Әлбетте, өйткені, апаттың алдын алуда маңыздысы — мамандар. Рас, апат табиғи болған соң, мейлі он жерден білімді болсақ та, ол бәрібір бізді айналып өтпес еді. Бірақ осы мәселенің алдын алуды, зардабын бағамдауды ескеретін дұрыс мамандар болғанда, апаттың салдарын азайтып, жолын табу мүмкін болар еді деп ойлаймын.

Сіздіңше, апатпен күресті неден бастаған дұрыс?

— Ең бастысы — бұл мәселе алдын-ала зерттеліп, тиісті болжамдар, қорытындылар жасалуы тиіс. Мысалы, күзде су қаншалықты жерге сіңді, оның жерде қалған ауқымы, деңгейі қандай? Қыста түскен қардың қалыңдығы қандай, қыста жер қаншалық тоң болып қатты, неше метрге қатты? Қазір ғарыштық мониторинг әдісі бар, жерде тұрып та пайдалануға болатын зерттеу құралдары мен технологиялар да жеткілікті. Бірақ соларды қолдана алатын мамандар аздық етеді, маман тапшылығы бұл саланың кенжелеп дамуына әкеп отыр.

Сіз жаңа бұл менталитетке де байланысты дедіңіз. Ал ұлттық менталитеттің бұған қандай әсері бар?

— Мысалы, Түркияның халқы — еңбекқор, тұрған жері — тамаша, төрт теңіздің ортасында орналасқан. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан, бұл елдің экономикасын Германиядағымен салыстыруға келмейді. Тіпті халық саны шамалас болса да. Неге? Өйткені, табыс табудың екі жолы бар. Мәселен, шебер ұста темірден есік жасаса, сол үшін қолма-қол ақша алады. Бұл — кіріс әкелетін қысқа жол. Ал ғылым мен білім арқылы табыс табу — ұзаққа негізделген процесс. Бірақ бұл жол он, жүз есе артық пайда әкеледі. Осы ұғым менталитетке барынша сіңуі керек. Өкінішке қарай, бізге әзірге ұзақ мерзімді табыс жолынан гөрі «бүгін жасап, ертең аласың» деген шолақ формула жақынырақ. Білімді шынайы құндылық ретінде тани алмай отырмыз, ал бұл елдің, ұлттың дамуын тежейді.

Кезінде Финляндияның бұрынғы ішкі істер министрімен сұхбаттас­қанымда, ол өз елінде сыбайлас жемқорлықтың аздығына әсер ететін негізгі фактор деп осы менталитетті айтқаны бар…

— Әр халықтың түрлі тарихи және басқа да жағдайларға байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан менталитет ерекшелігі бар. Ол көшпенділерде — бір бөлек, жермен жұмыс істейтін, күріш, астық өсіретіндердің менталитеті — бір басқа. Бұл жайында зерттеулер, «күріш мәдениеті» сияқты теориялар бар.

Жер көлемі Қазақстанның бір ауданындай, халық саны ұқсас Нидерланд елі — әлемде АҚШ-тан кейінгі ең ірі ауылшарушылығы өнімдерін экспорттаушы. Бұл табыстың да сыры менталитетте емес пе?

— Тарихына қарасақ, Нидерланд XVIII–XIX ғасырдың өзінде дамыған еуропалық мемлекеттердің бірі болды. Олар ауылшаруашылығында білімге, басқа елдермен ашық қарым-қатынасқа көп көңіл аударды. Мәселен, әйгілі қыз­ғалдақтары түркі елдерінен әкелінген дейді. Әрине, біз тап ертең Америкаға ауылшаруашылық өнімдерін сатамыз деу — қиял. Бірақ Лао-цзы бір сөзінде: «Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады» деген екен, меніңше мұнда терең ой жатыр.

Ендеше, қазір бізге не істеу керек?

— Алғашқы қадамды дұрыс жасауды үйренуіміз керек, жалпы, алға қадам басу керек. Егер мәселеге кең ауқымда қарасақ, білімді дамыту тұрғысында үкіметтің стратегиясы керек. Жүз жылда болатын апат кезінде де маңыз­дысы — елден кешірім сұрау емес, қазіргі жағдайды тиімді басқару, апат салдарын азайту, әрі қарайғы іс-шара жоспарын жасау.

Осыдан 4 — 5 жыл бұрын біздің қорлар арқылы ауа райының өзгеруіне қатысты зерттеулер жасадық. Сонда климаттың өзгеру жылдамдығы еселеп артып келе жатқанына анық көз жеткіздік. Бұл тікелей су тасқыны, құрғақшылық, жер сілкінісі сияқты түрлі апатқа соқтыруы мүмкін. Айталық, соғыс және табиғи апаттың бірі болуы мүмкін десек, біз үшін қайсысының ықтималдығы жоғары? Әрине, аймақтағы геосаяси жағдай күрделі, бірақ табиғи апаттардың ықтималдығы одан да жоғары деп ойлаймын. Сондықтан, мысалы, төтенше жағдайлар мәселесімен айналысатын министрлікке көптеген мүмкіндік пен ауқымды ресурс‑тар берілуін ойластыру керек. Жедел әскер қызметін, әскерден кейінгі резервтегі еріктілерді де солардың құрамына енгізуге болады.

Серік Толықпаев
Серік Толықпаев
Фото: © Андрей Лунин

Қазір негізгі шара — табиғи апаттан жапа шеккендерге ұлттық бизнестің көмек ретінде миллиардтаған теңге аударуы. Бұл да қысқа мерзімді дүние емес пе? Ол ақша қаншалықты діттеген жеріне жетеді деп сенесіз?

— Қазіргі ең басты дүние — осы жағдайды ең бір дұрыс, нәтижелі сценариймен жүзеге асырып, оны тиімді етіп басқарып, қажетті жолдар тауып, тығырықтан шығу. Кінәліні іздеу — бүгінгі күннің мәселесі емес, шешімдерді дұрыс қабылдау маңыздырақ. Егер дәл қазір «анау ұрлады, мынау жымқырды» дегенге беріліп кетсек, басқа жұрт қандай көңілмен көмектеседі? Отбасында бір мәселе туындаса, ал ағайын кеңесудің орнына тырнақ астынан кір іздеп кетсе, ондай жерде қандай көмек, қандай қолдау болады? Осындай апатты жағдайларда маңыздысы — ауызбірлік пен ақ ниет, таза көңіл.

Қазақта адам қайтыс болғанда, сол отбасына ауылдастары, жақындары батасын жасап, демеу болады. Кімнің қанша бергенін ешкім санамайды, сөкпейді. Өйткені, мәселе — көмектің көлемінде емес, ниетте. Негізгі көмек, әрине, тікелей соған бөлінуге тиіс ресурстардан, яғни салықтан, резервтер мен қорлардан түсуі керек. Біз де апат болған аймаққа 30 тонна тауық етін жібердік, алда тағы көмек көрсету жағын ойластырамыз.

Осы жерде тағы бір назар аударатын мәселе — елімізде сақтандыру жүйесінің дамымағаны. Қазір судың астында қалған үйлер сақтандырылса, мүлдем басқа жағдай қалыптасар еді. Бұл да — алдын-ала ойластырылып, сараланып, зерттелмеген мәселе.

«Білім ең басты құндылық болуы керек»

Алдыңғы дағдарыс, яғни пандемия ушығып тұрған кезде бір сұхбатыңыз­да бизнестің болашағына қатысты «Пандемия аяқталады, маңыздысы — кәсіпорындағы ішкі өзара байланыс пен тұрақтылықты сақтау» депсіз. Кез келген дағдарыс кезінде өзіңіз арқа сүйейтін қағидаттар бар ма?

— Қандай дағдарыс болса да, адам күшті өзінен іздеуі керек. Мысалы, мемлекеттің басқа елдерден көмек күтпей, өз ресурстарын дамытуы маңызды. Компания да тығырықтан алып шығар ішкі мүмкіндіктеріне, мамандарына сүйенуге тиіс. Отбасында да — солай.

Жеке адам да түрлі дағдарысқа ұшырайды ғой…

— Өмірімде үш рет банкроттыққа жақындап барып, қайта көтерілген кезім болды. Сол кезде көзім жеткен бір нәрсе — қандай жағдай болмасын, адамның өзі, рухы мықты болуға тиіс. Күштің бәрі — адамның өз бойында.

Абай айтпақшы, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» қой?

— Иә. Менде «біз қазір қайда кетіп барамыз?» деген бір уайым бар. Байыппен қарасақ, бос әңгімелердің ортасында жүргендейміз. Ал елімізде шешімін таппаған өте күрделі мәселелер бар. Қаншалықты зайырлы мемлекетпіз? Алдағы 20 жылда тәуелсіз ел болып қалуға қаншалықты құқымыз, мүмкіндігіміз, күшіміз бар? Ол үшін мемлекет тарапынан нақты не істеліп жатыр?

Кез келген компаниядан бастап мемлекетке дейін өзара терең талқыланған, келісілген құндылықтары, идеологиясы болуға тиіс. Онсыз ел бола алмаймыз. Бұл — өте бір күрделі сұрақ.

Сіз дамудың тетігін білімнен іздейсіз. Ауылшаруашылығында жаңа технологияларды, мысалы, жасанды интеллектіні пайдалану — әлемдік трендке ілесу көрінісі ме, әлде қажеттілік пе?

— Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, алдағы 3–5 жылдың ішінде әлемдік жалпы ішкі өнімнің 15–20 %-ын жасанды интеллект саласы қамтитын болады. Қазір бұл салаға, бұл технологияға көп инвестиция құйылуда. Қазақстанда да ақша салынуы керек. Оған ешқандай күмән жоқ.

Біз қазір өсімдіктерді қорғау құралдарында, керекті өсімдіктерді сақтап, қажетсіздерін жоюда, тыңайтқыштарды пайдалануда жасанды интеллект элементтерін қолданудамыз. Енді алдағы 2–3 жылдың ішінде бұл бағытта біраз жетістікке жету ойымызда бар.

Серік Толықпаев
Серік Толықпаев
Фото: © Андрей Лунин

Сіздіңше, ауылшаруашылығын дамытуда тағы қандай факторлар маңызды?

— Ең бастысы — елде жаңа құндылықтар қалыптастыру керек, оның ішінде білім ең басты құндылық болуға тиіс. Бізге қазір дәл осындай идеология ауадай қажет. Мысалы, біздің компания­ның басты бағдары — халыққа қызмет ету болса, миссиясы — еліміздің тұрақты деңгейде дамуы. Осындай құндылықтар компанияда ғана емес, мемлекетте де болуы керек.

Мұндай идеялар біреу жақсы бір түс көріп, төбеден түскендей аяқ асты айтылмайды. Қоғам ойланып, бұл мәселені бірлесе отырып, жан-жақты талқылағаны абзал. Идеология жоғарыдан емес, халықтың арасынан шыққаны жөн. Бұл — біздің халық, қоғам мән беруі керек ең үлкен мәселе деп ойлаймын.

Ұзақ мерзімді қайырымдылық

Сіздің қайырымдылық жасау қызметіңіз қоғамдық саябақтарды жөндеуден бастап «Powered by NIS ауыл мектептері» атты жобаға дейінгі сан алуан спектрді қамтиды. Бұрынғы тәжірибелеріңізге сүйене отырып, қайырымдылық жасаудың ең тиімді моделі қандай деп ойлайсыз?

— Қайырымдылықтың аз-көбі жоқ, бастысы — ниет дедім. Бірақ кейбір жағдайда бір игі іс басталғанымен, оны жалғастыру механизмдері болмайды. Мысалы, бір ауылда не қалада қайырымдылық аясында балабақша салынды дейік, бірақ арада 1–2 жыл өткенде ол жабылып қалады, өйткені оны әрі қарай басқарып, алып кететін шебер маман табылмайды. Бұл қарапайым мысал. Яғни, қандай көмек жасалса да, оны ұзақ мерзімге негіздеп, болашағын ескеріп, қолға алу керек. Көмек көрсетілген жобаның келешек әлеуеті қандай, оны кім, қалай ұйымдастырады? Бұл жоба болашақта қалай қаржыландырылады? Көмек жүйелі жасалуға тиіс.

Біз ауылдық жерлерде 20 медициналық зертхана аштық. Оның алдында осы саладағы INVIVO, ОЛИМП өкілдерімен кездесіп, қандай аудандар қамтылмай қалғанын білдік. Осыдан кейін сол аудандардағы қаржы тапшылығынан зертхана аша алмай жүрген кәсіпкерлерді тауып, соларға көмек бердік. Бұл — бір жағынан халыққа жәрдем, екінші жағынан — жергілікті шағын кәсіпкерлерге күнделікті ақша табуға мүмкіндік беру.

Қазір ауыл мектептерін қолдау мақсатындағы үлкен жобаны қолға алдық. Қазақстанда 166 ауылдық аудан мен облыстық деңгейдегі 40 моноқала бар. AITAS холдингі Білім саласын тұрақты дамыту қоры арқылы 200 ауыл мектебіне қолдау көрсетіп, мектептерді халықаралық деңгейге шығаруды көздеп отыр. Бұл жолда Назарбаев зияткерлік мектебімен, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл мектептер 20 жылда қалай дамиды? Оның контентін кім береді? Қалай қаржыландырылады? Соның бәрін алдын-ала ойластырып, жасап жатырмыз. Ауқымды шаруаны қолға алғанда басқа ұйымдармен коллаборация да маңызды.

Серік Толықпаев
Серік Толықпаев
Фото: © Андрей Лунин

Қайырымдылық істе білім саласына басымдық беріп отырсыздар ғой?

— Соңғы 5 жылдың ішінде біз орта білімді дамыту жағында болдық. Енді назарымызды жоғары білімге қарай аударсақ дейміз. Қазір осы бағытта қандай мәселелер мен мүмкіндіктер бар екенін зерделеп, зерттеудеміз.

Содан кейін 13–25 жас аралығындағы дарынды жастарды тауып, оларға болашақта елдің дамуына үлес қоса алатындай мүмкіндіктер жасау жағын да қарастырмақпыз.

Қайырымдылық саласына қатысты қолданылған жүйелі іскерлік үлгіні мемлекеттік басқару аппаратында қолдануға бола ма? Көптеген елде кәсіпкерлер арасынан мықты реформаторлар шыққанын білеміз.

— Кәсіпкер ме, саясаткер ме, кім болғаны маңызды емес, ең бастысы — мемлекет қайраткерінің жүрегі «елім» деп соғуға тиіс. Еліне деген ерекше жанашырлығы болуы керек. Елінің болашағы жайлы терең ойланатын, уайымдайтын азаматтар қажет. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан үкіметіне талай мықты адам келді. Ақылы мол, білімі терең, тәжірибесі көп. Бірақ ар жағында еліне деген адалдық, жанашырлық байқалмады. Ал егер осындай қасиеттер болмаса, қалғанының бәрі — бекер бос әңгіме.

Үш кітап пен үш тірек

Командаңыздағы әріптестеріңіз Сіздің кітап оқу қарқыныңызға ілесе алмай жатамыз деп қалды…

— Кеше ғана компанияның бір отырысында соңғы оқыған бірнеше кітапты талқылаған едік. Оқымаған адам қаншалықты алысқа бара алады? Кітап оқу — адам үшін ең қажет қасиеттердің бірі деп ойлаймын.

Оқырмандарға оқуға қандай үш кітапты ұсынар едіңіз?

— Ең терең философиялық еңбектердің бірі — қытай философы Лао-Цзыдың «Жол мен күш жайлы кітабы» (Дао-Дэ цзин). Александр Кувшинов аудармасындағы нұсқасын мың рет оқыған шығармын. Ал бизнес стратегиясы бойынша — Отто Шармердің «U теориясын», құндылықтар тұрғысында — Джефф Смарт пен Рэнди Стриттің «Кім. Ең бірінші мәселеңізді шешіңіз» және бірнеше автор жазған «Спиральді динамика» кітаптарын ұсынар едім.

Сіз мемлекеттің, елдің, отбасының құндылықтары болуы керек дейсіз. Сіздің жеке құндылықтарыңыз бар ма?

— Мен үшін ең жоғарғы құндылықтар: Махаббат (Любовь). Даналық (Мудрость). Ерік-жігер (Воля). Бұлардың мағынасы өте терең, тіпті тұңғиық деп есептеймін…

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте