«Dimash tour»: Қазақстан туризмін дамытудағы жаңа бағыт

27850

Димаш Құдайберген атындағы жаңа туристік бағыт несімен ерекшеленеді?

Димаш Кудайберген
Димаш Құдайберген
Фото: © Depositphotos/d_odin

Әйгілі әншінің туған жерінен бөлек туристер тағы қандай аудандарды тамашалай алады? Бұл жоба қай елдерде таныстырылды? Осы және өзге де сұрақтарға «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының директоры Ерсайын Сиюнов мырза жауап берді.

Ерсайын Мұратұлы, жуырда Қытай мен Оңтүстік Кореяда болып қайттыңыздар. Бұл сапарлардың мақсаты қандай?

- Біз өткізген Road Show іс-шарасының міндеті – Ақтөбе облысындағы туристік нысандарды жүйелі түрде танымал ету. Бұл біздің өңірдің туристік брендін дамытуға, туристердің қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ өңірдің бірегей туристік объектілерін танымал етуге бағытталған. Басты мақсат – Ақтөбе облысын перспективалы әрі тартымды туристік бағыт ретінде қалыптастыру. Бұл – аймақ имджін көтеруге септік етіп, жаңа туристерді тартуға және туристік нысандарды қолдау үшін маркетингтік стратегияларды тиімді пайдалануға ықпал етеді.

Ерсайын Сиюнов, «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының директоры
Ерсайын Сиюнов, «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының директоры

Бұл сапарда Ақтөбе өңірінің туристік әлеуетімен бірге Димаш Құдайберген атындағы «Dimash tour» жобасы да таныстырылды...

- Иә, бұл іс-шараны ҚХР мен Оңтүстік Кореяда өткізу осы елдермен арада орнаған визасыз режиммен тікелей байланысты. Осы келісімді пайдалана отырып, біз бұл елдерден туристерді көптеп тартуды көздеп отырмыз. Жоба барысында Ақтөбе облысының делегациясы Қытайдың Пекин, Шанхай және Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласына барды. Делегация құрамында Димаш Құдайбергенге вокалдан сабақ берген ұстазы Марат Әйтімов те болды.

Жалпы, «Dimash tour» жобасының негізгі бағыты Ақтөбе облысы. Әрине, Димаштың туған жерінің қонағы болу – бұл біздің өңір үшін сұранысы басым әрі теңдесі жоқ тәжірибе. Осылай өңіріміз әйгілі туристік бағыт ретінде өз позициясын нығайтпақ. Бұл тур бізге келушілер үшін бірегей мүмкіндік беріп қана қоймай, жалпы Қазақстандағы туризмнің дамуына да оң әсерін тигізеді деп есептейміз.

Оңтүстік Кореядағы Road Show шарасы, 2023 жыл, желтоқсан
Оңтүстік Кореядағы Road Show шарасы, 2023 жыл, желтоқсан

Қытай мен Корея тарапынан кімдер қатысты? Сіздер оларға нақты не ұсындыңыздар?

- Іс-шараға Қытай мен Оңтүстік Корея туристік бизнесінің 120-ға жуық өкілі қатысты. Шара барысында біз облыс аумағындағы көрікті де ерекше орындар мен туристерді орналастыру шарттарын ұсындық. ҚХР мен Кореяның іскер топтарының қатысуымен, туристік саланың бірқатар компанияларымен B2B және B2G кездесулері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, туроператорлармен келіссөздер барысында «Dimash Tour» мүмкіндігін ескере отырып, өңірдің көрікті жерлерін қамтитын жаңа туристік маршруттар бойынша нақты ұсыныстар қаралды. Келіссөздер барысында ірі туроператорлармен Ақтөбе облысындағы бірегей объектілерді өз маршруттарына қосу туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді, тараптар арасында келісімдер жасалды.

«Dimash tour» жобасының бағыты қандай? Туристерге не ұсынылады? Бұл маршрут несімен қызықты болмақ?

- «Dimash tour» жобасы аясында біздің қонақтар Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларына саяхаттай алады. Әрине, бірінші кезекте Димаштың туған жері – Ақтөбе қаласы туралы айтып өткен жөн деп ойлаймыз. Ұйымдастырушылар қонақтарға ұлттық мәдениет пен қонақжайлықты көрсетеді. Жоба аясында туристер облыс тарихымен танысу үшін Ақтөбе қаласының негізгі орындарына, соның ішінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барады. Сондай-ақ, олар көрнекті әнші білім алған мектеппен танысып, онда Димаштың мұғалімдерімен кездеседі, қаладағы музыка колледжіне баруға мүмкіндік беріледі, ол жақта Димаштың ұстазы – Марат Әйтімовпен жолыға алады. Қонақтар үшін шеберлік сабақтары, концерттер мен арнайы қойылымдар ұйымдастырылады. Туристер үшін тағы бір қызықты нысан – Димаш Құдайбергеновтың туып-өскен үйі, бұл орын қазір мұражайға айналған. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы бойынша city tour өткізіледі, яғни қонақтар қаланың әсем де көрікті, қызықты жерлерін аралайды. Мысал ретінде Т. Ахтанов атындағы драма театрын, «Нұр-Ғасыр» мешітін, кафедралдық соборды айта аламыз. Облыс аумағындағы бірегей орындарға саяхаттар ұйымдастырылады.

Қазір облыс аумағында меймандарды таңқалдыратын қандай локациялар бар?

- Қазіргі таңда Ақтөбе облысында туризмнің бірнеше саласы дамыған. Дәлірек айтсақ, экологиялық туризм бойынша бірнеше маршрут бар. Мысалға, Ақтолағай борлы таулары, Аққұм құмдары (Байғанин ауданы), Қарғалы су қоймасы, Қасқыр сарқырамасы, Мылқау ауыл (Қарғалы ауданы), Аққайың орманы (Мәртөк ауданы), Орқаш табиғи қорығы (Мұғалжар ауданы), Барқын құмдары (Ойыл ауданы), Ырғыз-Торғай табиғи резерваты (Ырғыз ауданы) секілді туристік объектілер өңір тұрғындары мен қонақтары арасында танымал. Облыс бойынша қасиетті саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған туристік маршруттар да ұйымдастырылған. Дәлірек айтқанда, Көкжар жәрмеңкесі (Ойыл ауданы), Досжан Ишан мешіті (Темір ауданы), Есет батыр Көкіұлы (Алға ауданы) және Қобыланды батыр (Қобда ауданы), Хан моласы (Әйтеке би ауданы), Есет-Дәрібай (Шалқар ауданы) мемориалдық кешендеріне, Абат-Байтақ кесенесіне (Қобда ауданы) сұраныс көп.

Оңтүстік Кореяда өткен Road Show шарасы, 2023 жыл, желтоқсан
Оңтүстік Кореяда өткен Road Show шарасы, 2023 жыл, желтоқсан

Ақтөбе өңіріне қатысты туристік статистика қандай?

- 2022 жылы Ресей, Әзірбайжан, Түркияда өткізілген Road Show нәтижесі бойынша осы елдерден туристер саны өскенін атап өтуге болады. Ресми статистикалық ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы келген туристер саны 2022 жылмен (32 352 адам) салыстырғанда 33,5%-ға артық екенін көрсетеді. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанында Ақтөбеге келген туристер саны – 9134 адамды құрады, басқа елдерге шыққандар саны – 8611 адам. Екінші тоқсанда бізге келгендер – 14 512, шығушылар – 12 744; үшінші тоқсанда келушілер – 13 022 адам, ал басқа елге шыққандар – 13 187 адам.

Димаштың туған жеріне бұған дейін де турлар ұйымдастырылғанын білеміз. Оның нәтижесі қандай? Кімдер келді, қайдан келді, қонақтарға не ұнады?

- Бізге жыл сайын Швейцария, Корея, Қытай және басқа да елдерден 100-ден астам қонақ келеді. Олар үшін Ақтөбе облысы бойынша әртүрлі турлар ұйымдастырылады. Саяхатшылар осы сапар аясында көрнекті әнші туып-өскен аймақтың бай тарихы мен мәдениетімен таныса алады. Жалпылай алғанда, елімізге, соның ішінде Ақтөбе өңіріне келген қонақтарымыз ұйымдастырылған іс-шараларға оң бағаларын беріп, келешекте біздің өңір еліміздің негізгі туристік орындардың біріне айналатынына сенім білдірді.

Ақтөбе амбассадоры жобасын қолға алыпсыздар, бұл бастамадан қандай нәтиже күтесіздер?

- Айта кету керек, Оңтүстік Кореяда өткізілген Road Show көшпелі іс-шарасы өте нәтижелі болды әрі Ақтөбе облысының туристік әлеуетін ілгерілетуге елеулі үлес қосты. Аймаққа қызығушылық танытқан қатысушылар белсенді пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар берді. Атап айтсақ, оңтүстік кореялық әнші, қазақ және корей тілдеріндегі әндерді орындаушы Сон Вон Саб Ақтөбе облысының туристік амбассадоры болуға ниет білдірді. Жоба аясында біздің орталық пен Сон Вон Саб арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, Сон Вон Саб мәдени ынтымақтастықты дамыту мен туризмнің ресми тұлғасы ретінде бірқатар міндеттерді өз мойнына алды. Оның бірегей шығармашылығы Ақтөбенің табиғи ерекшеліктеріне назар аудартудың және туристік бастамаларды қолдаудың негізгі құралы болмақ.

Биыл «Ақтөбе облысының туристік амбассадорлары» атты жобаны іске асыруды жоспарлаудамыз. Бұл стратегиялық бастама танымал тұлғалар арқылы аймақтағы туризмді белсенді түрде дамытудуы көздейді. Жалпы, Корея мен Қытай туристері өңірдегі экологиялық туризмге ден қоюда, яғни Ақтөбе облысының ерекше табиғи ландшафты олардың қызығушылығын туғызуда. Сол себепті де 2024 жылы визасыз режимді пайдалана отырып, қос елдің туристерін көптеп тарту жоспарлануда.

Фотосуреттер «Visit Aktobe» орталығының мұрағатынан алынған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить