ҚҚҚ: Базалық мөлшерлеме әсері теңгенің айырбас бағамына қолдау болғанда көрінеді

9732

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігіне қатысты шолуын ұсынады

ФОТО: pexels.com

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы ҚР Ұлттық банкінің ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігіне қатысты шолуын ұсынады

Негізгі тенденциялар

Елдегі инфляция қарқынын баяулату мақсатында Ұлттық банк 2022 жылы базалық мөлшерлемені көтеру цикліне ден қойды. Айта кету керек, былтыр елімізде инфляция деңгейі 9,75%-дан 16,75%-ға дейін шарықтап өсті.

Тарихи тұрғыдан қарағанда, базалық мөлшерлеме ұлттық валюта бағамына елеулі түрде әсер ететін тетік (валюталық арна, корреляция коэффициенті = 0,74), ал инфляцияға дәстүрлі негізде пайыздық арна арқылы ықпал ету айтарлықтай нәтижелі дей алмаймыз.

Базалық мөлшерлемені ұлғайтуға қарамастан, Қазақстан экономикасы өсіп келеді: 2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өсім 4,9%, бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 4,6% болатын. Сол сияқты, 2022 жылы айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі (М0) 12,1%-ға өсті (тұрақты тұтынушылық сұранысты қолдай отырып).

Базалық мөлшерлеме ұлғайған соң депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері де едәуір көтерілді: заңды тұлғалар үшін 7,4%-дан 14,4%-ға дейін, ал жеке тұлғалар үшін 8,0%-дан 13,3%-ға дейін. Десек те, сол тұста екінші деңгейдегі банктердегі (ЕДБ) салымдардың өсуі баяулай түсті: 2021 жылғы 21,5%-дан 2022 жылғы 17,3%-ға дейін.

Былтыр көрініс берген 4,3 трлн теңге түріндегі өсімнің үштен біріне жуығы резидент еместердің қаражаты есебінен мүмкін болды.

Жеке тұлғаларға берілетін кредиттер бойынша орташа шамадағы мөлшерлемелер динамикасы базалық мөлшерлеме траекториясына сай дей алмаймыз, соңғы бес жылда ол 11–19% аралығында ауытқып отырған. Жеке тұлғаларды кредиттеуде тұтынушылық қарыздардың үлесі төмендеп (55,2%), ипотека үлесі (36,3%) ұлғая түскен. Ал ипотекалық кредиттерде жеңілдікке негізделген бекітілген мөлшерлемелер үлесі басым.

Былтыр, сондай-ақ заңды тұлғаларды кредиттеу ауқымы да елеулі болған, тіпті, шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне берілген кредиттердің артуы (14,6%-ға немесе 0,8 трлн теңге) есебінен сыйақы мөлшерлемелері 12,2%-дан 19,2%-ға дейін өскеніне қарамастан. ШОБ қарыз портфелінің 30%-ға жуығы ДАМУ мемлекеттік бағдарламасына тиесілі.

Сәйкесінше, Қазақстанда байқалған инфляцияның бәсеңдеу себебінің негізгілері деп: былтырғы жылдағы жоғары базаны, импорттан келген бағалардың төмендеуін және айырбас бағамының тұрақтылығын айтуға болады, десек те базалық мөлшерлеменің жиынтық сұранысқа деген әсері анық көріне қойған жоқ.

Ал дамыған елдердегі (АҚШ, ЕО, Австралия, Канада және т.б.) базалық мөлшерлемелердің өзгеру әсерін жеткізуші негізгі арна – нарықтық және құбылмалы сыйақылары бар ипотека болып табылады. Мысалға, былтыр Федералдық резервтік жүйе базалық мөлшерлемені көтергенде, АҚШ-та ипотека бойынша мөлшерлемелер өсіп кетті, бұл – тұрғындардың тұтынушылық шығындарын азайтып, инфляция мен экономикалық өсуді баяулатты.

Түйін

2022 жылы Қазақстанда инфляция соңғы 25 жылдағы ең жоғары деңгейге дейін жеделдеп кетті, бұған, ең алдымен, монетарлық емес факторлар, оның ішінде сыртқы инфляция мен Украинадағы соғыс қимылдары және санкциялар салдарындағы логистикалық тізбектердің үзілуі ықпал етті.

Базалық мөлшерлеме жыл бойында 7%-ға көтерілді, бұл – қаржылық тұрақтылықты қолдап, теңге түріндегі депозиттердің жылыстауына және долларлануына жол берген жоқ, сондай-ақ бұл жағдай – мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) деген сұраныстың артуына ықпал етті, ал МБҚ қаражаты мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландырады.

Осы арада айта кету керек, айырбас бағамының құбылмалы режимінде ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің негізгі арнасы пайыздық арна болып табылады: «базалық мөлшерлеменің көтерілуі → кредиттер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелердің өсуі → депозиттер ауқымы ұлғайып, кредит ауқымының азаюы → тұтынушылық шығындар мен іскерлік белсенділіктің төмендеуі → инфляция мен экономикалық өсудің баяулауы» деген тұрғыда.

Әйтсе де сол тұста ел ішінде депозиттердің өсу қарқыны байқала қойған жоқ, ал салымдар ауқымының ұлғаюына резидент еместерден түскен қаражат ағыны ықпал етті, бұл, негізінен, Қазақстанға РФ-тен қоныс аударушы жекелеген адамдар мен релокант компанияларға қатысты болса керек.

Сәйкесінше, сыйақы мөлшерлемелерінің ұлғаюына жауап ретінде ел ішінде жинақтауға деген бейімділік бәрібір байқала қоймады, оның сыртында мемлекеттік шығындардың өсуі мен кредиттеудің тұрақты ауқымы тұтынушылық жоғары сұранысқа дем берді.

Бизнесті қолдауға негізделген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен ел экономикасына мемлекеттің қатысуы елеулі болғанын ескерсек, елдегі іскерлік белсенділік те төмендей қойған жоқ. Атап айтсақ, мемлекеттің қатысуымен құрылған ірі кәсіпорындар ЕДБ тарапынан кредиттеуді қажет етпейді, өйткені олар мемлекеттің жариясыз кепілдігімен (дефолт орын алған жағдайда кредит төлемі бюджет есебінен орындалады деген мағынада) шетелден ұзаққа негізделген біршама арзан ақша тарта алады (синдикатталған, яғни біріктірілген кредиттер, еурооблигациялар, т.т.).

Тұтыну кредиттерінің құрылымында пайыссыз бөліп төлеу көлемі елеулі болуы аясында кредиттеу ауқымы да айтарлықтай өзгере қоймаған, ал ұзақмерзімді кредиттеу (ШОБ және ипотека) жеңілдігі бар бекітілген мөлшерлемелер бойынша жүзеге асуда, бұл базалық мөлшерлемені ұлғайту салдарын біршама жеңілдетіп отыр.

Ипотекалық кредиттер мен ШОБ қарыздары бойынша құбылмалы мөлшерлемелер батыс елдеріндегі трансмиссиялардың негізгі арнасы болып табылады: ипотекалық төлемдердің өсуі меншік иелерінің де, баспана жалдаушылардың да кірісін азайтуда → тұтыну шығындары мен іскерлік белсенділік төмендеуде → экономиканың өсуі баяулап, бағалардың өсуі тежелуде.

Осылайша, нарықтық және құбылмалы мөлшерлемелер бойынша кредиттеу үлесінің жетіспеуі – Қазақстандағы ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетіктерінің пайыздық арнасының жұмысын қиындатып отыр. Бұл арада базалық мөлшерлеменің әсерін, негізінен, ұлттық валютаның айырбас бағамына қолдау көрсетілгенде байқауға болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube