Жеңіл өнеркәсіп: Негізгі үміт – тұтынушыда

13040

Ел экономикасында қыз-келіншектерді жұмыспен толыққанды қамтып отырған негізгі саланың бірі жеңіл өнеркәсіп. Кәсіпкер Инна Апенконың айтуынша, мұнда қазір қызмет етіп жүрген мамандардың 99%-ы әйелдер

Инна Апенко
Инна Апенко
Фото кейіпкердің жеке архивінен

«Жеңіл өнеркәсіп қазір әйелдерді жұмыспен қамту, өңірлердегі тұрақтылық секілді бірқатар маңызды мәселелердің шешімін беріп отырған сала, мемлекет үшін бұл сала сөзсіз басымды бағытқа айналуы тиіс», - дейді ол.

Mimioriki және Globalnomads.kz сынды қазақстандық танымал брендтердің негізін қалаған белгілі кәсіпкер Инна Апенко Forbes.kz тілшісімен әңгіме барысында бүгінгі таңдағы отандық жеңіл өнеркәсіптің алдында тұрған түйінді мәселелер төңірегінде және отандастарымыздың жергілікті бренд өнімдеріне деген ұстаным, көзқарасы туралы әңгімелеп берді.

Кәсіпкердің айтуынша, соңғы жылдары қазақстандықтардың отандық өнімдерге деген ықыласы айтарлықтай зор: бұл тұрғыда патриоттық ұстанымды да, экономикалық тәуелсіздікке деген ұмтылысты да жазбай тануға болады.

«Бүгінде қазақстандық өнім сөзсіз тренд болып табылады және бұл сұраныс әрі қарай еселей береді. Қара да тұрыңыз, алдағы 10 жылда ел ішіндегі сауда орындарында «қазақстандық бренд» деп танылған өнімдердің үлесі артып, қазақстандық мықты хедлайнерлер халықаралық нарықтарды бағындыратын болады... Осыдан 15 жыл бұрын біз өз өнімімізді «қазақстандық бренд» деп атаудан қорыққан жоқпыз, бірақ сол кезде бізге күмәнмен де, күдікпен де қарағандар жетіп асатын. Әйтсе де біз өз ниетімізден бас тартпадық, ал жылдар өте бізге деген тұтынушының көзқарасы өзгере бастағанын анық байқадық», - дейді Инна Апенко.

Кәсіпкер өз сөзінде, бүгінде патриоттық ұстаным тек тұтынушылардың ғана емес, отандық бизнес тарапынан да айқын сезілуде деп отыр: «Қазіргі таңда кәсіпкерлердің арасында ақшаны ел экономикасының «ортақ қазанында» қалдырғанды жөн санайтындар басым. Меніңше, бұл патриоттық ұстанымның бір көрінісі. Ел ішінде табысты кәсіпкерлер көп болса, бұл, әрине, ел экономикасына да, нарыққа да, қарапайым тұтынушыға да оңынан әсер етеді. Бүгін отандық бизнес пен тұтынушы арасында жан-жақты интеграциялық процестер жүріп жатыр. Бизнес нарық ішінде тартымды, лайықты өнім шығаруға ден қоюда, ал тұтынушы оған дән-риза».

Десек те, кәсіпкер Инна Апенконың пікірінше, біздің елде жеңіл өнеркәсіп саласын мемлекет тарапынан қолдау құралдары әлі де болса жеткіліксіз, шенеуніктердің биік трибуналардан айтқан мәлімдемелеріне қарамастан, отандық өнеркәсіптің бұл түрі басымды сала қатарына толыққанды іліге қоймаған.

«Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндердің 99%-ы әйелдер, сол сияқты, бұл сала өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылықты да қамтамасыз етіп отыр. Қазіргідей жағдайда, бұл, тіпті, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе дер едім. Халықтың қамын ойлаған ел, алдымен азық-түлік, киім-кешек сынды кезек күттірмес қажеттіліктерді ішкі нарықта өндіруді қолға алуы тиіс. Бұған біз кешегі жаһандық пандемия мен солтүстік көршіміздің мысалынан-ақ көз жеткізе аламыз. Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген ел ішіндегі жалпы сұраныстың бар болғаны 5%-ы ғана отандық өнім өндірушілер есебінен қамтылуда. Ал еліміз бұл тұрғыда өз-өзін сенімді сезінуі үшін сұраныс тізгінінің, кем дегенде, 30%-на өзі иелік етуі тиіс», - дейді қазақстандық Mimioriki брендінің негізін қалаған кәсіпкер.

Айта кету керек, еліміздің жеңіл өнеркәсібінің құрылымында өндірістің өзіндік күрделі үш тобы бар: тоқыма бұйымдарын өндіру, киім-кешек шығару, былғары және оған қатысты өнімдер өндіру деген тұрғыда.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сай, 2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс ауқымы 6%-ға артып, 178 млрд теңгені құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр тоқыма бұйымдарының өндірісі 5,3%-ға, киім-кешек шығару 7,8%-ға, былғары және оған қатысты өнімдер өндіру көрсеткіші 3,7%-ға өскен.

Сол сияқты, Qazindustry.gov.kz мәліметінше, 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында елімізде 73,5 млрд теңге сомасына жеңіл өнеркәсіп өнімдері шығарылған, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3% жоғары көрсеткіш.

Республика бойынша жеңіл өнеркәсіп саласы барынша белсенді дамып жатқан өңірлер деп Түркістан және Ақмола облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларын айтуға болады. 

Qazindustry дерегіне сүйенсек, отандық жеңіл өнеркәсіп саласының жалпы ауқымындағы Түркістан облысының үлесі 25%-ды, Шымкент қаласының үлесі 16,3%-ды, Алматы қаласының үлесі 8,5%-ды, Ақмола облысының үлесі 5,6%-ды құрайды.

Ресми деректерге сәйкес, қазір елімізде 1445 кәсіпорын жеңіл өнеркәсіпке негізделіп жұмыс істейді, бұларда 22 мыңдай адам еңбек етеді.

Инна Апенконың айтуынша, соңғы бірнеше жылда ел ішінде қазақстандық бренд шығарып, жергілікті өндірісті жолға қоюға талпынып жүрген кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Яғни, қазіргі күні жеңіл өнеркәсіп отандық бизнес үшін тартымды салаға айнала бастаған.

«Әрине, бізде жалпы өнім өндірушілерге арналған әртүрлі қолдау құралдары баршылық: жеңіл өнеркәсіп өкілдері де отандық кәсіпкерлікті дамытуға негізделген мемлекеттік бағдарламаларға иек арта алады, оның ішінде өнімді экспортқа шығару тұрғысында да. Алайда, отандық жеңіл өнеркәсіп саласын түпкілікті өзгертеміз десек, бұл шаралар бәрібір жеткіліксіз. Қазір жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлер үшін тартымды сала бола бастады, олар өз өнімін, өз брендін ел ішінде, яғни ішкі нарықта өндіріп, шығаруға ниетті әрі мүдделі. Мемлекет те осыны ескере отырып, жеңіл өнеркәсіпті қолдаудың арнайы тетіктері мен құралдарын әзірлеп, ұсынады деген үміттеміз», - дейді кәсіпкер.

Айтқандай, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту жолындағы түйінді мәселенің бірі – шикізатты қайта өңдеу дегенге келіп тіреледі. ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросына сілтеме жасаған Energyprom.kz мамыр айында жария еткен шолуында: 2022 жылы Қазақстанда 3,6 млн центнер мақта жиналды, деп көрсетеді (2021 жылмен салыстырғанда +24,6%). Ал Қазақстанда мақта, негізінен, Түркістан облысының оңтүстік аудандарында өсіріледі. Energyprom.kz дерегіне сүйенсек, елімізде жиналатын мақтаның тек 15%-ы ғана тереңдетілген өңдеуден өтеді.

«Тоқыма өнеркәсібінің маңызды тізбегі болып табылатын осынау шикізаттың елеулі бөлігі өңделмеген күйінде шетелге сатылады. Былтыр еліміз 30,2 мың тонна мақта талшығын экспортқа шығарып, 66,8 млн АҚШ доллары түрінде кіріс алды. Біздің шикізатты тұтынушы елдер қатарында Молдова, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қытай бар. Айтпақшы, бұлардың соңғы үшеуі Қазақстанға әртүрлі мата, жіп, киім-кешек, үйге арналған тоқыма бұйымдарын жеткізуші елдер. Соған қарағанда, импорттан келетін киім-кешектің бір бөлігі біздің мақтадан жасалған болуы мүмкін», - деп топшылайды Energyprom сарапшылары.

Өз кезегінде, кәсіпкер Инна Апенко, бүгінгі таңда өнім өндіруге қажет шикізатты сырттан алып отырғанын жасырмайды.

«Біздің өндіріс туралы айтар болсам, біз шикізатты бірқатар елдерден импорттаймыз. Өкінішке қарай, дәл қазір Қазақстанда түпкілікті тұтынушының көңілінен шығатындай шикізат жоқ. Әрине, ел ішіндегі өндіріс ауқымы өскен сайын шикізат өндірушілерге деген сұраныс та арта түсетіні анық. Осы сұранысты елеп, ескеріп, ел ішінде тоқыма өнеркәсібін дамытуды қолға алатын кәсіпкерлер де табылады деген үміттеміз. Өз басым нарықтың табиғи жолмен дамығанын қалаймын. Яғни, мақтаны жасанды түрде өңдеуге кірісіп, ертең оны қайда, кімге ұсынарын білмей, қапа болғанша, нарық ішінде бұрыннан белгілі сұранысты қанағаттандыруға ден қойған дұрыс. Жалпы, мен түпкілікті тұтынушының қажеттілігі мен сұранысына сүйену керек деп есептеймін: біз, ең алдымен, нарыққа, тұтынушыға қажет өнім шығаруымыз керек», - деп түйіндейді кәсіпкер өз ойын.

Айта кетейік, 2021 жылы елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Онда сала бойынша шикізат базасын дамытып, шикізатты қайта өңдеу, сала ішіндегі отандық өндірушілердің қуатын арттырып, инвестиция тарту шараларымен қатар, аталған салаға мемлекеттік қолдау және сала ішіндегі кадр мәселесін ретке келтіру, отандық жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалап, қадағалау, сондай-ақ бұл салаға әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін енгізіп, экспортты дамыту мәселелері де ескерілген.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить