4.0 индустриясы: ойыншық робот жасаудан инженер мамандығын игеруге дейін

16898

Бүгінде төртінші өнеркәсіптік революцияның еңбек нарығына деген ықпалы бұл үрдістен хабарсыз адамдардың назарынан да тыс қалған жоқ

Өндіріс процестерін автоматтандырып, зияттандыру, жұмыс барысында инновациялық цифрлық құралдар мен жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолданысқа енгізу әлем бойынша танымал тенденция. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс, әсіресе, 2022 жылдан бері айқындала түсті. Осыдан екі жыл бұрын, дейді олар, шығармашылық тұрғыдағы және адамның құзыреттілігін қажет еткен міндеттерді технологиялар негізінде орындау белгілері анық көріне бастады.

ISCO–08 (Қызметтердің халықаралық стандарттық жіктелуі) аясында әзірленген жаһандық зерттеулердің бірінде, еңбек нарығында бүгінгі таңда адамдар атқарып жүрген қызмет түрлерінің 32,8%-ы ЖИ және автоматтандыру ықпалына толық ұшырауы мүмкін делінген. Сондай-ақ, онда кәсіп түрлерінің 36,5%-на ЖИ технологиялары ішінара ықпал етсе, 30,7%-на мүлдем әсер етпейтіні айтылған.

Осы тұрғыдағы отандық зерттеулерде автоматтандыру, роботтандыру бағытындағы трансформация Қазақстанның еңбек нарығындағы қызмет түрлерінің 29%-на қатысты орын алуы ықтимал (жоғары не орташа ықтималдылықпен) және оның 13%-ын жасанды интеллект орындап беруі әбден мүмкін делінген. Бұл туралы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Болжау және зерттеу департаменті 2023 жылы жария еткен «ҚР еңбек нарығына автоматтандырудың, роботтандырудың және жасанды интеллектінің әсерін бағалау» атты зерттеуінде айтылады. Орталық сарапшылары өз зерттеуінде автоматтандырудың жоғары деңгейі Қазақстанда басшылық және мемлекеттік қызмет тобын (59%-ға дейін), әкімшілік саласы қызметкерлерін (48%), кәсіпқой мамандар (46%) мен техник мамандарды (29%) қамтуы мүмкін деп көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, еңбек нарығын автоматтандыру барысы, әсіресе, ірі қалалар (33%-дан 36%-ға дейін) мен өнеркәсібі жақсы дамыған өңірлерде жоғары болмақ. Ал жасанды интеллектінің аяқ алысы Алматы қаласында қарқын алуы мүмкін.

Осы арада туындайтын басты сауал – отандық еңбек нарығына алдағы 5–10 жылда келіп қосылуы тиіс жаңа қазақстандықтар бұл үрдіске қаншалықты дайын?

Жеті қырлы, бір сырлы ойын...

First Tech Challenge – әлемдік деңгейде жыл сайын өткізілетін 7–12 сынып оқушылары арасындағы робот техникасы бойынша танымал сайыс. Оған қатысатын оқушылардың дені әдетте өз болашағын инженерия саласымен ұштастыруға әзір. Сайыс барысында жас инженерлер роботты өздері жобалап, құрастырып, бағдарламалаумен қатар, роботтарға пискельдерден мозаика құрау, белтемірге асылу, кішкентай ұшақ ұшыру секілді әрекеттерді орындатып, өзара жарысады.

Әлемдік деңгейдегі First Tech Challenge сайысына Қазақстан командасы алғаш рет 2017 жылы қатысты, ал 2020 жылдан бері бұл сайыс біздің елде де ұйымдастырыла бастады.

First Tech Challenge матчы, Алматы,2024
First Tech Challenge матчы, Алматы,2024
Фото: © Әлішер Алтай

Дүние жүзі бойынша FIRST ұйымы бастамасымен өткізілетін бұл сайысты Қазақстанда USTEM қоры ұйымдастырады. Жарыстың мақсаты – робот құрастырып, ойын арқылы көңіл көтеру деген сөз емес. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, сайысқа қатысушы жеткіншектер, ең алдымен, топ ішіндегі бірлестікке, адамдармен қарым-қатынас орнатуға бейімделіп, инновациялық құлшыныс пен көшбасшылық қасиетті дамытуды үйренеді. «FIRST ұйымының миссиясы – әлемді жақсарту үшін жастардың өз-өзіне деген сенімділігі мен табандылығын арттыратын робот техникасы бағдарламаларын ұсыну», - дейді роботтар сайысын ұйымдастырушылар.

Ойын төрешісі Мәди Аман
Ойын төрешісі Мәди Аман
Фото: жеке архивтен

First Tech Challenge сайысы биыл ақпанда Алматыда өткен цифрландыру форумы барысында да ұйымдастырылды. Бұл ойынның мән-мағынасын ойын төрешісі Мәди Аман былайша түсінідерді: «Қарама-қарсы екі альянсқа бөлінген төрт команда бір-бірімен әрі бәсекелес, әрі одақтас. Қатысушы қай команданың роботымен болса да жұмыла жұмыс істеп үйренуі керек. Бір раунд 2,5 минутқа созылады. Алғашқы 30 секундта роботтар автономдық режимде алдын ала дайын компьютерлік кодпен ойынды бастайды. Қалған 2 минутта команда мүшесі басқаруды қолға алып, пиксельдерден мозаика құрау керек. Ойын соңында роботтар алаң ортасындағы белтемірге асылып тұрып қалады. Раунд бітіп, ұпай санағы жүреді. Биыл ақпанда Алматыда өткен Digital–2024 форумындағы финалдық ойын осындай ережелермен өтті. Жеңімпаз альянстан ерекше көзге түскен «Zhamakaev145» командасын атап өту керек. Олар әр жарыс сайын инновациясы бар жаңа дүние жасап отырады».

«Zhamakaev145» командасының капитаны Нуржан Кокеев, робот техникасына деген қызығушылық Қазақстанның барлық өңірлеріне таралып, танылуы маңызды деп отыр.

«Робот жарыстары бізді команда ретінде қалыптастырды деп айта аламыз, біз бір-бірімізбен тиімді түрде жұмыс істеп, бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсінуді үйрендік. Әрине, бәрі бірден жақсы бола кеткен жоқ. Түсініспеушіліктер де болды, соған қарамастан үйренісіп, ұжымдасып кеттік. Осындай бірлескен жұмыстар оқушылардың ой-өрісін дамытуға, олардың бойындағы креативті дамытуға мүмкіндік береді. Жалпы, робототехника – «жеті қырлы, бір сырлы» сала. Біз осынау қызықты саланың бүкіл республика аумағындағы балалардың арасында таралып, танылуына үлес қосқымыз келеді», - дейді ол.

«Zhamakaev145» командасы
«Zhamakaev145» командасы
Фото: жеке архивтен

Команда капитанының айтуынша, «Zhamakaev145» мүшелері келешекте өз өмірін инженерия саласымен байланыстырмақшы.

«Біз әр балаға бұл салада оның даму мүмкіндігі зор, шексіз екенін көрсетіп келеміз. Біздің команда мүшелерінде келешекте өз өмірін инженерия саласымен байланыстыруға құлшыныс бар. Builder-лер болашағын механикалық инженерия саласында жалғастырса, programmer-лер әрі қарай IT саласында дамығысы келеді. Біздің ұстаным бойынша, әр күн тоқтаусыз процесс: таң атқаннан күн батқанға дейін жаңа нәрсе игеріп, саланы жетік меңгерсек, әр күніміз босқа өтпегенін білеміз. Бұл бізге мақсатқа жету жолын айқындап, күш, рух береді», - дейді Нуржан Көкеев.

Бренд деңгейіндегі болашақ мамандар...

Мектеп оқушылары арасында робот техникасының кең таралуына «ZOK Juniors» секілді жас командалар да үлес қосуда.

«Робототехниканың дамуы жан-жақты жүреді: осы салада білім берудің қолжетімділігі, оқыту технологиялары мен әдістерін дамыту, мектептер мен университеттер тарапынан қызығушылықтың артуы. Сондай-ақ, медицина, өнеркәсіп және ғылымды қоса алғанда, әртүрлі салаларда практикалық негізде қолданылады. Бұл индустрияның әсері топ ішінде де білінеді. Команданың әрбір мүшесінің өзі таңдаған бағытта өсіп, даму мүмкіндігі болғаны маңызды. Мысалы, топ мүшесі робот жасаушы позициясынан бастай алады, ал болашақта көшбасшылық рөлге ұмтылуы мүмкін немесе PR саласында мамандануы ықтимал. Өз тарапымыздан білім беру ресурстарын ұсыну, жарыстар мен іс-шаралар ұйымдастыру, осы саладағы жас мамандарды қолдау арқылы Қазақстанда робототехниканы дамытуда маңызды рөл ойнасақ дейміз. Басты мақсатымыздың бірі – жастардың арасында робот техникасына деген қызығушылықты арттыру, талантты инженерлерді қолдау және инновациялық жобалар әзірлеу», - деп әңгімелейді «ZOK Juniors» командасының капитаны Олжас Санатұлы.

«ZOK Juniors» командасы
«ZOK Juniors» командасы
Фото: Әлішер Алтай

Айта кетейік, 2024 жылдың 22–25 ақпаны аралығында Астанада Орталық Азиядағы робототехника бойынша ең ауқымды жарыстардың бірі өтті. Оған аймақтағы 5 елден 3000-нан аса оқушылар қатысып, 200 команда үздіктер қатарына кіру үшін бақ таластырды. Чемпионат қатысушылардың жас ерекшелігіне қарай үш категорияны қамтыды: FLL Explore (6–10 жас), FLL Challenge (10–16 жас) және FIRST Tech Challenge (12–18 жас).

FIRST Tech Challenge сайысында Хьюстон қаласына жолдаманы екі команда жеңіп алды. Олар Алматы қалалық ФМБ НЗМ «Yaku» және РФММ «Bolt.m3». Ал Лондон қаласына еліміздің атын қорғауға алматылық ФМБ НЗМ «Zhamakaev145» пен №124 мектептің «124» командасы және «Alem» инновациялық шығармашылық орталығының «PID» командасы барады.

Бұдан бөлек үздік оқушылардың рейтингін шығаратын әлемдік «Dean’s list» тізіміне сәйкес, жеке марапаттауларға астаналық «Quant» командасының мүшесі Айша Алмат пен алматылық «124» командасының мүшесі Томирис Оңғарбек ие болды. Сонымен қатар, сайыс соңында қазақстандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарына 28 грант тағайындалды.

Асылбек Мурзахметов, USTEM қорының басшысы
Асылбек Мурзахметов, USTEM қорының басшысы
Фото: жеке архивтен

First Tech Challenge сайысының Қазақстандағы ұйымдастырушысы USTEM қорының басшысы Асылбек Мурзахметов, робототехника бойынша әлемдік нарықта Қазақстанның өз бөлек орны бар деген сенімде. «Біз осы салада мықты мамандары бар брендке айнала алдық» дейді ол. Қор басшысының айтуынша, роботтор сайысын ол алғаш рет 2016 жылы АҚШ-та көріп, бұл ойынды Қазақстанда да ұйымдастыруды мақсат еткен.

«Бастапқыда робототехниканы үйрену процесі бізде баяу жүреді деп ойлаған едім, бірақ олай болмай шықты. Бір жылдан кейін Вашингтонда өткен сайыста 163 елдің ішінен біз 8-орын алдық. Сол кезде бұл жүйені біздің оқушылар тез игеріп алғанын көріп, сенім арта түсті. Ал 2019 жылғы жарыста қола жүлдемен қайттық. Кейін 2022 және 2023 жылдары екі дүркін әлем чемпионы атандық. Дүние жүзінде Қазақстанның робототехника саласында өз бөлек орны бар. Біз осы саланың мықты мамандары бар брендке айналдық», - дейді Асылбек Мурзахметов.

Бірақ соған қарамастан, бұл процесті жеделдету жолында кедергілер де жоқ емес деп отыр қор басшысы.

«Оқушыларымыз әлемдік деңгейде танылып жатса да, біздің елде мұның маңызын түсінетін адамдар аз. Роботехниканы не үшін дамыту керектігін түсіндірудің қажеті жоқ, бұл сала экологиялық мәселелерден бастап, су тапшылығы, өрт сөндіру, орман алқаптарын сақтау, сейсмикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету секілді проблемаларды шешуге зор үлес қоса алады. Робот техникасын бала кезінен түсініп, игерген адамдар ертеңгі күні өз саласында білікті маман болып шығады. Қоғамға тигізетін пайдасы туралы айтар болсақ, бұл балалар – еліміздің жарқын болашағын инженерия арқылы іске асырып, түйінді мәселенің тиімді шешімін ұсынатын технологиялық тұрғыда дамыған көшбасшылар деп түсіну керек», - дейді ол.

Асылбек Мурзахметовтың айтуынша, First сайысы – робот техникасы тақырыбымен шектелмейді, бұл сайыс – адам капиталын бағалау, қоршаған ортаға пайдалы болу, игі кәсіпкерлікке жетелеу бағдарламасы төңірегінде шоғырланған.

«Сайыс ережелеріне мән берсек, жеңіске жетудің 50% ықтималдылығы қасыңыздағы командаға қаншалықты көмектесе алдыңыз, соған байланысты. Оған қоса, бұл арада, біріншіден, инновация құндылығы бар: әр бала жарысқа қатысқан сайын жаңалық ашып отыруы керек және бұл жаңалығы әлемді жақсартуға үлес қосуды ескеруі тиіс. Екіншіден, бұл сайыс балалардың бойындағы білімге деген құштарлықты оятады, оларға бұл процесс ұнағаны да маңызды, егер олар өздері жасаған жобадан ләззат алмаса, онда бұл біздің құндылықтарға сай емес деген сөз. Үшіншіден, олар өздері үйренген нәрсені, ашқан жаңалығын өзгелермен бөлісе білуі тиіс. Бұл ұстанымдар біздің құндылық ережемізде толық жазылған. Біз үшін балалардың тек білікті маман ғана емес, жақсы адам болып өсуі де өте маңызды», - дейді USTEM қорының басшысы.

Айтпақшы, eGov.kz мәліметтеріне сай, еліміздің еңбек нарығында инженер мамандығына деген сұраныс қашанда жоғары, әсіресе, өнеркәсіп саласында.

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен өз рұқсатымен алынған

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить