Нұр-Сұлтанда Еуропалық Одақ пен Қазақстанның танымал әйелдері туралы кітап жарық көрді

1108

Нұр-Сұлтан қаласында «Sal-Seri» галереясында Aisholpan мәдени-ағарту жобасы аясында Еуропалық Одақ (ЕО) пен Қазақстанның танымал әйелдері туралы «Асыл түлғалардан үлгі ал» кітабының тұсау кесері өтті. Сонымен қатар, шара барысында әйелдердің сан алуандығы мен бірлігінің белгісі іспетті 28 бейне1 қазақстандық суретші Балжан Балташева орындаған арт-паннода ұсынылды.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылған Aisholpan жобасы барысында жасөспірім қыздар түрлі салаларда жаңа білім мен дағдылар алды, үлгі боларлық Еуропа мен Қазақстанның танымал тұлғалары мен табысты әйелдерімен танысты, елорданың көрікті жерлеріне ұйымдастырылған экскурсиялар шеңберінде өз ой-өрістерін кеңейтті. Жоба 11 қазан - қыздардың құқықтары мен олардың тап болатын ерекше қиындықтарын мойындау, сондай-ақ бүкіл әлемдегі жетістіктерінің белгісі болып табылатын Халықаралық қыздар күніне орайластырылды.

Кітап пен панно тұсаукесеріне Еуропалық Одақ елдерінің Қазақстандағы Елшілері, қоғам қайраткерлері, жобаға қатысушы қыздар, олардың ата-аналары, панноны салған және кітапты безендірген суретшілер, сондай-ақ жобаның шығармашылық тобы қатысты.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутиус Янкаускас өзінің құттықтау сөзінде гендерлік теңсіздік проблемасын жою қажеттігін және қыздардың армандары әлемді өзгерте алатынын атап өтіп: «Гендерлік теңдік Еуропалық Одақтың негізгі құндылықтарының бірі болып табылады. Aisholpan жобасын қолдай отырып, қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың көшбасшылық қасиеттері мен қабілеттерін дамытуға үлес қосқымыз келеді. Әйелдер мен қыздар әлем халқының жартысын құрайды, бұл адамзат әлеуетінің жартысына тең. Біздің планетамыздың болашағы соларға байланысты. Біз осы қыздардың армандары әлемді барлығы үшін бақытты етеді деп сенеміз».

Aisholpan жобасының ұйымдастырушысы және бастамашысы Махаббат Есен оның маңыздылығы мен қажеттілігі, атқарылған жұмыстарға тоқталып, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 130-дан астам жасөспірім қыз қатысқанын атап өтті.

«Болашақты жасаушы кім болады? Ол кімге байланысты болады? Дәстүріміз бен тарихымызды кімге жеткіземіз? Жауабы — әлемді бағындырып, оны гүлдендіретін қыздарға. Aisholpan жобасы барлық қатысушыларға өнердің, ғылымның, технологияның таңғажайып әлеміне енуге, «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабының 28 кейіпкерімен -әртүрлі уақытта Еуропа мен әлем тарихының бағытын өзгерткен әйелдермен танысуға мүмкіндік берді, ал олардың мұрасы осы күнге дейін жігерлендіріп келеді. Біз дамуға, өз армандарын жүзеге асыруға және әлемді жақсы жаққа өзгертуге әрбір қыздың құқығы бар екеніне нық сенеміз», - деді Махаббат Есен.

Айта кетейік, «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабы кейіпкерлерінің арасында алғашқы әйел автошабандоз, ұшқыш, Нобель сыйлығының лауреаттары, министрлер мен дипломаттар, дәрігерлер, заңгерлер және т.б. бар. Қазақстаннан кітапқа биыл 160 жылдығы аталып өтілетін аты аңызға айналған мәдениет қайраткері, күйші, композитор Дина Нұрпейісова енді.

Сондай-ақ, шара аясында қонақтар Еуропалық Одаққа мүше елдер мен Қазақстан әйелдерінің алуан түрлілігін жеткізетін бірыңғай композицияға біріктірілген 28 әйел бейнесінен тұратын арт-панно ұсынған суретші Балжан Балташеваның шығармашылығымен жақынырақ танысты.

«Aisholpan: Асыл тұлғалардан үлгі ал» жобасы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» жаһандық халықаралық науқанын өткізу кезеңінде аяқталды. Әлемде жер-жерде қыздар мен әйелдер адам құқықтарының бұзылуынан үнемі зардап шегеді. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Бұл оларды өздерін қорғауға және өздеріне сенуге үйретуді қажет етеді. Жасөспірім қыздар маңызды қалыптасу кезеңінде ғана емес, сондай-ақ есейіп, әйел болғанда да қауіпсіздікке, білім алуға және денсаулығын сақтауға құқылы. Жасөспірім кезде нәтижелі қолдаудың арқасында қыздар өздерінің әлеуетін жүзеге асыра алады және әлемді жақсы жаққа өзгерте алады. «Асыл тұлғалардан шабыт ал» кітабында әділетсіздікпен күресіп, өзін көрсете алған, арманын жүзеге асыра алған тұлғалар жайлы айтылады. Жобаға қатысушы қыздардың көз алдында әрдайым үлгі аларлық жан болуы үшін ұйымдастырушылар бәріне кітаптың бір данасын сыйға тартты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить