SMG ұлттық брендінің негізін қалаушы: Етікші болу ұялатын кәсіп емес

64397

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы елімізде сатылған әр 100 аяқ киімнің үшеуі ғана Қазақстанда жасалған. Демек, ішкі нарықта сатылатын аяқ киімнің 97%-ы шетелден келеді деген сөз

Самғау Нәсіпқанұлы, SMG компаниясының атқарушы директоры
Самғау Нәсіпқанұлы, SMG компаниясының атқарушы директоры

Самғау Нәсіпқанұлы – елдегі отандық өнім индустриясын дамытуға үлес қосып отырған етікші дизайнер әрі кәсіпкер. Аяқ киім тігіп келе жатқанына 12 жылдан асқан. Алғашында Шығыс Қазақстан облысында қарапайым қолөнерші ретінде бастаған ол, 2014 жылы Астанаға көшіп, өндіріс цехы мен аяқ киім сататын дүкен ашқан. Нақты бизнес саласына келгелі үш жылдай болған.

«Шеберлігімді жетілдіріп, қазақстандық аяқ киімнің санын көбейту мақсатында өндіріске қадам бастым. SMG ұлттық аяқ киім брендінің негізін қаладым. Қазір командамда 13 адам жұмыс істейді», - деп әңгімелейді өз кәсібі туралы Самғау мырза.

SMG брендінің қазақстандық басқа да өнімдерден басты ерекшелігі – ұлттық қолөнер мен ою-өрнектерді заманға лайықтап, ұсыну. Отандық өнім, оның ішінде ұлттық статусты да қосып отыр. Былайша айтқанда, Самғау мырза өзі дизайнер, өзі кәсіпкер, өзі компанияның атқарушы директоры.

«Аяқ киімнің дизайнын өзім сызамын. Етікке ою жабыстырып қою әдемі деген сөз емес. Минимализмді сақтай отырып, өнімді барынша ұтымды етіп беруге тырысамын. Табанында немесе негізгі бөлігінде ұлттық оюымыздың элеметтерін қолданамын. Сатып алушылар да ұлттық оюы бар етіктерге қызығушылық білдіріп жатады», - дейді ол.

Самғау Нәсіпқанұлы өз бизнесінде кластерлік даму моделін қолданады, яғни отандық шикізатты пайдаланып, дайын өнім жасап шығарады.

«Етік тігу ата-бабамнан келе жатқан кәсіп. Бала кезден көріп өскендіктен, ойланбастан осы өнермен айналыстым. Шыны керек, мен бұл салаға қолөнер арқылы келдім. Бизнестің көзқарасымен қарасам, бастамайтын ба едім. Бірақ біртіндеп бизнес саласы бойынша да білімімді жетілдірдім. Сөйтіп, кластерлік даму моделін жолға қойдық. Бірақ бізде кластерлік даму қиынға соғады. Себебі елімізде аяқ киімге қажет қарапайым табан шығаратын цех та жоқ», - дейді Самғау мырза.

SMG өнімі
SMG өнімі

Соған қарамастан SMG компаниясы қалған шикізатты отандық өндірістерден алады. Мысалы, Екібастұз қаласындағы КазЛидермех, Семейдегі «Семей тері», Шымкенттегі «Тұран тері», Ақсеңгірдегі «Алматы тері» зауыттарынан шыққан тері мен мехты қолданады.

«Өзбекстанда теріні сыртқа шығаруға тыйым салынған. Нәтижесінде көршілеріміз тері өндіріп, өңдеуде алдыңға орында, аяқ киім шығарудан да прогресс бар. Бізге де мемлекет тарапынан отандық өнімді қолдауға негізделген бірқатар шара қажет. Мысалы, бір сиырдың терісін 15–20 долларға шетелге шиккізат күйінде сатып жіберуге болады. Ал егер сол тері өз елімізде қалса, біреуінен кем дегенде 10 жұп аяқ киім тігеміз. Есептей беріңіз, бір етіктің орташа бағасы 40–45 мың теңге. Шикізат дайын өнімге айналып, қанша табыс өзімізде қалады. Егер шикізат жеткілікті болса, теріден қаншама дүние жасауға мүмкіндік бар. Мысалы, кәсіби доп, бас киім, тон, белдік секілді бір терінің өзінен бірнеше зат шығара аламыз. Отандық өндірістің бет алысы осындай болуы керек деп ойлаймын», - дейді Самғау мырза.

SMG компаниясы күніне 40 жұп аяқ киім шығарады. Оны әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, инстаграмда, фейсбукта өз белсенділіктерін де көрсетіп отырады.

«Әлеуметтік желіні дұрыс пайдалансақ, жер шарының арғы бетіне де өз өнімімізді таныстыра беруге болады. 2014 жылдан бастап жеке парақшама өзім жасаған әр өнімді тоқтаусыз сала беретінмін. Бірақ ол кезде арнайы мамандардың қызметін қолданған жоқпын. Ал соңғы жылдары сапалы контент шығаруға мән бергенді жөн көрдім. Командамда әлеуметтік желіге, маркетингке жауап беретін кәсіби қызметкерлер бар. Бизнес форумдарға қатысып, кітап оқып, білімімді шыңдауға да тырысамын. Бұның барлығы біздің компанияны әрі қарай дамытып, біздің өнімді әлемдік деңгейге шығару үшін білімге жасалып жатқан инвестиция деп есептеймін», - дейді компания басшысы.

SMG компаниясын басқалардан ерекшелеп тұратын тағы бір фишкасы – жастар арасында қарапайым еңбек адамының даму жолын, имиджін қалыптастыру. Самғау Нәсіпқанұлының айтуынша, бұл нарықта қазір сапалы қолөнер шеберлері аз, жастар жағы етікші болуға арланады.

SMG өнімі
SMG өнімі

«Командама сапалы шебер таппай қиналамын. Көпшілік жұрт «жұмыс жоқ» деп мұң шағады. Ал «мынаны істе» деп алдына барсаң, тұра қашады. Меніңше, бұның басты себебі – еңбек адамының жұмысы қазір дұрыс насихатталмайды, дұрыс бағаланбайды. Біздің елде «етікшімін» десең көпшілік мұрнын шүйіріп қарайды. Ал, айталық, Швейцарияда сағат шығаратын, аяқ киім тігетін қолөнершілердің статусы депутаттардан да жоғары тұр. Етік тігу – бұл ұялатын нәрсе емес, керісінше қолынан осындай өнер келетініне мақтанышпен қарау керек», - дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде ел аузында да, әлеуметтік желіде де блогерлердің, жұлдыздардың өмірі мінсіз көрсетіліп, олар жұртты оңай ақша табуға шақырып жатады, содан да қазір жастар өз қолымен дүние жасап, еңбектенуге аса қызықпайды.

SMG өнімі
SMG өнімі

«Әрине мен өзгелердің еңбегін құнсыздандырып отырған жоқпын. Бірақ жарқырағанның бәрі алтын емес, осыны түсінетін кез келді. Еңбексіз, маңдай терсіз табысқа жету мүмкін емес. Біздің әрі қарай дамуымызға әсер ететін ең басты нәрсе – отандық өндірісті дамыту. Біз маңайдағы көршілерімізбен білім, ғылым, өндіріс, кәсіп жағынан жарысуымыз керек. Ол үшін, жоғарыда айтып өткенімдей, еңбек адамының иимджі дұрыс насихатталуы шарт. Мысалы, Түркияда Мүсірет өзінің мейрамханасын кретивті жолдар арқылы әлемге жарнамалай алды. Соған қарап, көпшіліктің көкейінде тамақ жасап та, қасапшы болып та өз брендін қалыстастыруға болады екен деген сенім қалыптасты. Дәл осындай креативті жолдарды қолданып, мен де еңбек адамының жетістікке жете алатынын көрсеткім келеді. Жұрттың бәрі әнші, биші, спортшы бола бермейді, соны түсінгендер өз икемі келетін кәсіппен айналысып, өміріне мән-мағына бере алса екен деген тілегім бар», - дейді SMG компаниясының негізін қалаған кәсіпкер.

Самғау мырза өзі тіккен аяқ киімдер шетелдік сапалы өнімдерден еш қалыспайды деп отыр: «керісінше, артықшылығы жағынан қарасақ, халыққа бағасын қолжетімді етіп ұсынуға тырысамыз».

«Ұлттық өнім деген статус біздің сапалы жұмыс жасауымызға тікелей әсер етеді. Біз де болашақта Түркия, Италияның аяқ киімдері қатарында «Қазақстандікі» деген өнімнің жарқырап тұрғанын қалаймыз. Ол үшін сапалы шикізат қолдануға тырысамыз. Мысалы, базардағы 80% өнімге синтетика қосады. Олар аяқты терлетіп, жағымсыз иіс шығарады. Ал біз тек таза табиғи былғарыны қолданамыз. Аяқ киім шығарудағы тағы бір басты қателік – табандары суық күнге шыдамай, ортасынан айырылып кетеді. Біз өз өнімімізді сапалы етіп шығару үшін Италия,Түркия, Өзбекстан, Ресейден мықты әрі жеңіл табандарды алғызамыз. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес, бар. Көбінесе бізде өндірілетін терілердің тұзы мен майын дұрыс шығармай жатады. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда біртіндеп оңалып келе жатыр», - деп түсіндіреді Самғау Нәсіпқанұлы.

SMG өнімі
SMG өнімі

Айта кету керек, SMG ұлттық аяқ киім бренді мемлекеттен ешқандай қолдау алып көрмеген. Қазіргі таңда өздері жасаған өнімдерінің ақшасына қызметкерлердің жалақысын төлеп, материалдарын алып, өндіріс цехын жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуде.

«Мемлекет тарапынан, көп жағдайда, жаңадан аяққа тұрып келе жатқан кәсіпке грант ұтып алуға болады. Шыны керек, үкімет беретін 4–5 млн теңгені біз өзіміздің ақша айналымымызбен-ақ тауып отырмыз. Тек біз ғана емес, елімізде әлемдік деңгейге сұранып тұрған компаниялар жеткілікті. Осындай кезде билік тарапынан отандық өнімнің дамуына арналған нақты стратегиялық қадамдар мен қолдаулар қажет. Сонда ғана ішкі өндірісіміз дамып, алға жылжи аламыз», - дейді кәсіпкер.

Өз бизнесін жүргізу мақсатында Самғау мырза әртүрлі инвесторлар тартып та көрген. Бірақ нәтижесінде бұл қадам екі тарап үшін де тиімсіз болып шыққан. Оның пікірінше, бұның басты себебі – қоғамда сапалы, білімді инвесторлар саны аздау болса керек. Әйтсе де ол, креативті бизнесті қолдаймын деушілерге есігіміз ашық деп отыр.

SMG өнімі
SMG өнімі

SMG ұлттық бренді ұсынған аяқ киімдерді қарапайым халықпен қатар, бизнесмен Марғұлан Сейсембай, әлемдік деңгейдегі әншіміз Димаш Құдайберген де сатып алған.

«Біздің барша тұтынушыларымызға алғыс айтқым келеді. Олар біздің өнімдерді тек сатып алып қана қоймай, жылы лебіздері мен тілектерін де білдіріп жатады. Мысалы, қарапайым көпбалалы отбасы алты баласына бірдей бізден қыстық етік алып, қуана киіп жүр. Әлеуметтік желіде де біздің видеоларымызды таратып, қолдап жатқандар бар. Сол кісілерге ризамыз, олар бізге әрдайым күш-қуат береді. Әрине, өз өніміміздің сапасын арттыру мақсатында біз де қолдан келгеннің бәрін ескереміз», - дейді SMG компаниясының атқарушы директоры. 

Бүгінгі таңда он үш адамды жұмыспен қамтып отырған Самғау Нәсіпқанұлы 2024 жылы цех жұмысын кеңейтіп, 30–40 адамды жұмысқа тартуды көздеп отыр. Биылғы жылға белгіленген жоспардың бірі – әлеуметтік желі арқылы челлендж видео жариялап, ақша айналымынан бөлек 50 млн теңге қаражат жинап, тігін станоктарын жаңарту дегенге саяды.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен өз рұқсатымен алынған

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить