Ауыл баласы Дания патшайымының алдында

55490

Корольдік театрда балет бишісі болу қиын ба?

Мейрамбек Назарқожаев
Мейрамбек Назарқожаев
Фото: Жеке мұрағаттан

Мейрамбек Назарқожаев жайлы отандық БАҚ көп жазған емес, бірақ Қазақстанды әлем сахнасында танытып жүрген отандастың бірі. Дания корольдік театрының әртісі атанған тұңғыш қазақ. Театр труппасына қабылданған алғашқы жылы Нью-Йоркте өткен Джейкобс-Пиллоу фестиваліне қатысып, сыншылар мен The New York Times газеті тілшілерінің назарына ілінген. Ресей, Германия, Англияның үлкен сахналарында өнер көрсеткен. Қазір әлемдік деңгейдегі театрлардың бірінде солист ретінде негізгі рөлдерді сомдап жүрген Мейрамбек ауылдан шыққан балалар қажырлы еңбектің арқасында кез келген мақсатқа жете алатынын айтады. Бір жыл бұрын Дания корольдігінің жоғары марапатын алып, Дания патшайымының алдында өнер көрсеткен отандасымызға хабарласып, балеттегі жетістігі мен Еуропадағы өмірі жайлы әңгімелестік.

F: Елімізде білім алғанмен отандық театрда өнер көрсетпегенсіз. Оқу бітіре сала бірден Ресейдің мемлекеттік театрында, Кремль сарайында жұмыс істедіңіз. Германияда өнер көрсетіп жүріп, бірінші реттен-ақ 300 жылдық тарихы бар Дания корольдігі театрының қатарына қабылдандыңыз. Сондықтан болар, отандық оқырман көп тани бермейді. Оған не себеп? Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Иә, отандастарыма көп таныс та емес шығармын. Егер Данияның Politiken деген ең танымал газетінің бірінші бетіне шыққан мен туралы мақалалар қазақ тіліне аударылса жақсы болар еді. Отандық БАҚ өкілдері жақында ғана қызығушылық таныта бастады. Болашақта жерлестерімнің арасында да танымал болатын шығармын.

Мен – ауылдың қарапайым баласымын. Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылында дүниеге келгенмін. Кішкентай кезімде менен жақсы футболшы шығады деп айтатын. Көптеген аудандық жарыстардан марапат алдым. Бірақ 2006 жылы анамның сіңлісі келіп, үйдегілерден: «Осы бала Алматы хореография училищесіне түсіп, қалада оқыса қалай қарайсыңдар?» деп сұрады. Ол кісі сол училищеде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Әке-шешем рұқсатын беріп, бағыңды сынап көр деді. Емтихандарды жақсы тапсырдым, өйткені кішкентай кезімнен мектепте жақсы оқитынмын. Бірақ дене бітімім балетке сай келді деп айта алмас едім. Білімінің арқасында алып кетеді деп мені сол училищеге қабылдады.

F: Қазір балетті 4–5 жастан бастап үйрену керек дейді. Білуімізше, сіз төртінші сыныптан кейін бастағансыз. Олай жақсы нәтижеге жету мүмкін бе?

– Әрине, балетті ерте жастан бастаған тиімдірек. Себебі дене бітіміңді бала кезден бастап биге бейімдейсің. Бірақ талант пен еңбектің арқасында да жетістікке жетуге болады. Мен он жасымнан бастадым, ерінбей еңбек етсең ол тым кеш емес. Әлемде өз өнер жолын 15–16 жастан бастаған талантты балет бишілері де бар. Ондай адамдар өте сирек, мыңнан бір десек болады.

F: Оқу бітірген соң, мансабыңызды елде емес, бірден Мәскеудегі мемлекеттік театрда, Кремль сарайы мен Үлкен театрдан бастадыңыз. Ол жаққа қалай қабылдандыңыз?

– Иә, оқудан кейін тәжірибе жинау үшін Мәскеуге баруды көздедім. Неге десеңіз, балет өнерінің тарихында Ресейдің орны ерекше. Ресей – әлемге танымал хореографтар мен бишілердің отаны. Мәскеуде Russian State Ballet труппасына қабылдандым. Ол труппаның көркемдік жетекшісі Вячаслав Гордеев маған сенім артып, үлкен рөлдерді беріп отырды. Сол кісінің қол астында Германия, Швейцария, Австрия, Қытайдың үлкен сахналарында және Үлкен театр, Кремльде жетекші партияларды сомдап өнер көрсеттім. Мен үшін Мәскеу Еуропаға жол ашатын үлкен асу болды.

Фото: Жеке мұрағаттан

F: Германиядағы тәжірибеңіз туралы айтсаңыз. Еуропаның талабы қандай? Тез сіңісіп кеттіңіз бе?

– Ең алғашқы арманым – Еуропаға қазақ елінде де талантты әртістер бар екенін көрсетіп, жиған-тергенімді атамекенге әкелсем ғой деген мақсат болды. Германияның Киль қаласында Қазақстаннан бишілер бұрыннан бері өнер көрсететін. Ол шағын театр болғанмен, деңгейі өте жоғары. Сол жерде тыңдалымнан өтіп арнайы шақыру алдым. Алғашында ағылшын тілін білмегендіктен қиналдым. Бірақ бақытыма орай ол театрдың директоры Украинада туған, орысша білетін Ярослав Иваненко деген азамат болды. Жаттығуларда бірдеңе түсінбей жатсам, орысша түсіндіретін. Маған сол жерде істейтін қазақстандық әртістер де барынша көмектесті. Сол үшін ортаға тез сіңіп, ағылшын тілін бір демде үйреніп кеттім. Күні-түні оқитынмын. Тіпті театр қызметкерлері «қалайша мүлде тіл білмеген адам, осылай тез үйреніп кетті?» деп таңғалатын. Сол театрда екі жыл жұмыс істеп, барлық жетекші рөлдерді сомдадым. Ол жерде жалғыз классикалық би емес, заманауи балет биін де үйреніп тәжірибемді шыңдадым. Заманауи би енді ғана Қазақстанның үлкен театрларында дамып келе жатыр. Германияда бұл би тәсілі өте дамыған.

F: Неге Дания корольдігін таңдадыңыз? Түйіндеме жібергенде жүрексінбедіңіз бе? Қабылдау қалай болды?

– Германияда жұмыс істеп жүргенде Еуропаның үлкен сахналарында өнер көрсетсем ғой деп ойланатынмын. Бірге жұмыс істеп жүрген бишілер Данияның корольдік театры туралы көп айтатын. Ол дүние жүзіне танымал, алдыңғы қатардағы үздік театрлардың бірі. Тарихы өте бай. Август Бурнонвиль деген хореографтың туған жері. Қазірге дейін бүкіл әлемде сахналанатын «Сильфида», «Этюд», «Наполи» атты балеттер осы театрда дүниеге келген. Ол театрға қабылдану және сол жерде жұмыс істеу – көптеген бишілердің арманы. Жалпы әрбір бишінің арманы – әлемнің бірінші деңгейлі, үздік хореографтарымен жұмыс істеу. Ал Данияның корольдік театры – осындай мекен.

Мен де өзімнің бағымды сынап көргім келді. Сол кезде бірге істейтін әріптес қызбен кастингке жазылдық. Шақыру алмайтын шығармыз деп ойладық, десе де электрондық поштаға түйіндеме жібердік. Біз сияқты жүздеген адам түйіндеме жібереді, бірақ кастингке шақырту алатыны аз. Оның ішінде бір пайызы ғана жұмысқа қабылданады. Сол үшін шығар, ол түйіндеме туралы мүлде ұмытып кетіппіз. Күтпеген жерден кастингке шақыру келді. Туған күнімде, 7 наурызда, екі күн Дания корольдік театрының жаттығуларына қатыстық. Жауабын екі аптадан соң айтамыз деді. Біздің театрға қабылдау туралы ойымызға да келмеді, шақырту алып, жаттығуға қатысқанымыздың өзі жеңіс деген оймен Германияға оралдық. Екі апта өткен соң, «сіз Дания корольдік театрына қабылдандыңыз» деген хат келді. Алғашында сенбей, досыма жүгіріп барып хаттың рас екеніне көз жеткізуге тырысқаным есімде. Сол кезде бақыттан басым айналып, достарыммен, әріптестеріммен қуанышты жаңалығымды бөлісе бастадым. Алғашында ешкім сенбей, таңғалды. Ол жерге қабылдану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өкінішке қарай, менімен барған қыз шақырту ала алмады.

F: Театрда жұмыс істеп жүргенде, патшайым алдында өнер көрсеттіңіз. Оған әртістер арнайы таңдала ма? Жалпы қалай болды?

– Даниядағы монархия Еуропадағы ең ескі монархия болып саналады. Королдік тақ әулетте атадан балаға мирас ретінде мың жылдан аса тоқтамай беріліп отырған. Қазіргі патшайымның өзі балетті, жалпы өнерді сүйетін адам. Оның алдында өнер көрсету мен сияқты ауыл баласының үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрсе ғой.

Фото: Жеке мұрағаттан

Корольдік театр жылда жаздық балет деген қойылым қояды. Ол қойылымға директор Николай Хюббе театрдың ең үздік оншақты бишілерін таңдап алады. Солармен бірге бірнеше қалада ашық алаңда гала-концерт береді. Біз патшайымның сарайы бар қалашығынан шақырту алдық, оның өзі келіп көретін болды. Бәріміз қуанып, дайындала бастадық. Мен жеке бимен және бір қызбен билеп шықтым. Патшайымның алдында билеудің өз мәдениеті, ережесі бар. Би соңында қол шапалақтау кезінде, ең алдымен патшайымға, содан соң келген халыққа иілу керек. Кеш аяқталған соң барлығымызға рахмет айтып, өз қолдауын білдірді. Ол мен үшін үлкен мәртебе.

F: Корольдік театрды тек театр емес, үлкен жүйе ретінде қарастыруға болатын шығар?

– Иә, корольдік театрдың масштабы өте үлкен. Бес жүзге жуық адам жұмыс істейді, барлығы өз ісінің мамандары. Театр 1748 жылы құрылған. Бүкіл әлем билейтін туындыларды қойып, Дания корольдік балетін үлкен брендке айналдырған. Қазір де Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, «Астана Операдағы» қойылатын «Сильфида» балеті осы Бурнонвильдің туындысы. Дания корольдік театрында онымен қоса әлемнің ең үздік хореографтары Джон Ноймайер, Уэйн Макгрегор, Алексей Ратманский, Акрам Кан, Лиам Скарлет, Кристофер Уилдон және тағы басқа да әртістер келіп, өз қойылымдарын қояды. Мәселен, Джон Ноймайер «Дама с камелиями» балетін тек таңдаулы театрда қойылуына рұқсат берген. Соның қатарында Данияның корольдік театры да бар. Рұқсат ала алмаған қаншама әлемнің бірінші деңгейлі театрлары бар. Ол – дәреженің, театр статусының белгісі.

Фото: Жеке мұрағаттан

F: Балет бишілерінің жалақысы қандай? Статусына байланысты ерекшелене ме?

– Балет әртістерінің жалақысы театрдың статусына байланысты. Дания корольдік театры жалақы бойынша да әлемде алдыңғы қатарда. Ал Дания бойынша ол орта деңгейден сәл жоғары жалақы деп саналады. Басқа мамандықтардағыдай бізде бекітілген сома жоқ. Ол кордебалетте тұратын адамдардың жүктемесіне байланысты. Яғни, қатысқан репетицияларының, ойнаған рөлінің санына қарай төленеді. Орташа есеппен теңгеге шаққанда бір жарым миллионнан басталады. Қосымша репетициялар көп болса үш миллиондай әкелуі мүмкін. Одан бөлек ойнаған рөлдің маңыздылығына да байланысты. Ал гала-концерттерге шақырылсаңыз, табысыңыз көбейеді. Жалпы батыста халық өнерді сүйгендіктен, классикалық концерттер жиі болып тұрады. Ал концерттегі бір биге бір миллион төленуі мүмкін. Мен өзім айына 4–5 миллион теңге шамасында табамын. Бірақ екі жарым миллион алатын, 7–8 миллион алатын кездер де болады. Жалақы статусқа да байланысты. Кордебалеттің жалақысы бір жарым миллионнан басталса, солистің айлығы екі миллионнан, жетекші солистің табысы екі жарым миллионнан асады. Олардың қатысатын концерттері де көбірек. Яғни табысы да жоғарырақ болады.

Дания ең қымбат мемлекеттердің қатарында, ең жоғарғы салық салатын мемлекет. Жалақыңыңыз көп болса, салықты да көп төлейсіз. Бірақ сол салықтың арқасында медицина, білім толықтай тегін және әлеуметтік көмектер көп. Кез келген ауруханада ота жасату, жоғары оқу орында оқу тегін. Дания корольдік театрына адамдардың көп қызығу себебінің бірі – әлеуметтік төлем. Мұнда қолдау өте жақсы. Бұл театрға алынған адамға life contract деп аталатын өмірлік келісімшарт ұсынылады. Ол құжатпен сен өмір бойы театрда жұмыс істеуіңе болады. Ешкім сені жұмыстан шығара алмайды. Театр кәсіподағы қатты дамыған. Соның арқасында әрбір бишіге керемет жағдай жасаған және кәсіподақ әр жұмысшының құқығын мүлдірмей қорғайды.

F: Театр әртістері арасында бәсекелестік үлкен шығар?

– Әлемнің бірінен бірі өткен талантты әртістерінің ортасында бәсекенің бар екені айтпаса да белгілі. Бірақ ол сау, таза бәсекелестік. Адамдар бір-біріне жамандық істемей, керісінше бір-бірінен үйреніп, талантын, техникасын шыңдайды. Бәсекелестік адамның өсуіне, қалыптасуына керек. Соның арқасында театр деңгейі өседі, әртістер де кәсіби қабілетін шыңдап отырады. Сол үшін театрдың массажист, арнайы физиотерапевтерімен театрдың фитнес-залында жұмыс істеп, үнемі формада жүруге тырысамыз. Тіпті театрдың саунасында денемізді демалтып, келесі күнге дайындаймыз.

F: Шетелдегі гастрольдер қалай өтеді? Ұйымдастырылу деңгейі қандай?

– Данияның корольдік театры Бурнонвиль балеттерін көрсетеді дегенде адамдар қалмай келеді. Мысалы, біздің директор театрдан үздік он бишіні таңдап алып, гала-концерт беруге Америкаға аттанғанбыз. Сол кезде Данияның корольдік театры келеді деп Америкада тұратын еліміздің атақты балетмейстері Жанат Байдаралин билет сатып алыпты. Мені көріп: «Мәссаған, қазақ баласы сен қалайша мұнда жүрсің?» деп таңғалып, риза болған. Есімімді бағдарламадан байқап, би соңында қоштасып жатқанда сахнаға келіп «қазақ, қазақ» деп айқайлаған.

Мен де оны бірден танып қуанып кеттім. Алматы хореография училищесінде оқығанда ол туралы көп еститінбіз. Арнайы шақырумен осы жылы Лондонның ең үлкен театры Ковент-Гарденмен де жұмыс істедім. Ол жерде жұмыс істеген екінші қазақ екенмін. Бірінші қандасымыз – қазіргі «Астана Опера» театрының директоры Алтынай Асылмұратқызы. Оның өзі үлкен мәртебе. Сол кезде Йоханнесбург театрының директоры Joburg Ballet театрына жұмысқа шақыр-ған. Бірақ қазір Данияның корольдік театрында тәжірибе жинау маған маңыздырақ. Болашақта осы театрды гастрольдік сапармен Қазақстанға әкелсем ғой деген үміт бар. Сол үшін демеушілер іздеп жүрмін. Қазақ халқы осындай театрлардың өнерін көруге лайықты. Сонымен қатар театрда, хореография училищесінде шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибемді бөліскім келеді.

Фото: Жеке мұрағаттан

F: Еуропадағы, Америкадағы көрермен деңгейі қандай? Қандай тұсы ерекше ұнады?

– Айырмашылығы өте көп. Бұл жерде бишілерді тек техника жағынан ғана емес, актерлік шеберлігі жағынан сынайды. Мысалы, Ресейде, Қазақстанда көрермен көбінесе техника жағына көңіл бөледі, үлкен элементті қимылдар жасасаң қол шапалақтайды. Бұл жердегі адамдарға көбінесе мінез, рөлге кіру, кішкентай техникалық элементтер маңызды. Арнайы қойылымдарға балет сыншылары келіп тұрады. Солардың бірі «Нью-Йорк Таймс» басылымының би сыншысы мен туралы жазып, газет бетіне шыққан өнер жолындағы алғашқы қазақтардың бірі болдым. Жалпы батыста, Еуропада театрды қатты бағалайды, үздіксіз барады. Мәселен, желтоқсан айында әйгілі тышқан патшасы туралы «Щелкунчик» балеті күнде көрсетіледі. Ал бұл балет еуропалықтар үшін ерекше, Рождествоның дәстүрі. Яғни өнер мен тұрмысы біте қайнасқан.

F: Еуропадағы, Америкадағы қазақ балет бишілерімен таныстығыңыз жайлы айтсаңыз.

– Еуропада, Америкада жүрген қазақ бишілері көп. Олардың бәрін танимын десем болады. Өйткені мен оқып жүргенде білім беру дәрежесі, сапасы жағынан ең мықты хореграфиялық училище Алматыда еді. Сонда елдің түкпір-түкпірінен талантты жастар жиналатын. Қазір шетелде жүрген бишілердің бәрі сонда оқыды. Бір мектепті бітіріп шыққаннан кейін бір-бірі-мізді жақсы танимыз. Мысалы, Германияда жүргенде бірге істейтін қазақ бишілер бір-бірімізді қонаққа шақырып, Наурызды немесе қазақтың басқа мерекелерін бірге қарсы алатынбыз. Қазақстаннан алып келген етімізді асып, қазымызды салып, құрт-ірімшік қойып, бауырсақ пісіріп қазақы атмосфера жасауға тырысушы едік. Бұл елде 7–8 отандасымыз өнер көрсетіп жүр. Бәріміз футболды жақсы көреміз. Сондықтан Қазақстан құрамасы ойнаған кезде бәріміз бір үйге жиналып, тікелей эфирде қолдау көрсететінбіз. Қазақстан туын әкеліп үлкен мереке сияқты тойлайтынбыз. Жексенбі күндері қолымыз босағанда Қазақстан формасын киіп өзіміз де футбол ойнайтынбыз.

Фото: Жеке мұрағаттан

Қазақ бишілері Америкада өте көп. Венгрияда бар. Норвегия мен Ресейде де талантты жастарымыз жетерлік. Қазір Данияда тұрамын. Мұнда қазақ бишілері мүлдем жоқ. Мен жалғызбын. Орхус деген қалада Ауғанстаннан көшіп келген қазақтар бар. Сонда барғанымда мені ет асып күтіп алады. Сосын бізде Еуропа қазақтары деген қауымдастық бар. Олар барлық ұлттық мерекелерде жиналып, тойлап тұрады. Ондай шараларға кемі жүз шақты адам келеді. Қазақ әндерін шырқап, домбыра тартып, ұлттық билерімізді билейміз. Еуропаның әр қаласында өтіп тұрады. Бір жылы Копенгагенде, келесі жылы Берлинде, сосын Парижде деген сияқты. Соның арқасында қазақстандық бишілер де бір-бірімен көрісіп, қарым-қатынасын үзбей келеді. Жетістіктерімізге қуанып жүреміз.

F: Саясаттың өнерге әсері сезіле ме? Ресейлік әртістерді шеттету, орыстардың шығармаларын репертуардан алып тастау болмады ма?

– Саясат пен соғыстың өнерге әсері бізге аса байқалмады. Кейбір театрлар композитор Пётр Чайковский мен балетмейстер Мариус Петипаның туындыларын репертуардан алып тастаса, біз әлі қойып жүрміз. Жалпы, Дания Украинаны қатты қолдайды. Көшелерде Украина туын көп кездестіресіз. Еуропа елдерінің ішінде Украинаға көмек көрсету жағынан Дания алда тұр. F-16 ұшақтарын да алғашқылардың бірі болып берді. Ал Ресейден келген бишілер бізде жоқ. Бұған дейін де көп болмаған. Соңғы рет жиырма жыл бұрын Андрей Баталов деген атақты ресейлік әртіс осында өнер көрсеткен. Одан кейінгі орысша сөйлей алатын биші мен ғанамын. Ресейден бишілер мұнда тыңдалымға келе бермейді. Осы жылы келгендердің арасынан да байқамадым. Соғыс басталғаннан кейін даниялықтар қайырымдылық концерттерін ұйымдастырды. Украинаны қолдап билеген Дания бишілері көп. Дегенмен өнерге қатты әсер етті деп айта алмаймын. Жалпы өнер саясаттан бөлек тұруы қажет.

F: Әлеуметтік желіде тым белсенді емессіз. Балет бишісінің режимі тығыз ба?

– Иә, солай деуге болады. Одан бөлек модель ретінде жобаларға қатысамын. Соңғы кезде уақыт тығыз болуының себебі – өзім хореограф ретінде үлкен би қойылымын дайындап, оны Данияның ең үлкен сахнасында көрсеттім. Басында биімді жаздық демалыста Қараойдағы шағын бокс залында құрастырдым. Сосын Копенгагенге келіп, кішкентай комбинацияларды жинақтап, құрастырып, Австралия және Болгариядан келген Дания корольдігінің бишілеріне үйреттім. Ол би Дания мемлекетінің үлкен театрында орындалды. Көптеген балет сыншылары, хореографтар тарапынан туындым жоғары баға алды. Сол Қараойда басталған кішкентай дүние тамыз айында Данияның үлкен театрында сахналанды. Болашақта Қазақстанның үлкен театрларында би қойсам деген жоспар бар. Барлық білімім мен жиған-тергенімді еліме әкеліп бөлісу – мақсатым.

F: Соңғы рет Дания корольдігі театрының кордебалетіндемін, солист болғым келеді дегенсіз. Жоспар орындалды ма?

– Орындалды десем де болады. Қазір тек солист рөлдерін сомдап жүрмін. Алайда солиске бос орын болу керек. Ол үшін қазіргі солист зейнетке кеткенде ғана солист болу ұсынылады. Бұл заңды айналып өте алмайсың. Ол театр мен мемлекеттің заңы. Кордебалетте болғанмен, ондағы рөлдерді сомдамаймын. Тек қана жетекші рөлдерді сомдайтын бишілер қатарындамын. Гала-концертке, фестивальдарға солист ретінде қатысамын. Сол үшін театр басшылығына ризашылығым мол.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить