Алматыда төменгі қабаттардағы пәтерлерге деген сұраныс қашаннан жоғары

36712

Сәуірдің басында Тайван елінде болған жер сілкінісінен кейін еліміздегі құрылыс нысандарының сапасы туралы әңгіме қоғам ішінде қайтадан қозғала бастады

Фото: © Андрей Лунин

Ресми мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері Қазақстан аумағында 40 мыңнан астам жер сілкінісі көрініс берсе, оның дені Алматы аумағында тіркелген. Жерасты дүмпулері оңтүстік астананың тұрғын үй нарығына қаншалықты әсер етуде? Біз бұл сұрақты сала ішіндегі мамандарға жолдағанды жөн көрдік.

OLX.kz сараптамалық қызметінің мәліметінше, Алматыда 2024 жылдың 4 наурызы мен 10 наурызы аралығында 1–3 қабаттардағы пәтерлерді ұзақ мерзімге жалға алуға сұраныс бірден 51%-ға артқан. Ал төменгі қабаттарда орналасқан пәтерлерді сатып алу келісімшарты 57%-ға дейін жеткен. Компания өзі жүргізген зерттеуге сүйеніп, «соңғы айларда қала тұрғындары табиғи апаттарға анағұрлым төзімді үйлерді таңдай бастады» деген қорытынды жасайды. 

Мұны отандық риелторлық компания өкілдері де жоққа шығармайды. Дегенмен, олар жер сілкінісін нарық ішіндегі баға өзгерісіне әсер етуші тікелей фактор ретінде қарастырмайды. «Мечта» жылжымайтын мүлік агенттігінің элиталық мүлікті сату бөлімінің бастығы Бақытжан Жанашев мұны «бастапқыда кең тарайтын ұжымдық қорқыныштың лебі ғана» деп түсіндіреді.

Бақытжан Жанашев, жылжымайтын мүлік агенттігінің элиталық мүлікті сату бөлімінің бастығы
Бақытжан Жанашев, жылжымайтын мүлік агенттігінің элиталық мүлікті сату бөлімінің бастығы
Фото: жеке архивтен

«Алматыда қаңтарда болған бірінші жер сілкінісінен кейін тұрғындар арасында үй сату туралы жарнамаға қызығушылық арта бастады. Бұл үрдіс шамамен ақпанның соңына дейін жалғасты, ал 4 наурыздан кейін қайта қызды. Негізі, Алматыда Наурыз мейрамы қарсаңында жер үйлерге деген сұраныс жыл сайын арта түседі. Сондықтан мұны жер сілкінісіне ғана байланысты дей алмаймыз. Ал төменгі қабаттардағы пəтерлер қала бойынша қашан да сұраныста. Жалпы, Алматыда қажетті көлемдегі кеңселерді табу оңай емес. Сондықтан, төменгі қабат тұрсын, бос кеңсе табылғанның өзіне қуанатындар бар. Әрине, қалада 25–30 жыл тұрып жатқан тұрғындар Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын жақсы біледі. Әдетте мұндай оқиғалардан кейін болатын ұжымдық қорқыныш 4–6 ай ішінде басылып, сабасына түседі», - дейді Бақытжан Жанашев.

2023 жылы сол кездегі төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Алматының тектоникалық плиталардың 27 қауіпті нүктесінде орналасқанын айтқаны есімізде. Олардың негізгі бөлігіне қаланың таулы аймақтары кіреді. Ең қауіпсіз аудан – Түрксіб ауданы болса, Медеу, Бостандық аудандары қауіпті нүктелер қатарында деп саналады. Ал бұл аудандардағы ғимараттардың тектоникалық төзімділігі туралы архитектор, урбанист әрі «Мемсараптама» РМК сарапшысы Риза Қаратай айтып берді. Маманның айтуынша, қаладағы ғимараттардың барлығы дерлік арнайы ережелерге сай тексеріледі. Ал бұрынырақ салынғандарының сейсмикалық төзімділігін арттырудағы ең тиімді амал – объектінің техникалық қорытындысына сай жұмыс істеу.

Риза Қаратай, РМК сарапшысы
Риза Қаратай, РМК сарапшысы
Фото: жеке архивтен

«Алматы қаласы бойынша ғимараттар мен құрылыс нысандарының максималды биіктігін көрсететін бас жоспар əзірленген. Сондай-ақ, сейсмикалық ахуал кезінде ғимараттар арасындағы тектоникалық саңылауларды, блоктар арасындағы эвакуациялық жолдарды белгілейтін «Алматы қаласының сəулеттік келбетін қалыптастыру жəне қала құрылысы» ережесі бар. Қазақстанда құрылыс нормалары (СПРК 2.03-30-2017), үйлестірілген еуропалық стандарттар Eurocodes бар. Еурокодтарға Қазақстанға сəйкес келетін ұлттық қосымшалар қосылады. Бұл стандарттар жобалаудан, құрылыстан жəне пайдаланудан бастап қатаң сақталса, жер сілкінісі кезінде ауыр залал, зардап болмайды», - дейді сарапшы.

Мамандар қаладағы ғимараттардың дені 9 баллға дейінгі зілзалаға төзімді етіп салынғанын айтады. Десе де, сақтықта қорлық жоғын ескертіп, сақтандыру компанияларына жүгінуді де ұсынып отыр. Олардың айтуынша, қала тұрғындары өз баспанасын табиғи апаттардан сақтандыруға болатынын біле бермейді. Осы ретте біз «Аманат» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Жиенбаевпен байланысып, сақтандырудың тиімді тұстары жөнінде сұрап білдік.

Әлібек Жиенбаев, «Аманат» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары
Әлібек Жиенбаев, «Аманат» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары
Фото: жеке архивтен

«Үйіңізді сақтандыру арқылы өрт, су тасқыны немесе жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайлар кезінде толық немесе ішінара өтемақы ала аласыз. Дамыған және дамушы елдерде тұрғын үйді сақтандыру – үйреншікті жағдай. Мұны пәтерді сатып алу немесе жалға алу кезінде автоматты түрде рәсімдейді. Себебі, қазір сақтандырудың арқасында тұрғын үй жоғары бағаланады. Әрі оған тыйым салу шаралары қойылмайды. Үйіңізді сақтандыру үшін тиімді шарт ұсынған компанияны таңдап, техникалық құжаттарды толық тапсыру қажет», - дейді Әлібек Жиенбаев. 

Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылдың басында earthquakes.zone дайындаған жер сілкінісі бойынша әлемдік рейтиңде Қазақстан 100 елдің ішінде 6-шы орыннан көрінген болатын. Өткен жылмен салыстырғанда, еліміз биыл 58 позицияға алға жылжыған. Биыл жыл басынан бері ел аумағында 5056 жер сілкінісі тіркелген. Орталық сейсмологиялық обсерватория басшысы Жансая Досымбекованың айтуынша, Алматы бүкіл Орталық Азия қалалары арасында жер аумағында 10 балдық жер сілкінісі қауіптілігі бар қала. Бірақ дәл қазіргі сәтте облыс аумағында ешқандай қуатты жер сілкінісі күтілмейді, деп баса айтады сарапшы маман.

«Қазақстан жерінің үштен бір бөлігі сейсмикалық қауіпті аймақ саналады. Сейсмикалық қауіптілігі жағынан Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары алдыңғы қатарда тұр. Алматы қаласы сейсмикалық тұғыда – өте ерекше қала. Оның ерекшелігі – қала тарихында екі рет, яғни 1887 және 1911 жылдары жойқын жер сілкіністері болған. Жалпы, жер сілкіністері бұл өлкелерде ежелгі заманнан белгілі. Бүгінде де қала жұрты арагідік әртүрлі әлсіз тербелістерді сезіп жатады. Дегенмен, Алматы аумағының сейсмикалық белсенділігі қазіргі таңда қалыпты режимде», - дейді «Алматы» орталық сейсмологиялық обсерватория басшысы Жансая Досымбекова.

Жансая Досымбекова, «Алматы» орталық сейсмологиялық обсерватория басшысы
Жансая Досымбекова, «Алматы» орталық сейсмологиялық обсерватория басшысы
Фото: жеке архивтен

Айта кетейік, 2 миллионға жуық халқы бар Алматы қаласында ағымдағы жылдың басынан бері екі рет 4–5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Алғашқы 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда, екіншісі 4 наурызда көрініс берді. Арагідік қайталана берген думпулерден жұртшылық та дүрлігіп қалғаны есімізде. 4 наурыздағы жер сілкінісінен кейін қала көшелерінде сіресіп қалыптасқан ұзынсонар көлік кептелістері соның бір дәлелі. Зілзала кезіндегі дүрбелеңді бәсеңдету мақсатында ҚР төтенше жағдайлар министрлігі 20 ақпаннан бастап азаматтарды төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінге дейін олар Алматыдағы сегіз мыңға жуық үйді аралап, оқу орындарында 650-ден астам түсіндірме жұмысын жүргізген.

Айтпақшы, халықаралық сарапшылардың айтуынша, Тайванда әр жылдың 21 қыркүйегінде бүкіл ел бойынша табиғи зілзалалардың салдарын жоюға негізделген жаттығулар жүргізіледі екен. Бұл күні ресми мекемелер ел азаматтарына цунами, жер сілкінісі, жойқын жел, толассыз жаңбыр сынды табиғи апаттардың қаупі туралы хабарламалар жолдап, мектеп оқушылары үшін арнайы оқытулар, жаттығулар ұйымдастыратын көрінеді. Бұған Тайван елінде 1999 жылдың 21 қыркүйегінде орын алған жойқын зілзала септік еткен.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить