Базалық мөлшерлеменің төмендеуі күтпеген жағдай емес

13954

2023 жылдың 6 қазанында ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бас банктің бұл тұрғыдағы келесі шешімі қарашаның 24-де жария етілуі тиіс

Фото: © Depositphotos.com/Valeriy_Golovin

Әрине, базалық мөлшерлеменің қазандағы төмендеуін «күтпеген жағдай» дей алмаймыз. Ұлттық Банктің бұл шешімін отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың 50%-дайы алдын ала дөп басып болжап берген-ді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 5 қазанда жария еткен кезекті шолуында сарапшы қауымның 71%-ы базалық мөлшерлеме қалайда төмендейді деген пікірге тоқталған. Дегенмен, олар мөлшерлеменің төмендеу қарқыны тұрғысында үш түрлі пікір айтқан: төмендеуді күткендердің 33%-ы базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі 6 қазаннан бастап 16,25%-ды, 50%-ы – 16,0%-ды құрайды десе, қалған 17%-ы 15%-ға дейінгі төмендеуге үміт артқан.

Бірақ олар алдағы 12 айда инфляция мақсатты 5% деңгейіндегі ернеуге қайта оралады дегенге күмән келтірген.

«Біздің басты міндетіміз – инфляцияның тұрақты негізде төмендеуін қамтамасыз етіп, оны орта мерзімді таргетте 5%-ға жуық деңгейге тұрақтандыру» деген болатын 6 қазандағы мәлімдемесінде ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов.

Өз шолуында ҚҚҚ сарапшылары: «Алдағы жылдағы тұтыну бағасы индексіне берілген баға 11,3%-ды құрап, 2021 жылдың ортасынан бері алғаш рет бақылаудағы инфляцияға (11,8%) мейлінше жақындай түсті», - деп көрсетеді.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, қыркүйек айында баяулай түскен айлық (0,7%-дан 0,6%-ға дейін) және жылдық (13,1%-дан 11,8%-ға дейін) инфляция аясында мемлекет басшысының инфляцияны биыл еке есе төмендету туралы (20,3%-дан 10,1%-ға дейін) тапсырмасын жүзеге асырудың ықтималдығы арта түссе керек. Олардың пікірінше, бұл Ұлттық Банкке ақша-кредит шарттарын әрі қарай қалыпқа келтіруге жол ашуы тиіс.

Әйтсе де Ұлттық Банктің 6 қазандағы ресми хабарламасында: «Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралатын болады», - делінген.

Өз кезегінде, Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) ресми сайтында 10  қазанда жария етілген мәліметте өтімділікке қол жеткізудегі тұрақты операциялар бойынша мөлшерлеме 17% деңгейінде, ал  өтімділікті алу операциялары бойынша мөлшерлеме 15% деңгейінде қалыптасты делінген. ERI болжамынша, биыл қазан айында жылдық инфляция 11,0% шамасында қалыптасуы мүмкін.

Инфляцияның төмендеуіне септік етуші факторлардың бірқатарын ERI-дің жетекші сарапшысы Тоқтасын Бақберген былайша түйіндейді: инфляциялық сыртқы қысымның әлсіреуі, теңгенің нығаюы, ішкі сұраныстың төмендеуі, үкіметтің араласуы.

Бұл факторларды таратып сипаттаған ERI сарапшысының түсіндіруінше, 2022 жылдың орта тұсында шарықтап өскен азық-түлік пен энергия тасымалдаушы шикізаттардың әлемдік бағалары бүгінде біртіндеп төмендей бастады. Яғни, сыртқы қысымның әлсіреуі Қазақстандағы баға деңгейін ұстап тұруға да септік етуде, дейді ол.

Сарапшы маман, сондай-ақ, жыл басынан бері теңге АҚШ долларына шаққанда 5% шамасында нығайды дегенді алға тартады. Ал ішкі сұраныстың төмендеу факторы тұрғысында ол: «2022 жылы экономиканың баяулауы ішкі сұранысқа да әсер етпей қойған жоқ, бұл бағаларға төмендеу сипатында қысым етті» дегенді айтады.

Инфляцияның төмендеуіне ел үкіметінің араласуы туралы Тоқтасын Бақберген: «Үкімет инфляцияны бақылау мен төмендетудің 2022–2024 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады, бұл экономикада бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік берді», - деп түсіндіреді.

Айтқандай, 10 қазандағы үкімет отырысында ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов, жылдық инфляция жеті ай қатарынан төмендеп, ағымдағы деңгей 11,8%-ға жеткеніне баса мән берді.

«Жылдық инфляцияның баяулауы қатаң ақша-кредит саясаты жағдайлары және 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысымының және өндіріс шығындарының төмендеуі аясында орын алуда», - деп көрсетті Ұлттық Банк төрағасының орынбасары өз сөзінде.

Алайда, бұл пікірге үкімет басшысы Алихан Смайылов ескерту жасап: «Берік Шолпанқұлұлы, сіз инфляцияның баяулауын тек өткен жылдың жоғары базасымен байланыстырып отырсыз, бұл дұрыс емес, инфляцияның айтарлықтай баяулауы тек үкіметтің инфляцияға қарсы кешенді жұмысының арқасында мүмкін болып отыр» деп салды.

Айта кетейік, Ұлттық Банк 2023 жылдың соңына дейін жылдық инфляция 10–12% деңгейінде баяулайды деп күтуде.

Өз кезегінде ERI сарапшысы: «бұл болжамның тәуекел тұстары да жоқ емес» деп отыр. Тоқтасын Бақберген бұл тұрғыда Украина жерінде жалғасып жатқан қақтығыс пен Ресей тарапынан және оған қарсы орын алуы ықтимал санкциялар мүмкіндігін мысал етеді.

ERI сарапшысының айтуынша, жылдық мәнде алғанда қазір елімізде төмендегідей баға серпіні байқалуда: азық-түлік тауарлары бойынша – 11,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарларға – 12,1%, ақылы қызметтер бойынша – 11,9% деңгейінде.

Дерек көзі: economy.kz

«Кестеден көріп отырғанымыздай, Ұлттық Банк сегіз ай қатарынан базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде ұстап, бірқатар сынға да ұшырады. Бірақ бұл шара экономикалық агенттердің сұранысын шектеуге мүмкіндік беріп, елдегі баға деңгейінің төмендеуіне өзіндік қысым жасады.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ел экономикасының өсуіне оңынан әсер ететіні анық, бірақ халықтың табысына теріс әсер болуы ықтимал. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі кредиттер бойынша проценттік мөлшерлемелерді азайтуға алып келеді. Бұл кәсіпкерлер мен компанияларды кредит алуға, өз қызметін кеңейтіп, жаңартуға және инвестиция тартуға ынталандыруы мүмкін. Бірақ, сонымен қатар, коммерциялық банктердегі депозиттер бойынша проценттік мөлшерлемелер де төмендей түседі, яғни экономикалық агенттер депозиттерге орналастырылған жинақтарынан аз кіріс алады», - дейді Тоқтасын Бақберген.

Естеріңізге сала кетейік,  базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін Ұлттық Банк 2023 жылдың 24 қарашасында жария етуі тиіс. Бұл тұрғыда ERI сарапшысы Тоқтасын Бақберген: «Пайыздық мөлшерлемені оңтайлы басқару теориясына сәйкес, ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені ең көп дегенде 75 базистік тармаққа жоспарлы түрде төмендетеді деп болжаймыз» деген пікір айтады.

Ал ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың пікірінше, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 12,5%-ды құрауы әбден мүмкін, бірақ, бұл, әрине, теңге түріндегі құралдар тартымдылығының төмендеуіне әсер етпей қоймайды.

Жалпы, соңғы екі айда ұлттық валюта бағамына қатысты сарапшы қауым алға тартқан пікір-ой көңілге күдік ұялататын кейіпте. Және де мұндай болжамдар нарық ішіндегі сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік біршама ауытқып, алдағы қараша-желтоқсан айларында Ұлттық қордан сатылатын шетелдік валюта көлемі азая береді деген мәліметтер аясында айтылуда (қазірдің өзінде трансферттер 85% деңгейінде орындалған).

Сол сияқты, ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан отандық сарапшылар, бір жылдан кейін отандық ЖІӨ 4,1% деңгейінде өсуі ықтимал деген болжам айтқан (қаңтар мен тамыз аралығындағы болжам 4,9% болатын).

Олар, сондай-ақ ресейлік рубль «өзінің құлдырау шегіне жетті» деген көзқараспен, бір жылдан кейін рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы ағымдағы деңгейде қала береді деген пікірге тоқталған (99,7).

Айтпақшы, бұл жолғы шолудан байқағанымыз, ҚҚҚ сарапшыларының «қара алтынға» қатысты ұстанымдары аса өзгере қоймаған: олар бір жылдан кейін мұнайдың бағасы «тұрақты оң сипатта қала береді» деп отыр. Бұған, сірә, ОПЕК+ елдері ұсынысты қысқартқан соң, нарық ішінде көрініс берген өнім тапшылығы септік етсе керек.

Осы арада айта кетсек, үстіміздегі аптада Brent санатындағы мұнайдың бір баррелі 88,3 АҚШ долларына дейін ытқып өсті (алдыңғы аптаға шаққанда +4,4%). Бұл, әрине, Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарында қалыптасқан жағдай.

«Бір жағынан алғанда, бұл қақтығыс Сауд Арабиясы мен Израильдің жақындасу мүмкіндігіне іріткі салып, Эр-Рияд тарапынан мұнай өндіру қарқынын арттыру мүмкіндігіне кедергі келтіруі ықтимал. Екінші жағынан, аталған қақтығыс салдарында Иран экспорты қысқаруы әбден мүмкін: нарық іші – егер Тегеран тарапынан ХАМАС әрекетіне қолдау болса, онда АҚШ мұнай секторына қатысты сакцияларын күшейте түседі деп күтеді», - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить