Қазақстандықтар ұлттық теңгеде депозит сақтауға ден қоюда

27892

Отандық банктерде шоғырланған депозиттер құрамында шетелдік валюта түріндегі салымдар қысқарып, теңге түріндегі депозиттердің үлесі артып келеді

Фото: © Андрей Лунин

2023 жылдың бірінші тоқсанында еліміздегі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы екінші деңгейлі банктердегі теңге түріндегі депозиттер ауқымы 12,2%-ға, ал жылдық мәнде – 40,7%-ға ұлғайған. Сәйкесінше, шетелдік валюта түріндегі депозиттер ауқымы аталған кезеңде 4,8%-ға қысқарған.

«Бұл тұрғыдағы қысқару үрдісі депозиттік қоржынның барлық сегментінде 1,9%-дан 2,7%-ға дейінгі аралықта байқалды» деп көрсетеді өз ақпаратында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

Қор мамандарының айтуынша, ұлттық валютадағы депозиттер ауқымының ұлғаюы – теңге түріндегі салымдарды қорғауға негізделген мемлекеттік бағарлама аяқталғанына қарамастан, көрініс берген.

Осы арада айта кетсек, қазақстандық салымшылардың теңге түріндегі салымдарын мемлекеттік қорғау бағдарламасы елімізде 2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың ақпаны аралығында жүзеге асты. Аталған бағдарлама аясында 2,6 млн шамасындағы қазақстандық салымшы өздерінің банктік депозиттеріндегі ең төменгі қалдық ақшаға мемлекет тарапынан 10%-дық көлемде өтемақы алды. Өтемақы ауқымы жалпылай алғанда 300 млрд теңгеден астам соманы құрады. Бұл сома қаржы министрлігі мен Ұлттық банк қаражаты есебінен төленді.

Жалпы, 2023 жылдың алғашқы алты айында қазақстандық банктердегі теңге түріндегі депозиттер ауқымының ұлғаюына септік еткен факторларды Қор мамандары: жеке тұлғалардың табысының өсуі, теңге депозиттері бойынша тартымды мөлшерлемелер және шетел валютасындағы депозиттерді ішінара болса да теңге түріндегі депозиттерге айырбастау үрдісі, деп көрсетеді.

«Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру – тарихи тұрғыда ең төмен көрсеткішке жетті, яғни 2023 жылдың алғашқы алты айында 3,6%-дық тармаққа төмендеп, 1 шілдедегі жағдайға сай 30,4%-ды құрады», - деп түсіндіреді олар.

Айтқандай, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жария еткен деректерге сүйенсек, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда, 2023 жылдың алғашқы алты айында елімізде жан басына шаққандағы орташа номиналды табыс 15,9% деңгейінде жоғары шыққан. Қор мамандарының түсіндіруінше, бұл, өз кезегінде, бөлшек депозиттер нарығының әрі қарай өсіп, ұлғаюына септік еткен. Сол сияқты, депозиттер бойынша ағымдағы сыйақы мөлшерлемесі де бұл нарықтағы көрсеткіштердің біршама жақсаруына оң әсерін тигізген. Сөйтіп, Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің бөлшек депозиттер бойынша қоржыны биылғы жылдың алғашқы алты айында 6,4%-ға ұлғайып, есепті кезеңнің соңын ала18,0 трлн теңгеге жеткен.

«Депозиттік база тұрақты негізде өсіп отырғандықтан, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай жылдық өсім 31,4%-ды құрады (+4,3 трлн теңге), бұл – 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш», - деп мәлімдейді бұл тұрғыда депозиттерге кепілдік беру қоры.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдайға сай еліміздің банк секторында ресми негізде жұмыс істеп жатқан екінші деңгейлі 21 банк бар, ресми ақпаратқа жүгінсек, олардың 11-і шетелдік үлестің қатысуымен құрылған. 2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайға сай Қазақстанда жұмыс істеген екінші деңгейлі 21 банктің 19-ы (ислам банктерінен басқалары) Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысқан.

Ranking.kz 11 қыркүйекте жария еткен шолуға жүгінсек, 2023 жылдың тамызындағы көрсеткіштер бойынша, қазақстандық екінші деңгейлі банктердің активтері 46,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 42,1%-ын құрайтын ауқым.

Сарапшы қауымның түсіндіруінше, бүгінгі таңда қазақстандық банктер өз клиенттері алдындағы міндеттерді толық ауқымда өтей алады: ел ішіндегі банктердің өтімділігі жоғары активтері қазірде 14,0 трлн теңгені құрайды (активтердің 30%-ына сай ауқым).

«Ағымдағы жылдың шілде айында банктердің меншік капиталы бір айда 3,7%-ға ұлғайып, 5,9 трлн теңгеге жетті (2023 жылдың басынан бері 13,6% деңгейінде өскен). 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдайға сай негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 18,8%-ды, меншік капитал коэффициенті (k2) – 21,5%-ды құрады. Бұл елдегі заңнамада белгіленген нормативтерден асып түсетін көрсеткіштер, сәйкесінше, банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерден қорғану мүмкіндігі де айтарлықтай зор», - деп көрсетеді өз шолуында Ranking.kz.

Өз кезегінде, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры – сыртқы және ішкі факторларға қарамастан отандық депозит нарығы қаржы секторындағы тұрақты сегмент ретінде қала береді деген сенімде. «Өйткені депозиттер – халық үшін ақша жинаудағы тиімді құрал. Ал депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігі депозиттер бойынша тәуекелдерді барынша қысқартуға мүмкіндік береді», - деп қосады Қор мамандары.

Айтпақшы, Freedom Finance Global компаниясының сарапшысы Данияр Оразбаевтың айтуынша, банк депозиттеріне сенім артудағы оң үрдіс Орталық Азия елдерінің халқына тән көрсеткіштің бірі деуге тұрады. Аталған компания 2023 жылдың тамызында ауқымды зерттеу жүргізіп, онда Орталық Азиядағы тұтынушылық сенім индексіне қатысты халықтың көңіл-күйін сарапқа салған. Оның ішінде аймақ елдеріндегі тұтынушылардың банк депозиттеріне қатысты пікірін де есепке алған.

«Қаржы құралдарының ішінде банк депозиттеріне сенім арту Орталық Азияның барлық елдерінде байқалды. Сенім көрсеткіші, әсіресе, Тәжікстанда жоғары, тіпті, бұл елде бұған дейін екі бірдей ірі банк жабылғанына қарамастан. Сондай-ақ, оларда депозит бойынша пайыздық мөлшерлеме, шамамен, 10%-дай әрі табыс салығы тағы бар. Әйтсе де Тәжікстан халқының банктерге деген сенімі айтарлықтай жоғары», - дейді Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев.

Оның айтуынша, банк депозиттері бойынша пайыздық мөлшерлеме көрші Қырғызстанда да 10% шамасында және онда біраз жылдан бері банктерге қатысты еш мәселе туындамаған. Сонымен қатар, депозиттерге деген сенім көрсеткіші Өзбекстанда да анық байқалған, ал бұл елде «таяуда шағын банктердің лицензиясы тартып алынды».

«Қазақстанда соңғы он бес жылда бірқатар банктер жабылып, бірқатары қосылып, «жұтылып» жатты. Әрине, бұл өзіндік деңгейде тұтынушылардың пікір-көзқарасына ықпал етпей қоймайды. Бірақ мемлекет тарапынан салымшылар депозитіне кепілдіктің болуы – депозит құралына, жалпы, екінші деңгейлі банктерге сенім артуда негізгі фактордың бірі болса керек», - дейді Данияр Оразбаев.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында отандық банктердегі депозиттерге қатысты мөлшерлемелер «бұрынғысынша жоғарды деңгейде» сақталған.

«Әрине, мөлшерлемелердің Қор ұсынған өзіндік «шегі» бар, бірақ депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер депозиттік өнімдер бойынша сыйақы мөлшерлемесін банктің ішкі саясаты мен қорландыру қажеттілігіне қарай өз бетімен белгілейді», - деп түсіндіреді бұл тұрғыда Қор мамандары.

Айта кету керек, соңғы жарты жылда елімізде жылдық инфляция төмендей түскені анық байқалды: 2023 жылдың ақпанындағы 21,3%-дан маусым айында 14,6%-ға дейін. Осының аясында биылғы жылдың екінші тоқсанында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша табыс деңгейі пайдаға шықты деуге толық негіз бар.

Депозиттерге кепілдік беру қорының дерегінше, 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай, отандық банктердегі 12 ай және одан төмен өтеу мерзімі бар жинақ салымдары бойынша нарықтық мөлшерлемелер 14,4% –17, 4%-ды; мерзімді депозиттер бойынша – 10,4% –16,1%-ды, мерзімді депозиттер бойынша – 15,1%-ды құрады.

Айтпақшы, ҚР Ұлттық банкінің тамыз айындағы ақша-кредит саясаты жөніндегі баяндамасында, базалық сценарийге сай 2023 жылы Қазақстандағы жылдық инфляция 10–12% аралығында қалыптасып, 2024 жылы 7,5– 9,5%-ға дейін баяулайды деген болжам айтылған. Сондай-ақ, еліміздің бас банкі жылдық инфляцияны 2025 жылы 5,5–7,5%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Алайда, әлем бойынша қалыптасқан тұрақсыз геосаяси жағдай аясында жаһандық экономика қалай, қай бағытта дамитынын әлі де болса ешкім дөп басып айта алмайды. Олай болса, елімізде инфляция қарқыны сарапшылар болжағандай бірден бәсеңси қоятыны өте күмәнді. Бұл тұрғыда Ұлттық банк есепке алған пессимистік сценарий бойынша Қазақстандағы инфляция 2023 жылы 12–14%- ды, 2024 жылы – 9–11%-ды, 2025 жылы – 7– 9%-ды құрауы мүмкін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить