ҰСБ: елімізде 1,5 млн теңгеден асатын айлық алатындар аса көп емес

57068

2022 жылмен салыстырғанда биыл басшылардың жалақысы орташа есеппен 13,9%-ға, ал біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысы 23,2%-ға өскен

Фото: © Depositphotos.com/MaxZolotukhin

Сол сияқты, аталған кезеңде өнеркәсіп, құрылыс, көлік сынды өзге де осы тектес салалардағы жұмысшылардың жалақысы 23,2% деңгейінде ұлғайып, өскен. Мұндай деректерді үстіміздегі аптада ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросы (ҰСБ) мәлім етті.

2023 жылдың сәуірінде Бюро еліміздегі қызметкерлердің санын есептелген жалақы мөлшеріне бөлу бойынша жыл сайынғы зерттеуін жүргізді, деп хабарлайды ҚР СЖРА ҰСБ.

Онда 2023 жылдың сәуір айында толық ауқымда жұмыс істеген қызметкерлер бойынша көрсеткіштер қамтылған. Бірақ зерттеу барысында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындар есепке алынбаған. Жалпылай алғанда, ҰСБ зерттеуіне еліміздегі барлық ірі кәсіпорындар қатысқан, сондай-ақ іріктеу негізінде орта және шағын кәсіпорындардың 30%-ы тартылған.

Зерттеуде 2023 жылдың сәуір айы үшін нақты есептелген жалақы туралы деректер пайдаланылған (оның ішінде барлық қосымша ақы, үстемеақы, сыйақы, салық және зейнетақы аударымдары түгел есепке алынған). Қызметкерлерді жұмысшылардың негізгі кәсіптері мен қызметшілердің лауазымдары бойынша бөліп көрсету Ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылды, деп отыр ҰСБ мамандары. Айта кетейік, Ұлттық кәсіптер сыныптауышы деген жіктеу ұғымы – ҚР инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің 2017 жылғы 11 мамырдағы №30-од бұйрығымен бекітіліп, қолданысқа енгізілген.

ҚР СЖРА ҰСБ мәліметіне сай, 2023 жылдың сәуір айында еліміз бойынша жоғарыда көрсетілген кәсіпорындарда толық ауқымда жұмыс істеген қызметкерлердің саны 3 437,3 мың адамды құраған, оның ішінде ерлердің үлесі – 49% (1 683,8 мың адам), әйелдердің үлесі – 51% (1 753,5 мың адам).

ҰСБ дерегінше, зерттеуге тартылған қызметкерлердің жалпы санына шаққанда, бүгінде елімізде 70 000 теңгеге дейін орташа айлық жалақыны ел ішіндегі қызметкерлердің 1,5%-ы алып отырғаны анықталған. Ал айына 70 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейінгі көлемде жалақы алған қызметкерлердің үлесі 22,8%-ды құраған.

Әрі қарай – айына 300 000 теңгеден 600 000 теңгеге дейін жалақы алғандардың үлесі зерттеуде есепке алынған қызметкерлердің 30,8%-ын құраса, 600 000 теңгеден 900 000 теңгеге дейін жалақы алғандар – 5,5%-ды, 900 000 теңгеден 1 200 000 теңгеге дейін жалақы алғандар – 1,7%-ды құраған.

Ал 1 200 000 теңгеден 1 500 000 теңгеге дейінгі айлықты қызметкерлердің 0,6%-ы алған болса, 1 500 000 теңгеден жоғары айлық жалақыны қызметкерлердің 0,9%-ы алғаны белгілі болған.

Айтпақшы, ҰСБ, сондай-ақ зерттеуге тартылған қызметкерлердің жалақысының медианалық мәнін де есептеп шығарған:  оның мөлшері 2023 жылы 251 356 теңгені құраған (2022 жылы 204 149 теңге болатын).

Бюро мамандарының түсіндіруінше, медиана дегеніміз – өсу ретімен орналастырылған бүкіл жалақы тобының орталық мәні, яғни оған сәйкес жұмысшылардың бір жартысының жалақысы осы мәннен жоғары, ал екінші жартысының жалақысы, керісінше, бұдан төмен болуы мүмкін.

Сол сияқты, ҰСБ мамандарының есептеуінше, аталған кезеңде қызметкерлердің жалақысының модалдық мәні 81 377 теңгені құраған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай мөлшердегі жалақы көрсеткіші ел бойынша мейлінше жиі кездесетін көрінеді.

ҰСБ мамандары өз зерттеуінде еліміздегі орташа айлық жалақыны саралаудың децильдік коэффициенті 6,0-ді құрағанын айтады. Жалақыны саралаудың децильдік коэффициенті: жалақы мөлшері ең жоғары дейтін қызметкерлердің 10%-ның ең төмен жалақысы – жалақы мөлшері ең аз дейтін қызметкерлердің 10%-ның ең жоғары жалақысынан қанша есе асып түсетінін көрсетеді.

 

Дерек көзі ҚР СЖРА ҰСБ

 

 

Дерек көзі: ҚР СЖРА ҰСБ

ҰСБ зерттеуінде жария етілген тағы бір қызықты дерекке мән берсек, бүгінгі таңда елімізде орта білімі бар қызметкерлердің бір айдағы орташа жалақысы 230 841 теңгені құраса керек.

Ал жоғары білімді қызметкерлердің айлық жалақысы 398 214 теңгені, ЖОО-дан кейінгі білімі бар мамандардың бір айдағы жалақысы 505 170 теңгені құраған.

Жалақы көрсеткішін қызметкерлердің жас шамасына қарай бөліп, талдағанда белгілі болғандай, елімізде 16-дан 24 жасқа дейінгі қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 223 165 теңгені, 25-тен 28 жасқа дейінгілердің жалақысы – 284 278 теңгені, 29-дан 34 жасқа дейінгілердің бір айдағы жалақысы 324 276 теңгені құраған.

Сол сияқты, 35-тен 44 жасқа дейінгі қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 356 082 теңгені, 45-тен 54 жасқа дейінгілердің айлығы 330 626 теңгені, 55-тен 64 жасқа дейінгі қызметкерлердің жалақысы айына 305 319 теңгені құраған.

Ал жасы 65-тен асқан қызметкерлердің бір айдағы орташа жалақысы 284 378 теңге төңірегінде қалыптасқан.

Инфографика ҚР СЖРА ҰСБ сайтынан алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube