Қазақстанда инфляция Еуропа елдерінің тәжірибесіне сай есептелмек
Бұл жайында өз ақпаратында ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мәлім етті.
Бүгін Агенттіктің Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов үкімет отырысында фискалдық операторлар деректері негізінде инфляция мониторингін көздейтін жаңа пилоттық жобаны алға тартты.
Жоба статистиканы қалыптастыру жеделдігін қамтамасыз ету, шығындарды оңтайландыру және деректер сапасын арттыруға бағытталған.
Жандос Шаймардановтың айтуынша, бюро жұмысының басым бағыттарының бірі баламалы көздерді, мәселен, фискалдық чектерді, басқаша айтқанда, кассалық чектерде жазылатын деректерді пайдалану болып табылады.
«Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да бірқатар елдер инфляцияны есептеу үшін осы әдісті пайдаланады. Осындай жобаны біз Қазақстанда іске асыруға кірістік. Бұл тұрғыда бізге Халықаралық валюта қорының сарапшылары әдіснамалық көмек беріп, қаржы министрлігі фискалдық деректерді ұсынды», - деді ведомство басшысы.
Бюро басшысы, сонымен қатр, Агенттіктің болашақ жоспарлармен де бөлісті.
«Бюро тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогы енгізіліп, Халықаралық валюта қоры тарапынан жаңа тәсіл расталған соң, бағаларды дәстүрлі тіркеуді фискалдық деректерді пайдалануға ауыстыруды жоспарлап отыр. Әзірге біз деректерді дәстүрлі әдіспен жинауды жалғастырып, фискалды чектер негізінде тәжірибе ретінде есептеуді жүргізіп келеміз», - деді ол.
Жаңа әдістемені қолданысқа енгізу процесінің жылдамдығын ескере отырып, Бюро статистикалық деректерді жинау барысын жеңілдетіп, жеделдету мақсатында мобильді қосымшаны іске қосуда.
Ведомство басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта бағаларды өңірлердегі бюро мамандары тіркейді. Олардың әрқайсысы қағаз күнделігін жүргізеді, онда баға динамикасын қолмен жазып, тіркейді.
Жаңа мобильді қосымша баға ұсыныстарын электронды түрде тіркеп қана қоймай, сонымен қатар штрих-кодты және өнімнің суретін оқуға, объектінің орналасқан жерін растауға және деректерді онлайн режимінде жіберуге мүмкіндік береді.
Аталған жаңашылдықтар деректерді алу сапасын бақылауды арттырады, деректерді өңдеу мерзімдерін қысқартады, сондай-ақ бағаны талдау мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Вам может быть интересно: «Евросоюз готовится принимать заявления на шенгенские визы онлайн»