ҚҚҚ: QR негізінде есептесу тренді әрі қарай жалғаса береді

21990

2023 жылдың бірінші жарты жылдығында қазақстандықтар QR арқылы 2,2 трлн теңге түріндегі қолма-қол емес операцияларды жүзеге асырған

ФОТО: © unsplash.com/proxyclick

Бұл жайында аталған кезең аралығында ел ішінде жүзеге асқан қолма-қол емес карталық операциялар статистикасына шолу жасаған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы мәлім етті.

Түйін

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында елдегі қолма-қол ақшасыз транзакциялардың өсу қарқыны екі таңбалы деңгейде қалып (жылма-жыл есептегенде +44%), өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен (+48%) салыстырғанда айтарлықтай өзгере қойғамаған.

Абсолюттік мәнде алғанда, биыл бірінші жарты жылдықта қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі рекордтық деңдейдегі 63,1 трлн теңгеге дейін көтерілген. Ал бір жыл бұрынғы көрсеткіш 43,9 трлн теңге болатын.

Нарық ішінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің ұлғаюымен қатар, айналымдағы қолма-қол ақша көлемі (М0 – ж/ж +7,2%) мен қолма-қол ақшаны алу операциялары (ж/ж +3,4%) да өсе түскен.

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында елімізде қолма-қол ақшаны алу бойынша операциялардың жалпы көлемі 10,7 трлн теңгені құраған (бір жыл бұрын – 10,3 трлн теңге). Сонымен қатар, айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі (М0), яғни банк жүйесінен тыс ақша бір жылда 235 млрд теңгеге өсіп, 3,5 трлн теңгеге жеткен. Тұрғындардың қолма-қол емес ақшаға қарағанда қолма-қол ақшаны таңдауының артыңда, сірә, салық салу салдарлары, экономикадағы көлеңкелі сектордың жоғары деңгейі (ЖІӨ-нің 20%-ы) және еліміздің шалғай аудандарындағы телекоммуникацияның баяу дамуы сынды себептер тұрса керек.

Соған қарамастан, қолма-қол емес негізде төлем жасау әдістерінің жеделдеп дамуымен, есептесу операцияларының жалпы ауқымында (қолма-қол + қолма-қол емес) қолма-қол емес төлемдердің үлесі 81%-дан 86%-ға дейін өскен (жылма-жыл есептегенде).

Өңірлер контекстінде алғанда, ел бойынша қолма-қол ақшасыз операциялардың дендеп ену көрсеткіші (86%) тек Астана (+0,4 п.п.) және Алматы (+5,8 п.п.) қалаларында байқалған; 10 пайыздық пункт деңгейіндегі «цифрлық алшақтық» Қостанай (-11 п.п.), Павлодар (-11 п.п.), Ақмола (-14 п.п.), Шығыс Қазақстан (-15 п.п.) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (-17 п.п.) сақталған. Соған қарағанда, қысқа мерзімді перспективада ел ішіндегі қолма-қол ақшасыз айналымның өсу көрсеткішіне үлес қосатын негізгі әлеуетті өңірлер деп осы облыстарды айтуға болады.

Айта кету керек, еліміздегі қолма-қол ақшасыз барлық төлемдердің басым бөлігі интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылады (82,2% немесе 52,2 трлн теңге), одан кейін POS-терминал арқылы төлем жасау (13,6% немесе 8,6 трлн теңге) және QR арқылы төлеу әдісі тұр (3,6% немесе 2,2 трлн теңге).

2022 жылдың орта шеніндегі көрсеткішпен салыстырғанда, елімізде айналымдағы debit карталардың саны 19,3%-ға, яғни 47,0-ден 56,0 млн данаға дейін, ал credit карталар – 7,0%-ға – 11,3-тен 12,1 млн данаға дейін өскен.

Қорытынды

Ел ішінде көрініс берген макроэкономикалық қолайлы жағдай мен көлеңкелі экономиканың қысқаруы аясында, 2023 жылдың алғашқы алты айында қолма-қол ақшасыз операциялардың қарқындап өсуі әрі қарай жалғасты. Айта кету керек, биыл бірінші жарты жылдықта ЖІӨ 5%-ға дейін жеделдеп өсті, ал соңғы үш жылда көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 27%-дан 20%-ға дейін төмендеді

Ағымдағы жылдың шілде айының басында карточкалар бойынша қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі қолма-қол ақшаны алу операцияларымен салыстырғанда 6 есеге жуық артты: сәйкесінше 63,1 трлн теңге және 10,7 трлн теңге. Салыстыру үшін айта кетсек, бір жыл бұрын бұл көрсеткіштер арасындағы алшақтық 4 еседей болатын (сәйкесінше 43,9 трлн теңге және 10,3 трлн теңге), ал төрт жыл бұрын қолма-қол ақшаны алу операциялары бойынша көрсеткіштер қолма-қол ақшасыз төлемдерден толықтай басым шығатын.

Өз кезегінде, қолма-қол ақшасыз транзакциялар бойынша жүзеге асқан бір операцияға қатысты «орташа чек» биыл бірінші жарты жылдықта 11,9 мың теңгеден 12,3 мың теңгеге дейін өсті (+3,5%); ал банкоматтардан алынған ақша бойынша – 84,3 мың теңгеден 95,6 мың теңгеге дейін өсті (+13,4%). Бұл экономикадағы инфляциялық қысымның жоғарылай түскенін көрсетсе керек.

Сонымен қатар, бірінші жарты жылдықта халықаралық жүйелердің төлем карточкаларының саны артып (+6,7 млн немесе 17%) жергілікті деңгейдегі сәйкес көрсеткіштен асып түсті (+3,1 млн немесе 15%). Осының аясында бұл екеуінің нарық ішіндегі үлестері қалыпты түрде қайта теңдесті деуге болады: халықаралық – 66,4%-ға өсті, жергілікті – 33,6%-ға төмендеді. Сөйтіп, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай еліміздегі төлем карточкаларының жалпы саны бір жыл бұрынғы 60,2 млн бірліктен 70,0 млн бірлікке жетті.

Қазіргі таңда жан басына шаққанда 2,8 debit картасы (бір жыл бұрын 2,4 болатын) және 0,6 credit картасы (жыл ішінде өзгермеген) сай келеді.

Нарықтағы маңызды тенденциялардың ішінде QR арқылы қолма-қол ақшасыз төлем транзакциялары көрсеткішінің өсуін атап өткіміз келеді (2023 жылдың бірінші жарты жылдығында 2,2 трлн), бұл тренд қысқа мерзімді перспективада әрі қарай өсе береді деп пайымдауға толық негіз бар.

ҚҚҚ талдау орталығы

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить