Серғазы Нарынов: Жасанды интеллект білім беру саласына айтарлықтай өзгеріс әкеледі

41508

Жасанды интеллект адам өміріндегі барлық салаға ептеп еніп, жаңа технологиялар өмір сүру сапасын жеңілдетіп отыр. Тек технологиялық емес, адами құндылықтарға, еңбек нарығына әсері қандай? Адамзат ойлап тапқан инновация құралының елімізде дамуы қарқынды жүріп жатыр ма?

Серғазы Нарынов
Серғазы Нарынов
ФОТО: жеке мұрағаттан

Бұл ретте кәсіпкер, цифрлық экономика сарапшысы, Alem Research компаниясының негізін құрушы, бұрынғы басшысы Серғазы Нарыновпен сұхбаттасып, тақырыпты кеңінен талқыладық.

F: Білуімізше, сіз Alem Research компаниясын 1 млн долларға сатып, Америкада тұрып жатырсыз. АҚШ-қа көшуіңізге не себеп болды?

— Иә, қазір Америкадамын. Мен үшін Alem Research компаниясын сату мен Америкаға көшудің негізгі себебі — өсу мен даму үшін жаңа мүмкіндіктер іздеу. Одан бөлек технология мен кәсіпкерлікке қатысты халықаралық тәжірибені меңгергім келді.

F: Alem Research қалай құрылған еді?

— Alem Research компаниясы 2007 жылы минималды стартап капиталымен, 1 млн теңгеге, яғни тек жеке қаражатқа құрылды. Кейін сол ақшаға өзіме компьютер сатып алғаным есімде. Жалпы компания жұмысы банк саласынан басталды. Компанияның негізгі миссияларының бірі — Қазақстанда жасанды интеллект ұғымының танымалдылығын арттыру болған еді. Мысалы, он жыл бұрын елдің жоғары оқу орындарында «Жасанды интеллект күнін» өткізе бастадық. Жас мамандар боттарды жасап, өзара күрестіретін. Оның бәрі ХАТУ мен ҚБТУ қабырғалары аясында ұйымдастырылатын. Компаниямыз data sceince ілімін зерттеп жүрген жас ғалымдарға, кәсіпкерлерге тәжірибе жинақтауы үшін таптырмас алаң болды. Бүгінде олардың көпшілігі еліміздің қаржы ұйымдарында басшылық қызметте. Мансабын бізден бастаған мамандардың біразы осы күні Microsoft, Google, Facebook сынды ірі компанияларда еңбек етеді.

F: 2007 жылы жасанды интеллект арқылы БАҚ пен әлеуметтік желілерді мониторингілеумен айналысатын сараптамалық орталық құрдыңыз. Қазақстанда аталмыш саланы дамыту, жалпы, қолға алу қаншалықты оңай болды? Өзін-өзі ақтайтын жоба ма?

— 2007 жылы Қазақстанда IT компанияларға деген сұраныс қазіргіден де жоғары еді. Сол себепті тапсырыстар көп болатын. Тұтынушыларды табу қиынға соқпады. Содан болса керек, компанияның өсу қарқыны жоғары болды. Соны көріп SAAS қызметін көрсетуге көштік. Бұған БАҚ пен әлеуметтік желілерді мониторингілеу жүйесін қалыптастыру қызметтері жатады. Кейін қызмет көрсету аясын кеңейттік. Бұдан өзге, Alem Research зерттеу жобаларымен де айналысатынын атап өткен жөн. Жарқын жобаның бірі — суицидтің алдын алуға қатысты бастама. Оның артықшылығы — психологиялық көмекке зәру адамдарды жасанды интеллект анықтайды. Жалпы осы бағытта жұмыс істейтін компанияны ашып, саланы дамыту оңайға соқпады. Процесс жеңіл өтті деп айта алмаймын. Себебі технологиялық инфрақұрылым, білікті мамандардың тапшылығы сынды қиындықтарға кезіктім. Қазақстанда нейронды жүйені қолданбалы түрде пайдалануда Alem Research пионер бастамашы-­компания болды деп айтсақ болады. Өйткені, жалпы кәсіпкерлікте нейронды жүйе алғаш рет біздің компанияда қолданылған еді.

F: Елімізде мемлекеттік органдар мен компанияларға автоматтандырылған мониторингілеу жүйесін ұсынатын негізгі үш компания бар. Олар — Alem Research, iMAS.kz және Media System. Аталмыш компаниялар мемлекеттік органдарға жүздеген миллиард теңге көлемінде қызметтерін сатқан. Сонда сіздер мемлекетке қандай көмек көрсеттіңіздер?

— Иә, Alem Research мемлекеттік органдармен белсенді түрде әріптестік қатынаста болды. Оларға мониторингілеу және деректерді талдау бойынша қызмет көрсеттік. Көп жағдайда мемлекеттік ұйымдар, яғни, тапсырыс берушілер, негізделген шешімдерді қабылдау мақсатында ақпаратты жедел алу мәселелеріне қызығатын. Осы орайда Alem Research естуші мемлекет концепциясының маңызды элементі деуге болады. Біздің көмегіміз арқылы мемлекеттік және коммерциялық компаниялардың тиімділігін арттыру мен бақылау бойынша кері байланыс орнатылды. Тапсырыс беруші меморгандардың арасында түрлі министрлік пен ведомстволар болатын. Оларға стратегиялық шешім қабылдау мақсатында немесе қоғамдық пікірді бақылауда деректерге талдау жасау қызметтері қажет болды. Көбінде сондай қызметтерге жүгінетін.

F: Қазір немен айналысасыз? Компанияңыз қандай бағытта жұмыс істейді?

— Құрама Штаттарда жасанды интеллект саласында жаңа жобаны әзірлеумен айналысып жүрмін. Бұған қоса, жергілікті стартап жобалармен және инвесторлармен бірлесе жұмыс істеймін. Ол бастама роботтехникаға байланысты. Яғни жасанды интеллектіні пайдалана отырып, табиғи ресурстарды мониторингілеу жүйесін құрастыруды қолға алдық. Әзірге бұл туралы толық жариялап жатқан жоқпын, нақты көрсеткіштерге қол жеткізгенде ашық айта аламын. Жыл соңында белгілі болады.

F: Қазақстанда Big Data мамандарын қалай дайындайды? Еуропа, АҚШ-тан негізгі айырмашылық қандай?

— Қазақстанда Big Data мамандарын даярлау енді қолға алынып жатыр десек болады. Әрине, бұл мамандықты Еуропа елдері мен АҚШ-та оқытудың айырмашылықтары бар. Ол жерде сабақ тәжірибелік негізде өтеді, инновациялық бағытта жүргізіледі. Біз болсақ әлі процестің бастапқы сатысындамыз. Жасанды интеллект пен деректерді талдау бағытын дамытып жатқан университеттер мен білім беру бағдарламалары бар, бірақ аз. Жасанды интеллектінің пайда болуы білім беру саласына айтарлықтай өзгеріс әкеледі деп ойламын. Нақтырақ айтсақ, студенттерді оқыту қиындай түспек. Себебі, жасанды интеллектке қолжетімділік бар жерде білім алушыларды сыни ойлауға үйрету маңызды. Адамдарда ақпаратты талдау мен өзін-өзі оқыту қабілетін қалыптастыру қажет.

F: Жақында ғана Илон Маск бастаған бір топ кәсіпкер жасанды интеллектінің жұмысына қатысты қаупін айтты. Сарапшы ретінде не дейсіз?

— Жасанды интеллектінің қатері расымен де бар. Алайда біз технологияның дамуын тежей алмаймыз ғой. Бұл ретте, этикалық шеңбер мен бақылау механизмдерін қалыптастыру маңызды. Яғни, басты қағида: жасанды интеллект адамзатқа қауіп ретінде емес, оң бағытта қызмет етуі қажет.

F: АҚШ-та ауқымы жөнінен алғашқы жиырмалыққа кіретін Silicon Valley банкроттығын жариялаған еді. Сол қаржы ұйымдарында көптеген стартаптар өз қаржысын сақтағаны белгілі. Қазір ол жақта жағдай қалай болып жатыр? Силикон алқабы бұрынғыдай қуатты ма?

— Силикон алқабында стартап жобалар мен инновациялық бастамалар кейбір банктердің банкроттығына қарамастан, сол баяғы қалпында қарқынды түрде дамып, жұмыс істеп жатыр. Өйткені мемлекет олардың салымдарын толықтай қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Зардап шеккендері — тек қаржы ұйымдарының акционерлері. Кәсіпкерлер үшін қауіп қашан да бар, ол артып та келеді. Себебі Америкада рецессия болып, жағдай ушықса, қарызға алынған қаражат пен инвестициялар құнына қатысты талап күшейе түспек.

F: Жасанды интеллект, деректермен жұмыс істеудің өзге де мүмкіндіктері қандай? Осы істі бастап, қалай кәсіп иесі атануға болады?

— Жасанды интеллект пен деректерді талдау саласында бизнес бастау үшін, ең алдымен, осы бағытқа қатысты қарапайым білім мен қабілет болуы шарт. Себебі, генеративті нейронды жүйе берілген тапсырманың бәрін орындай алады. Тек оған сұрақты нақты әрі дұрыс қоя білу қажет. Сонымен бірге, жасанды интеллектпен мықты жұмыс істеу үшін адамның шын қалауы мен креативті көзқарасы керек.

Жалпы, жаңа орында өзіңді көрсету үшін кәсіпкер менеджменттің үш негізгі қасиетін игеріп алғаны дұрыс. Біріншісі, мақсат менеджменті. Яғни, бизнес иесі қоғамның түйткілді тұстарын таба білгені жөн. Бұдан өзге, жүріп жатқан процестердің одан әрі дамуына қатысты әлемге теңдессіз шешімдер ұсынса игі. Екіншісі, ресурс менеджменті. Бір сөзбен айтқанда, команданы жинақтап, оған өзі мықты басшы бола білуі керек. Үшіншісі, тәуекел менеджменті. Бұл батылдылықты талап етеді. Біраз қаржы құйылған болса да, болашағы жоқ жобалардан дер кезінде бас тарту үшін психологиялық қуат қажет. Кез-келген қиындық пен сәтсіздіктерде өзіңе деген сенімді жоғалтпаған абзал. Өйткені, кәсіпкердің басты құндылығы осы болса керек. Алдағы жылдары жобалардың даму қарқыны күшейіп, оны іске асыруда уақыт тапшылығына кезігеміз. Сол себепті, кәсіп иелері жасанды интеллект ассистентісіз жұмыс істей алмайтын жағдайға жетеді. Бұған қоса, компаниялар өндірушілер штаты мен өзге де адами ресурстарды айтарлықтай оптимизациялайды деп ойлаймын.

F: Big Data мамандығын игергендер әлемдік нарықта қалай бағаланады? Осы сала арқылы жақсы табыс табуға бола ма?

— Біз кәсіпкерліктің «жасанды технологиялар» атты алтын заманына қадам бастық десем артық емес. Кішігірім компаниялардың өздерінде күрделі жобалар жасау мақсаты бар. Бұл ретте тапқырлық, креативтілік қасиеттеріне ие болу маңызды. Себебі бағдарламалық-­техникалық жабдықтау жасанды интеллектімен қамтамасыз етіледі. Бізге бұл ұғымды естіп, түсіну әрі қабылдау үйреншікті болмаса да, заманның талабы сол болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, атқарушы инженерлер, оның ішінде программистердің қызметіне деген сұраныс келмеске кетіп жатыр. Big Data мамандары Қазақстанның және әлем нарығында қашан да қажет. Алдағы уақытта да бұл мамандықтың маңызы артады деген сенімдемін. Өйткені, компаниялар ақпараттың құндылығы мен оны талдаудың маңызын жақсы түсінеді. Осыған сәйкес, аталмыш саладағы қызметкерлер талпынса, жақсы табыс пен карьералық өсімге ие бола алады деп ойлаймын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить