Отандық сарапшылар базалық мөлшерлеме 15%-ға дейін төмендейді деп күтеді

11741

Қараша айында теңгеге демеу болар көрсеткіштің бірі мұнайдың қымбаттауы, деп есептейді ҚҚҚ сарапшылары

Фото: © pixabay.com/white_crows_nest

Олар, сондай-ақ, бұл тұрғыда Ұлттық қордан шетел валютасын сату да теңгені қолдаушы тетіктің бірі болуы тиіс, деп отыр.

Әдеттегідей нарық ішіндегі ойыншылардың қаржы нарығына қатысты кезекті пікір-болжамдарын ортаға салған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы, бұл жолы қараша айындағы ел ішіндегі бірқатар индикаторларды сарапқа салған.

Сарапшы қауымның пікірінше, бір айдан кейін USDKZT жұбы бойынша бағам 1 АҚШ долларына 474,3 теңгені құрауы ықтимал (бір ай бұрын айтылған болжам 481,3 теңге болатын).

Олар бұл тұрғыда өткен қазан айында теңгенің ептеп нығаюы (1,1%-ға немесе 5,35 теңгеге) көрініс беріп, Ұлттық қордан елеулі ауқымда шетел валютасы сатылғанын (үшінші ай қатарынан 1 млрд доллардан астам көлемде) әрі осы кезеңде мұнайдың қымбаттай түскенін мысал етеді. Бұл жағдайлар, деп түсіндіреді ҚҚҚ сарапшылары, теңге бағамы бойынша қысқа мерзімге болса да мейлінше жағымды болжам айтуға жол ашқан, бұған, сондай-ақ алдағы салық кезеңі де септік етсе керек.

Айтқандай, отандық сарапшылардың мұнайдың бір жылдан кейінгі бағасына қатысты пікірлері қарашада да өзгере қоймаған, бұл арада олар «тұрақты жағымды» дейтін позицияны ұстанған сыңайлы. Мұның себебін олар Сауд Арабиясы мен Ресей тарапынан мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы шешімді әрі қарай ұзартуы және Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің сақталуы аясында нарық ішінде мұнайға деген сұраныстың жоғары деңгейде сақталу мүмкіндігімен түсіндіреді.

Содан да болар, ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылардың дені Қазақстан экономикасының өсіп ұлғаюы тұрғысында біршама оң болжам айтқан, яғни өсу көрсеткіші 4,3%-ды құрайды деп (бір ай бұрынғы болжам 4,1% болатын). Дегенмен, бұл болжам нақты (2023 жылдың тоғыз айында 4,7%) және жоспарлы (экономикалық даму болжамында 2023 жылдың қорытындысы б/ша 4,7%) деңгейлермен салыстырғанда бәрібір төмен.

Ал ресейлік рубльдің нығаю мүмкіндігіне қазақстандық сарапшылар күмәнмен қарайтынын жасырмайды: USDRUB жұбының бір жылдан кейінгі бағамын олар 1 долларға 98,3 рубль деңгейінде қалыптасады деп болжайды (бір ай бұрынғы болжам 101,2 рубль болатын).

Сол сияқты, олар бір жылдан кейін елдегі тұтынушылар бағасы индексі 10,9%-ды құрайды деп отыр, бұл, әрине, елде байқалған инфляция деңгейінен (10,8%) алшақ емес. ҚҚҚ сарапшыларының пайымынша, мемлекет басшысының биыл инфляцияны екі есе, яғни 20,3%-дан 10,1%-ға дейін төмендету туралы тапсырмасы орындалуы әбден мүмкін. Алайда, инфляцияны 2024 жылы 5%-дық мақсатты деңгейге жеткізу мүмкіндігі әлі де қиын әрі күмәнға толы.

ҚР Ұлттық Банкінің – базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендету мүмкіндігі инфляцияның баяулауы 10%-ды құраған тұста ғана ықтималды деген «қатаң» ескертуіне қарамастан, сауалнамаға қатысқандардың 65%-ы – 24-қарашада базалық мөлшерлеме төмендейді деген болжам айтқан.

Оның 55%-ы базалық мөлшерлеме 15,0%-ға дейін төмендейді деп күтсе, 25%-ы – 15,75%-ға дейін төмендейді деп болжайды, ал қалған 18%-ы – базалық мөлшерлеме төмендеп, 15,5%-ды құрайды деген сенімде, деп көрсетеді өз зерттеуінде ҚҚҚ сарапшылары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить