Нью-Йоркта қазақстандық заң компаниясы өз жұмысын бастауда

12083

Кеңсе қандай қызмет ұсынады, оның негізі қалай қаланды

Айгерім  Берекешова
Айгерім Берекешова

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген Ilf Adilet & Alem компаниясының басқарушы серіктесі Айгерім  Берекешова  айтып береді.

F: Айгерім, компания кай кезде, қайда және қалай құрылды?   

- Ilf Adilet & Alem компаниясы алғашқы кезде «Әділет & Әлем» Халықаралық заң фирмасы болып 2012 жылдың 12-ші айының 12 жұлдызында құрылып, өз жұмысын бастады.  Бұл датаны біз арнайы күттік. Әдемі сандар тізбегін жақсылыққа баладық. Бірақ біз ол күнге дейін де жұмыс істеп жатқан болатынбыз. Сол себепті де жаңа тіркелген күннің өзінде, бізде жұмыс бастап кетуге дайын клиенттеріміз болды. Алғашында Алматыдан бастасақ, кейін Елордадан аштық. Қазір екі қалада жұмыс істеудеміз. 

F: Компанияны ашу үшін бастапқыда не қажет болды?

- Алғашында өзімізге деген сенімділік керек болған шығар. Одан кейін әрине бастапқы қаражат, толық бизнес жоспар  және идея қажет болды.  Себебі басқа салалармен салыстырғанда заң саласы өзгеше. Өйткені сіз өзіңізді және бизнесіңізді тек тәжірибелі қолға тапсырғыңыз келеді. Біздің саланың басты тауары білім мен тәжірибе болып саналады.

F: Қандай қызмет түрлерін көрсетесіздер?

- Компания халықаралық бизнесті жүргізумен айналысады және түрлі жобаларға құқықтық қолдау көрсетеді. Ішкі бақылауымыздың арқасында біздің компания құжаттаманың сапалы орындалуын қамтамасыз етеді және біз әр жобаны толықтай өз жауапкершілігімізге аламыз. Заңды және жеке тұлғаларға арналған жұмыстарды, жобаларды сәтті шешудің әртүрлі жолдарын іздейміз. Біздің заңгерлеріміз келісімшарттарға қол қою және келіссөздерге қатысу арқылы түрлі жобаларды сәтті жүзеге асырады, олар өндіріс, құрылыс, инвестициялар, электрондық коммерция, логистика, фармацевтика, ақпараттық технологиялар және басқа салаларда жұмыс жасайтын қазақстандық және шетелдік компаниялардың мүдделеріне өкілдік етеді. ILF «Adilet & Alem» мамандары клиенттермен жұмыс жасағанда кешенді және көп салалы тәсілдерді қолдана отырып, белгілі бір бизнес контексінде тиімді шешімдерді ұсынады. Біз өз қызметімізді барлық құқықтық салаларда ұсына аламыз. Соның ішінде келісімшарттық заңнамада, корпоративтік құқықта, кедендік, экологиялық заңнамада, дауларды шешуде, қаржы және бағалы қағаздар саласында, компанияларды тіркеуде, зияткерлік меншік, еңбек заңнамасында, сатып алуларға қатысуда, салық заңнамасында, жылжымайтын мүлік және жер қойнауын пайдалану салаларында қызмет көрсетеміз.

F: Бизнес қалай жүйеленді? Заңдық қызмет қалай қалыптасты?   

- Қазіргі таңда жеке инвесторларға, заңды тұлғаларға, корпорациялар мен халықаралық компанияларға қызмет көрсетіп келеміз. Заң бизнесі өте күрделі бизнес. Ол белгілі бір тауарды сату емес. Ол дегеніміз өзіңді миыңды, кәсіпқойлығыңды, өз тәжірибеңді сату деген сөз. Бұл бизнес жылдар бойғы тәжірибемен жетілдіріледі. Оны жақсы не жаман деп айту мүмкін емес. Оны түсіну үшін тек өзің сол жолдан өтіп көр деп қана кеңес бере аламыз. Бізге ең басында сенім білдіргендер негізінен шетелдік компаниялар мен шетелдік тұлғалар болды. Біз шетелдік компанияларда аудит жүргіздік, тиісті жарнамамызды жасадық, оларға коммерциялық ұсыныстарымызды жолдадық, кездесулер өткіздік, сұқбаттар бердік. Біз жұмысты осылай бастадық. Ал қазір компания өзіне бұлайша жарнама жасамайды. Біз жай ғана белгілі бір рейтингтік анықтамалық журналдарға, ақпараттық анықталықтарға шығамыз, және бізді сол жердегі серіктестеріміздің ұсыныстары бойынша тауып алып жатады. Алғашында оңтайлы маркетингтік тәсілдерді табуға, жарнамамызды сатуға тырысатынбыз. Бірақ жылдар өте келе біз бәрінен де маңыздысы біздің өзіндік ерекшелігіміз екенін ұқтық.

F: Алғашқы жұмыс кімдермен басталды? Қазіргі таңда қандай компаниялармен жұмыс істеудесіздер?

- Алғашқы жұмысты құрылыс компанияларымен бастаған болатынбыз. Ал қазіргі клиенттеріміздің ішінде Халықаралық Отис компаниясы, Американа групп (KFC, Hardees, Costa and Pizza hut), Food solutions KZ (MC DONALDS), Eni, PetroChina KZ, Aries More KZ бар. Көптеген компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді атай алмаймыз: себебі олармен құпиялықты ашпау туралы келісім шарттарға қол қойылған.

F: Америкада компанияның өкілдігін ашу қаншалықты маңызды болды?

- Бірден бір себеп болғаны – нарықтағы сұраныс. Яғни, казіргі кездегі халықаралық операциялар, бизнестің келесі деңгейге шығуы. Жаһандану процесінің барысында Қазақстанда және басқа ТМД мемлекеттерінде бизнес инвестияларды тарту қиындықтармен жүзеге асуда. Сол себепті дәл қазіргі уақытта осы қадам өте маңызды.

F: Ондағы нарық, бәсеке қандай? Алдын ала зерттеулер жүргізілді ме?

 - Әрине, біз бұл жобада келе жатқанымызға бірталай уақыт болып қалды. Нарық бәсекелестігі өте жоғары. Бірақ біздің дайындығымыз да бәсекеге төтеп бере алатындай.

F: Компанияның кеңсесі қайда орналасады? Жалға аласыздар ма, әлде өз кеңселеріңіз бола ма?

- Иә, біз Нью-Йоркте өз кеңсемізді ашқалы отырмыз. Біз негізі ондағы жұмысымызды біраз уақыт бұрын бастап кеттік, бірақ ресми түрде алдағы 12-ші айдың 12-і күні ашуды ойлап отырмыз. Ал оның себебін жоғарыда атап өттім. Онда бізден Абзал Мыңбаев және Руслан Құрманғалиев барады.   Кеңсе туралы айтатын болсақ, біз қазір бұл кеңсені меншікке сатып алу туралы келіссөздер жүргізудеміз. Біздің түпкі ниетіміздің өзі кеңсені жалға алу емес, сатып алу болатын. Себебі жергілікті контингенттен команда құруды, өзіміздің фирмалық ерекшелігіміздің болуын қалаймыз. Қазақстандық мамандарымызды Нью-Йоркке жіберіп, білім мен тәжірибе алмасуларына жағдай жасаймыз. Біздің бухгалтер-қаржыгеріміз қаржы секторында, заңгеріміз белгілі бір штаттың адвокаттар алқасында біліктіліктерін көтеретін болады. Бұл әрине қиын әрі ұзақ жол. Бірақ біз оның дұрыс жол екенін білеміз.

F: Олай болса сатып алатын кеңсенің бағасы қанша?

- Нью-Йоркте жылжымайтын мүліктің бағасы оның орналасқан жеріне байланысты. Бірыңғай баға жоқ, бағалары әртүрлі болып келеді. Мысалы бір аймақтың өзінде $300 000 дейін айырмашылықтар болуы мүмкін.

F: Табыс, кіріс, сұраныс  көлемі қандай болмақ?

- Әрине, кірістер мен шығыстарды салыстыратын болсақ, біздікінен әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында заң қызметін ұсынатын 500-ден астам серіктестіктер бар, адвокаттар 4,5 мың адамды құрайды, жеке практиктердің және корпоративті заңгерлердің саны да жетерлік. Ірі компаниялар корпоративтік ережелерге сәйкес нарықта шетелдік компаниялармен жұмыс істейді. Қызметкерлеріміз білімі мен тәжірибесінің арқасында жұмысқа қабылданатын Қазақстан азаматтары. Біздің мақсатымыз - сыртқы нарыққа шығу және жас заңгерлерге, қызығушылық танытқан адамдарға және компанияларға тікелей тұратын, еліндегі инвесторлар үшін заңнамамен және бизнес мүмкіндіктерімен (преференцияларымен) танысуға мүмкіндік беру. Біз экономикалық, өнеркәсіптік, инвестициялық және басқа да даму бағыттары бойынша бірінші болып АҚШ-ты таңдадық. Сонымен, нарық пен қоныстану мәселесіне қайта оралсақ, қазір Нью-Йорк халқының саны 8,405 млн, агломерация 20,63 млнды құрайды, сәйкесінше клиенттік база артады, яғни төлемге қабілеттілер жалпы халықтың 10% құрайды. Осылайша компанияларға заңды қызмет көрсететіндер санын шамалай беруге болады, яғни, бізге сұраныс болады деген логикалық қорытындыға келеміз. Ал ТМД елдерінде әлдеқайда аз, посткеңестік кеңістіктегі заңдар мен олардың дамуы, географиялық, тарихи және экономикалық ұқсастықтарына байланысты бірдей болып келеді.

F: Сіздерде кімдер қызмет етеді? Команда кімдерден құралған?

- Біздің командамызда заңгерлер, кеңесшілер және корпоративтік қаржы саласы мамандары бар. Біз халықаралық жобаларды жүзеге асырамыз және біздің командамызда Италия, АҚШ және Ұлыбританияның мамандар тобы бар. Бізге заң саласын жанымен сүйетін жас мамандар қажет.

F: Сіздер ұсынатын қызмет түрлері қалай бағаланады?

- Мұның бәрі жобаға, жұмсалған ресурстарға және уақытқа байланысты. Көрсетілетін қызмет түрлерінің орнатылған бағалары бар.

F: Жуырда  Forbes Kazakhstan жариялаған «30 жасқа дейінгі 30» тізіміне енгеніңізді білеміз. Бұл қатарға қалай қосылдыңыз?

- Біздің кеңсемізде достық ахуал орнаған. Біз әрдайым әріптестеріміздің бастамаларын қолдаймыз, сондықтан сәйкесінше жауап аламыз. Біздің заңгер Forbes(қа) өзі өтініш берген болатын, кейінірек бұл жайлы маған айтты. Мен «неліктен болмасқа» деп шештім, себебі менің нәтижелерім жастарды ынталандыруы мүмкін. Әрі қарай біз қажетті ақпараттарды, құжаттарды ұсындық, ұйымдастырушылармен кездестік, сұхбат жүргіздік. Іріктеудің барлық кезеңдерінен өткеннен кейін, үздік отыздыққа кіргенім туралы хабарлады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить