2023 жылдың алғашқы алты айында елімізде 11,6 трлн теңге салық жиналды

19164

Мұнайдың арзандауы мемлекеттік қарыз бен мақсатты трансферттердің өсуіне септік етуі ықтимал, деп мәлімдейді өз зерттеулерінде ҚҚҚ сарапшылары

ФОТО: © Depositphotos.com/AndreyPopov

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы жария еткен кезекті шолу 2023 жылдың бірінші жарты жылдығындағы ҚР шоғырланған бюджетіне арналған.

Кезең ішіндегі негізгі тенденциялар

2023 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында елімізде жиналған салық көрсеткіші 11,6 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% жоғары көрсеткіш.

Республикалық бюджетке түсетін қосымша құн салығы (ҚҚС) мен жергілікті бюджеттерге түсетін жеке табыс салығы (ЖТС), корпоративтік табыс салығы (КТС), әлеуметтік салық, мүлік салықтары бойынша жоспардың артығымен орындалуы есебінен республикалық және жергілікті бюджеттерге түскен салық көрсеткіштері қалыпты түрде өсіп келеді (сәйкесінше 26% және 25% деңгейінде).

Соңғы екі жылда алғаш рет мұнайдан түсетін кірістердің қысқаруы байқалуда: КТС және ҚҚС бойынша салық жоспарының орындалмауы аясында биыл Ұлттық қорға түсетін салықтар – 2022 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 16%-ға төмендеп кеткен.

Ал осы тұста Ұлттық қордан республикалық бюджетке бағытталған трансферттер ауқымы 2,1 трлн теңгені құрады (2023 жылғы ауқымның 53%-ы). Сөйтіп, ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай, Ұлттық қордың валюталық активтері (түсімдерді есепке алғанда) 59,8 млрд АҚШ долларын құрады (мақсатты индикатор – 2029 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу).

Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында салық алымдары бойынша жылдық жоспардың орындалуы 45%-ды құрады – өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 57% болатын.

Шоғырланған бюджеттің шығыс бөлігі 29%-ға немесе 2,5 трлн теңгеге, яғни 11,4 трлн теңгеге дейін өскен. Оның 58%-ын білім (2,9 трлн теңге), әлеуметтік қамту (2,6 трлн теңге) салалары мен қарыздар бойынша қызмет көрсету (1,1 трлн теңге) шығындары құраған.

Тереңдей түскен бюджет тапшылығын (1,1 трлн теңге) қаржыландыруға және қарыздарды өтеуге (1,1 трлн теңге) 3,8 трлн теңге қарыз қаражаты тартылған (жылдық жоспар 68%-ға орындалды).

2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай, ҚР үкіметінің борыштық міндеттемелерінің көлемі 25,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюы ықтимал (жыл басынан бері +16%), бұл – оларды өтеу және оларға қызмет көрсету шығындарының әрі қарай өсуіне септік етуі мүмкін.

Айта кету керек, Қазақстан 2024 жылға шейін мұнай өндіру ауқымын өз еркімен тәулігіне 78 мың баррельге дейін қысқартты, оның сыртында мұнайдың бағасы да мейлінше төмен. Соған қарамастан, елдің Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында (елдің даму болжамы) 2024–2026 жж. шоғырланған бюджет профициті 0,7–1,15 трлн теңге төңірегінде ескерілген. 

Түйін

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында  еліміздің шоғырланған бюджетіне түсетін салықтардың өсу қарқынындағы баяулау әрі қарай жалғасты: +13% – өткен жылы +77% болатын. Басты себеп – мұнайдың қымбаттауына байланысты былтырғы жылдағы жоғары база болып қала бермек (2022  ж. алғашқы алты айында мұнайдың бір баррелі 105 долларды, ал 2023 ж. алты айында – 80 долларды құрады).

Десек те, АҚШ экономикасында белең алған белгісіздік жағдайы мен Қытайда іскерлік белсенділіктің қалыпқа келуі және ОПЕК+ елдерінің соңғы әрекеттері аясында 2023 жылдың екінші жарты жылдығында мұнайдың бағасы мейлінше құбылмалы деңгейде қалуы ықтимал.

Бұл тұрғыда, мұнай бағасының төмендеу мүмкіндігі – теңгенің нығаюымен қатар (елдің даму болжамында 1 АҚШ доллары 470,33 теңге деп алынған, ал ағымдағы бағам 445,65 теңге), шоғырланған бюджетке түсетін кірістерге кері әсер етуі ықтимал (елдің даму болжамында 2023 ж. – 27,5 трлн теңге, 2024 ж. – 29,2 трлн теңге деп ескерілген).

Айтқандай, шоғырланған бюджеттің шығыс бөлігінің тұрақты негізде өсу көрсеткіші әрі қарай жалғаса бермек, бұған – ел ішінде бір мезетте жүзеге асырылып жатқан экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағдарламалары мен тұжырымдамалары септік етпек.

2023–2024 жж. елімізде мұнай-газ және мұнай-химия жобаларын, газ өнеркәсібін, агроөнеркәсіп кешенін, өңдеу өнеркәсібін, туризм индустриясын, кәсіпкерлік пен жоғары білім және ғылым сынды өзге де салаларды дамытудың тұжырымдамалары мен жоспарларын жүзеге асыру әрі қарай жалғаса береді.

Сонымен қатар, 2024–2026 жж. Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансфертке «кесімді бағамен» 2 трлн теңге көлемінде шектеу қойылатынын ескерсек, мемлекеттік қарызды әрі қарай ұлғайту қажеттілігімен қатар, Мемлекет басшысының шешімімен «маңызды инфрақұрылымды дамыту және республикалық маңызы бар жобаларды іске асыру» үшін бөлінетін мақсатты трансферттерді ұлғайту қажеттілігі де туындауы әбден мүмкін.

Жиынтық негізде бұл факторлар мемлекет қаржысының тұрақтылығына және соның нәтижесінде елдің кредиттік рейтингіне кері әсер етуі ықтимал.

Естеріңізге сала кетсек, халықаралық рейтингтік агенттіктер мен Халықаралық валюта қоры белгілейтін баға көрсеткіштерінде әр елдің «мықты фискалдық жағдайы мен елеулі ауқымдағы сыртқы резервтері» негізгі фактор болып табылады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить