Жаһандық жылынуды артқа тастап, жаһандық «қайнау» кезеңіне аяқ бастық

30146

Жаһандық метеорологиялық бақылау тарихында 2023 жылдың шілде айы әлем бойынша ең аптап ыстығымен есте қалатын кезең болмақ

ФОТО: © Depositphotos/coprid

Халықаралық метеорологиялық ұйым мен Copernicus (климаттың өзгеруін қадағалаумен айналысатын Еуропалық комиссияның арнайы қызметі) мамандары алға тартқан соңғы мәліметтер осыны меңзейді.

Ғалымдардың арасында, 2023 жылдың шілде айын соңғы 120 жылдағы Жер бетіндегі «ең ыстық кезең» деп есептейтіндер де жоқ емес. Бір анығы – биылғы шілде 2019 жылғы «ыстық» көрсеткіштерін жаңартса керек. Мамандардың алдын ала есептеулері бойынша, Жердегі орташа температура биыл шілде айында 16,96°C шамасын көрсеткен. Ал 2019 жылдың жаз мезгіліндегі орташа температура 16,63°С деп мәлімделген болатын.

Әлбетте, зерттеуші мамандардың басты түйіні – Жер бетінде температураның орынсыз көтеріліп, қызуы – адам баласының бүгінгі әрекетінің салдары. Мәселе – қазба отынды жағу дегенге келіп тіреледі, яғни қазба отынды жағу салдарындағы ауаға түсетін парниктік газ түріндегі салмақ көрсеткішінің артуы деген тұрғыда.

Ғалымдардың айтуынша, қазба отынды жағу салдарында алдағы жылдары Жер бетіндегі температура 2 градусқа дейін көтерілуі мүмкін (индустриалдық кезеңге дейінгімен салыстырғанда). Ал әлем елдерінің басшылары өзара келіскен хаттамалар бойынша (мысалға, 2015 жылғы Париж келісімі), жаһандық жылыну екпінін 1,5°С деңгейінде ұстап тұру жөнінде уағдаластық бар. Алайда, соңғы сегіз жылда бұл келісімге түпкілікті мән беріп, сөзінде тұрған мемлекет басшылары некен-саяқ. Соңғы геосаяси қақтығыстар да осының бір көрінісі...

Өз кезегінде, 27 шілдеде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш халықаралық қауымдастыққа кезекті мәрте үндеу жасап, «планетамыз қайнап кетпей тұрғанда» жаһандық жылынуды тоқтатып, әрекет етуге шақырды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш
Фото: © UN Photo/Mark Garten

«Егер алдағы күндері шағын деңгейдегі мұз дәуірі көрініс бермесе, онда 2023 жылдың шілдесі барлық бағыттағы рекордтарды жаңартады деген сөз. Соңғы жария етілген мәліметтерге сәйкес, ауа температурасын бақылау тарихында алғаш рет биыл шілдеде – үш аптаға созылған ең ыстық кезең, ең ыстық үш күн және мұхиттағы ең жоғары температура тіркелді», - деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысы 27 шілдеде Нью-Йорктегі (АҚШ) БҰҰ штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол, сондай-ақ, әлем бойынша климаттың өзгеруі кең ауқымда қарқын ала түскенін баса айтып, бұл тұрғыдағы бүгінгі жағдай «үрейге толы» деп көрсетті. Қазір біз жаһандық жылыну дәуірін артқа тастап, жаһандық «қайнау» дәуіріне аяқ бастық, деп қосты БҰҰ Бас хатшысы өз сөзінде.

«Бұл ауамен тыныстану мүмкін емес. Бұл ыстық – адам төзгісіз» деген Антониу Гутерриш, осы тұста адам баласы қазба отыннан түсетін табысқа кенеліп, климат мәселесінде әрекетсіздікке жол беруде дегенді алға тартты. Ал мұның салдары адам айтқысыз: муссондық жаңбырлар кішкентай балаларды «көтеріп әкетсе», аяусыз шарпыған от салдарында көптеген отбасылар босқын боп жүр, аптап ыстыққа шыдамаған жұмыскер адамдар өлім құшуда.

Халықаралық қауымдастықты кезекті мәрте жаһандық жылынуды тоқтатуға шақырған БҰҰ басшысы, ауа-райының экстремалды жағдайына бейімделу жолында «жаһандық инвестицияны ұлғайтып», әлем бойынша жаңартылатын энергия көздерін ендіруді жеделдету қажеттігіне ерекше назар аударды.

БҰҰ Бас хатшысы, 2025 жылға қарай дамыған елдер бейімделу қаражатын еселеу бойынша Жол картасын ұсынуы тиіс, ал 2027 жылға қарай барлық елдердің үкіметтері Жер бетін мекендеген халықты қандай да бір катаклизмдер жөнінде алдын ала құлақтандыру желілерімен қамтамасыз ету жөніндегі БҰҰ жоспарын жүзеге асыруы керек деп мәлімдеді.

Сол сияқты, ол ХХІ ғасырдың орта шеніне қарай барлық елдер ауаға түсетін салмақ көрсеткішін нөлге жеткізуге талпынуы тиіс деп, 2030 жылға қарай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер, ал 2040 жылға қарай өзге елдер – көмірді қолданудан бас тартатыны жөнінде сенімді жоспар әзірлеп, ұсынуы тиіс дегенді айтты. Бұл тұрғыда, әрине, қазба отынмен жұмыс істейтін барлық елдер мен аймақтардың, компаниялар мен қаржылық мекемелердің қимыл-әрекеті де өте маңызды.

«Бізге қазір амбициялық жаңа мақсаттар керек. Әлем елдері Климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі ынтымақтастық пактісі мен Жеделдету бағдарламасына сәйкес тиісті шаралар қолдануы тиіс. Ауаға түсетін салмақ көрсеткішінің нөлдік деңгейіне қол жеткізу міндетіне дамыған елдер, мүмкіндігінше, 2040 жылға қарай, ал дамушы елдер – 2050 жылға қарай қол жеткізуі тиіс», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Айтқандай, үстіміздегі жылдың наурыз айында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық тобы жария еткен 6-шы баяндамасында, өнеркәсіптік революция басталып, адам баласы қазба отынды кең ауқымда қолдана бастағалы атмосферадағы СО² мөлшері 50%-дан астам көлемде ұлғая түсті, деп көрсетіледі. Топ сарапшылары, адам баласының бүгінгі қимыл-әрекетінің салдарында Жер бетінде климаттың өзгеруі қарқын алғанын алға тартып, бұл процесті баяулату жолында барлық елдер шұғыл шара қолдануға кірісуі қажет, оның ішінде Орталық Азия елдері де деп атап өтеді. Бұл есепте – соңғы жылдары жаһандық жылыну деңгейін 1,5 градустан төмен деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі төмендеп, климаттың өзгеруіне орай табиғи апаттар қаупі жоғарылай түскенідігі айтылады.

Баяндама қорытындысында Жердегі жылынудың әр кезеңі бұдан да ауқымды табиғи апаттарға жол беруі мүмкін, деп ескертіледі. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде адамдардың көбісі климаттың өзгеруін тек температураның ысып, қызуы деп түсінеді. Алайда, Жер планетасында бәрі де өзара қабаттасып, байланысқан, яғни экожүйенің бір тармағындағы болмашы өзгеріс жалпы жүйеге ықпал етпей қоймайды. Сондықтан да климаттың өзгеруінің салдары – құрғақшылық, өрт, ауыз судың жетіспеуі, теңіз деңгейінің көтерілуі, су тасқыны, полярлық мұз қабаттарының еруі, апатты дауылдар, биологиялық алуандылықтың жойылуы, т.т. түрінде көрініс береді деген сөз.

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық тобы жария еткен деректерге жүгінсек, бүгінде әлем халқының 80%-дайы, яғни, шамамен, 6 млрд адам қазба отынға тәуелді – әлбетте, бұл оларды тек табиғи ғана емес, геосаяси қақтығыстар алдында да осал етеді. Сарапшы қауымның айтуынша, климаттың өзгеруінің салдарын біршама бәсеңсітіп, жеңілдетудің бірден-бір жолы қазба отыннан біртіндеп бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция құю.

Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) бағалауынша, 2050 жылға қарай әлемдегі электр энергиясының 90%-ы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілуі тиіс және мұндай мүмкіндік жоқ емес. Себебі, отынның бұл түрі қазба отын импорты мен қазба отын бағасындағы толқуларға деген тәуелділіктен құтылуға мүмкіндік беріп, ел экономикасын тараптандыруға жол ашады. Өз кезегінде, бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, кедейшілікпен күресуді ынталандырады, деп есептейді сарапшылар. Өз зерттеулерінде олар – қазба отын саласымен салыстырғанда, баламалы энергия көздеріне бағытталған әр доллар үш бірдей жұмыс орнын ашуға септік етеді деген түйін жасайды.

Халықаралық энергетикалық агенттік (ІЕА) есептеулеріне жүгінсек, қазба отыннан бас тарту аясында 2030 жылға қарай бұл салада әлем бойынша 5 млн шамасында жұмыс орны жойылуы ықтимал, есесіне, экологиялық таза энергетика саласында 14 млн төңірегінде жаңа жұмыс орындары ашылуы мүмкін. Оның сыртында, таза энергетиканы игеру жолында қосалқы жұмыс орындары ашылып, жаңа мамандықтарды игеру қажеттігі де туындайды, деп қосады сарапшы мамандар, мысалға, электромобильдер жасау саласында және сутегі технологияларын игеруде. Әрине, егер әлем елдері өз экономикасында жаңартылатын энергия көздерін енгізу жоспарларын тиянақты түрде жүзеге асырып жатса.

ҚР энергетика министрлігі жария еткен ресми деректерге сай, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда белгіленген қуаты 2400 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны тіркелген. Оның ішінде: 46 жел электр станциясы (958 МВт), 44 күн электр станциясы (1148 МВт), 37 су электр станциясы (280 МВт), 3 БиоЭС (1,77 МВт).

2023 жылдың алғашқы алты айында елімізде өндірілген электр энергиясының 3350 кВт/сағаты (жалпы ауқымның 5,8%-ы) жаңартылатын энергия көздері нысандары тарапынан өндірілген. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40% жоғары көрсеткіш.

Энергетика министрлігінің ресми жария етілген ақпаратына сай, 2023 жылы белгіленген жалпы қуаты 276 МВТ-ты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 15 нысаны іске қосылуы тиіс.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде қолданыстағы жаңартылатын энергия көздерін дамытуды мемлекеттік қолдау жүйесі ҚР заңнамасында 2009 жылы бекітілді. Аталған жүйе бұл саладағы халықаралық озық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген, деп мәлімдейді ҚР энергетика министрлігі.

2013 жылы елімізде жаңартылатын энергия көздері секторын дамытудың нақты мақсаттары түйінделіп, аталған нарық ауқымы мен жаңартылатын энергиядан ауаға түсетін парниктік газ салмағын азайту әлеуеті есептеліп, анықталды. Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы мен «Қазақстан – 2050» стратегиясында – еліміздің энергетикалық балансындағы баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін 2020 жылы 3%-ға, 2030 жылы 15%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу мақсаттары белгіленген.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить