Инфляция біртіндеп баяулап келеді

15403

Бірақ қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі әлі де төмен

Фото: © Depositphotos/MaxZolotukhin

2023 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция қарқыны елімізде 11,8%-ды құрады. Салыстыру үшін: тамыз айындағы көрсеткіш 13,1% болатын.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметінше, қыркүйекте айлық инфляция да ептеп баяулай түскен: бір айдағы көрсеткіш 0,6% (тамызда – 0,7% болатын).

Статистик мамандардың дерегінше, соңғы бір жылда елімізде азық-түлік бағасы 11,4%-ға (тамызда: 12,4%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауаралар бойынша 12,1%-ға (тамыздағы көрсеткіш 13,5%), ақылы қызметтер 11,9%-ға (тамызда: 13,9%-ға) қымбаттаған.

ҰСБ келтірген көрсеткіштерге мұқият мән берсек, соңғы бір жылда (2022 жылдың қыркүйегі мен 2023 жылдың қыркүйегі аралығында) азық-түлік өнімдері арасында, әсіресе, қырыққабат (74,3%-ға), күріш (41,3%-ға), жүзім (37,9%-ға), апельсин (32,8%-ға) бағасы шарықтап өскен.

Бағаның айтарлықтай қымбаттауы сәбіз (23,4%), минералды сулар (20,8%), пастерленген сүт (18,2%), жұмыртқа (13,6%), макорон өнімдері (12,6%) бойынша да байқалған.

Есесіне биыл қыркүйекте қарақұмық жармасы (18,3%-ға), құмшекер (18,1%-ға), сарымсақ (15,9%-ға), күнбағыс майы (14,8%-ға) арзандай түссе керек.

2023 жылдың кыркүйегінде елімізде дизель отыны 34,4%-ға, бензин 3,4%-ға, баллондағы сығымдалған газ 13,1%-ға, сондай-ақ темір жол арқылы жолаушы тасымалдау қызметі 10,5%-ға, әуе қызметі 6,8%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар, биылғы күздің бірінші айында коммуналдық тарифтердің әжептәуір өскені анық байқалған. Атап айтсақ: қоқыс шығару 34,9%-ға, су тарту 23,5%-ға, ыстық су бойынша 16,9%-ға, суық су және электр энергиясы үшін 15,2%-ға (әрқайсысы), баспананы күтіп ұстау шығыны мен орталықтан жылыту тарифтері 10,1%-ға өскен (әрқайсысы).

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республика бойынша алғанда 2023 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляцияның ең жоғары деңгейі Ақмола (13,2%), Жетісу (12,7%), Солтүстік Қазақстан (12,6%) облыстарында көрініс берген.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қыркүйекте Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 11,8%-ды құрады. Бұл жайында үстіміздегі аптаның басында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

2021–2023 жж. Қазақстандағы жылдық инфляция көрсеткіші

Дерек көзі: ҚР СЖРА ҰСБ

Тамыздағы тұтынушылық түйткіл

Айтқандай, Freedom Finance Global соңғы екі айда (шілде, тамыз) жүргізген Орталық Азиядағы экономикалық көрсеткіштер бойынша ауқымды зерттеу қорытындысына сүйенсек, биыл шілдеде қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі 101,5, ал тамызда 100,3 тармақты көрсеткен.

Тұтынушылардың сенім индексі, әдетте, бірқатар параметрлер бойынша есептелетін орташа арифметикалық көрсеткіш, яғни: тұтынушының жеке материалдық жағдайында орын алған және күтілетін өзгерістер, елдің экономикалық жағдайында орын алған және күтілетін өзгерістер, сондай-ақ ірі ауқымда сауда жасау үшін қолайлы жағдай туралы пікірлер дегендей. Freedom Finance Global жүргізген тамыздағы зерттеуге Қазақстаннан 3600 респондент қатысқан.

Данияр Оразбаев
Данияр Оразбаев

«Шілдемен салыстырғанда, тамызда қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі төмендеу шықты, бірақ ресми негіздегі оң мағынаға шаққанда бұл бәрібір жоғары көрсеткіш. 4,5 пайыздық тармақ (п.т.) шамасындағы елеулі төмендеу – ірі ауқымда сауда жасау үшін ағымдағы жағдай қаншалықты қолайлы дегенге берілген баға. Тамызда респонденттердің 38,6%-ы ғана «жағдай оң» дегенмен келісті (шілдеде 40,7% болатын). Сондай-ақ, тамызда қазақстандықтар өздерінің материалдық жағдайларына қатысты өзгерістер мүмкіндігін де біршама төмен бағалады. Әйтсе де «соңғы бес жылда экономика нашарлай түседі» дейтіндердің қатары тамызда 14,8%-ды құрады (шілдеде 16,9% болатын)», - дейді бұл тұрғыда Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев.

Ол, сондай-ақ тамыз айында қазақстандық респонденттердің инфляцияға қатысты пайымдары да, берген бағасы да төмен болды дегенді айтады.

«Біз күткендей, тамызда Қазақстанда жылдық инфляция 13,1%-ды құрап, әрі қарай төмендеуді жалғастырды. Қазақстандық респонденттердің инфляциялық күтулері де, берген бағасы да айтарлықтай төмен шықты. Тамызда айлық инфляция 0,7%-ды құрады, бұл алдыңғы үш айға қарағанда сәл жоғары. Бірақ инфляция құрылымына мән берсек, тамызда азық-түліктің орташа бағасында аса көп өзгеріс байқалған жоқ. Есесіне ақылы қызметтердің бағасы шілдеге шаққанда 1,9% деңгейінде қарқындап өсті», - дейді сарапшы маман.

Айтпақшы, тамыз қорытындысы бойынша әзірленген қазақстандықтардың инфляциялық күту динамикасы ҚР Ұлттық Банкі сауалнамасы мен Freedom Finance Global зерттеуінде бір-біріне қарама қайшы деуге тұрады. Мұнымен сарапшы Данияр Оразабаев та келіседі.

Мысалға, Freedom Finance Global өз зерттеуінде «бағаның бір айда шарықтап өсуін күтетін респонденттер үлесі 0,9 п.т., ал он екі ай бойынша – 0,6 п.т. деңгейінде төмендеді» деп көрсетеді. Ал Ұлттық Банк зерттеуінде керісінше, тамызда мұндай респонденттер үлесі сәйкесінше 2,1 п.т. және 6 п.т. деңгейінде ұлғая түскені айтылады.

«Бұл арадағы сәйкессіздіктер – респонденттерді іріктеу нәтижесінде туындаса керек: біздің сауалнамаға қалалықтар да, ауыл тұрғындары да қатысады. Ал Ұлттық Банк сауалнамасы тек қала тұрғындарын қамтыған. Айталық, біздің респонденттерді азық-түлік бағасы алаңдатса, Ұлттық Банк сауалнамасына қатысқандар азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің қымбаттағанына көбірек мән берген», - деп түсіндіреді Данияр Оразбаев.

Әйтсе де сарапшы маман, өз зерттеулеріндегі респонденттер пікірін жекелеген тауарлар мен қызметтер аясында қарастырғанда «ресми статистикаға барынша жақын» деп отыр.

«Тамыз айында респонденттер көкөніс пен жеміс бағасындағы маусымдық төмендеумен қатар, тұрмыстық химияның, сондай-ақ қант, тұз, өсімдік майы сынды өнімдердің ай сайын арзандап келе жатқанын анық байқаған. Сонымен қатар, нан және нан өнімдері, кондитерлік өнімдер мен сүт «мейлінше қымбаттап кетті» деп есептейтіндердің үлесі төмендей түскен. Яғни, алдыңғы алты айдағы ресми көрсеткіштермен салыстырғанда, тамызда бұл өнімдердің бағасы аса көп өсе қойған жоқ», - дейді ол.

Жалпы, Данияр Оразбаевтың айтуынша, биыл тамызда қазақстандық респонденттерді АҚШ долларының бағамы көбірек алаңдатқан.

«Тамыздағы зерттеу қорытындысы көрсеткендей, бір жылдан кейін «АҚШ долларының бағамы жоғары көтеріледі» деп есептейтіндер 54,7%-ды құрады (шілдеде 52,2% болатын). АҚШ валютасы «бір айдың ішінде қымбаттай түседі» дейтіндердің үлесі шілдедегі 26,6%-дан тамызда 34%-ға дейін өсті. Бұл, әрине, тамыздағы айырбас бағамындағы күрт толқулар салдарында туындаған жағдай», - деп түсіндіреді сарапшы маман өз  зерттеулеріндегі қазақстандық респонденттерінің пікірін.

Ал отандық валюта нарығындағы АҚШ долларының нығаю тенденциясы туралы сарапшы маман, бұл арада, сірә, Ресей рублінің әлсіреуі ықпал етсе керек дегенді айтады.

«Рубльдің әлсіреуі ресейлік тауарлардың арзандауына жол ашып, Ресей импортын ынталандыруда, сәйкесінше бұл жағдай теңгеге қысым жасамай қоймайды. Оның сыртында, квазимемлекеттік компаниялар бұрынғыдай валюталық түсімдерінің 30%-ын сатуға міндетті емес. Өз кезегінде, бұл теңгені қолдау тетіктерін азайтты. Сондай-ақ, ойыншылар нарықта теңге бағамының құлдырауын болжап, депозиттерді алдын ала шетел валютасына ауыстыруы мүмкін. Мұнымен қоса, қазір АҚШ долларының басқа да әлемдік жетекші валюталар алдында жаһандық нығаюы байқалуда. Американдық валютаның индексі тамызда 1,74%-ға өссе, қыркүйекте тағы 2,2%-ға өсіп отыр. АҚШ доллары әлемдік нарықта 2022 жылдың желтоқсанынан бері осынша қымбат болған жоқ», - дейді Данияр Оразбаев.

Айта кетейік, Freedom Finance Global биыл шілде және тамыз айларында жүргізіп бастаған Орталық Азиядағы тұтынушылық сенім көрсеткіші бойынша макроэкономикалық зерттеу Қазақстанмен қатар Қырғызстанның, Өзбекстанның және Тәжікстанның тұтыну нарықтарын қамтиды. Онда тұтынушылық сенім, инфляцияға берілетін баға және тұрғындардың АҚШ доллары бағамына қатысты пайым пікірлеріне негізделген көрсеткіштердің өзгеріс динамикасын бағалау мүмкіндігі есепке алынған.

Freedom Finance Global зерттеуіндегі деректерге сүйенсек, Орталық Азиядағы тұтыну көрсеткіштері бойынша жетекші орынға биылғы шілде мен тамызда Тәжікстан жайғасқан: мұндағы тұтынушылық сенім индексі, сәйкесінше, 134,5 және 140,8 тармақты құраған. Яғни, Қазақстанмен салыстырғанда (101,5 және 103,1) бұл елдегі тұтынушылық ұстаным сипатын оптимистік сарында деп бағалауға болады.

«Мұндай алшақтық тұтынушылар тарапынан өз еліндегі экономикалық жағдайға берілген болжам мен бағаға сай қалыптасқан. Мүмкін, ішкі жалпы өнімі біршама төмен ел ретінде Тәжікстан Қазақстаннан әлдеқайда жоғары өсу қарқынын көрсетсе керек. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан респонденттер қолданатын тіл де бұл арада өзіндік рөл ойнауы ықтимал. Әдетте Орталық Азияның орыс тілді тұрғындарының жауаптарында пессимистік көңіл-күй жоғары. Ал Тәжікстанға қарағанда біздің сауалнамада орысша сөйлейтін қазақстандықтардың үлесі басым болды», - дейді Данияр Оразбаев.

Сарапшы маманның айтуынша, қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі Орталық Азиядағы өзге көршілерден төмендеу шыққанымен, бейтарап аймақта тұр. Яғни, қазақстандық тұтынушыларды «оптимистер» және «пессимистер» де екіге бөлуге болады, дейді ол.

«Тамызда тұтынушылық сенім көрсеткіші Өзбекстан мен Тәжікстанда жоғары болды және тұтынушылардың өз материалдық жағдайына берген бағасы Тәжікстаннан басқа елдердің бәрінде төмен шықты. Әйтсе де қазақстандық және өзбекстандық тұтынушылар өз елдеріндегі ағымдағы экономикалық жағдайға біршама оң баға берді», - деп түсіндіреді өз зерттеулеріндегі көрсеткіштерді сарапшы Данияр Оразбаев.

Айтқандай, Еуропаның қайта құру және даму банкі жария еткен соңғы мәліметтерде Орталық Азия елдерінің экономикаларындағы жоғары белсенділік сақталып, 2023 жылы 5,7%, ал 2024 жылы 5,9%  деңгейінде өсу қарқынын көрсетеді деген болжам айтылады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить