Дулат Тастекей: Арманымыз – қазақ қаржы сервисін әлемге экспорттау

TAS GROUP негізін қалаушы Дулат Тастекей бизнесті 1,7 млн теңгемен бастаған. Ал 14 жылдың ішінде шағын ғана кәсіп­ орын Қазақстан мен бірнеше елде 50 бөлімшесі бар, кредит портфелі 50 млрд теңгеге жуық, ірі қаржы тобына айналды

Фото: архив пресс-службы

Осы сұхбатында бизнесмен компанияның әрі қарайғы «экспансиялық» жоспарын, fintech пен ЖИ, байлық әкелетін білім жайлы идеяларын ортаға салды.

Дулат мырза, сіздер он жыл бұрын жаңа нарық, жаңа өнім, жаңа тұтынушы қалыптастыра алдыңыз­дар. Бірақ бүгінгі талаптар да, сынақтар да – бөлек. Ендігі басым бағыттар TAS GROUP үшін қандай болмақ?

– Компанияның келешегіне қатысты бағдарымыз айқын – әлемдік бәсекеге төтеп беретін, жоғары технологиялы, инновациялық қаржы компаниясы болу. Қазір бизнесті масштабтандыру бойынша өз моделімізді басқа елдерде қолданып, сынап көрудеміз. Ол жақта жергілікті заң тұрғысында, технологиялық шектеулер де бар. Осыны ескеріп, ақпараттық жүйемізді сол елдердің заң-талаптарына сай реттеп, қолданудамыз. Егер біздің аймақтағы елдердегі талпыныстар табысты жүзеге асса, басты арманымыз – қазақтың қаржы сервисін әлемге экспорттау.

Қалайша?

– Мысалы, Өзбекстанда 3 филиалымыз бар. Осы бөлімшелер арқылы басқа елге барып, жұмыс істей алатын әлеуетімізді байқап көруге мүмкіндік алдық. Ондағы процесс бір арнаға түскен соң сол модельді келесі мемлекетте пайдаланып көреміз. Мысалы, жақында осы бизнесті Филиппинде ашу бойынша ұсыныс түсті. Біздің 14–15 жылда бұл бизнесті жүйелеп, ақпараттандырып, цифрландырған тәжірибеміз – басқа бизнесмендер үшін таптырмас мүмкіндік. Біз осы өнімді заңнамасы сәйкес келетін, ақпараттық жүйесі, көлік құралдарын тіркеу базасы бар кез келген мемлекетке барып, қолдануға болатынына сенеміз және оны жүзеге асырамыз.

Сонда қандай өнім ұсынасыздар?

– Біздің мақсатымыз – кредит тарату арқылы жұртты қарызға батыру емес, міндетті шығындарға ақша тапшы болған кезде уақытша қиындыққа кезіккен шағын және орта бизнеске көмектесетін нақты құрал ұсыну. Біздің өнімнің тұтынушылары – шағын және орта бизнес өкілдері, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер. Қазір 26 мыңнан астам белсенді клиент бар. Наурыз айының нәтижесі бойынша, біздегі орташа кредит сомасы – 6 мың доллар (2 млн 800 мың теңге). Бұл қаржы күнделікті тамақ пен киімге емес, кәсіпке жұмсалатыны түсінікті.

Біз енді осы істі әлемдік деңгейде масштабтандырып, содан кейін әлемде қазақ тілінде сөйлейтін жалғыз қаржы компаниясы ретінде IPO-ға шығып, миллиард доллардан астам қаржы тарту арқылы басқа қазақ азаматтарына – кәсіпкерлерге мотивация бергіміз келеді.

Зерттеулер көрсеткендей, 2030 жылға қарай әлемде нарықтағы үлесі, қаржы айналымы бірнеше есеге ұлғаяды деп отыр­ған сала –fintech. Бұл бағытта TAS GROUP тарапынан қандай қадамдар жасалуда?

– Технологиялық жағынан бір орында тұру – озық компаниялардың артында қалумен тең. Технологиясын күн сайын жаңартатын компания ретінде жұмысымызды тоқтатпаймыз. Клиенттеріміздің өмірін жеңілдету үшін онлайн технологияларды әрі қарай дамыта түсеміз. Біздің басқа компаниялардан бәсекелестік артықшылығымыз – бизнесті масштаб­тандыруды басқаратын өзіміздің ақпараттық жүйеміз бар. Қазірдің өзінде 70-тен астам IT қызметкер жұмыс істейді. Олардың жалақысы компаниядағы қалған 250-ден астам адамның жалақысының қосындысынан артық. Бұл мамандардың қызметі елімізде ғана емес, әлемде жоғары бағаланатыны мәлім. IT технологияны қолдау басқалар үшін инвестиция болса, TAS GROUP үшін – тұрақты белгіленген шығын. Бізде fintech компанияның барлық элементтері қарастырылған.

undefined
Фото: архив пресс-службы

Қаржы нарығында қазіргідей алаяқтық, киберқатерлер ұлғайып, оларды реттеу тетіктері әлі толық қалыптаспаған кезеңде адамдардың сенімін жоғалтпау үшін не істейсіздер?

– Ондай қатерлер бар. Бірақ «қасқырдан қорыққан орманға бармас». «Шешінген судан тайынбас». Біз бұл жолды таңдадық, енді кері қадам жасаудың еш қисыны жоқ. Бұл бағытта даму – заман талабы.

Жалпы, қашықтан қызмет алушылар көбейді ме?

– Біз –ТМД елдері арасында 2019 жылы алғаш рет автокөлікті онлайн кепілге қойып, кредит беруді бастаған компаниямыз. 2022 жылы клиенттеріміздің 90 %-ы онлайн қыз­метке көшетін шығар деп ойладық. Бізде онлайн қызмет көрсетудің барлық мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ қазір таза онлайн қызмет алушылардың үлесі TAS GROUP-та 6 %-дан аспайды. Адамдар бөлімшеге келіп, менеджермен сөйлесіп, қағаз ақшаны алғанға дағдыланған.

Ал оларға көрсетілетін онлайн қызмет сапасын қалай бағалайсыз?

– Мен көршілес мемлекеттердің нарығымен жақсы таныспын. Гарвард бизнес мектебінде оқып жүргендіктен жылына кемінде 1–1,5 айымды АҚШ-та өткіземін. Басқа елдерде боламын. Жақында Австралияға барып келдім. Алайда осы күнге дейін аралап келген мемлекеттерде тамсандыратын қаржы сервисін көрмедім.

Біздің компаниялардың жасап жүрген дүниелерін әлемнің ешбір мемлекетінде қайталай алған жоқ. Біз қаржы саласындағы озық технология­ларды қосуда көшбасшымыз деуге болады. Мысалы, отандық банктердің бірі IPO-ға шықты, тағы бірнеше қазақстандық компания сондай сәтті IPO жасаса, алда еліміз fintech компаниялар шоғырланған орталық ретінде танылуы мүмкін. Сондықтан, қорықпай батыл қадам жасай береміз.

Әлемде келесі инвестиция көп салынып жатқан сала – жасанды интеллект. Оны қаржы секторында қолдану жағы қалай?

– Жасанды интеллектінің қазіргі таңдағы мүмкіндіктері мол. Бұл бағытта жұмыс жасау ойымызда бар. Кредит деген сөздің өзі сенім дегенді білдіреді: «Мен саған сенемін, ақшамды қайтарасың». Тұтынушының ақшаны қайтару мүмкіндігін бағамдау, яғни скоринг кезінде жасанды интеллектіні толыққанды қолдану ойымызда бар. Скоринг –жасанды интеллектпен біте қайнас­қан дүние болу керек.

Сіз бұған дейін 5 университетте түрлі дәреже бойынша білім алыпсыз. Қазір – Гарвард бизнес мектебінде оқисыз. Білім – бизнес­те, былайша айтқанда, бай болу үшін қаншалықты қажет ресурс?

– Мысалы, мен кәсіпкер ретінде TAS GROUP компаниясының табысы мен шығынын ғана емес, даму бағыттарын айқын білуім керек. Ол үшін әртүрлі салада – маркетинг, HR, IT болсын, жаңалықтары мен тенденцияларынан хабардар болуым қажет. Әр алған білімім кәсіпкер, адам ретінде біліктілігімді арттырады. Ал біліктілігім артқан сайын компанияны басқару ісі жақсарады, оны масштабтандыру мүмкіндігі ұлғаяды.Компанияның дұрыс басқарылуы мен масштабтануы көбірек пайда әкелуге мүмкіндік береді. Ал бизнес­тің ұлғаюы – менің тұлға ретінде дәулетті адам қатарына қосылуым.

Жұмысты қолмен емес, баспен істеу маңызды. Баспен істеу – білімнің арқасында өсу, білімді біліктілікке айналдыру арқылы жоғары деңгейдегі маман ретінде қаржы табу мүмкіндігін арттыру. Адамның дәулетін арттыру үшін біліктілігі өсуі керек, оның көзі – білім.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте