Қазақстандағы жарнама мен дубляж дикторларының дауысы қалай бағаланады

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген танымал дикторлар айтып береді

ФОТО: © pixabay.com

Танымал журналист, белгілі жүргізуші Досымбек Қонысбекұлының айтуынша Қазақстан арналарындағы қазақ тілді жарнамалар 2000 жылдары көптеп жарық көре бастады. Себебі сол кездері мемлекеттік тілдегі  хабарлардың үлес салмағы 50%-дан кем болмауы тиіс деген заң қабылданған еді. Сол сәттен бастап жарнама агенттіктері тарапынан қазақ тілді және ерекше дауысты дикторларға сұраныс арта бастады. 

Досымбек Қонысбекұлы
Досымбек Қонысбекұлы

- Мен Хабар агенттігінде жүргізуші болып істеп жүрген кезімде бірқатар студиялар ұсыныс жасап, жарнамаларды дыбыстауға шақыра бастады. Алғашқы роликтерді сол кезден бастап оқи бастадым. Ақысы да жақсы болды. Сол кездері санаулы секундтардан тұратын бір ролик үшін $100 беретін. Өйткені жарнама берушілер күн санап артты. Осылай күніне 5-6 роликке дейін, кейде 10 жарнамаға дейін оқыған кездеріміз болды. Сол кездегі иптотеканы да жармана табысынан  жаптым десем болады, - дейді журналист.

Уақыт өте эфирлерден өзге дауыстар пайда бола бастады. Жас дикторлар көбейді, сұраныс артты, бәсеке пайда болды. Журналистің айтуынша қазақ дикторлары үшін осы кезде керемет мүмкіндік болды. Өйткені орыс тіліндегі жарнамаларды негізінен жергілікті емес, Киев, Грузия, Мәскеудегі дикторларға оқып келген. Ал олардың бағасы шамамен $35-40 болған.  

- Мен роликтермен бірге деректі фильмдерді оқыдым. Себебі шетелдің деректі фильмдері қазақшаға аударыла бастады. Бірақ олардың бағасы мардымсыз еді. Бір бетке 1,5 мың теңге PR материалдар болды. Әсіресе, Атыраудағы мұнай компанияларының тапсырыстары.  Оларды көлеміне қарай бағалайтын, бір бетіне $50, $80, кейде $100 дейін беретін. Сонда 10 бетке $600-700 алған кездер болды. Жалпы өз басым осы күнге, дейін Procter & Gamble Colgate, Dirol, БанкЦентркредит, Валютранзитбанк, Kaspi банкі, Sulpak, Suzuki Grand Vitara брендтерін және кофе жарнамасын, саяси партиялардың сайлау алдындағы роликтерін және т.б компанияларды жарнамаладым. Қазір көп оқымаймын,себебі жаңа буын келді. Олардың  қалай алатынын айта алмаймын, себебі доллардың бағамы өзгерді, жарнама агенттіктері бағаны өзгертті, - дейді Қонысбекұлы.

Мұхамедәлі Болатұлы
Мұхамедәлі Болатұлы

Қазақ радиосының дикторы әрі brend voiсе, «Говорим как Левитан» байқауының жүлдегері Мұхамедәлі Болатұлы алғаш 1-ші курста «Қазақфильм» туындысын дыбыстаудан бастады. Кейін «Қазақстан», «Еуразия», «Хабар» арналарының дубляжында істеді. Ал 2014 жылы сериалдарды қойып, деректі фильмдерге бет бұрды және көркем фильмдерде, «Марвел» мен «Дисней» туындыларында тек бір ғана кейіпкерді сомдады.   

- Жарнамаға келсем, ең алғашқы гонорарымды 5 курста таптым. Сол кезде бір компанияның  кастингінен сәтті өтіп, мен оқыған 27 секундтық роликке  $1000 төледі. Ал одан кейін аудиокітапты  дыбыстағаным үшін 1 млн теңгеге жуық ақы төленді. Қазір мемлекеттік тапсырыстар, әлеуметтік роликтарды, анонстарды оқып жүрмін, «Қазспорт» арнасында комментатор болдым. Әрине, қазір бұл нарық өте кең, оның үстіне оқу мәнері өзгеріп кетті, әркім өзі дауысын әртүрлі бағалайды. Қазіргі менің бағам 20 мың теңгеден басталады, яғни бұл бір немесе бір-екі сөйлемнен тұратын материалдар. Ал одан көп болса, баға өсе береді, бұл мәтіннің көлемі мен күрделілігіне қатысты. Бірақ бұл өте табысты сала дей алмаймын. Себебі қашан және қай уақытта тапсырыс келетінін білмейсің. Мен бірәз танылып қалғандықтан, аптасына кем дегенде 3-4 тапсырыс аламын. Ал жаңадан бастағандарда олай бола бермейді, - дейді Мұхамедәлі.  

Кәсіби диктор  кез келген тапсырысты оқи бермейді. Себебі өзінің қатып қалған қағидалары бар.

- Несие, қаржы пирамидалары, букмекерлік кеңсе, ломбард, құмар ойындары, ішімдік пен темекі жарнамаларын оқымаймын. Яғни, адамға зиян келтіретін дүниелерден аулақпын. Қазіргі күні қаптаған дәрілерге де қатты мән беремін. Тек шипалы, қоғамға пайдалы, кесірі жоқ нәрселерді оқимын. Әрине, кезінде қаржы керек болды, еске алу, үйлену, махаббат оқиғасы, тойға шақыруларды оқыдым, бірақ қазір ондай дүниелерден де бас тартамын. Тек елге еңбегі сіңген, дара тұлғаларға арналған деректі туындыларды оқуға тырысамын.  Жалпы шетелде тапсырыс беруші мына материалдың табиғатын кім ашады дегенді біліп тұрады. Мысалы дауыс үшке бөлінеді: тенор, баритон, бас деген ұғымар бар. Олар сол бойынша істейді. Бізде тапсырыс берушілер шетелдікі сияқты оқып беруді сұрайды. Олай емес. Әр материал талғаммен жасалу керек, - дейді диктор.    

Мирас Жақып
Мирас Жақып

Дубляж актеры Мирас Жақып 11 жылдан бері  телехикаяларды,  деректі фильмдерді дыбыстайды. Түрік сериалдары, «Дисней», «Марвел» туындыларына қатысты. Елордадағы «Aray Media Group» студиясында кинотеарларға арналған қазақ тілді фильмдердің дубляжын жасап, «Жұлдызды соғыстар», «Ойыншықтар хикаясы туындыларының өндірісіне  араласты.

- Бізге деген сұраныс жақсы, бәсеке өте күшейіп келеді. Әсіресе түрік телехикаялары көптеген арналарда жүріп жатыр. Табыс мәселесіне келсек, шүкір, жаман емес. Мысалы «Қазақстан» арнасындағы түрік сериалдарына келсек, онда тек белгілі бір көлемде жалақы белгіленген. Ал кинотеатрлар үшін төлем мүлде бөлек. Онда біз бірнеше емес, бір ғана кейіпкерді дубляждаймыз және бастан аяқ синхронды түрде алып шығамыз. Яғни, құлағанын, күлгенін, жылағанын т.б. Ал жарнаманы тек тақырыбына, төлеміне және көлеміне қарай таңдаймын, - дейді актер.

Актердың айтуынша қазір дубляж мамандары көп, бірақ жобаларға қатысу баршаға бірдей бұйыра бермейді. Бұл негізінен кәсіби деңгейге, тәжірибеге байланысты. 

- Жалпы әрбір басталатын дүниеге кастинг жүреді. Бір рөлге бірнеше актерды шақыруы мүмкін. Сол жобаға сәйкес таңдау жасалады. Ең алдымен тілдің тазалығы болуы шарт, дикция бар, дауысты құбылту деген дубляжда өте маңызды. Өйткен бір емес, бірнеше адамды дыбыстайсыз. Қазір жүріп жатқан түрік сериалын төрт-ақ адам дубляждаймыз. Екі ер, ек әйел адам. Бір адамға 5-6, кейде 7-8 рөлден келеді. Соның бәріне мән беріледі, - дейді Мирас.

Азамат Қанапия
Азамат Қанапия

Азамат Қанапия алғашында театрда істеді, радиода жаңалықтар оқыды, уақыт өте дубляжға ауысты. Алғаш 2001 жылы Хабар арнасында «Аулаға қараған терезе» деген фильмді дыбыстады. Бірінші айда 6 мың, екінші айда 21 мың, араға үш ай салып 64 мың теңге табыс тапқанын айтады. Қысқасы сағатына 3 мың теңге төленетін дыбыстау процесінен 150 мың теңге айлық алады. Уақыт өте толығымен дубляжға ауысып, театрдан біржола кетеді, себебі сахнаның жалақысы 9 мың теңге ғана еді. Осылай көптеген сериалдардың дубляжына қатысты, «Көшпенділер» картинасын дыбыстады.

- Жарнамаға қатысты қабылданған 50/50 деген талап бізге сұраныс тудырды. Содан 2004 жылы қазақ тіліндегі жарнамаларды оқуды бастадым. Алғашқы табысым $50 болды. Содан екі жарнаманы $100-ға оқып, ол қаржыны сол күні дүниеге келген нәрестеме жұмсағаным әлі есте. Жалпы дубляждан бөлек көптеген жарнамаларды оқыдым. Мен негізі Sulpak, Nivea мен Nissan брендтерінің ресми дауысымын, оған қосымша басқа да роликтерді дыбыстаймын. Дулбяжға келсек, шетел фильмдерінен ең алғаш Диснейдің тапсырысымен «Көліктер» (Тачки) дубляжын жасадым және онда Мэтрді дыбыстадым. Сол кезде туындыны  32 мемлекет дубляждаса, солардың ішінде «Ең үздік Мэтрдың дауысы» деген атаққа лайық болдым, бұл дипломды Диснейдің өзі табыстады. Жалпы «Болашақ» қауымдастығы 30 астам жоба жасаса, соның ішінде 20 туындыда басты рөлде жұмыс істедім, - деді Азамат.   

Азамат Қанапияның пікірінше бұл нарықта анау айтқандай бәсеке жоқ. Себебі әркім өз дауысымен ерекшеленеді. Бұл салада ең алдымен шеберлік пен кәсіпқойлық қажет.

- Дубляж табысына келсек, әлі күнге баға өзгерген жоқ. Алғашқы кездегідей 150-200 мың алып келсек, қазір де солай. Біз массамен ұтамыз, шеберлігіміздің арқасында бір оқығанда, таңнан кешке дейін әрбір сериясы 1 сағат болатын 6 серияны оқып тастауға тырысамыз. Дубляждың жұмысы ұшан-теңіз, сырт көзге көрінбейді, мен өз басым осы уақытқа дейін 3 вагон толатын макулатураны оқып тастаған шығармын. Жалпы біздің жұмыс лайықты бағаланбайды. Дубляж актерларында атақ, марапат деген жоқ.  Ал жарнаманы $100-ға оқып келдім, кезінде ең қымбат дауыс Азаматтыкі дейтін, бірақ доллар бағамы өзгерген соң баға өзгерді. Қазір 18 мың теңгеге оқимын. Өйткені  қазір жүз доллар десең сені ешкім шақырмайды. Ал деректі фильмдерге қатысты әркім әрқалай келіседі, бірақ мен өзім  бір беті 10 мың теңгеден оқимын деп кесіп айтамын, - деді Қанапия.

Азамат Қанапияның жыл сайын 7 мамырда өтетін  әскери парадты жүргізетінін көпшілік біле бермейді. Алматы мен Елордада өткен Азиаданың  ашылу рәсімін де Азамат таңдалған еді.        

- Ал парад мәселесіне келсек, кезіндегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Көшпенділердегі» дауысты шақырсын деген екен. Содан қорғаныс министрілігі мені тауып алды, оған ең көп бергені 300 мың теңге. Жалпы ұсыныстардан  бас тартпауға тырысамын. Кейде бір тексіз жарнамалар болады, олардан бас тартамын. Сосын үнді фильмдеріне жоламауға тырысамын, себебі олардың мәні мен мазмұны жаныма жақын емес. Дегенмен, шүкір, тапсырыс жоқ емес, үлкен жобалардың басында болғаныма қуанамын. Менің ойымша қазір кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдерді көбейту керек, олардың үлесі ең болмаса 50/50 болса деген арман бар. Бұл ең алдымен тілге, одан кейін дубляж актерлары үшін үлкен жұмыс, үлкен табыс болар еді, - деді диктор.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
2781 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить