Қазақстандағы ең беделді 50 бизнесмен - 2024

Топ-50 рейтингіне әу бастан ІТ саласынан қосылған бизнес өкілдері енді

Кез келген рейтингтегі ең қызықты мәлімет ондағы тұлғалардың әрі-бері орын ауыстырып, жоғары-төмен жылжуында ғана емес, біздіңше ең қызықтысы рейтинг құрамында бұрын-соңды кездеспеген өзгерістер. Forbes Kazakhstan қолға алған «Ең беделді 50 бизнесмен» тізімі осымен 14-рет оқырман назарына жол тартып отыр. Бұл тұрғыда биылғы топ-50 айтарлықтай өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Мысалға, былтырғы рейтингте алты бірдей жаңа тұлға болды — ал бұл сол тұста өзгеріп жатқан геоэкономикалық және геосаяси «орталықтардың» жаңа бір өзіндік көрінісі іспетті еді. Ал биылғы топ-50 рейтингінде бар болғаны үш жаңа тұлға бар.

Әйтсе де осы үш тұлғаның екеуі — Қазақстандағы ең дәулетті және ең беделді бизнесмендер тізімінде сирек кездесетін цифрлық технологиялар сегментінің өкілдері, осыған ерекше мән бергіміз келеді. Оның ішінде мысалға, InDrive ride-hailing сервисінің негізін қалаған (әрі акционері) 50 жастағы Арсен Томский соңғы екі жылда Ресейде қалыптасқан жағдайдың салдарында өз бизнесін Қазақстанға көшіріп, біздің елдің азаматы атанды. Ал Bilim Media Group тобының негізін қалаған 45 жастағы Рауан Кенжехан — толыққанды өз жерлесіміз, отандасымыз (Гарвард бизнес мектебінде білім алғанын есепке алмасақ). Ол өз компаниясын 2011 жылы құрған болатын, сол жылы «Қазақша Wikipedia» жобасын жүзеге асырып, The Wikimedia of the Year сыйлығын алды. 2014 жылы Bilim Media Group тобы Google Translate аударма қызметіне қазақ тілін енгізіп, 2017–2021 жылдардың аралығында жалпы таралымы миллион дана болатын 100 оқулықты қазақ тіліне аударды. Бұл жобаға деген сұраныс, әсіресе, отандық мектептердегі оқу онлайн режимге көшірілген пандемия тұсында серпіндеп артты. 2020 жылы компания Online Mektep білім платформасын жасауға кірісті, қазір мұнда біріншіден 11-сыныпқа дейінгі барлық пәндер бойынша білім контенті қамтылған, әрине Білім министрлігінің типтік оқу бағдарламасына сай, бірақ онлайн білім алуға негізделген сипатта. Қазіргі таңда бұл платформаға еліміздегі 2000 балабақша мен 6000 мектеп оңай қол жеткізе алады.

Рейтингтегі үшінші жаңа тұлға — 48 жастағы Марат Жұман, ол әлемнің 30 елінде жұмыс істеп жатқан Atasu Group көлік-логистикалық холдингінің негізін қалаушы әрі меншік иесі. EY компаниясы байқауының қазақстандық кезеңінде «Жыл кәсіпкері — 2018» атанған. 2023 жылы Atasu Group қытайлық Shandon Port Group компаниясымен серіктестік және стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ал ол жүк айналымы айына 16,5 мың контейнерді құрайтын Қытайдағы ең ірі порттық компанияның бірі, оның меншігінде 52 жүк кемесі бар, көлік өткізу қабілеті 550 мың тонна. Қазақстанда Atasu Group тобының үш көлік-логистикалық терминалы бар, оның ішіндегі ең ірі инфрақұрылымдық актив — Dostyk Cargo Service. Халықаралық мәртебесі бар бұл терминал Қытай және Оңтүстік Шығыс Азиядан келетін тауарларды Қазақстан арқылы ТМД елдеріне, Еуропаға, Түркияға, Иран мен Ауғанстанға қайта тиеп жөнелтуді жүзеге асырады.

Айтқандай, биылғы рейтингтің құрамында тағы бір өзіндік ауыс-түйіс өзгеріс бар. Мысалға, рейтинг құрамында бұрындары болған бес қатысушы биылғы тізімнен қайтадан орын тапты. Олардың арасында беделді бизнесмендер тізіміндегі бірден-бір әйел кәсіпкер, Lancaster Group компаниясының ортақ иесі, «G and G Гламур» брендті киімдер дистрибьютерінің тең құрылтайшысы Гаухар Қаппарова да бар.

Сол сияқты топ-50 рейтингін әзірлеу барысында көзге бірден түскен қызықты мәліметтің тағы бірі десек те болады — Қазақстандағы ең беделді бизнесмендердің орташа жасы былтырғымен салыстырғанда бір жылға артып, 54 жасты құрап отыр.

Әдістеме

Базалық тізімге еліміздегі ең танымал әрі белсенді 90 бизнесмен енген болатын, бұл арада, сондай-ақ олардың қоғамдық және демеушілік әрекеттері де есепке алынды. Зерттеу тобы 2023 жылдың қорытындысы бойынша компаниялар төлеген капитал мен салықтардың ең жоғары көрсеткіштерін ескере отырып, лонг-тізімге 97 қатысушыны қосты. Ал бұл тізімге алты балдық шкала негізінде сарапшылар пулы баға қойды. Айта кетсек, біздің рейтингті бағалаушы сарапшылар қатарында бизнес өкілдері (рейтинг қатысушыларымен үлестес емес), бизнес қауымдастықтардың басшылары, саяси және қоғамдық қайраткерлер, сарапшылар мен іскерлік БАҚ журналистері бар. Әдеттегідей шорт тізімді құрайтын сарапшылар берген баға шешуші рөл атқарды. Айта кетейік, рейтингке қатысушылардың жас ерекшелігі 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сай берілген.

Редакция тарапынан ескерту: аталған рейтинг — Forbes Kazakhstan журналының субъективті бағалау түріндегі журналистік жариялымы, оны қандай да бір құжат немесе ресми ақпарат ретінде қолдануға тыйым салынады.

Қазақстандағы ең беделді 50 бизнесмен

1. Владимир Ким 

Металдар, қаржы | 63 жаста

KAZ Minerals Ltd. акционері, президенті және басқарушы емес директоры. Топ құрамына Павлодар облысындағы Бозшакөл және Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай ашық типті кеніштері, Шығыс Қазақстандағы жер астындағы үш кеніш пен Қырғызстандағы Бозымчақ алтын-мыс кеніші кіреді. «Bank RBK» АҚ мажоритар иесі («КСС Финанс» ЖШС арқылы). «Kazakhmys Copper» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

Қазақмыстың» табысы еселеп артуда

«Kazakhmys Copper» АҚ-ның 2023 жылғы есебіне ден қойсақ, алдыңғы жылмен салыстырғанда (18,07 млрд теңге), компанияның былтырғы табысы 6 есе жоғары болған: 111, 85 млрд теңге. Биыл, сондай-ақ, бұл топ «айқындықты арттырып, қаржылық емес ақпаратты ашу үшін GRI Standards 2021 ұсыныстарын» алғаш рет қолданған. Компания өз есебінде «БҰҰ-ның жаһандық шарттары қағидаттарын ұстанатын біздің компания Тұрақты даму мақсаттарын өз стратегиясына шоғырландырып, оларды әрі қарай жүзеге асыру үшін алты Мақсатты айқындап белгіледі – (1) Мықты денсаулық және әл-ауқат, (2) Таза су және санитария, (3) Лайықты жұмыс және экономикалық өсу, (4) Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым, (5) Жауапты тұтыну мен өндіру, (6) Климаттың өзгеруімен күрес» деп көрсетеді. Дегенмен осы есептегі деректерге үңілсек, компанияның электр тұтыну көрсеткішінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 1,9% шамасында ғана.

Оның сыртында биыл мамырда миллиардер түйткілі көп актив – Ресейдегі Баимская кен орнын сатып жіберді. «ГДК Баимская» биыл АҚШ-тың шетелдік активтерді бақылау басқармасының санкциялық тізіміне (SDN List) енген болатын.

Владимир Ким мен Олег Новачукке (рейтингте №17) тиесілі Trianon Limited компаниясы (KAZ Minerals құрамынан шыққаннан кейін Баимская кенішіне иелік еткен) өз үлесін «Северная Аврора» біріктірілген жабық инвестициялық пай қорына және ресейлік Олег Баланның «РусКапитал» басқарушы компаниясына сатып жіберді.

2024 жылы «Қазақмыс» пен KAZ Minerals Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге және табиғи апаттың зардаптарын жоюға бастапқыда 800 млн теңге аударып, су басқан өңірлерге 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек және арнайы техника жөнелтті. Ал артынша, сәуір айында холдинг тарапынан бөлінетін көмек үлесі 40 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады деген шешім қабылданды және есепте «АлтынАлмас», «Қаражыра», RBK Bank сынды компаниялардың да аты аталды. Бұл қолдау инфрақұрылымды қалыпқа келтіруге және әлеуметтік нысандар салуға бағытталатын болады деп көрсетілді компания есебінде.

2.  Вячеслав Ким

Әртарапты бизнес | 55 жаста

Вячеслав Ким – Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. «Алсеко» АҚ мажоритар акционері, директорлар кеңесінің мүшесі, Magnum Cash&Carry бөлшек сауда желісінің түпкілікті бенефициары.

Сондай-ақ, Қазақстан таеквондо федерациясы президенті, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің мүшесі, «РФММ» коммерциялық емес АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Fizmat Endowment Fund ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Милосердие» ерікті қоғамы» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

KASPI-дің қарыштауы мен құлдырауы

Kaspi-дің 2024 жылдың І жарты жылдығындағы есебі бойынша, компанияның кірісі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға өсіп, 1152 млрд теңгені, ал пайдасы 25%-ға өсіп, 466 млрд теңгені құраған. Биыл тамыз айының соңында Kaspi Өзбекстандағы Humo төлем жүйесін сатып алуға ықылас танытты. Мемлекет меншігіндегі Ұлттық банкаралық процессинг орталығын (Humo) жекешелендіру бойынша өтінімдер қабылдау былтыр жазда ашылған болатын.

19 қыркүйекте америкалық Culper Research компаниясы Kaspi туралы жариялаған есебінде ол «америкалық инвесторлар мен реттеуші органдарды жүйелі түрде жаңылыстырып келді» деп, оны АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгізу мүмкіндігі туралы пайым жасады. Kaspi өкілдері мұны – акциялардың қысқа мерзімдік құлдырауынан пайда табуды көздеген «шортистердің» алыпсатарлық шабуылы деп мәлімдеді. Аталған есеп шыққаннан кейінгі екі күнде Kaspi-дің бағалы қағаздары 119,01 доллардан 97,1 долларға дейін құлап түсті (–18,4% немесе капиталдандырудың 4,2 млрд доллары). Ал 27 қыркүйекте акциялардың құны 102,99 долларға дейін көтерілді.

3.  Болат Өтемұратов

Әртарапты бизнес | 66 жаста

Болат Өтемұратов «ForteBank» АҚ бақылау үлесіне (ұлы Алидар банктің миноритар акционері), «КаР-Тел» ЖШС, «Sky Mobile» ЖШҚ серіктестеріндегі (сәйкесінше Қазақстандағы және Қырғызстандағы «Билайн» байланыс операторы), алтын өндіруші RG Gold компаниясындағы, Video International Kazakhstan медиа жарнама нарығы операторындағы үлестерге, Астанадағы, Венадағы Ritz-Carlton отельдеріне, Мәскеудегі The Carlton және Ақмола облысындағы Rixos Borovoe отельдеріне, Қазақстандағы Burger King франшизасына, Global Development компаниясына иелік етеді.

Миллиардерге Narxoz University КЕАҚ және Болат Өтемұратовтың жеке қоры тиесілі, осы қор арқылы оның «Haileybury Astana School» және «Haileybury Almaty» КЕАҚ жекеменшік мектептерде үлестері бар. Бизнесмен – Болат Өтемұратов қорының құрылтайшысы және қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қазақстан теннис федерациясының президенті, ҚР ҰОК атқарушы комитетінің мүшесі, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті, директорлар кеңесінің мүшесі және аталған спорт түрін дамыту жөніндегі қордың құрылтайшысы. Алматы қаласының Құрметті азаматы.

4.  Тимур Турлов

Финтех | 36 жаста

Тимур Турлов өзі негізін қалаған Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының мажоритар акционері. Қазақстанда бұл топ өз қызметін «Фридом Финанс» АҚ арқылы жүргізеді, ал ол «Фридом Банк Қазақстан», «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы», «Freedom Life өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамдарының бірден-бір қатысушысы. Сондай-ақ осы топтың ортақ бренді аясында Freedom Drive, Freedom Mobile, Freedom Ticketon, Freedom Telecom, Aviata, Chocotravel және т.б. компаниялар дамып келеді.

Биыл маусымда Freedom Holding Corp. 2024 жылдың 31 наурызында аяқталған фискалдық кезең бойынша қаржы қорытындысын жария етті. Бұл есепке сәйкес компания кірісі 105%-ға өсіп, 1,6 млрд долларға жеткен. Ал таза пайдасы 375 млн долларды құраған (былтырғы көрсеткіш 206 млн доллар болатын). Ал бөлшек брокерлер клиенттерінің саны 500 мыңнан асқан, осының арқасында 35%-ға өсіп, 440 млн долларға жеткен.

Бизнесмен – Freedom Holding Corp. атқарушы бас директоры (CEO), Freedom Finance Insurance, Freedom Life, «Фридом Банк Қазақстан» директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Қазақстан бокс федерациясы атқарушы комитетінің мүшесі, Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасы қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мүшесі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы жаһандық шарты Консультативтік комитетінің төрағасы, IQanat білім жобасына қатысушы, YPO Kazakhstan мүшесі, Qalam жобасының негізін қалаушы, Teach for Qazaqstan қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

5.  Нұрлан Смағұлов

Авторетейл, машина жасау, девелопмент | 59 жаста

«Астана Групп» тобының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов, осы холдингтің төрағасы. Холдинг құрамына MEGA ССО желісі (Алматыдағы MEGA Alma-Ata, MEGA Park және Астанадағы MEGA Silk Way) және автокөлік сатудың өзіндік экожүйесін дамытып жатқан MyCar жобасы кіреді (хабарландырулар сервисі, автоорталық, техникалық сервис, қаржыландыру, бонустық бағдарламалар).

Нұрлан Смағұлов «Mega Management» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, MyVentures венчурлық қорының негізін қалаушы, Nurlan Smagulov Foundation қамқоршылық кеңесінің құрылтайшысы және мүшесі, Қазақстан машина жасау одағының үйлестіру кеңесінің мүшесі. Алматы қаласының Құрметті азаматы.

ЭЗС желісін салуға кірісті

Биыл қыркүйекте «Астана Групп» MyCharge жобасын бастағанын мәлім етті, жоба мақсаты – электрлі көліктерге арналған зарядтау станцияларының инфрақұрылымын салу. Ал оның техникалық негізін осы индустриядағы қытайлық ең ірі ойыншының бірі TELD Energy Co. ұсынып отыр – онымен келісімді «Астана Моторс» 2023 жылы жасаған болатын. Сервистің ресми сайтындағы мәліметке сай, бүгінгі таңда төрт зарядтау станциясы ашылған, оларда қуат күші 80 кВт-тан 480 кВт-қа дейін жететін GBT және CCS2 қосқыш стандартындағы құрылғылар орнатылған. Электрлі зарядтау станциялары желісін дамытуға 5,8 млрд теңге инвестициялау жоспарланған

6.  Михаил Ломтадзе

Финтех | 48 жаста

Михаил Ломтадзе – «Kaspi.kz» АҚ акцио нері, басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі, Kolesa Group акционері. Биыл жазда «Kaspi Магазин» серіктестігі «Колеса» АҚ акционерлер құрамына енген тұста өзіне тиесілі 48,42%-дың 11%-ын жаңа акционерге сенімді басқаруға берді, соның арқасында Kaspi-ді бақылауға қол жеткізіп, өзінің классифайд бағытын нығайта алды. Биыл сондай-ақ, Ломтадзеге тиесілі Blue Ocean Partners II Limited ағылшындық Wycombe Wanderers футбол клубының 90%-ын сатып алғаны белгілі болды. Бұл клубтың негізі 1887 жылы қаланған, команданың Adams Park стадионы Лондонның солтүстік батысындағы Бакингемшир графтығындағы Хай-Уиком қаласында орналасқан. Михаил Ломтадзе клубтың директорлар кеңесінің құрамына енген. Гарвард бизнес мектебінің Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша Консультативтік кеңесінің мүшесі. Kazakhstan Growth Forum таңдауымен жыл ішіндегі «Үздік СЕО» атанды.

7. Шухрат Ибрагимов

Тау-кен өндірісі | қаржы, 38 жаста

Шухрат Ибрагимов өз отбасының ERG тобындағы өкілі. 2024 жылдың 17 шілдесінен бастап ол металлургиялық холдингтің директорлар кеңесін басқарады, бұл лауазымды оған дейін компанияның біраз жылдан бергі тұрақты басшысы әрі тең құрылтайшысы Александр Машкевич атқарып келді.

Ибрагимов «Евразия» сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Eurasian Resources Group бақылау кеңесінің төрағасы. Лос-Анджелес қаласында өтетін Asian World Film Festival шарасын ұйымдастырушылардың бірі. Айтқандай, биыл жазда Eurasian Resources Group директорлар кеңесінде өзге де өзгерістер орын алды – Машкевичтің орнына кеңес мүшесі болып РФ және Бельгия азаматы Эдуард Сурлевич, ал Патох Шодиевтің орнына оның ұлы Сабир Шодиев сайланды. Қазақстан үкіметі атынан бұл кеңеске вице-премьер Серік Жұманғарин мен ҚР қаржы министрі Мәди Такиев мүшелік етеді.

8.  Тимур Құлыбаев

Әртарапты бизнес | 58 жаста

Тимур Құлыбаев жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге «АЛМЭКС» холдинг тобына» иелік етеді, осы АҚ арқылы «Қазақстан Халық банкі» АҚ-да 69,52% үлеске ие, ал бұл банкке «Altyn Bank» АҚ-ның 40% үлесі тиесілі.

Аталған топ өз қызметін Қазақстанда, Өзбекстанда және Грузияда жүргізіп келеді. Миллиардердің иелігінде сондай-ақ көп профильді «Кипрос» серіктестігі бар, ал бұл ЖШС құрамына Viled және Emdeu топтары мен «К-Агро-Холдинг» және «Joint Technologies» серіктестеріндегі үлестері енген. Соңғы ЖШС құрылымында «Қамқор Менеджмент», «PetroRetail» (QazaqOil жанармай бекеттерінің желісі), «SilkwayTransit», «PTC Holding», «Petrolex Group (Петролекс Групп)» және т.б. серіктестіктердегі үлестері кіреді.

Құлыбаев бақылап отырған «Mercury Properties» ЖШС Алматы, Астана, Атырау, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және т.б. қалаларда 1 млн шаршы метрден астам коммерциялық алаңдарды басқарады. Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті.

9. Андрей Лаврентьев

Авторетейл, машина жасау, тау-кен өндірісі | 45 жаста

Андрей Лаврентьев – «Аллюр» компаниялар тобындағы екінші ірі акционер. Топ құрамында өндірістік «СарыарқаАвтоПром», «Агромашхолдинг» серіктестіктері мен сату орталықтарының кең тараған желісі бар. Бұл топ Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Skoda және Hongqi сынды автобрендтердің Қазақстан аумағындағы ресми өндірушісі, дистрибьютері және серіктесі. Бизнесмен сондай-ақ Essil, DeutzFahr, Lovol, «Кировец» маркаларындағы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Агромашхолдинг KZ» АҚ-ның 55%-на иелік етеді.

QSG Holding Limited компаниясы арқылы ол «Qarmet» АҚ-ның (бұрынғы ArcelorMittal Temirtau) бірден-бір жалғыз иесі. Биыл бұл компания аталған кәсіпорынды дамыту жоспарын мәлім етті, оны жүзеге асыру үшін 3,5 млрд доллардан астам қаражат инвестицияланбақ. Бұған қосымша көмір және темір рудасы департаменттеріне сәйкесінше 500 млн доллар және 978 млн доллар көлемінде инвестиция салу жоспарланған.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай стратегияны жүзеге асыру – болат өндіруді жылына 5 млн тоннаға, көмір өндіруді 9 млн тоннаға және темір рудасы концентратын 5 млн тоннаға дейін арттыруға жол ашуы мүмкін.

Лаврентьев – «Аллюр» компаниялар тобы мен «Qarmet» АҚ директорлар кеңестерінің төрағасы, Қазақстан машина жасау одағының үйлестіру кеңесінің мүшесі, Қостанай облысы триатлон федерациясының президенті, YPO Kazakhstan, iQanat және «Ана үйі» жобаларының қатысушысы.

«Аллюр» тобындағы үлесі арта түсті

2023 жылдың наурызында Юрий Цхай «Аллюр компаниялар тобы» АҚ акцияларының өзіне тікелей тиесілі 16,52%-ын «Space Leader Corporation» серіктестігіне сатып жіберді, ал бұл ЖШС құрылтайшылары – 75% үлеске ие Андрей Лаврентьев пен 25% үлесі бар Цхайдың өзі. Компания есебінде мәміле сомасы көрсетілмеген. Осылайша Лаврентьевтің бұл топтағы үлесі 27,48%-дан 39,87%-ға дейін арта түсті.

10.  Айдын Рақымбаев

Құрылыс | 52 жаста

Айдын Рақымбаев –BI Group холдинг інің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Дәурен Жақсыбек және Арманжан Байтасовпен (№20) бірге IQanat білім жобасының бастамашысы, Берік Қаниевп ен (№29) бірге Quantum STEM Schools мектептер желісінің тең құрылтайшысы және директорлар кеңесінің мүшесі, «Бала асырап алу ұлттық агенттігі» және «Ана үйі» қоғамдық қорларының негізін қалаушы, YPO Kazakhstan қатысушысы.

2024 жылдың басында Рақымбаев Арсен Томскиймен (№18) бірлесіп Mother’s Home International Foundation қорының негізін қалады. Бұл жоба – Қазақстанда бұрыннан көпке танымал «Ана үйі» жобасының халықаралық деңгейдегі жалғасы: биыл Ташкентте осындай екі «үй» ашылды. Енді «Аналар үйін» Малайзияда, Түркияда, Әзірбайжанда, Қырғызстанда ашу жоспарда бар.

11.  Эдуард Огай

Металдар | 54 жаста

Эдуард Огай – «Кazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, «Kazakhmys Copper» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі. «Kazakhmys Coal» және құрамына «Қазақмыс Корпорациясы» АҚ кіретін «Kazakhmys Copper» серіктестерінің 30%-на иелік етеді. Балаларымен бірге Абай облысында көмір кенішін игеріп жатқан «Қаражыра» АҚ компаниясының мажоритар акционері (акциялардың 70%-ы).

Активтерін әрі-бері сатуда

«Қазфосфат» ЖШС құрылтайшылары арасындағы 2023 жылдың маусымындағы өзгерістерден соң оның құрамына – АХҚО-да тіркелген KP Fertilizers Ltd. арқылы ресейлік бизнесмендер Дмитрий Стрежнев, Сергей Момцемлидзе, Евгений Шавель және Михаил Генкин келіп қосылды (соңғы үшеуі – Kazchemprom Holding LLC арқылы).

«Kazakhmys Holding Limited» биыл жария еткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудиттелген есепке сүйенсек, компания 2022 жылдың 30 қыркүйегінде «Қазфосфат» серіктестігіне тиесілі қолданыстағы 80% үлестің 40%-ын сату туралы келісімге келген. Мәміленің жалпы сомасы белгісіз, бірақ есепте – аталған топ жыл соңында 140 млн доллар көлемінде алдын ала төлем алғаны айтылады. Мәміле 2023 жылдың 4 қаңтарында аяқталған.

Kazakhmys Holding Limited-тің жоғарыда айтылған есебі мен оның бас компаниясы East Copper Holdings Private Limited-тің 2022 жылғы есебінде көрсетілгендей, «Қазақмыс» 2021 жылдың желтоқсанында Алматы облысындағы Көксарай мыс кенішін игеруге құқық беретін 60% үлесін Кипрде арнайы құрылған Diorto Limited компаниясына сату туралы Russian Copper Company Limited-пен келісім жасасқан. Бұл тұрғыда «Қазақмыс» 2021 жылдың соңында 100 млн доллар көлемінде алдын ала төлем де алған.

2022 жылдың соңындағы мәліметте: мәміле әлі аяқтала қоймаған деп көрсетілген, бірақ компания 305 млн доллар көлемінде алдын ала төлем алғаны айтылады. Дегенмен бұл арада әңгіме 2021 және 2022 жылдардағы алдын ала төлемдердің ортақ сомасы туралы болуы да мүмкін.

Осымен бір мезгілде, яғни 2022 жылдың қыркүйегінде бұл топ Көксай кен орны бойынша құқыққа ие болған Kaz Minerals Koksay B.V. компаниясының 100% акциясын 305 млн долларға сатып алды. Бастапқыда топаралық бұл мәміле 361,8 млн долларға рәсімделеді деген жоспар болды.

«Көксай Холдингтің» (Көксай кенішіне иелік етеді) 2023 жыл бойынша есебінен белгілі болғандай: «2024 жылдың маусымында Russian Copper Company Limited компаниясымен акциялар үшін алдын ала төлем жасасу шарты бойынша талап ету құқығы KM Kazakh Mining Company Limited пайдасына берілді». Кипрде тіркелген бұл компания «Ақтөбе мыс компаниясы» АҚ 90%-ның және «Коппер Текнолоджи» серіктестігінің иесі атанды.

12.  Кеңес Рақышев

Әртарапты бизнес | 45 жаста

Кеңес Рақышев – Fincraft Group иесі, осы топ арқылы «Fincraft Resources» АҚ-да мажоритарлы үлеске ие, ал оның құрылымына Ертіс ферроникель комбинаты және «ARK Petroleum» мен «Центрально-Азиатская инвестиционная консалтинговая компания» серіктестеріндегі үлестері кіреді.

Бизнесмен – Fincraft Group президенті, «Fincraft Resources» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстан бокс федерациясының Құрметті президенті, Қазақстан шахмат федерациясы қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Алматыдағы Шоқан Уалиханов атындағы жекеменшік мектептің құрылтайшысы және «Сәби» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы.

Гипс кенішін сатып жіберді

2023 жылдың қыркүйегінде Fincraft Resources өзінің «Индер Гипс» еншілес компаниясын сатып жіберді, бұл компания гипс тасын өндіріп, оны өз кәсіпорнында өңдеумен айналысатын. Компания есебінде: «Индер Гипстің» тиімсіз қызметін, сондай-ақ орта мерзімді перспективада кері әсер беретін бірқатар факторларды ескере отырып, компания «Индер Гипстегі» 100% үлес акциясын 100 мың теңгеге сатты, деп көрсетілген. Компания сатылған күнге дейінгі 2023 жылғы шығын 466,2 млн теңгені құраған.

Бүгін компанияның бірден-бір құрылтайшысы ретінде «Волма» ЖШҚ тіркелген. Бұл компанияның сайтында, оның өндірістік бөлімшесіне Атырау облысы Индербор кенті маңындағы зауыт пен гипс кен орны енгені айтылған. Бұл осы топтағы тоғызыншы, ал Қазақстандағы бірінші зауыт. «Волма» құрылысқа қажет құрғақ қоспалармен, гипсокартон, т.б. айналысады.

Айтпақшы, Шығыс Қазақстан облысындағы Горностай кобальт-никель кен орнында барлау жұмыстарымен айналысып жатқан «Қазникель» ЖШС сингапурлық Battery Metals Technologies атты бас компаниясын АХҚО-да тіркелген жергілікті BMT Nico Ltd компаниясымен алмастырды. Бұл компания Fincraft Resources тобы құрылымына кіреді. Екі компанияда да бенефициар Кеңес Рақышев.

Fincraft Resources есебінде көрсетілгендей, 2023 жылдың қаңтарында «Қазникель» ЖШС құрамына жаңа қатысушы «Mining Technologies Company» серіктестігін енгізу туралы шешім қабылданған. Жаңадан енген тең құрылтайшы жарғылық капиталға салған 4,7 млрд теңгемен компанияның 26%-дық үлесіне ие болған. Сәйкесінше – шешім қабылданған күні бүкіл компания шамамен 18,08 млрд теңгеге бағаланған (39,1 млн доллар шамасында).

«Mining Technologies Company» ЖШС құрылтайшылары: Марғұлан Абеков («Қазникель» ЖШС директоры), Ерлан Ыдырысов (Fincraft Resources басқармасының бұрынғы төрағасы), Мақсат Қантбекұлы, Арман Нүркеев және Марат Тайшыбаев.

13.  Ғалымжан Есенов

Қаржы | 42 жаста

Ғалымжан Есенов – өзі бірден-бір акционері болып табылатын «First Heartland Securities» АҚ арқылы тікелей және жанама негізде «First Heartland Jusan Bank» АҚның мажоритарлық үлесіне ие. Jusan Bank арқылы ол «Қазақтелеком» АҚ және «Кселл» АҚ-да миноритарлық үлестерге ие. Соңғысында бизнесменнің тікелей және жанама үлестері де бар, ал меншік үлесінің жалпы көрсеткіші 20%-дан асады. Сол сияқты оның бизнес құрылымында «Jusan Mobile» АҚ және «JFood Kazakhstan» ЖШС (бұрынғы «Цесна-Астық Концерн» ЖШС) да бар.

«First Heartland Securities» АҚ және «First Heartland Jusan Bank» АҚ директорлар кеңестерінің төрағасы. Shakhmardan Yessenov Foundation ғылым-білім қорының құрылтайшысы, «Алматы марафонының» ұйымдастырушысы, «Бірінші болу батылдық» қорының құрылтайшысы әрі қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Almaty Triathlon Federation бірлестігінің тең құрылтайшысы, «Ана үйі» жобасының қатысушысы.

14.  Александр Белович

Құрылыс | 69 жаста

Александр Белович – Bazis-A корпорация сының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы, ол бұл компанияға ұлы Павелмен бірге иелік етеді.

15.  Еркін Тәтішев

Әртарапты бизнес | 48 жаста

Еркін Тәтішев – Kusto Group-тың ортақ иесі және директорлар кеңесінің төрағасы. Ержан Тәтішев атындағы қоғамдық қордың тең құрылтайшысы және қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Қазақстан кендо және иайдо федерациялары» ҚҚ тең құрылтайшысы және жетекшісі, AlmaU қамқоршылық кеңесінің мүшесі, High Tech Academy мектебінің тең құрылтайшысы және қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Милосердие» еріктілер қоғамы» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

Kusto Group-тың мұнай бағытында жұмыс істейтін Kazpetrol Group компаниясы 2023 жылдың І тоқсанында мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасымен айналысатын «Taur Trading», Sky Oil Company, «Новая АЗС» сынды компаниялардан 50%-дан үлес сатып алды. 2024 жылы бұл топ «Taur Trading» және «Новая АЗС» серіктестеріндегі үлестерін тағы 40%-ға ұлғайтты.

16.  Райымбек Баталов

FMCG, инвестициялар | 53 жаста

Райымбек Баталов – Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы. Холдинг құрамына Raimbek Agro, Raimbek Bottlers Group, Pure Pack компания лары кіреді.

«Атамекен» ҰКК президиумының төрағасы және басқарма төрағасының міндетін атқарушы, «Даму» КДҚ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, Ұлттық құрылтайдың және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі, ШЫҰ Іскерлік кеңесінде Қазақстанның атынан төраға, «Қазақстан кәсіпкерлері форумы» қауымдас тығының төрағасы.

ҚР су асты спорты федерациясының төрағасы, Қазақстан велосипед спорты федерациясының президенті, «Қаңтар» құқықтық көмек қолдау ҚҚ және «Алматы қаласы бойынша «Велоклуб» велосипед федерациясы» ҚҰ тең құрылтайшысы.

17.  Олег Новачук

Металдар | 53 жаста

Олег Новачук Nova Resources B.V. директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады, сол арқылы KAZ Minerals Ltd. компаниясының 36,5%-на иелік етеді. Оның сыртында АХҚО-да тіркелген Finaccord Limited инвестициялық қаржы компаниясының бірден бір иегері.

18.  Арсен Томский

IT | 50 жаста

Арсен Томский – жүргізушісі бар автокөлік шақыруға негізделген (ride-hailing) InDrive сервисінің негізін қалаушы әрі акционері. Аталған мобильді құрылғы әлем бойынша қазір 46 елдің 779 қаласында жұмыс істейді. Такси шақырумен қатар, сервис аясында курьер және тұрмыстық қажеттіліктерге қажет шебер маман шақыру мүмкіндігі бар. 2022 жылы бизнесмен өз офисін Саха елінен Алматы қаласына көшіріп, қоныстанды. 2023 жылдың соңында Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.

19.  Бақытбек Байсейітов

Банктер, инвестициялар, мұнай сервисі | 66 жаста

Бақытбек Байсейітов – «Банк ЦентрКредит» АҚ 48,47%-ның және «BCC Invest» АҚ инвестициялық компаниясының иесі. Оған сондай-ақ «Orient Invest Group» АҚ, «Petrogaz AG» ЖШС, «International Jet Tour» ЖШС 100% тиесілі және оның «Банки Казахстана» журналында үлесі бар.

«Банк ЦентрКредит» АҚ және «BCC Invest» АҚ директорлар кеңестерінің төрағасы. ҚР Банктері қауымдастығының президенті.

20.  Арманжан Байтасов

Медиа, телеком, девелопмент | 54 жаста

Арманжан Байтасов – Forbes Kazakhstan журналының баспагері. Citix компаниясында, сондай-ақ Tan Media Group және United Media Group топтарында үлестері бар. Олардың құрамына MuzzOne телеарнасы, «Бизнес-FM» радиостанциясы, Businessfm.kz сайты, Forbes Georgia журналы, Arbat Media компаниясы және т.б. кіреді.

2020 жылдан бері Forbes Kazakhstan қазақша журналын шығарады. Қазақстан Медиа Альянсының тең құрылтайшысы. YouTube желісінде Baitassov Live атты өз авторлық жобасын жүргізеді.

Бизнесмен – Tan Media Group директорлар кеңесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшесі, IQanat білім жобасының тең құрылтайшысы, Азия Дауысы» халықаралық фестивалінің бас продюсері, Parasat бизнес-клубының тең құрылтайшысы, YPO Kazakhstan қатысушысы.

21.  Қанат Көпбаев

Әртарапты бизнес | 48 жаста

Қанат Көпбаев – Kusto Group басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі. Холдингтің құрылыс сегментін басқарады, оның құрамында лак және бояу шығарушы Израильдегі Tambour компаниясы мен Вьетнамдағы Coteccons Construction құрылыс компаниясы бар.

Қазақстанда Kusto Group «Kazpetrol Group» мұнай компаниясына, Compass жанармай бекеттері желісіне, «Kusto Home» құрылыс компаниясына, «Semey Tannery» тері-былғары комбинатына, «KazCenosphere’s» зауытына, Wendy’s франшизасына иелік етеді.

Бизнесмен – High Tech Academy тең құрылтайшысы, YPO Kazakhstan қатысушысы, «Бәйге» Федерациясы» РҚҚ президенті, IQanat білім жобасының қатысушысы, ҚазБСҚА қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

22. Айдан Кәрібжанов

Инвестициялар, энергетика | 52 жаста

Айдан Кәрібжанов – «Visor Kazakhstan» ЖШС мажоритар иесі. Биыл көктемде Visor International DMCC инвестициялық тобы «Халык банк Кыргызстан» ААК акцияларының 100%-ын сатып алды. Оның сыртында бизнесменнің «Aua Energy», «Greencity KZ», «Northern Wind Kazakhstan» және «Sarma Energy» ЖШС сынды жел электр станциялары негізінде электр қуатын өндіруші компанияларда және «Теңіз Сервис» ЖШСде (Waterford International Holdings Ltd арқылы) үлестері бар.

Haileybury Almaty мектебі акционерлерінің бірі, «Аспандау» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Сутегі энергетикасы қауымдастығының тең құрылтайшысы.

23.  Эдуард Ким

Ретейл | 59 жаста

Эдуард Ким – Қазақстанда және Қырғызстанда Technodom желісі ретінде кең таралған «Technodom Оperator» АҚ негізін қалаушы және меншік иесі. «Компания Фаэтон», «Технодом Сервис» және «Технофитнес» серіктестерінде үлестері бар, Алматыдағы Airba Fresh маркетплейсінің иесі.

ҚР Сауда желілері қоғамының тең төрағасы, «Ана үйі» қайырымдылық жобасына қатысушы, «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы».

24.  Данияр Әбілғазин

Әртарапты бизнес | 54 жаста

Данияр Әбілғазин отбасының Qazaq Oil, SinoOil және Gas Energy жанармай станция лары желілерінде және «PTC Оperator», «Petroleum», «РТИ-АНПЗ», «SilkwayTransit» серіктестерінде үлестері бар. Сондай-ақ ADD Invest Properties компаниясы арқылы ерлі-зайыпты Құлыбаевтармен бірлесе Астанадағы Keruen city Astana, Keruen, Talan Towers ССО, Атыраудағы Baizaar mall және Keruen city Aktobe сауда ойын-сауық орталықтарын басқарады. Бұл отбасына «Viled Group», «Viled International», «Viled Fashion» серіктестеріндегі үлестер де тиесілі.

Әбілғазиндер «Аяла» қайырымдылық қорының құрылтайшысы. Бизнесменнің өзі – жазғы спорт түрлері бойынша ҚР ҰОК вице-президенті, ҚР үстел теннисі федерациясының президенті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы, «Almaty Triathlon Federation» ҚҰ қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Fizmat Endowment Fund» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

25. Қайрат Мәжібаев

FMCG | 56 жаста

Қайрат Мәжібаевқа Ресейде және Қырғызстанда еншілес компаниялары бар «RG Brands» АҚ-ның 98,05%-ы тиесілі. RG Brands директорлар кеңесі төрағасы. «Атамекен» ҰКП президиумы сауда комитетінің төрағасы, Respublika Foundation қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы.

26.  Дінмұхамед Ыдырысов

Әртарапты бизнес | 59 жаста

Дінмұхамед Ыдырысов Ordabasy Group меншік иесі, сол арқылы «Үшқұю» АҚ, «Ақтөбе мұнай жабдықтары» АҚ, «Kundybai Mining» АҚ, «Керегетас» тау-кен компаниясы» ЖШС сынды компаниялардағы үлестерін басқарады. Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс жүргізетін «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясына иелік етеді. «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

27.  Алмас Сұлтанғазин

Ретейл | 60 жаста

Алмас Сұлтанғазин Sulpak және Alser сауда желілерінде мажоритарлық үлестерге ие. Телекоммуникация және ІТ саласы құрылғылары дистрибуциясымен айналысатын «ST Networks», «Hero Study KZ» және «Sulpak Cinema» серіктестіктерінде үлестері бар. «Sulpak Cinema» – Warner Bros., Universal және Paramount Pictures халықаралық компанияларының Қазақстандағы өкілі.

28.  Қайрат Итемгенов

Әртарапты бизнес | 53 жаста

Қайрат Итемгенов – Europharma және ArzanPharm брендтеріндегі дәріхана желілерін басқаратын «Aqniet Group» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы және мажоритар акционері. Оған сондай-ақ «KBI Energy» ЖШС, «Satti Logistics» ЖШС, Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешені, Мәскеудегі Mövenpick және Pana отельдері, Алматыдағы Novotel Living және Ibis Style брэндтеріндегі қонақ үй кешендері тиесілі. ТМД елдері аумағында темір жол жүктерін тасумен айналысатын Globaltrans компаниясында үлесі бар. 2023 жылы Globaltrans 38,6 млрд рубль (430,4 АҚШ доллары) таза пайда тапқан.

29. Берік Қаниев

Әртарапты бизнес | 54 жаста

Берік Қаниев – Lancaster Group акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Бұл топтың құрамына «Ер Сай Каспиан Контрактор» мұнай-сервис компаниясы, «Ерсай теңіз порты», «Жандиг-С» және т.б. серіктестіктер мен Quantum STEM School мектептер желісі (BI Group-пен бірлескен жоба), Abdi Ibrahim Global Pharm (Abdi Ibrahim түрік компаниясымен бірлескен) кіреді. Бизнесменнің сондай-ақ «Жалтырбұлақ» АҚ-да, Mountain Breeze» серіктестігінде (қонақ үй қызметі) және балалар мен жасөспірімдерге арналған Jas Qyran футбол орталығында үлестері бар.

«РФММ» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы және қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Fizmat Endowment Fund ҚҚ тең құрылтайшысы, «Арлан» футбол клубы басқармасының төрағасы, «Жас Қыран» республикалық балалар мен жасөспірімдер футбол лигасының президенті, ҚФФ Балалар және жасөспірімдер футболы комитетінің төрағасы, Airvision.kz қоғамдық қорының құрылтайшысы. YPO Kazakhstan қатысушысы, IQanat білім жобасының қатысушысы, Нұрлан Қаппаров қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, «Ана үйі» қайырымдылық қорының қамқоршысы, Кеннеди атындағы Гарвард мемлекеттік басқару мектебіндегі «Нұрлан Қаппаровтың түлектерге арналған стипендия қоры» құрылтайшыларының бірі. «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі, Қазақстан гольф федерациясының президенті.

30.  Елдар Әбдіразақов

Сақтандыру бизнесі, қаржы | 51 жаста

Елдар Әбдіразақов Centras Group холдингінің меншік иесі, бұл топтың құрамына «Коммеск-Өмiр», «Сентрас Коммеск Life», «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниялары мен «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Сентрас Капитал» ЖШС және «Сентрас» венчурлық қоры» АҚ кіреді. «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) және «Air Astana» АҚ директорлар кеңестерінің мүшесі. Kazakhstan Growth Forum құрылтайшысы, жастарға арналған Professionalize Kazakhstan білім жобасының бастамашысы.

31.  Марғұлан Сейсембаев

Инвестициялар | 57 жаста

Марғұлан Сейсембаев – Asadel Partners PEF Pte Ltd. басқарушы серіктесі, осы компания арқылы «Tamos Education» ЖШС, «Уыз Май Индастри» ЖШС және т.б. компанияларда үлестері бар. Сондай-ақ, Seimar Ltd. және Agros Ltd. компаниялары арқылы жұбайымен бірге «Алель Агро» АҚ-ның 33%-на бақылау жасайды. Haileybury Almaty мектебі акционерлерінің бірі. Білім беруші авторлық бизнес курстардың және бизнес клубының иесі. YouTube желісінде өз арнасын жүргізеді.

32.  Серік Толықпаев

Құс шаруашылығы | 53 жаста

Серік Толықпаев – Aitas KZ компаниялар тобының мажоритар акционері және директорлар кеңесінің мүшесі. Топ құрамына құс етін өндірумен, өңдеумен және таратумен айналысатын 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Олардың арасында Ақмола облысындағы Макинск және Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен құс фабрикалары мен Алматы асыл тұқымды құс өсіру компаниясы бар. Холдинг өнімі «Құс&Вкус» және «АМП» брендтерімен шығарылады. Сондай-ақ топ құрамына 32 мың га жері бар өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар да кіреді. Бизнесмен – «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту», «Білім беру саласын тұрақты дамыту» және «Қатон Қарағай ауданын тұрақты дамыту» қорларының тең құрылтайшысы.

Бизнесмен – «Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту», «Білім беру саласын тұрақты дамыту» және «Қатон Қарағай ауданын тұрақты дамыту» қорларының тең құрылтайшысы.

33.  Владимир Денисов

Әуе тасымалы | 64 жаста

Владимир Денисов – «Scat әуе компания сы» АҚ мажоритар акционері әрі президенті, осы компания арқылы Тараздағы «Әулие Ата» халықаралық әуежайы мен өңірлік әуе тасымалымен айналысатын «Южное небо» компаниясына бақылау жасайды. Авиакомпания биылдан бастап 2034 жылға дейін «Шымкент әуежайы» АҚ-ның 100% сенімді басқарушысы. Сондай-ақ бұл компания Мысыр елінің Red Sea Airlines әуе компаниясының 40%-на иелік етеді. Бизнесмен өзі Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі.

34.  Иван Сауэр

Агроөнеркәсіп | 66 жаста

Иван Сауэр – «Агрофирма «Родина» ЖШС меншік иесі және бас директоры. «Астана-Нан» (агрохимия), «Тастақ» (астық қоймасы), «АФ-Отан» (дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдарын өсіру) серіктестіктеріне иелік етеді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ қоғамдық кеңесінің және «Қазақстан халқына» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

35.  Серікжан Сейітжанов

Әртарапты бизнес | 75 жаста

Сейітжановтар отбасына «Оңтүстік» ҚСӨК тиесілі, осы компания арқылы олар «Саутс Ойл» мұнай компаниясының 51%-на, Smart-Oil бұрғылау компаниясына, «МұнайҚұрылысСервис» құрылыс компаниясына, «Стандарт Цемент» зауытына, «Talas Investment Company» химия компаниясына иелік етеді және «Standard Petroleum & Co» серіктестігінде үлестері бар.

Сондай-ақ бұл отбасы Rixos Khadisha Shymkent және Rixos Turkestan отельдерінің, АЗС Satti Zhol жанармай бекеттері желісінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Шымкенттегі Инновациялық-технологиялық колледждің меншік иесі. Бизнесмен – «Оңтүстік» ҚСӨК және «Саутс Ойл» ЖШС президенті. Серікжан Сейітжанов атындағы қайырымдылық қордың құрылтайшысы.

36.  Сергей Кан

Әртарапты бизнес | 56 жаста

Сергей Кан Александр Клебановпен бірге (№37) «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ және «Орталық Азия электр-энергетикалық корпорациясы» АҚ үлестеріне иелік етеді. Клебановтың ұлы Яков екеуінің «Circle Maritime Invest» кеме компаниясында, Rixos Almaty отелінде және «Теңіз Star» серіктестерінде үлестері бар. «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстандағы корейлер қауымдас тығы қамқорлық кеңесінің мүшесі, IQanat білім жобасының қатысушысы.

37.  Александр Клебанов

Әртарапты бизнес | 61 жаста

Александр Клебановқа «ОАОЭК» АҚ-ның 47,10% акциясы тиесілі және осы компания арқылы ол бірқатар аймақтарда электр және жылу энергиясын өндірумен, тасымалдаумен, бөлумен және сатумен айналысатын «Павлодарэнерго», «Севказэнерго», Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» акционерлік қоғамдарына бақылау жасайды. Оның ұлы Яков Клебанов Сергей Канмен бірге теңіздегі және жағалаудағы тасымалмен айналысатын «Circle Maritime Invest» кеме компаниясына иелік етеді.

Бизнесмен биыл «ОАОЭК» АҚ және «ОАЭЭК» АҚ директорлар кеңестері төрағасы қызметінен кетті.

38.  Сайдулла Қожабаев

Машина жасау | 65 жаста

Сайдулла Қожабаев – Alageum Group негізін қалаушы және мажоритар акционері. Бұл топтың құрамында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты», «Ақтау трансформатор зауыты», «Алматы электромеханикалық зауыты» серіктестіктері мен «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі Asia Trafo жоғары вольтты трансформаторлық жабдықтар шығару зауыты бар.

Бизнесмен – Alageum Group бақылау кеңесінің төрағасы. Компания V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі болды.

39.  Фаррух Махмудов

Әртарапты бизнес | 48 жаста

Фаррух Махмудов – Orbis Kazakhstan көп профильді компаниялар тобының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы. Orbis Auto – Қазақстанның 12 қаласында 60 салоны бар дилерлік желі, 15 автокөлік брендін ұсынады. Orbis Machinery – коммерциялық, қоймалық және өзге де техниканың дистрибьютері. Orbis Heavy Machinery – арнайы техника шығаратын Астанадағы мультибрендті зауыт. Топ құрылымына сондай-ақ «Ақсайсервис» АҚ мұнай-сервис компаниясы, «Автодом» лизинг компаниясы, трейдинг пен және агробизнеспен айналыса тын Orbis Agro, Almaty қонақ үйі және т.б. кіреді.

Биыл наурызда компания қытайлық Yibin Kaiyi Automobile концернімен меморандумға қол қойды. Бұл келісім Алматы индустриялық аймағындағы болашақ Orbis Manufacturing зауытында KAIYI маркалы автокөліктердің толық циклін шығаруды іске қосуға мүмкіндік береді.

40.  Алмас Мыңбаев

Сақтандыру, фосфориттер | 50 жаста

Алмас Мыңбаев Nomad Life және «Номад Иншуранс» сақтандыру компанияларының бірден-бір жалғыз акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар ол «Nomad Digital Financial Services» ЖШС және британдық Sunkar Resources Limited компаниясының жеке дара иесі. Бұл кәсіпорын «Темір-Сервис» ЖШС еншілес компаниясы арқылы Ақтөбе облысындағы Шилісай фосфорит кен орнын игеруде.

41.  Гаухар Қаппарова

Әртарапты бизнес, | 49 жаста

Гаухар Қаппарова ұлымен бірге Lancaster Group тобының белгілі бір үлесіне ие. «G and G Гламур» брендті киімдер дистрибьютерінің тең құрылтайшысы, осы ЖШС арқылы «MaxGlamour» ЖШC-да үлестері бар. Сол сияқты «Green production» (шикі мұнай өндіретін) компаниясында да үлес тері бар. Lancaster Group директорлар кеңесінің мүшесі. YPO Kazakhstan мүшесі, Нұрлан Қаппаров қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, IQanat білім жобасының қатысушысы.

42.  Эльдар Сәрсенов

Қаржы | 39 жаста

Эльдар Сәрсенов – «JP Finance Group» ЖШС бірден-бір жалғыз қатысушысы, сол арқылы «Нұрбанк» АҚ мажоритарлық үлесіне иелік етеді. «Виктория» Сақтандыру компаниясы» АҚ жалғыз акционері. Отбасымен бірге «Techno Trading Ltd» мұнай-сервис компаниясында үлеске ие, бұл ЖШС мұнай және газ ұңғымаларында геофизикалық және перфорациялық жару жұмыстарымен, сондай-ақ мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеумен айналысады.

Бизнесмен – «Виктория» Сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Нұрбанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, ҮРО Kazakhstan және IQanat білім жобасының қатысушысы.

43.  Ерлік Балфанбаев

Құрылыс индустриясы | 60 жаста

Ерлік Балфанбаев – отандық нарықта AlineX құрғақ құрылыс қоспалары брендін ұсынатын Alina компаниялар тобының негізін қалаушы. Бизнесмен Алматы маңындағы Oi-Qaragai демалыс орнының меншік иесі.

44.  Ораз Жандосов

Консалтинг | энергетика, 62 жаста

Ораз Жандосов – «Ракурс Консалтинг Груп» және «Eneverse KunKuat» (күн электр станциясы) серіктестіктерінің ортақ иесі. «Лизинг Групп» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Golden Compass Capital» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры, «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы консультативтік кеңесінің мүшесі. «Аспандау» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

45.  Алмас Чукин

Инвестициялар | 63 жаста

Алмас Чукин – Visor инвестициялық компаниясының басқарушы директоры. «ВСКН» және «3 Элемент» серіктестіктерінің иесі. ҚР үкіметінің Ұлттық экономика министрлігі кеңесінің мүшесі және Орталық Азиядағы Америка университетінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі (Бішкек).

46.  Марат Жұман

Транспорт | 48 жаста

Марат Жұман – әлемнің 30 елінде жұмыс істеп жатқан Atasu Group халықаралық көлік-логистика холдингінің негізін қалаушы және меншік иесі. Қазақстанда компанияның үш көлік-логистикалық терминалы, теміржол вагондары мен локомотивтерінің, жүк көліктерінің өз жеке паркі бар.

Бизнесмен – Рarasat бизнес клубының, ҮРО Kazakhstan және IQanat білім жобасының қатысушысы, «Аударыспақ» Федерация сы» РҚБ президенті.

47.  Владимир Жұманбаев

Металдар | 51 жаста

Владимир Жұманбаев «Алтыналмас АК», «Қазақалтын» Тау кен-металлургиялық концерні», «Қаражыра», «Беңқала» Тау-кен компаниясы» сынды акционерлік қоғамдарда ауқымды үлеске ие. «VertexHolding» ЖШС жалғыз құрылтайшысы, сол арқылы «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігі» серіктестігінде жанама түрде қатысу үлесі бар. «Алтыналмас» АК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақмыс Холдинг» ЖШС-ның отын-энергетика кешенін басқару жөніндегі директоры.

48.  Марат Бакқұлов

Машина жасау | 51 жаста

Марат Бакқұлов – «АВЗ» ЖШС («Алматы вентилятор зауыты») негізін қалаушы әрі меншік иесі. Бұл – желдету және климаттық бақылау жабдықтарын шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. 2024 жылы АВЗ климаттық бақылау жүйелерін шығаратын оңтүстіккореялық ірі өндіруші Hi Air Korea компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрды. Hi Air Kazakhstan Алматыдағы жаңа зауытта Орталық Азияда жұмыс істейтін жаһандық мұнай-газ корпорациялары үшін құрал-жабдық шығаратын болады.

Қыркүйекте өткен Growth Forum 2024 барысында Бакқұлов жыл ішіндегі ең үздік бас директор (SЕО) номинациясы бойынша жүлдегер атанды. «АВЗ» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі, ҚР өңдеу өнеркәсібі одағы басқармасының төрағасы.

49.  Марат Сәрсенов

Транспорт | 57 жаста

Марат Сарсенов – темір жол тасымалындағы жекеменшік ең ірі оператор «Исткомтранс» ЖШС мажоритар иесі. Бизнесменнің «Будан» (дәнді дақылдар мен бұршақ дақылдарын өсіру) «Продресурс» және «Тоболтранс» (көлік-экспедиторлық қызметтері) серіктестіктерінде үлестері бар. «Жақия» Қайырымдылық қоры» ҚҚ тең құрылтайшысы.

50.  Рауан Кенжеханұлы

Edtech | 45 жаста

Рауан Кенжеханұлы – электронды негізде білім беру саласында жұмыс істейтін Bilim Media Group тобының негізін қалаушы. 2017 жылдың маусым айынан бері «Ұлттық аударма бюросы» қоры ҚҚ атқарушы директоры қызметін атқарады. Қазақ тіліндегі біліми ағартушылық мазмұндағы контентті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырған, атап айтсақ, Wikipedia-ның қазақша бөлімі, қазақ тілін Google Translate жүйесіне енгізу, TED лекцияларын қазақшаға аудару, Kitap.kz атты Қазақстанның ашық кітапханасын жасау, т.б.

Бизнесмен – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоры» ҚБ президенті, YPO Kazakhstan төрағасы, IQanat білім жобасының қатысушысы.