Елімізде зейнетақы аннуитеттеріне деген сұраныс өсіп келеді

39317

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы Қазақстандағы өмірді сақтандыру нарығындағы көрсеткіштер бойынша кезекті шолуын жария етті. Талдау кезеңі 2023 жылдың бірінші жарты жылдығын қамтиды

ФОТО: © unsplash.com/Mark Hang Fung So

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандықтар тарапынан өмірді сақтандыру нарығында ұсынылған өнімдерге деген қызығушылық анық байқалуда. 2023 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, аталған нарықтағы негізгі көрсеткіштер ел бойынша біршама жоғары шыққан.

Сарапшы қауым алға тартқан деректерге сай, өмірді сақтандыру нарығындағы отандық компаниялардың активтері 1 028,6 млрд теңгеге дейін ұлғайып (+109,1 млрд теңге немесе 11,9% шамасында), еліміздің жалпы сақтандыру нарығындағы барлық активтер көрсеткішінің 43,6%-ын құраған.

«Активтер құрылымында бұрынғысынша айтулы үлес бағалы қағаздарға тиесілі (83,7%). 2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сай, олардың ауқымы 848,1 млрд теңгені құрады (+71,5 млрд теңге), оның ішінде ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарының үлесі 40%-дан астам», - деп көрсетеді өз шолуында ҚҚҚ талдау орталығының сарапшылары.

Сол сияқты, олардың айтуынша, еліміздегі өмірді сақтандыру компанияларының міндеттемелері 759,4 млрд теңгеге дейін өскен (жыл басынан бері +7,2% немесе 51,1 млрд теңге шамасында). Негізінен, РЕПО операцияларының өсуі (+46,0% немесе 32,3 млрд теңге) мен қызметті сақтандыру жөніндегі көзделген келісімдердің маржасы (+32,9% немесе 16,3 млрд теңге) есебінен, деп түсіндіреді сарапшы қауым.

Өз кезегінде, S&P сектор бойынша шоғырлану көрсеткішіне «жоғары» деген баға берген: өмірді сақтандыру нарығының 71,6%-ы актив көлемі бойынша ең ірі үш компанияның еншісінде (Халык-Life, Nomad Life және FFLife).

ҚҚҚ сарапшылары, 2023 жылдың алғашқы алты айында нарық бойынша сақтандыру сыйлықақылары айтарлықтай өсті дегенді алға тартады: +70,3% немесе 17,2 млрд теңге шамасында. Сонымен қатар, «Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру» бабы бойынша төлемдер де жоғары шыққан: 2,8 есе немесе 4,5 млрд теңге шамасында.

Айта кету керек, есепті кезең аралығында зейнетақы аннуитетін сақтандыруға деген сұраныс та анық байқалған: сыйлықақының ұлғаю көрсеткіші 44,9% немесе 16,6 млрд теңге шамасында. Ал бұл тұрғыдағы төлемдер ауқымы біршама төмен шыққан: – 65,2% немесе 2,3 млрд теңге шамасында.

«Жалпылай алғанда, сақтандыру төлемдерінің өсу көрсеткіші (+42,0% немесе 8,5 млрд теңге) сақтандыру сыйлықақыларының өсуімен (+32,6% немесе 52,6 млрд теңге) салыстырғанда жоғары шықты. Осының нәтижесінде төлемдердің сыйлықақыларға шаққандағы арақатынасы біршама нашарлап кетті: 2022 жылдың бірінші жарты жылдығындағы көрсеткіш 12,5% болса, биыл – 13,4% шамасында», - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Айтқандай, өмірді сақтандыру нарығының 2023 жылдың бірінші жарты жылдығындағы таза пайдасы 2,1 еседей өсіп, 51,1 млрд теңгеге жеткен. Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл, негізінен, өмірді сақтандыру компанияларының сақтандыру қызметінен тапқан табысы өсіп (+29,3% немесе 46,3 млрд теңге), жалпы және әкімшілік шығындарының қысқаруы (−34,9% немесе 8,1 млрд теңге) нәтижесінде мүмкін болған.

Биыл, сондай-ақ өмірді сақтандыру нарығындағы компаниялардың меншік капиталының рентабельділігі 19%-ға дейін өскен (2022 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіш 14% болатын).

Кезең бойынша қысқаша түйін

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында өмірді сақтандыру секторында елеулі деңгейде жоғары өсім көрсеткіші анық байқалған. Негізінен, сақтандыру қызметінен түсетін табыстың өсуі мен бағалы қағаздардың сыйлықақылары есебінен, деп қосады олар. Бұл арада, сондай-ақ әкімшілік шығындарды оңтайландыру шарасы да белгілі бір дәрежеде ықпал етті деуге толық негіз бар.

Сол сияқты, сарапшы қауым, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру барысында сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін есептеу үшін жылдық еңбекақы қоры негізге алынады дегенді алға тартады, яғни, ҚҚҚ сарапшыларының пікірінше, сыйлықақы көлемінің өсуіне белгілі бір деңгейде еңбекақыны ұлғайту шарасы ықпал етуі мүмкін.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы дерегінше, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2023 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Қазақстанда жалақы қоры 20,4% деңгейінде өскен.

Айтқандай, зейетақы аннуитеті бойынша сыйлықақылардың өсуі – ел ішіндегі қолданыстағы заңнамаға енгізілген былтырғы өзгерістерге қатысты болуы да мүмкін, деп есептейді сарапшы қауым. Бұл өзгеріс – ерлі-зайыптыларға зейнетақы төлемдерін біріктіруге мүмкіндік береді, яғни екеуіне де өмірлік төлемдерді қамтамасыз ету үшін.

Оның сыртында, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілі өмірді сақтандыру нарығында да өзекті, бұл, өз кезегінде, өмірді сақтандыру нарығындағы компаниялардың өніміне деген қызығушылықты ынталандыра түсуі әбден мүмкін.

Сонымен қатар, сарапшы қауымның айтуынша, 2022 жылғы жоғары база аясында өмірді сақтандыру компанияларының сақтандыру төлемдерінің өсуін аннуитеттік сақтандыру төлемдерінің қысқаруы (– 62,5% немесе 2,3 млрд теңге шамасында) негізінде тежеп ұстау мүмкін болған.

Ал өмірді сақтандыру компанияларының бағалы қағаздар сыйақысы түріндегі кірісінің өсуі, негізінен, базалық мөлшерлеменің ағымдағы  деңгейімен қамтамасыз етілген: 2023 жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіш 16,75% (былтырғы орташа мән 12,75% шамасында-тын).

Аталған саланы әрі қарай цифрландыру – еңбекақы шығынын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берсе керек, деп отыр ҚҚҚ сарапшылары (– 43,0% немесе 6,8 млрд теңге шамасында).

Айтпақшы, S&P мәліметінше, қазақстандықтардың өмірді сақтандыру бойынша бір жылдық шығындары біртіндеп өсіп келеді (2020 жылы – 29 АҚШ доллары болса, 2022 жылы – 42 АҚШ долларын құраған). Әрине, бұл көрсеткіш S&P мысал еткен өзге елдердегі көрсеткіштерден әлдеқайда төмен: Колумбия мен Польшадағы бір жылдағы сақтандыру шығыны 100 АҚШ долларын құраса, Чехия және Уругвайда – 200 доллар.

Десек те, сөз соңында ҚҚҚ талдау орталығының сарапшылары – халықтың әл-ауқатын арттыру тұрғысындағы ел үкіметінің жұмысы мен отандық сақтандыру нарығын дамыту бойынша  ҚР ҚНРДА тарапынан атқарылып жатқан іс-шара сектор ішіндегі көрсеткіштер динамикасына оңынан әсер етіп, өмірді сақтандыру нарығындағы компаниялардың әлеуетін ашып, шыңдауға әрі қарай ықпал ете береді, деген оптимистік түйін жасайды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить