«Жаңа Қазақстанның» ескі қателіктері

70265

Қыркүйектің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталатын жолдауын жариялады

Досым Сатпаев
Досым Сатпаев
Фото: © Андрей Лунин

Одан аз уақыт бұрын Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа моделін қабылдау керегін айтқан еді. Ал бұған дейін 2030 жылға арналған Назарбаев стратегиясы күшін жойды, ол отыз жылда аса мол ресурстарды жұтқан үлкен «қара құрдымға» айналған-тын. Басқасын қойғанда ең бағалысы – уақыт жоғалттық.

Нәтижесінде саяси құрылым тұрғысынан бізде классикалық авторитарлық жүйе қалыптасты. Ал экономикадағы жағдайды «генетиктер ірі бизнеске деген дағдылардың бәрінен де қайын атасынан күйеу баласына жақсы берілетінін анықтапты» деген қалжыңмен түсіндіруге болатын. Яғни экономикадағы басты ойыншы бюрократиялық аппарат бейнесіндегі мемлекет және түрлі олигархиялық топтар болды.

Бірақ Тоқаевтың қыркүйектегі жолдауы осы жолы да толғатып тышқан тапқан тау сияқты болды, сапалы орындаушылары бола қоймайтын кезекті жобаға айналды. Оның үстіне Тоқаев ұзақ жылдар бойы Назарбаев жасап келген ескі қателіктерге бой алдырды, бұрынғы басшы өзінің жыл сайынғы жолдауларын адресаты белгісіз құжатқа айналдырып жіберген еді. Шыны керек, қоғам мәселенің шешімін тауып бере алмайтын, шындықтан алыс бұл жолдаулардан әбден шаршаған. Мемлекеттік аппарат үшін жолдау нәтижеге емес, есеп үшін жұмыс істейтін жаңа тапсырма ғана, олар қағаз көпіршігін өндіретін кезекті конвейерді іске қосты десе де болады.

Нәтижесінде, жыл сайынғы жолдаулардың ұзақ жылдан бері келе жатқан мәселесі – олар үнемі бірінің үстіне бірі қабаттаса береді, жаңа жолдаудағы мақсаттар мен тапсырмалар бұрынғылардың міндеттерінің қатарын толықтырады, бірақ соған қарамастан ертеректе қойылған тапсырмалардың қалай іске асырылып жатқаны туралы ешқандай есеп берілмейді. Бұдан бөлек тағы да абсурдты жағдай туындағанын айту керек. Жолдау қыркүйекте жасалынды, алайда үкімет 2024–2026 жылдардың бюджетін тамызда құрып қойған, енді президенттің тапсырмаларынан кейін оған тағы да өзгерістер енгізу керек болады.

Қаңтар оқиғасынан кейін және Украинадағы соғыс басталған соң мемлекет басшылығы алдындағы бірінші міндет – әлеуметтік-экономикалық саладағы орта мерзімді және ұзақ мерзімді тәуекелдер картасын құрастыру, геосаяси трендтерге, климаттық өзгерістердің салдарына, қопарғыш инновациялардың оңы мен терісіне, демографиялық даму ерекшеліктеріне, урбанизация үрдісінің талдануына, тозған инфрақұрылымға, қоғамның мәдени және білім деңгейінің дамуына, түрлі идеологиялық құрылымдардың сәйкестікке жасайтын ықпалына баға беру сынды мәселелер тұруы керек еді. Нассим Николас Талебтің: «Оқиғаларды емес, жүйе мен оның морттығын зерттеу керек» деген сөзі бар. Бірақ ол да жасалған жоқ.

Мұндай тәуекелдер картасының болмауы жаңа тәуекелдер мен жаңадан ашылатын, бірақ тез жабылып қалатын «мүмкіндіктер терезесіне» дайын болу үшін қоғам мен биліктің орманды толығымен көру мүмкіндігін төмендетеді.

Нәтижесінде, бұл биліктің «өрт сөндірушілер» ретінде әрекет етуіне әкеліп соғады, яғни олар тек жарылып жатқан мәселелерге – өрттерге, ЖЭО апаттарына, әлеуметтік жарылыстарға немесе елдің әртүрлі аймақтарындағы су тапшылығының күшеюіне ғана жауап қайтарады.

Айтпақшы, президент өз жолдауында біз өз күшімізге, кадрларымызға, ресурстарымызға және т.б. сүйенуіміз керек дегенді айтты. Бірақ бұл жерде де алдымен олардың қандай күштер, қандай кадрлар мен ресурстар екенін түсініп алуымыз керек. Ал ол үшін бүкіл экономиканы тексеріп, атқарушы вертикальдің барлық деңгейінде бұрмалануын жалғастырып келе жатқан ресми статистикадағы жағдайды ретке келтіру талап болмақ. Алайда Авгийдің қораларын тазалау кезінде олар тезекте жасырылған талай қаңқаларды, қыруар қаражат жұмсалса да жүзеге асырылмаған қымбат мемлекеттік бағдарламаларды тауып алатыны анық, бұл тексеру патшаның шын мәнінде әлдеқашан жалаңаш екенін ғана көрсетеді.

Бірақ ең бастысы, өткен жылдан бері билік технократиялық легитимділігін қалыптастыру үшін бірде-бір қадам жасамады. Егер ол орындалса, азаматтар биліктің легитимділігін мойындап, лоялдық танытқанның орнына мемлекеттік машинаның тиімділігі арта түсер еді. Сол арқылы салық төлеушінің культі қалыптасады, халық шенеуніктерден жинаған салыққа сапалы жұмыс істеуді талап етеді.

Сонымен бірге, билік тарапынан технократиялық легитимділікті қалыптастыру жобаларды басқарудың бірнеше маңызды элементтері болған жағдайда мүмкін болады:

  1. Косметикалық емес, жүйелі өзгерістерге деген мотивация.
  2. Реформаторлар командасы.
  3. Нақты және түсінікті мақсат қою.
  4. Дұрыс жоспарлау.
  5. Қатаң әрі ашық бақылау.

Ал президент жолдауын талдасаңыз, онда бұл тармақтардың басым бөлігі жоқ, әсіресе жүйелі өзгерістерге деген мотивация, реформаторлар командасы және қатаң бақылау орнату бойынша тұстары тіпті байқалмайды. Михаил Саакашвили айтқандай, шенеуніктерге үш нәрсе ғана керек: үлкен идея, үлкен жалақы және байланысы мен шеніне қарамастан кез келген адамды түрмеге жабуға дайын құқық қорғау органдары. Бұл тізімнен бізде тек жоғары лауазымды шенеуніктердің, депутаттардың, квазимемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компаниялардың басшыларының үлкен жалақысы ғана бар, бірақ олардың жұмысының тиімділігін бағалаудың нақты индикаторлары жоқ.

Оның үстіне, билеуші топтардың идеологиясыздандыруы жалғасуда, бұл кезде элитаішілік топтар оларды қандай да бір жолмен анықтауға мүмкіндік беретін қандай да бір саяси идеологияның негізінде емес, жаңа «сұр кардиналдардың» айналасында құрылады. Нәтижесінде сансыз идеологиялық құрылымдарды жасаушылар қоғамға ұсынып жатқан дүниесіне өздері де сенбейді. Бұл қыркүйек жолдауына да қатысты айтылып отыр. Билеуші топтардың ішінде либералдар да, социал-демократтар да, ұлтшыл-патриоттар да, реформаторлар да, тіпті классикалық консерваторлар да жоқ. Тек билікке қол жеткізуге және ресурстарды бөлуге көбірек қызығушылық танытатын адамдар ғана бар, элита-ішілік тепе-теңдік «компромисс – екі компроматтың тепе-теңдігі» қағидасына негізделген. Сыбайлас жемқорлық бақылау, басқару және тепе-теңдікті және элитаішілік тепе-теңдікті сақтау тетігі болып қала береді. Corruption relations & Corruption management есебінде. Мұның бәрі уақытша билікші синдромын және ұжымдық жауапсыздықты тудырады.

Соңғы кадрлық өзгерістер тиімсіздік арқылы бақылауды еске түсіреді. Бұл кезде туындаған мәселелер номенклатураның кезекті қайта құруы мен кадрлық ауыс-түйіс жасауға жақсы себеп бола алады. Сол арқылы, біріншіден, «патша жақсы, ал боярлар нашар» деген ескі ережені ұстануды жалғастыра береді (ол боярларды басқаларға ауыстыру керек), екіншіден, науа басына басқа ойыншылар да шықсын деген ниетпен элитаішілік тепе-теңдік сақталады және, үшіншіден, мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасын арттыру керек әкімшілік реформалар имитациясы жасалады.

Мұның барлығы Тоқаев та Назарбаев сияқты негізгі үш тірекке сүйенетінін аңғартады: тиімсіз бюрократия (ұзақ уақыттан бері кәсіпқойсыздандыру мен құзырет дағдарысынан зардап шегіп келеді), күштік құрылымдар және экономиканың олигархиялық құрылымы. Былтырғы конституциялық референдум немесе президенттік сайлау сияқты саяси реформалардың имитациясы және биылғы парламент сайлауы деген қойылым екінші президенттің суперпрезиденттік жүйе аясында корпоратизмнің ескі моделін сақтап қалмақшы екенін көрсетеді. Аталған корпоратизм мемлекеттің белгілі бір мүдделерді алып жүруде монополист саналатын құрылымдармен ғана байланысуынан көрінеді. Тіпті тиімсіз, бірақ түрлі сегмент үшін адал «кураторларды» қалыптастыруға мемлекеттің өзі де қатысады. Мұны жүйені қолмен басқарудың бір тәсілі деп есептейді. Нәтижесінде экономикалық және саяси салаларда жетекшілік ететін құрылымдардың «қолшатырындағы» экономикалық, саяси және ақпараттық ресурстарды мобилизациялау жалғасады.

Танымал поляк экономисі Лешек Бальцеровичтің пікірінше, егер қоғам бәсекеге қабілетті және тұрақты болғысы келсе, астында «үш кит» болу керек. Біріншіден, әділдік пен түсінікті ойын ережесіне негізделген құқықтық мемлекет. Екіншіден, сана бәсекесін ынталандыратын жекеменшік және нарықтық экономика. Үшінші кит – демократиялық басқару формасы. Ол мінсіз немесе әділетті болғаны үшін емес, нарықтық экономиканы дамытып жатқандарды басқаруға, оны олигополияға айналдырмауға мүмкіндік береді.

Бірақ тағы бір мәселе бар. 1990-жылдармен салыстырғанда қуып жетуші жаңғыру деңгейі қазір біз бақылап отырған инновациялық төңкеріс жағдайында айтарлықтай биікке жетті. Экономист Дэни Родрик жазғандай, «...өнеркәсіптегі төмен ілулі жемістерді жинап болдық, бірақ қазір жалпы қосылған құнның ең үлкен үлесін құрайтын қызмет көрсету секторындағы технологиялық алшақтықты жою әлдеқайда қиын».

Массачусетс технологиялық институтының серіктес профессоры Цезарь Идалго экономикасын жоғары технологияларға қарай әртараптандыра алмаған елдер кедейлене түседі деп есептейді. Ол барьерді аттап өткендер керісінше байып кетеді. Мұның бәрі Қазақ-станға қазір әлемде жүріп жатқан және президенттің қыркүйектегі жолдауында айтылған технологиялық жаңғырудың соңғы вагонына мініп үлгеру мүмкіндігіне кедергі болады.

Мысалы, осы жылы жаздың басында халықаралық венчурлық және ІТ конференцияда біз «Жалғызмүйізді қалай ерттеуге болады? Қопарғыш инновациялар, жаһандық трендтер, тәуекелдер мен Қазақстан үшін мүмкіндіктер терезесі»» атты жаңа кітабымыздың тұсауын кестік. Бұл иннновациялық әлем картасындағы Қазақстанның орнын анықтау үшін әлеуметтік ғылым өкілдері мен «технарьлардың» алғашқы ынтымақтастық талпынысы болатын. Осы жоба аясында сарапшылар сауалнамасының қорытындысы жарияланды. Оған ІТ-саласындағы шетелдік және қазақстандық мамандар, инженерлер, әлемнің түрлі елдерінде (Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, ЕО елдері және басқалар) инновациялар саласында жұмыс істейтін технологтар мен венчурлық инвесторлар қатысты. Сауалнаманың кейбір тұсы белгілі болды десе де болады. «Технологиялық салада көшбасшы болу үшін ең маңызды элемент не?» деген сұраққа берілген жауаптарда көпшілік технологиялық салада көшбасшы болу үшін маңызды элемент дамыған кәсіпкерлік, экономикалық білімнің болуы және сана бәсекесі, интеллектуалдық меншікті қорғау, экономиканы либералдандыру немесе креативті таптың болуы дегенге көбірек дауыс берген. Одан бөлек тәуелсіз сот жүйесі, жемқорлық деңгейінің төмен болуы, демократиялық саяси жүйе деген тармақтар да көбірек ұпай жинады.

Қазақстанның технологиялық дамуын тежейтін факторларға келсек, сарапшылар жемқорлық деңгейінің жоғары болуын, елдің технологиялық дамуына енжарлық танытатын олигополияның капиталды монополизациялауын, мемлекеттің экономикаға тым көп араласуын және реттеуіш саясатының шамадан тыс болуын, экономиканың шикізаттық болуын, инновация енгізу үшін технологиялық саланың болмауын және инфрақұрылымның дамымауы мен әлеуметтік әділетсіздікті айтады.

Сарапшылар сауалнамасынан көрініп тұрғандай, жемқорлық деңгейінің жоғары болуы, тәуелсіз сот жүйесінің болмауы, әлеуметтік теңсіздік және т.б. елдің инновациялық дамуына кедергі фактор болады. Яғни Қазақстанда сақталған саяси жүйе республиканың экономикалық болашағы үшін тежеуіштің рөлін атқарады. Бұл жыл сайын Wall Street Journal басылымы мен Heritage Foundation зерттеу қоры дайындайтын экономикалық еркіндік рейтингімен сәйкес келеді. Осы жылы Қазақстан рейтингте жеті позицияға төмен түсті. Экономикалық еркіндікті үкіметтің тауар мен қызметті өндіруге, тұтынуға және бөлуге кедергі келтірмеуі немесе араласпауы деп біледі. Экономикалық еркіндік индексі 12 құрам бойынша бағаланады, олардың ішінде жекеменшік құқығы, заң жүйесінің тиімділігі, жемқорлықтан таза болуы, салық еркіндігі, еңбек қатынастар еркіндігі, монетарлық еркіндік, сауда еркіндігі, инвестиция еркіндігі және қаржылай еркіндік бар. Қазақстан 62,1 балл деген индекспен 71-орынға жайғасты. Ал бір жыл бұрын 64,4 балмен индексте 64-орында еді. Заң жүйесінің тиімсіздігі мен жемқорлықтың өршуі Қазақстанның төмен балл алуына себеп болды.

Өз кезінде америкалық әлеуметтанушы Иммануил Валлерстайн әлемдік экономиканың құрылымдық қайта құрылуы және геосаяси алаңның трансформациясы кезінде негізгі өзгерістер «жартылай периферия» есебінен болады деген еді. Өзгерістерден жаңа көшбасшылар шығады немесе периферия деңгейіне дейін құлдырайтын аутсайдерлер қалыптасады.

Әлемде жартылай перифериялық мемлекеттер көшбасшы қатарына қосылған кездер аз емес. Олар – Жапония, Пак Чон Хи кезіндегі Оңтүстік Корея, Ли Куан Ю дәуіріндегі Сингапур, Тайвань және басқа да «азиялық барыстар». Олардың кейбірі серпіліс кезінде авторитарлық болған еді. Бірақ олардың жетістігі белгілі бір деңгейде технократиялық легитимділікті енгізуге, сонымен қатар білім беру сапасын көтеруге, адами капиталды және орта тапты көбейтуге байланысты болды. Оңтүстік Корея сияқты елдерде соның нәтижесінде демократиялық жүйе құрылды, себебі жаңғыртудың келесі кезеңдерінде автократиялық әдіс елдің экономикалық дамуын тежей бастады. Еуропа қайта құру және даму банкінің пікірінше, Қазақстанда адами капиталға негізделген жоғары қосылған құны бар өндіріс құру жаңа саяси және экономикалық институттарды құруды талап етеді, ол экономикалық өсімнің ескі моделінен пайда тауып отырған лоббистердің мүддесіне қайшы келеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить