Кадр тапшылығы шетелдік маманға деген сұранысқа жол ашады

17012

Ел ішінде белең алған – ресейлік мамандардың кәсіби деңгейі жоғары деген стереотип қайдан шықты?

ФОТО: pixabay.com

Геосаяси жағдайдың салдарында соңғы екі айда Қазақстанға қоныс аударған ресейліктер туралы әңгіме қоғам ішінде әлі де басыла қойған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, елімізде үш ай заңды түрде тұрақтау құқы бар ресейлік мигранттардың бірінші толқыны әу баста Қазақстанды транзитті мемлекет деп қарастырды. Бірақ отандық еңбек нарығында ресейлік мамандарға деген сұраныс қашанда жоғары болғанын ескерсек, ел ішіндегі тиіп-қашпа әңгіменің төркінін түсінуге де болады...

2022 жылдың 26 қыркүйегінде ҚР ішкі істер министрлігі өз ақпаратында, биыл жыл басынан бері Қазақстанға 1 млн 700 мың ресейлік азамат кіріп, 1 млн 666 мың адам ел аумағынан шығып кеткенін мәлім етті. Министрліктің 18 қазандағы ақпаратында елімізге күніне Ресей Федерациясының 8–9 мың азаматы келіп, 10–11 мыңы өзге елдерге аттанып жатқаны туралы айтылды.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері Ресей азаматтары 197 841 ЖСН алған, яғни Қазақстанда банк операцияларын жүргізіп, еңбек шартын жасасуға және салық төлеуге мүмкіндік алу мақсатында. Дегенмен, олардың бәрі бірдей біздің елде тұрақтап қалды деуге негіз жоқ.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 22,5 мың РФ азаматы ресми түрде жұмыс істеп, зейнетақы жарнасын төлейді. Оның ішінде биылғы жылдың басынан бері 8 мың адам жұмысқа орналасқан және де олар, әсіресе, қызмет көрсету саласында (72%), өнеркәсіпте (16%), құрылыста (9%), ауыл шаруашылығында (2%) жұмыс істеп жатса керек. Министрлік өкілдері өз ақпаратында, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейліктердің саны өткен жылдардағы динамикаға сәйкес келетінін, сондықтан бұл еңбек нарығына айтарлықтай әсер етпегенін атап өтті.

ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегі бойынша, 2022 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша (сәуір, мамыр, маусым) Қазақстандағы жұмыс күші 9,28 млн адамды құрады. Республика экономикасында 8,82 млн адам жұмыспен қамтылған, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 мыңға артық көрсеткіш. І тоқсанмен салыстырғанда жұмыспен қамту 0,1%-ға өскен.

2022 жылдың ІІ тоқсанында еліміздегі жұмыссыздар саны 451,9 мың адамды құраған, бұл І тоқсанмен салыстырғанда 1,2 мың адамға аз. Яғни, ресейліктердің көші-қонының бірінші толқынынан кейін жұмыссыз қазақстандықтардың саны азайып, жұмыспен қамтылғандар саны ептеп артқан. Ескеретін жайт: осы кезеңде ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі өскенімен, жастар арасында (15 жастан 28 жасқа дейін) жұмыссыздық деңгейі төмендеген.

Ресейлік маман жоғары жалақы сұрайды

Қазақстан бағытындағы ресейлік мигранттар ағыны толастай түскен биылғы қыркүйектің соңын ала қоғам ішінде талқыға түскен тақырыптың бірі (жылжымайтын мүлік нарығындағы дүрбелеңмен қоса) – еліміздің еңбек нарығына қатысты. Яғни, осы тұста отандық экономистердің дені сүйінші сұрағандай болып: «елімізге білікті мамандар тобы келіп жатыр», деп шуласты. Жалпы, Қазақстан қоғамында, еңбек нарығында «жергілікті мамандарға қарағанда ресейліктердің кәсіби деңгейі жоғары, олар бізге қарағанда көш ілгері» деген стереотип қайдан шықты, қалай қалыптасты?

Айгерім Құсайынқызы
Айгерім Құсайынқызы
ФОТО: жеке мұрағат

Suleyman Demirel University оқытушысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, заңгер Айгерім Құсайынқызы, мұндай көзқарастың артында, ең алдымен, әлеуметтік факторлар жатыр деген пікір айтады: «Елімізге қазір Ресейден көшіп келгендердің көбісінің қолында қаражаты бар, сол қаржылық тәуелсіздігінің арқасында олар мұнда кем дегенде үш ай өз ыңғайымен өмір сүре алады. Қаржысы бар, демек олар жоғары білімді азаматтар».

Ал ресейлік мамандардың біліктілік деңгейі туралы стереотиптің туындауына, сарапшының пікірінше, еліміздің еңбек нарығындағы жұмыс берушілер өзіндік «үлес» қосуда: олар әдетте жергілікті емес, шетелдік мамандарды жұмысқа алып, соларға жағдай жасауға дайын тұрады.

«Бұл еліміздің еңбек нарығы үшін тиімді көрсеткіш емес. Халық арасында, «шетелдіктер маған қарағанда білімді, білікті, мен ертең жұмысымды жоғалтып алуым мүмкін» дегендей үрей қалыптасуы мүмкін. Байыппен қарасақ, Қазақстанға келген ресейліктер, қазір, мысалға, қара жұмысқа ұмтылып жатқан жоқ (ауылдан қалаға келген отандастарымыз сияқты). Ресейліктер мұнда өз біліктілігін көрсете алатын жұмысқа орналасқысы келеді, өз мамандығы бойынша жұмыс іздейді, себебі жоғары білімді, белгілі бір мамандықты игерген, өз-өзіне сенімді», - дейді Айгерім Құсайынқызы.

Аяулым Сағынбаева
Аяулым Сағынбаева
ФОТО: жеке мұрағат

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері, Карлов университетінің (Чехия) докторанты, демограф Аяулым Сағынбаева болса, бұл стереотип кеңестік кезеңнің сарқыншағы деген сенімде.

«Ресейден келген мамандардың кәсіби біліктілігі туралы стереотип пікір сонау Кеңес дәуірінде туындап, қалыптасқан, өйткені сол кезде барлық «білікті маман» Мәскеуде оқып, білім алады деген ұстаным болды. Ал бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасатынын қазақстандық жұмыс берушілер өздері айтқаны дұрыс, мысалға, әлеуметтік зерттеу жүргізіліп жатса», - дейді ол.

Ольга Якупова
Ольга Якупова
ФОТО: жеке мұрағат

Өз кезегінде, «Кадровый Холдинг Elite» рекрутинг компаниясының атқарушы директоры Ольга Якупова, ресейлік барлық маманды білікті деп сипаттаудан «аулақ болған дұрыс» деп есептейді.

«Ресейлік маман дегеніміз – өте кең ұғым. Қазақстанға келген әрбір ресейлік азамат өз саласының білікті маманы деу қате. Олардың біліктілік деңгейі жергілікті мамандардан жоғары деп те айтпас едім. Ресей ауқымды мемлекет, мамандардың дайындық деңгейі мен тәжірибесі де аймаққа қарай әртүрлі. Ия, белгілі бір салада ресейліктер табысқа жеткен, айталық, жоғары технологияларды игеруде, медицина саласында, қорғаныс өнеркәсібінде. Ал Қазақстанның еңбек нарығына талдау жасасақ, қазір бізге мұнай-газ және тау-кен металлургиясында, агроөнеркәсіп кешенінде, машина жасауда, жеңіл өнеркәсіпте білікті кадрлар тапшылығы әлі бар. Сол сияқты, отандық ЖОО металлургтер, энергетиктер, радиоинженерлер, көлік саласындағы мамандар секілді сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға барынша көңіл бөлгені дұрыс. Ресейден келгендердің ішінде осы салаларға маманданған білікті мамандар болса, олар біздің нарықта жұмысты оңай таба алады», - дейді рекрут маман.

Әйтсе де Ольга Якупова, ресейлік мамандар Қазақстанның еңбек нарығында жергілікті мамандармен бәсекеге түсуі тиіс деген пікірде.

«Жұмыс тәжірибесі мен машық-дағдылары ұқсас болғанымен, ресейліктер Қазақстанға тән нарық ерекшеліктері мен «іскерлік мәдениетті» түсіне бермейді. Бізде, сондай-ақ менталитет айырмашылығы тағы бар. Оның сыртында, ресейліктердің жалақыға деген үміті жергілікті мамандармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары», - дейді ол.

«Болашақтың» түлегі – өз алдына бір төбе

Айтпақшы, ресейлік мамандардың кәсіби біліктілігін жоғары бағалап, солардың тәжірибесіне «үміт артып» жүрген жергілікті экономистер, бұл тұрғыда отандық «Болашақ» бағдарламасының әлеуетін еске де алған жоқ. Ал Қазақстан жастарының шет елдерде білім алуына мүмкіндік беретін осынау мемлекеттік бағдарлама түлектері еліміздің еңбек нарығында кез келген шетелдік маманмен бәсекеге түсе алатындарына сенімді.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері әлемнің ең үздік деген 100-ден астам университетінде білім алуда. Ал Ресейдің ең танымал деген білім ордаларының өзі осы тізімде бар дей алмаймын, - дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, заңгер Айгерім Құсайынқызы. - Біздің түлектердің 50%-дан астамы Батыс Еуропада, Солтүстік Америкада, Жапонияда оқып, білім алған. Олардың білімі, кәсіби біліктілігі Ресей университеттерінің деңгейінен анағұрлым жоғары және біз Қазақстанның ішкі нарығына тән ерекшеліктерді жақсы білеміз.

Соңғы екі жылда бұл бағдарламаға Ресей университеттерінің қосылуы «Болашақ» түлектерін біршама таңғалдырды. Себебі біз ұмтылатын білім деңгейі Ресейде емес, Батыс Еуропада, АҚШ-та. Қазақстандық жұмыс берушілер өздері де көріп, байқап отыр: «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген мамандар ресейлік мамандардан бірнеше қадам алда».

Қалай десек те, Ресейдегі геосаяси дағдарыс салдарында көршілес елдерге бет түзеген ресейлік азаматтар сол елдердегі еңбек нарығына ықпал етпей қойған жоқ. Бұл тұрғыда, мысалға, әлеуметтік желілерде: «ішкі нарықтағы жағдайды шиеленістіре түсті» дегеннен, «еңбек нарығында оң бәсеке қалыптастыруға септік етуде» деген де пікір-ой кездеседі. Дегенмен, рекрут маман Ольга Якупованың айтуынша, Қазақстан нарығындағы ресейлік мамандарға деген сұраныс соңғы екі айдағы миграция толқынынан туындап отырған жоқ.

«Қазақстандық компаниялар ресейлік мамандарды алдағы уақытта да белсенді түрде тарта береді. Оның бір ғана себебі бар: Қазақстанда кадр тапшылығы өткір, нарық ішіндегі сұраныс толыққанды қанағаттандырылып отырған жоқ. Ресейден келген үміткерлер ұзақ бейімделуді, қайта даярлауды қажет етпейтін лауазымдар үшін тартымды болуы мүмкін, бірақ олар бәрібір жергілікті заңнаманы және мемлекеттік тілді білгені абзал. Бұл арада – тәжірибенің, құзыреттердің және Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасуға өтініш берудің оңайлатылған рәсімдері бар екенін де ұмытпайық.

Бірақ қазіргі жағдайда ресейлік мамандарға деген сұраныс біржақты емес. Дәл қазір бұл тұрғыда қандай да бір серпіліс, дүмпу бар деп айта айлмаймын. Жағдай тұрақсыз әрі ресейлік азаматтар Қазақстанда ұзақ уақытқа қалады деген сенім жоқ. Бұл белгілі бір деңгейдегі тәуекелдерді тудырады, бірқатар компаниялар мұндай үміткерлерге күдікпен қарайды», - дейді ол.

Сарапшы, сондай-ақ дәл қазір «ресейліктер жергілікті мамандардың жұмыс орындарын басып алады деп үрейленудің қажеті жоқ» деп отыр.

«Елімізде отандық мамандарға деген сұраныс әлі де жоғары және әзірге басым. Әдетте мұндай жағдайда жұмыс берушілер кадрларды іріктеуге ерекше талаптар қояды. Бұл, өз кезегінде, нарық ішіндегі салауатты бәсекелестікті жандандырып, қазақстандық мамандардың икемділігін арттыруға және кәсіби дәрежелерін ұштауға септік етеді», - дейді «Кадровый Холдинг Elite» компаниясының атқарушы директоры Ольга Якупова.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube