Динара Сәтжан: Fashion-бизнес және Мade in KZ әлемдік брендке айналуы тиіс

16481

Париждегі Байқоңыр, Франциядағы сән апталығы, сан қырынан танылған отандық сәнгерлер

Динара Сәтжан
Фото: Сергей Монко
Динара Сәтжан

Қазақстандық дизайнерлер үшін Францияда өткен сән апталығы  айтулы оқиға болды. Парижге арнайы шақырылған  отандық Fashion өкілдері   Франция, Сауд Арабия, Мысыр, Марокко,  Ливан, Индонезия, Әзірбайжан елдерінің белгілі дизанерлерімен бірге әлемнің әйгілі сән сахнасында өз туындыларын ұсынып, талайды таңқалдырып қайтты.  Сән салтанаттың астанасы шығыстың өнерін қалай қабылдады, қазақстандықтар несімен еркшеленді, әлемдік брендке айналуы үшін не қажет. Forbes Kazakhstan белгілі тележүргізуші, DS сауда белгісінің негізін қалаушы,танымал кәсіпкер, күні кеше ғана сәнді сапардан сәтті оралған fashion-продюсер Динара Сәтжанмен сұхбаттасты.  

F: Динара, бұл сапарға қай кезден бастап дайындалдыңдар? Париж қалай қарсы алды? Сән апталығына қазақстаннан тағы кімдер қатысты?

- Бұл жоспарлы сапар болатын. Біз өткен жылдың қарашасында Франциядан шақырту алдық. Бұл мәртебе 2017 жылы Мәскеуде Mercedes-Benz Fashion Week Russia  сән апталығынан кейін бұйырды. Сәтті көрсетілімнен кейін ерекше көзге түсіп,  Парижге шақырылдық. Мен осы кезден бастап қызу дайындыққа кірісіп, онда төрт дизайнерді алып баруды шештім. Олар Aida KaumeNOVA, Naiyl Baikuchukov, Bibisara және менің брендым Dinara Satzhan.  2017 жылдың 24-25 қаңтарында,  аты аңызға айналған,  259 жылдық тарихы бар, тіпті Наполеонның кезінен белгілі  Hotel de Crillon отелінде керемет көрсетілім болды. Негізі Францияда  жылына екі рет couture апталығы және екі рет прет-а-порте, яғни,  күнделікті киім үлгілеріне арналған сән апталығы өтеді. Біз couture апталығы аясында,  Оriental fashion show  шеңберінде қатыстық.  Яғни, бұл негізінен шығыстың, азияның дизайнерлеріне бағытталған.

F: Қазақстандық дизайнерлер қандай киім үлгілерін  ұсынды? Олар несімен ерекшеленді?

- Алғаш болып  Aida KaumeNOVA өзінің бархыттан тігілген үлгілерін ұсынды, яғни бұл қазақтың сырма шапандары, Naiyl Baikuchukov  сәнді де әшекей  бұйымдармен әрленген кешкі киім үлгілерін көрсетті, Bibisara  болса «Ғасырлық сән-салтанат» деген тақырыпты,  яғни ұлттық нақыштағы қазақ киім үлгілерінің заманауи сипаттағы коллекциясын ұсынды.  Ал менің, яғни Dinara Satzhan бренды Еуропалық сипатта болды, біз оны Байқоңырға арнадық, ғарыш тақырыбына байланысты, шашақты тақия,күміс түсті киімдер. Неге Байқоңыр, себебі ғарыш айлағынан аспан әлеміне алғашқы сапар жасалғанын жаһан білетін шығар, оның орталық азияда орналасқанынан да хабардар, бірақ оның дәл қазақстанда, қазақстан қаласы екенін көпшілік біле бермейді. Біздің мақсатымыз шет ел назарын Байқоңыр арқылы қазақ жеріне аудару еді.  Қазақстандық  төрт  сәнгер, төрт стильде, төрт бағытта, еліміздегі сән әлемін төрт бағытта танытуға тырысты.

F: Қазақстандық үлгілерге берілген баға қандай? Еуропаны таңқалдыру қаншалықты мүмкін болды?

- Француздар бірден ұнатты, өте ерекше қабылдады.  Өйткені менің  және Наильдің үлгілері бірден  Француздық My Fashion Reel  журналына жарияланды. Келесі күні мені және Бибісараны жергілікті басылымдарға жариялау үшін фотосессияға шақырды, ал Аида өз үлгілерін көрсету үшін  Біріккен Араб Әмірліктеріне, Дубайдағы көрмеге шақырту алды.  Бір сөзбен айтқанда бізге деген қызығушылық өте жоғары болды.

Иә, біз ең алдымен қазақ елінің атын таныту бағытында және әлем елдерімен келісім-шарттарға қол жеткізу үшін жұмыс істеп келеміз. Біз одан әрі дамуды жалғастыра береміз.  Әрине, кейбір адамдар ойлайды, қазақтарға Францияда не бар, оларды ешкім елемейді деген сияқты, меніңше бұл қате пікір, ең алдымен мойындату керек, ал мойындату үшін бару керек, бір емес, бірнеше рет. Егер сен Францияны мойындатсаң, онда  әлемге таныласын. Мәселен Грузия қалай танымал болды, өйткені санулы жылдар ішінде аты шыққан Демна Гвасалия есімді бір ғана дизайнер бүкіл Грузияны бүкіл әлемге паш етті. Бір ғана адам. Ол қазір әйгілі  Balenciaga сән үйінің креативті директоры. Сонымен қатар Vetements брендының негізін қалаушы. Қазір әлем нарығы Грузияға, оның ішінде Груизияның сәніне қызығушылық танытып отыр. Уақыт өте осындай нәтижеге қол жеткізу керек. Болашақта бұған қол жеткіземіз деген ойдамыз. Мәселен, мен алып барған «Байқоңыр» тақырыбы көпшілікті ерекше қызықтырды. Ғарыштық әуен, зымыран бейнеленген кардигандар,  ғарыш тақырыбы. Сөз жоқ, эмоцияға толы көрініс болды, себебі ғарыш тақырыбы көпшілік үшін қызық, оның үстіне Байқоңырды көбі біледі екен. Менің ойымша, осы бір керемет тақырып арқылы көптің жүрегіне жол таба білдік, ерекше әсерге бөледік. Бұл үлгілер қазақстанда да танымал болады деп ойлаймын.

F: Сән әлеміне қалай келдің, бұл саланы меңгеруге, бренд қалыптастыруға қанша уақыт кетті?

- Менің сән әлеміне келгеніме 8 жыл болыпты.  Ең алғашқы үлгілерді Аида Кауменованың «Керуен» кешеніндегі бутигіне шығарған едім. Кейін қазақ дизайнерлерінің  басын қосатын Red Carpet дүкенін аштым, содан  Наиль Байкучуковтың кешкі және той  салтанатына арналған  шоу-румын аштық. Fashion өндірісін  жақсы меңгердім, өз ательем бар, белгілі сәнгерлерден  кем түспейтін дәрежеге жеттім десем болады. Бұл істің менің жаныма өте жақын болғаны соншалық, онымен  кәсіби тұрғыда айналыса бастадым. Кейін, бренд жасау ойға келді және оны  қалыптастырып үлгердім деп айта аламын, жалпы қазақстан нарығында, дизайн әлемінде белгілі болып үлгерді. Мен бұл саланы игерумен бірге, көптеген жас дизайнерлерге көмектестім және бұл жұмысты жалғастырып келемін. 2017 жылы мамырда, алғашқы коллекциямды ұсындым, оны аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың 95 жылдығына арнадым және алғаш Мәскеуде Mercedes-Benz Fashion Week Russia апталығында көрсетілім жасадық. Екіншісі Байқоңыр.  Бұл күні кеше ғана Францияда тұсауын кесті. 

F: Қазіргі қазақстандық сән бизнесінің бет алысына, дамуына қандай баға берер едің? Мамандардың дәрежесі қандай? Әлемдік деңгейге қаншалықты жақын? Жаңадан бастау үшін не керек?

- Fashion бизнес дамып жатыр. Бұл өте қызықты бизнес. Кез келген қыз бала оны меңгеруге ынталы екені даусыз. Себебі, әдеміліктің бәрі осында және оны көбі көреді, айналысқысы келеді. Бірақ өз деңгейіндегі білім болмаса, оны дамыту қиын.  Мәселен, әріптестерімнің бәрі өз кәсіптерінің шыңына жеткендер. Менің жолым болды, Аида 12 жылдан бері сән саласында, технологиялық жоғары білім бар, Италияда білім алды, Наиль, Бибісараның тегінде тігіншілер бар. Менің дизайнерім  Бауыржан Сагиев Лондондағы әйгілі Saint Martins университетін тәмамдаған, Еуропадағы әйгілі сән үйлерінде жұмыс істеді, тәжірибесі мол. Мен кәсіпқойлармен жұмыс істеймін. Ал жоқтан бастау өте қиын, коллекция болғанның өзінде сату қиын, ол үшін керемет ғажайып дүниелер жасау керек, ал олар  көзге тез түседі және сатылады. 

F: Сән бизнесі қаншалықты табысты? Әлемдік бәсекеге сай болу үшін не қажет?

- Мәселен, мен бір ғана «Керуен» сауда орталығындағы дүкенге  айына 1 млн 700 мың теңге аренда төлеймін.  Бұл үшін қанша киім сату керек? Әрине, кейде сатылады, кейде  оның ақталмай  қалатын кездері болады.  Сондықтан бұл бизнесті аяғынан тұрғызу оңай шаруа емес. Біз санаулы ғанамыз, қазір осында тек екі қазақстандық бренд қана бар, жергілікті тұтынушыларды және шет елдіктерді қызықтыратыны да отандық киімдер. Жалға алудан бөлек, басқа шығындар көп,  жалақы, киім үлгілерін тігуге, мата сатып алуға, өндірістік шығындар, қысқасы бұл сала көп еңбек пен бірге көп қаражатты талап етеді. Идеясыз киім сатылмайды, идея бар, оны жүзеге асыру үшін қаржы мен бірге қолдау керек.

Экспортқа шығу үшін мемлекеттен қандай да бір демеу болса керемет болар еді.  Мәселен, Түркия экспортты дамыту үшін сәнгерлерге кәдімгідей қолдау жасайды, яғни шет елден жалға алған сауда алаңдарының ақысын мойнына алады, яғни Түркияда жасалған өнімді таныту үшін. Бізге қазақстанның ішінде осылай жасаса үлкен көмек болар еді. Себебі, бұл да отандық өнім.  Әрине, біз демеушілер табамыз,  бірақ олар бекерден бекер қолдамайды, біз өз кезегінде оларды танытуға атсалысамыз. Бұл жолы Мирас университеті демеушілік жасады, неге Мирас, себебі онда дизайн мамандығы бар, олар өз факультеттерінің атын шығарғысы келді, ал әлемдік бренд атану үшін үлкен қаржы қажет. Арнайы стратегия әзірлеп Миланда, Парижде, Нью-Йоркте  алаңдар ашып Made in KZ атын шығаруға болар еді. Мәселен, біз Париждегі көрсетілімге демеуші есебінен 22 мың евро жұмсалды, бару, жол ақысы, киім үлгілерін әзірлеуге кететін шығын өз алдына бір бөлек. Осыны бір жүйеге келтіру керек,ал біз өз кезегінде әлемдік бренд қалыпастыруға әзірміз! 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить