Мәжіліс депутаты Көкшетауда сүт зауытының жұмысымен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі Марат Құсайынов «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру мониторингі шеңберінде Зеренді ауданындағы сүт зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі.

Бұл сүт зауыты мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта жаңғыртудан өтіп, еңбек өнімділігін бірнеше есеге арттырған кәсіпорындардың қатарынан. Ол үшін серіктестік өндіріске цифрлық технологияларды енгізіп, жұмысқа білікті мамандарды тартты.

Бүгінде кәсіпорын жылына 20 мың тонна сүт өнімдерін шығарады. Кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Құсайынов ауыл шаруашылығы саласында заманауи агротехнологияларды енгізе отырып, өнім көлемін одан әрі арттыру мүмкіндігін атап өтті. Бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады. Айта кетейік, кәсіпорын өз өнімдерін тек Қазақстан бойынша ғана емес, Ресейдің бірнеше қалаларына да жөнелтеді.

Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 300 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау тапты. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының субсидиялау бағыты бойынша сүт-тауарлы фермасын ашуға қолдау көрсетілді. Биыл фермаға сүтті сиырлардың алғашқы партиясы жеткізілді.

Халық қалаулысы елімізде агроөнеркәсіптің дамуына мемлекет тарапынан қолдау әлі де көрсетілетінін атады. Оның қайтарымы жұмыс орындарын ашу және салықты уақтылы төлеу деп есептеуге болады. Осы орайда аталған сүт зауытында бүгінде 99 адам жұмыс істеп, өткен жылы бюджетке 200 млн теңге көлемінде салық төлеген.
 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте