ҰСБ: Тамыз инфляциясына коммуналдық тарифтер әсер етті

26639

ҚР СЖРА ҰСБ жария еткен деректерге сай, 2022 жылдың тамыз айымен салыстырғанда 2023 жылдың тамызында жылдық инфляция деңгейі Қазақстанда біршама баяулап, 13,1%-ды құраған

Фото: © pixabay.com/Foto-Rabe

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистка бюросы мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда азық-түлік бағасы елімізде бір жылда 12,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – 13,5%-ға, ақылы қызметтердің бағасы 13,9%-ға қымбаттаған.

«Инфляцияның жылдық деңгейіне ең ауқымды үлес қосқан: азық-түлік және алкогольсіз сусындар (5 пайыздық тармақ), тұрғын үй қызметтері (2 пайыздық тармақ), киім-кешек және аяқ киім (1,3 пайыздық тармақ)», - деп көрсетеді өз есебінде Ұлттық статистика бюросы.

Айтқандай, коммуналдық қызметтер елімізде соңғы бір жылда 15,3% шамасында өскен. Статистик мамандардың дерегінше, 2022 жылдың тамызымен салыстырғанда, биыл тамыз айында баспананы күтіп ұстау шығыны 15,4%-ға, суық су тарифтері 16,1%-ға, ыстық су бойынша – 14%-ға, электр энергиясы – 16,4%-ға, желі арқылы таратылатын газ – 8,0%-ға, орталықтандырылған жылыту тарифтері 10,1%-ға, қоқыс шығару қызметі 36,1%-ға шарықтап өскен.

Сол сияқты, соңғы бір жылда елімізде жолаушыларды әуе арқылы тасымалдау қызметі 10,3%-ға, темір жол арқылы тасымалдау 8,5%-ға қымбаттаған.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық Банкінің былтырғы мәліметтеріне сай, 2022 жылдың тамыз айында еліміздегі жылдық инфляция деңгейі 16,1%-ды құраған болатын.

2021–2023 жж. Қазақстандағы жылдық инфляция

Дерек көзі: ҚР СЖРА ҰСБ

Күнбағыс майы арзандады ма?

ҰСБ жария еткен деректерге сүйенсек, былтырғы тамыздан бергі бір жылда елімізде қырыққабат бағасы 67,2%-ға, күріш 42,6%-ға, консервіленген сүт 31,8%-ға, газдалмаған сусындар 26,6%-ға, минералды су 21,5%-ға қымбаттаған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биыл тамызда елімізде жүзімнің бағасы 22,5%, апельсиннің бағасы 21,6%, жұмыртқа – 18,7%, макарон өнімдері – 17,3%, сары май – 16,2% шамасында қымбаттағаны байқалған.

Сонымен қатар, жылдық мәнде алғанда биыл тамызда бірқатар азық-түлік түрі бойынша бағаның төмендеуі де көрініс берген, мысалға, құмшекердің бағасы бір жылда 21,3%-ға төмендесе, сарымсақтың бағасы 17,8%-ға, қарақұмық жармасы 14%-ға, пияз 10,8%-ға және күнбағыс майы 9,2%-ға арзандаған.

Айтпақшы, Energyprom.kz қыркүйектің 1-ші жұлдызында жария еткен мәліметке сай, 2023 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында (бірінші жарты жылдықта) елімізде 293,3 мың тонна күнбағыс майы өндірілген. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6% жоғары көрсеткіш, дейді сарапшы мамандар.

Жалпылай алғанда, 2022 жылы елімізде 552,2 мың тонна күнбағыс майы өндірілген – 2021 жылмен салыстырғанда 66,8% жоғары көрсеткіш.

Energyprom.kz сарапшыларының айтуынша, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында отандық өнім өндірушілер ел халқын қазақстандық күнбағыс майымен 85,3% деңгейінде қамтамасыз еткен (ішкі нарықта сату + экспорт). Былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш те осы шамалас болған: 83,2%.

Аталған кезең аралығында отандық нарыққа сырттан 43,8 мың тонна күнбағыс майы жеткізілген (өткен жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 7,4% аз ауқым).

«Ағымдағы жылдың шілде айында еліміздегі базарлар мен дүкендерде күнбағыс майының орташа бағасы 793 теңгені құрады. Ірі қалалардың ішінде ең қымбат баға Қонаев қаласында (1 л. үшін 977 теңге), ең арзан баға Шымкентте (1 л. үшін 680 теңге) тіркелді», - деп мәлімдейді Energyprom.kz.

Парацетамол неге қымбат?

Ұлттық статистика бюросы жария еткен деректерге мұқият мән бергенде, бытырғы тамыздан бергі бір жылда елімізде парацетамолдың бағасы 57,3%-ға шарықтап өскенін байқай алдық.

Осы арада Energyprom.kz шілде айында жария еткен мына мәліметке көңіл бөлсек: Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) аясында алғанда, 2023 жылдың мамырында Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы жылдық мәнде 11%-ға қымбаттап кеткен (2022 жылдың мамырына шаққанда).

Еуразиялық экономикалық комиссияға сілтеме жасаған сарапшы қауымның айтуынша, ЕЭО бойынша бұл тұрғыда бірінші орында Қырғызстан тұрса керек: биыл мамырда б9л елде дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы 16,1%-ды құраған. Ал Қазақстанға фармацевтикалық препараттар жеткізуші Беларусь (бағаның өсуі 0,8%) пен Ресейде (бағаның өсуі 3%) дәрі-дәрмек аса қымбаттай қоймаған.

Негізі, Еуразиялық экономикалық одақ аясында алып қарағанда, фармацевтика өнімдерінің қымбаттауы бойынша Қазақстан былтыр да екінші орында болған. Energyprom.kz өз шолуында ЕЭО сарапшыларының зерттеуін мысал етіп, Қазақстанда, мысалға, көрші Ресеймен салыстырғанда 50 препараттың 30-ның бағасы 9%-дан 310%-ға дейінгі аралықта қымбатап кеткенін алға тартады.

«Біртұтас фармацевтикалық нарықтағы мұндай диспаритеттің себебі – одақ құрамындағы елдерде бағаны мемлекеттік реттеу әдістері әртүрлі болуында. ЕЭО аясында Армениядан басқа елдердің бәрінде де дәрі-дәрмек бағасы қадағалауға алынған. Бірақ қалған төрт елде бағасы реттелетін препараттардың тізімі мен оларға қатысты талаптар әртүрлі және де бұл арада өзіндік бірқатар факторлар есепке алынады. Биылдан бастап біздің ел бағаны қайта реттеу (мемлекеттік реттеуді қысқарту тұрғысында – F) бағытын бетке алуда. Яғни, алдағы бірнеше жылда мемлекет бақылауындағы дәрі-дәрмек тізімі қысқара береді деген сөз», - деп көрсетеді шілдедегі шолуында Energyprom.kz сарапшылары.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпаратына сай, 2023 жылдың 10 қаңтарынан бастап Қазақстанда бөлшек саудадағы 376 шақты дәрі-дәрмектің бағасы мемлекет тарапынан реттеліп отырған жоқ. Бұлардың ішінде, мысалға, әртүрлі дәрумендер, гомеопатиялық препараттар мен қарапайым дейтін сырқат түрлерін емдеуде қолданылатын дәрілер де бар.

Мамандардың айтуынша, 2023–2024 жылдары елімізде рецептсіз берілетін басқа да дәрілік заттардың көтерме және бөлшек саудасын мемлекет тарапынан реттеу, ал 2024–2025 жылдары рецепт бойынша берілетін дәрілік препараттарды реттеу барысы біржолата то0татылады.

«Сөйтіп, 2026 жылға қарай Қазақстанда мемлекеттік реттеу тек кепілдендірілген медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында ауруханалар үшін сатып алынатын дәрілік заттарға қатысты ғана сақталады», - деп түсіндіреді сарапшы қауым.

Айтпақшы, Қазақстанға медициналық препараттарды импорттаушы негізгі елдің бірі РФ болғанымен, бұл елден дәрі-дәрмек жеткізу былтырдан бері біртіндеп қысқара түссе керек. Energyprom.kz шілде айында жария еткен шолуға сүйенсек, 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында елімізге жалпылай жеткізілген дәрі-дәрмек ауқымында солтүстік көршіміздің үлесі 21%-ды құраған. Аталған кезең аралығында Қазақстанға Ресейден 26,2 млн АҚШ доллары тұратын екі мың тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізілген.

Қазақстан нарығына дәрі-дәрмек жеткізіп жүрген тағы бір тұрақты ел, әрине, Қытай: күншығыстағы көршіміздің бұл тұрғыдағы үлесі 19%. Energyprom.kz мәліметінше, биылғы қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстанға Қытайдан жалпы сомасы 456,7 млн ​​АҚШ долларын құрайтын 9,8 мың тонна таблетка, дәрілік заттар және фармацевтикалық ерітінділер әкелінген.

Жеткізу құны бойынша Қазақстанға дәрі-дәрмек импорттаушы негізгі елдердің қатарында Германия мен Үндістан да бар. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында бұл елдерден елімізге 124,5 млн АҚШ доллары тұратын ауқымда дәрі-дәрмек импорттаған. Сарапшы қауымның айтуынша, бұл – отандық фармацевтика нарығындағы импорт көрсеткішінің үштен бірі болса керек.

«Дәрілік заттардың сыртқы саудасы туралы мәліметтерге қарап, Қазақстанда бұл тұрғыдағы тауарлардың импорт құрылымы өзгеріп келеді деп түйіндеуге болады. 2022 жылдың қорытындысы және биылғы жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында анық байқалғандай, Ресейден жеткізілетін дәрі-дәрмек ауқымы азайып, Қытай, Франция, Беларусь және Польша елдерінің үлесі ұлғайып келеді», - деп көрсетеді Energyprom.kz сарапшылары.

Айлық инфляция Қарағандыда күшейіп тұр

Ал енді ел ішіндегі айлық инфляция деңгейіне ден қойсақ: ҚР СЖРА ҰСБ хабарлауынша, 2023 жылдың тамызында Қазақстандағы тұтыну бағаларының айлық индексі 0,7%-ды құраған (шілде айындағы көрсеткіш 0,6% болатын).

ҰСБ мәліметінше, шілдедегі көрсеткіштерге шаққанда, биыл жаздың соңғы айында елімізде ақылы қызметтер 1,9%-ға қымбаттап, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,5%-ға өскен.

Статистик мамандардың айтуынша, шілде айымен салыстырғанда, тамызда ел ішіндегі инфляцияның өсуіне, ең алдымен, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы септік еткен. ҰСБ дерегінше, бұл тұрғыда, әсіресе, су тарту қызметтерінің бағасы 18%-ға өскен. Сол сияқты, суық су бойынша тарифтер бір айда 13,1%-ға, ыстық су бойынша – 7,8%-ға, электр энергиясы – 6,7%-ға, желі арқылы таратылатын газ – 5,5%-ға, қоқыс шығару, баспана шығыны – әрқайсысы 1,3%-ға қымбаттаған.

ҰСБ, сондай-ақ, өткен шілде айымен салыстырғанда тамызда қала ішінде қоғамдық көлікпен жол жүру бағасы 7,5%-ға, ұялы байланыс – 2,8%-ға өсті деп отыр.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде ҰСБ мәліметінше, биыл тамызда мектеп оқушыларының сөмкесі (ранец, рюкзак) 5,9%-ға, ал балаларға арналған киім-кешек пен аяқ-киім – 2,9%-ға қымбаттаған (әрқайсысы). Бұл, әдеттегідей, 1 қыркүйек қарсаңындағы бағаның маусымдық өсуі болуы да мүмкін.

Ал азық-түлік бағасы бойынша көрсеткіштерді Ұлттық статистика бюросы былайша түйіндейді: шілде айымен салыстырғанда, тамызда елімізде күріштің бағасы 2,1%-ға, консервіленген сүттің бағасы 1,1%-ға, сүттің және сиыр етінің бағасы – әрқайсысы 0,6%-ға, минералды және ауыз су – 1,4%-ға, салқындатылған сусындар – 1%-ға қымбаттады.

ҰСБ мәліметіне сенсек, тамызда жаңа піскен көкөністер бағасы 6,1%-ға картоптың бағасы 1,4%-ға төмендеген. Сол сияқты, тамызда күнбағыс майы 2,3%-ға, қарақұмық жармасы 2%-ға, құмшекер 1,8%-ға арзандаған.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, шілдемен салыстырғанда биыл тамызда инфляция бойынша ең жоғары айлық көрсеткіш Қарағанды облысында (1,3% – республикалық орташа көрсеткіштен 0,6 п.т. жоғары ), ал ең төмен көрсеткіш Шымкент қаласы мен Атырау, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында (0,2%-дан) тіркелген.

Ал жылдық мәнде алып алып қарағанда, инфляцияның ең жоғары деңгейі биыл тамызда Ақмола (14,1%), Солтүстік Қазақстан (13,9%) облыстарында, Астана (13,9%) және Алматы (13,7%) қалаларында, сондай-ақ Қарағанды (13,5%), Жамбыл (13,3%), Қызылорда (13,3%) және Жетісу (13,2%) облыстарында көрініс берген.

Кесте түріндегі мәліметтер ҚР СЖРА ҰСБ, Energyprom.kz сайттарынан алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить