«Самұрық-Энерго» АҚ жаңа басқарушы директорлары тағайындалды

«Самұрық-Энерго» АҚ басшылық лауазымдарында бірқатар ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Самұрық-Энерго» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры лауазымына Алмасби Камалов тағайындалды.

Ол 2021 жылдан бастап ұйымдағы «Стратегия және экономикалық талдау» департаментінің директоры болып жұмыс істеген.

Алмасби Низаметдинұлы 2010 жылы Қазақстан Менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) бітіріп, іскерлік әкімшілік және бухгалтерлік есеп бакалавры дәрежесін алған.

2018 жылы Almaty университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта Warwick университетінде (Ұлыбритания) MBA бағдарламасы бойынша білімін жалғастыруда. CFA II деңгейлі кәсіби біліктілігі бар.

А. Камалов еңбек жолын 2011 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес ұйымдарында: «Алматы электр станциялары» АҚ және «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-да бастаған.

Ал 2014 жылдан бастап «Самұрық-Энерго» АҚ Стратегиялық жоспарлау және экономикалық талдау департаментінде еңбек жолын жалғастырып, бас менеджерден басқарушы директорға дейін көтерілген.

Одан бөлек, «Самұрық-Энерго» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметіне Нұрлан Жапарханов тағайындалды.

Бұған дейін ол «Qazaq Green Power PLC» қоғамдық компаниясының Құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры болған.

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Тұран» университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «NarOil» ЖШС-де заңгер болып бастаған. Кейін «Қазтелерадио» АҚ, «СОП Күзет» АҚ, «Масло-Дел» ЖШС, «Самұрық-Энерго» АҚ-да түрлі қызметтер атқарды. Жалпы еңбек өтілі 19 жылдан асады, оның ішінде 10 жылдан астам уақыт басшылық қызметте еңбек еткен.

Сонымен бірге, Аңсар Айдаров «Самұрық-Энерго» АҚ Инвестициялар жөніндегі бас директоры болып тағайындалды. Ол бұған дейін «Самұрық-Энерго"АҚ жобалық кеңсесінің басшысы қызметін атқарған.

Аңсар Айдаров әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша және Гуманитарлық-техникалық академияны «Экономика және бизнес» бағыты бойынша бітірген.

2008 жылы Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясында «Құқықтану магистрі» дәрежесін алған. 2013 жылы энергетика саласына «Жетісу энергиясы» ЖШС-ға келді, онда 7 жыл бойы компанияның басқарушы директоры және бас директоры болып жұмыс істеген.

Содан кейін «Самұрық-Энерго» АҚ-да инвестициялық жобаларды іске асыруға жауапты бөлімше басшысы лауазымында болған.

Осы жылдары А. Айдаров «Шелек дәлізінде жел электр станциясының құрылысы» жобасын іске асыруға үлес қосқан, сондай-ақ ҚР мен ҚХР арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде СЭС және ЖЭС жобаларын іске асыруға белсенді қатысқан.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте