Қанат Көпбаев: Интуиция бәрін шешеді

Қазақстанға кімдер көз тігуде?

Канат Копбаев Қанат Көпбаев
Қанат Көпбаев
Фото: © Андрей Лунин

Дағдарыс қытай тілінде екі иероглифтен тұрады: бірі — «қауіп», екіншісі — «мүмкіндік».

Қазіргі күрделі кезең Қазақстан экономикасына үлкен серпін бере алады деп есептейді Kusto Group атқарушы директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаев. Бейжіңнен оралған бизнесмен ауқымды жаңа инвестициялық жобалармен қатар елімізде шешімін таппаған мәселелерді де ашық айтты.

Kusto Group Израильде ірі кәсіпорны бар компания, соңғы ғаламдық және аймақтық геосаяси кризистер сіздерге қалай әсер етті?

— Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай өте ауыр. Израиль мен Газа секторы, Израиль мен Иран арасындағы жағдай тұтас әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды. Бұл алдымен энергия ресурстары бағасынан көрінеді.

Бәлкім, бұл Қазақстан экономикасы үшін жаман емес те шығар. Мұнай бағасы қымбаттады, әлі де өсуі мүмкін. Бір жағынан Қызыл теңізде хуситтердің азаматтық кемелерді шабуылдауы жүктердің тасымалдауын қиындатты. Мысалы, Орта Азиядан жүк жеткізу бағасы екі есеге өсті.

Ең қиыны — Израильде, Украина­да, Ресейде, Иранда адамдар қаза болуда. Қазақта ұлу жылы, кібісе жылы жеңіл болмайды дейді. Бірақ қақтығыстар тезірек аяқталып, жағдай реттеледі деп сенеміз.

Бұл дағдарыстар қандай мүмкіндіктер әкелуі мүмкін?

— Біздің Израильдегі өнімдеріміздің бағасы өсті. Біз мұны мақтан тұтпаймыз. Бірақ соңғы әскери қақтығыс, бомбылаудан кейін құрылыс материалдарына деген сұраныс тек артты. Қазақстан үшін алдағы 10–15 жылда экономикалық даму тұрғысында елеулі мүмкіндіктер бар. Көптеген елдер Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы көпір санайды.

Қытайда Ляньюньган порты, CITIC сияқты бірнеше ірі компаниялардың өкілдерімен кездестім. Олар Қазақстан экономикасына, оның ішінде құрылыс инфрақұрылымына инвестиция салуға ынталы. Олармен келісімге келуге болады. «Қытайдан қорқу қажет емес, дос бола білу керек» деп үнемі әріптестеріме қалжыңдаймын. Қытай Қазақстан арқылы логистикалық мүмкіндіктерге, оның ішінде Каспий арқылы жүк тасымалдауға мән беруде, қазір Ресейде тоқтап, тұралап қалған бағыттарға балама жолдарды да қарастыруда. Америкалық санкциялар Қытайға да салмақ салуда. Қытай банктерінің барлығы бірдей Ресеймен жұмыс істеуге құлықты емес.

«Екі есе өсу үшін бес есе жұмыс керек»

Қытаймен сауда-экономикалық байланыс ғасырлар бойы қалыптасқан. Ал дәл қазіргі жағдайда қандай жаңа мүмкіндіктер бар?

— Біріншіден, автокөлік шығару. Astana Motors қытай автокөлігін жасайтын үш зауыт салуда. Allur өз зауыттарында автокөліктер жасауда. Orbis Auto көлік шығаратын зауыт салмақ. Бұл көліктер өз нарығымызда да сатылады, Ресейге де экспортталады. Екіншіден, қытайлық әріптестер қызығып отырған сала — ауылшаруашылығы. Қазір астық, арпа сияқты дәнді-дақыл, күнбағыс өнімдерін Қытай нарығына шығаруға жол ашық. Үшіншіден, логистикалық қоймаларға, теміржол терминалдарына, тіпті Каспий теңізінде жүзетін кемелер салу жобаларына инвестиция құю мүмкіндігі бар. Ляньюньган порты Ақтау портына «ҚТЖ» ұлттық компаниясымен бірге 100 млн доллар инвестиция салу бойынша келісімге келген. Қытайлық компания Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымына алғаш рет осындай қомақты қаржы құймақшы. Олар өз тауарларының Ресейге бұрылмай, Еуропаға тез жеткенін қалайды. Төртіншіден, өздерінің стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында литий, металл, мыс сияқты бұрын Австралиядан, Жаңа Зеландиядан тасыған шикізаттарды сатып алу бойынша жаңа нарықтар іздеуге ден қойған.

Қытайдан өзге тағы қай елдерді серіктес ретінде қарастыруға болады?

— АҚШ геосаяси тұрғыдан Орталық Азиядан айырылғысы келмейді. Еуропалық Одақ инвес­тиция салуда Қазақстанды басым бағыттардың бірі ретінде қарастыруда. Былтыр еліміздің экономикасына ең ірі тікелей инвестиция салған елдер — АҚШ-пен қатар Нидерланды мен Швейцария. Қазір Ресейдің санкциялар ортасында қалғанын, Қытайдың АҚШ-пен қарым-қатынас ерекшелігін ескерсек, 80 млн халқы бар Орталық Азия аймақ ішіндегі айтарлықтай елеулі ойыншыға айнала алады. Ресурс­тар үшін күрес жалғасуда. Қазіргі таңда Қазақстанда әлі игерілмеген орасан зор ресурстар бар. Мысалы, жасанды интеллект өнімдері, электромобиль жасау салаларын дамыту. Ал логистика тұрғысында ірі халықаралық компаниялар, оның ішінде чипсы Lays, фри картобы, ет, азық-түлік шығаратын кәсіпорындар, шикізат компаниялары осында келгілері келеді. Біз тауар айналымы 50 млрд доллардан асатын алып Tyson Foods компаниясын осында әкелгіміз келген. Егер осындай компания 1,5 млрд доллар инвес­тиция салса, оның артынан басқа он шақтысы келер еді. Ал сондай ғаламдық 20 компания елімізде жұмыс істесе, Қазақстанда үлкен экономикалық серпіліс болар еді. Сондықтан, қазіргі жағдайды пайдаланып, инвестиция тартуға жағдай жасау керек.

Онда қандай тетіктерді іске қосу керек?

— Бұл мәселеге жүйелі түрде келген жөн. Мысалы, мұнай-химия өнеркәсібін дамытқымыз келсе, онда елге осы саладағы алдыңғы қатарлы халықаралық компанияларды тарту қажет. Ол үшін олармен құр сөйлесіп қоймай, тиімді коммуникациялық байланыс орната білу керек. Біздегі тағы бір мәселе — жер ауқымына орай көлік инфрақұрылымының жеткіліксіздігі. Теміржолдарды жөндеп, оған қаржы салумен бірге белгілі-бір преференциялар беру жағы қарастырылуы тиіс. Өйткені, инвес­торлардың, мысалы, Өзбекстан­ға емес, бізге келгені маңызды емес пе?! Көршімізде шикізат болмағанымен, халқы, яғни тұтынушылары көп. Екінші жағынан, Өзбекстанмен өзара байланыс нығайып, тауар айналымының көлемі артуда. Бұл — жақсы тенденция.

Танымал 42 отандық бизнесмен кіретін YPO Kazakhstan ұйымы аясында да біз елге инвестиция тарту бағытында үкіметпен бірге жұмыс істейміз. Егер Қазақстан Президенті айтқандай, 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге өсіреміз десек, бүгін бес есе көп жұмыс істеуіміз керек.

Канат Копбаев
Қанат Көпбаев
Фото: © Андрей Лунин

Қытайша қарыштау

Бір жағынан қазір әлемде, аймақта ғана емес, елі ішінде де дағдарыстар бар. Су тасқыны сияқты…

— Апаттар көрініс берген кезде Қостанай, Ақтөбе облыстарына бірден 500 млн теңге, одан кейін 1,5 млрд теңге көмек беруді шештік. Жалпы, Kusto Group апат аймағына 2 млрд теңге бөлді. Біз ақшаның тікелей мұқтаж адамдарға жеткенін қалаймыз. Пандемия кезінде де дәрі-дәрмекті өзіміз сатып алып, қажетті жерлерге жеткізгенбіз. Сондықтан, осы жолы да қаржыны белгісіз қорларға құр аудара салмай, облыс әкімшілігімен келісе отырып, мысалы, 50 үй соғып беру сияқты нақты жәрдем жасағымыз келеді.

Апат аймақтарына қаржы аударуда бақылау, ашықтық және жүйелілік қажет. Ол үшін жұмысты реттейтін штаб құрылып, өңірлерге не жетпей жатқаны анықталуы тиіс. Сосын, мысалы, жол, инфрақұрылымды жөндеу керек болса, бизнесмендер соған жұмылып, ат салысуы керек.

Айталық, жақында бір компания өндіріс ашуға Алматыдан 10 гектар жер таба алмады. Жер бар, бірақ электр желісі жоқ. Қазірдің өзінде бізге электр желісі жетіспейді. Осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай электр қуатына мұқтаж мемлекетке айналуымыз ғажап емес. Қазір электр қуатын Ресей, Қырғызстаннан импорттауымыз — үлкен мәселе. Өйткені, инвесторлар келсе, олар зауыт сала бастайды, ол үшін тағы электр қуаты мен дамыған инфрақұрылым керек. Менің ойымша, бізге Қытайдың үлгісінде даму қажет.

Қалай?

— Олар өнеркәсіпті дамытқан кезде орасан зор индустриалды аймақтарды қоса салды. Ол жерлерді жарық, газ, жылумен қамтыды. Сосын сол жерлерді инвесторларға беріп, олар өз кезегінде жұмыс орындарын ашып, салық төлей бастады. Біз де сол жолмен жүре аламыз.

Соңғы жылдардағы ғаламдық кез келген экономикалық, инновациялық даму рейтингтерін қарасақ, Қытай — алдыңғы орындарда…

— Ол жақтағы жағдай — космос! Сенесіз бе, 60 мың темір жолмен жоғары санаттағы пойыздар ағылуда. Жолдарда — жәй мәшинелер емес, электр көліктері басым. Азаматтық авиатасымалдарды былтыр бірнеше есеге өсірді. Жолдар. Инфрақұрылым. Олардан үйренетін нәрсе көп. 15–20 жылда олар АҚШ-ты басып озады деп ойлаймын. Қытайдан қазір Қазақстанға Pinduoduo келді, енді Alibaba Group келеді. Біз — олар үшін жаңа нарықпыз. Қазір біреулер күшпен жауласа, олар әлемді экономикалық жағынан жаулауда.

Балаларымыз өз елімізде тұруы керек

Қазір инновация — бәсекелес­тікке төтеп берудің бірден-бір шарты. Бірнеше елдерде бизнес жобалары бар Kusto Group-тың бұл бағыттағы дайындығы қандай?

— Біз айналымы жүздеген миллиард доллар ғаламдық компаниялармен салыстырғанда шағын компаниямыз. Бірақ біз де инвес­тициямен айналысамыз, стартаптарға көмектесіп, қаржы бөлеміз. Қазақстанда қазір стартап индустриясы біртіндеп қарқын алуда. Жақында жастармен кездестім, сонда қазір бізде 20 мың стартап тіркелгенін айтты. Олар жыл сайын еселеніп өсе береді. Алдағы 10 жылда Қазақстанда ең кемінде 2–3 «unicorn» (нарықтық бағасы 1 млрд доллардан асатын стартап) шығады деп күтеміз. Сонда Қазақстан стартап инвестициялар үшін тартымды алаңға айнала алады. Өйткені, талантты жастарымыз Орталық Азия үшін ғана емес, бүкіл Азия аймағына арналған өнімдер жасауда. Қазақ жігіттерінің Силикон алқабында ауқымды жобалары бар. Солардың бірі миллиардтық межеге жақындап қалды деп естідім.

Біз өзіміздің ауылшаруашылығы, құрылыс, тау-кен, бояу шығаратын кәсіпорындарымызда жасанды интеллектіні дамытудамыз. Мысалы, біз толықтай ChatGPT бойынша оқуды тәмамдадық. Кезінде ең алғашқы мобильді телефондарды 10 мың долларға алсақ, қазір 50 долларға жақсы телефон сатып алуға болады. Жасанды интеллектінің де жыл сайын бағасы төмендеп, халық үшін мүмкіндігі арта бермек.

Еуропада атадан балаға мұраға берілетін, сан ғасырлық отбасылық бизнестер бар. Сіздер де Zetagi зауытын италиялық отбасынан сатып алыпсыздар. Отбасылық кәсіп­орындар — ұлттық экономиканың діңгегі саналады. Біздің елімізде бизнесте осы дәстүрді қалыптастыру алғышарттары қандай?

— Жақында ғана Италияда Ферентино түбіндегі қалашықтан екінші зауыт сатып алдық. Оның да тарихы жүз жылдан асады. Италияның нарықтық экономикасына 300 жыл болса, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылдан енді асты. Бізге ондай дәстүр қалыптастыру үшін ең алдымен тұрақтылық керек. Көптеген кәсіпкерлер балаларын шетелде оқытады. Өйткені, олар тер төгіп, осында бизнес жасағанымен, оның жемісін балалары 25 жылдан кейін көре ала ма? Олар өздерінің 3 жылдан кейін қайда болатындарын білмейді.

Еуропа елдерінде жеке меншікке қол сұғуға жол берілмейді. Біз де соған жетуіміз керек. Ертеңге деген сенім болуы үшін мемлекет, үкімет, бизнес бірге жұмыс істеп, бір бірімізді қолдауымыз керек. Кейде шенеуніктермен әр түрлі тілде сөйлескендей күйде боламыз. Отандық кәсіпкерлер арасында патриоттар көп. Олар да елдің қамын ойлайды, мемлекеттің дамуына мүдделі… Менің алты балам бар, олардың шетелде тұрғанын қаламаймын. Мен оларға: «Шетелде оқыңдар, жақсы білім алыңдар, бірақ елге оралыңдар, осында өзгеріс жасаңдар. Қазақстан сендерден басқа кімге керек?!» деймін ылғи. Біздің елімізде барлық мүмкіндік бар. Бірақ бәрін құртатын — сыбайлас жемқорлық пен салғырттық. Мемлекеттің даму стратегиясы бойынша әлі де жүйелі көзқарас қалыптаспаған. Оны даярлауға ат салыса алатын жергілікті мамандар да, халықаралық сарапшылар да, кәсіпкерлер де бар деп ойлаймын.

Канат Копбаев
Қанат Көпбаев
Фото: © Андрей Лунин

Сәттілік батылдарды жақсы көреді

Тик-токта «Мама, бай боламын!» деген сіз туралы ролик көріп қалдық…

— Мен ауылда қарапайым көпбалалы отбасында өстім. 90-жылдардың басында жағдайымыз өте қиын болды. Сол жылдары мектеп бітіріп, оқуға кетер кезімде: «Мама, мен бай боламын!» деген едім, сонда анам: «Ой, балам-ай, аман болшы, әйтеуір» деген-ді. Әлгі роликте соны айтқан едім.

Байлық сіз үшін…

— Балаларым. Отаным — байлығым. Ақша бүгін бар, ертең жоқ. Осы дүниеге қалай келдік, солай кетеміз. Александр Дюманың: «Ақша — жақсы жалшы, нашар қожайын» деген сөзі бар. Ақша қожайын болса, адам адамшылығынан айырылады. Адамның байлығы еліне, жетімдерге жасаған көмегімен өлшенеді. Байлардың арасынан көп жақсы адамдарды білемін. Ауқатты адамдар көп болса, ел де соғұрлым бай. Бір бай адам айналасына көп жұмыс орындарын ашады. Біздің компанияда 10 мың адам жұмыс істейді. Абай айтқан «бекер мал шашпақ» бізге жат. Біз ешкімнен артық емеспіз. Құдай бізге дәулетті пайдалы іс жасасын деп берген шығар.

Бай болу үшін не маңызды?

— Ең алдымен байлықты Алла береді. Бұл жолда сынақты да қоса береді. Ол басқаға көмек түрінде келуі мүмкін. Егер сыннан өтпесе, адам азып, құлдырайды. Білім, еңбек, жауапкершілік те маңызды. Мен ерте үйлендім. Балалар дүниеге келген соң жауапкершілік те күшейеді. Әрине, сәттіліктің орны бөлек. Сәттілік батылдарды жақсы көреді. Кәсіпкер ештеңеден қорықпайды. Черчилль айтпақшы: «Біреу сүрінсе, үстін қағып, жөніне кетеді. Енді біреу сүрініп, айналасына қарап, алтын табады». Интуиция бәрін шешеді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте