Жаһандық қаржы нарықтарындағы аумалы-төкпелі жағдайға қарамастан, сәуірдің соңында қазақ теңгесі біршама нығайып, 1 АҚШ доллары орташа есеппен алғанда 445,62 теңгеге сатылды.
ҚР Ұлттық Банкінің хабарлауынша, сәуір айында ішкі нарықта шетел валютасына деген сұраныс айтарлықтай төмендеген: Қазақстан қор биржасында саудаға түскен АҚШ валютасының орташа ауқымы күніне 179 млн доллардан 92 млн долларға дейін төмендеген. Ал сәуірдегі жалпы сауда ауқымы 1,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Осы тұста квазимемлекеттік сектор субъектілері ішкі нарықтағы саудаға 253,2 млн АҚШ доллары шамасындағы валюталық түсімдерін шығарып, сатты. Реттеуші органның хабарлауынша, бұл әрекет валюта нарығына өзіндік қолдау көрсетті. Ұлттық қордан республикалық бюджетке бағытталған трансфертті қамтамасыз ету үшін сатылған валюта ауқымы сәуірде 168,3 млн АҚШ долларын құрады. Бұл тұрғыда Ұлттық қордан сатылған үлес көрсеткіші жалпы сатылған ауқымның 8,7%-ын құрады.
Ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру аясында Ұлттық Банк сәуір айында валюталық интервенция жүргізген жоқ, сол сияқты, БЖЗҚ активтері мен сенімді басқаруға берілген өзге де қорлар үшін сату не сатып алу сынды қандай да бір операция орын алған жоқ.
Қысқа мерзімге негізделген таяу келешекте теңге геосаяси жағдайға қатысты өзгерістер мен әлемдік нарықтардағы ахуалға орай және ішкі нарықтардағы ойыншылардың пайым-болжамдарына қарай құбылып, өзгеруі ықтимал.
Ұлттық Банк өз саясатында ұлттық валютаның икемді бағамын белгілеу режимін әрі қарай ұстана береді, деп мәлімдеді еліміздің бас банкі өз хабарламасында. Бұл, өз кезегінде, алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етіп, ішкі нарықта үйлесімсіз жағдайдың қалыптасуына жол бермеуі тиіс.
Вам может быть интересно: «Қазақстан америкалық компаниямен дауда жеңіске жетті»