Жаһандық нарыққа төте жол
ESG тек бедел мәселесі емес, нақты қаржы көрсеткіштеріне әсер ететін құрал
Халықаралық деңгейде өткен бір конференцияда ESG тақырыбы көтерілген панельге қатысқаным бар. Сонда бас спикер: «Көпшілік ESG ұстанымын аң мен құсты қорғаудағы экологиялық насихат деп түсінеді. Ал ESG табиғатты қорғау жөніндегі әншейін әдемі әңгіме емес, ол — бүгінгі бизнес үшін стратегиялық қажеттілік» деді. Қазір ESG — инвесторлар тартудың, нарықтағы орынды нығайтудың және компанияның ұзақмерзімді құнын арттырудың негізгі құралы болып отыр.
Дамыған нарықтарда ESG принциптеріне инвесторлар ерекше мән береді. PwC компаниясының Global Investor Survey зерттеуінде көрсетілгендей, халықаралық инвесторлардың 79%-ы инвестиция салғанда ESG тәуекелдері мен мүмкіндіктерін басты талап ретінде қарастырады. Morgan Stanley Capital International мәліметінше, ESG көрсеткіштері жоғары компаниялардың акциялары соңғы он жылда нарықтан орта есеппен 2–3% артық өсім көрсеткен. BlackRock, Vanguard секілді әлемдік қорлар ESG талаптарына сай келмейтін компанияларды портфельдерінен шығарып жатыр. Бұл ESG тек бедел мәселесі емес, нақты қаржы көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін құрал екенін дәлелдейді.
Шетелдік алпауыттардың тәжірибесі де осыны көрсетеді. Unilever 2030 жылға дейін көміртекті бейтарап деңгейге шығып, пластик қалдықтарын 50%-ға қысқартуды көздейді. Компанияның тұрақты брендтері жалпы орташа өсімнен 40% жоғары сатылым көрсетіп отыр. Tesla электромобильдері 2023 жылы бүкіл әлемде 1 млн тоннадан астам СО₂ шығарылымдарының алдын алды. Nestlé жеткізілім тізбегін ESG талаптарына сәйкестендіріп, 2025 жылға дейін барлық қаптаманы қайта өңдеуге жарамды етуді місе тұтты. Бұл — 2022 жылы таза табысының 10% өсуіне ықпал етті. Осындай мысалдар ESG бизнес-модельдің өзегіне айналғанда, компаниялардың нарықтық құны мен табысы арта түсетінін көрсетеді.
Шетелдік компаниялар ESG ұстанымдарын стратегиялық артықшылыққа жатқызады, әсіресе, капиталға қол жеткізу бағытында. ESG көрсеткіштері төмен компаниялар халықаралық қорлар мен банктерден қаржы тартуда барған сайын қиындыққа тап болуда, ал тұрақтылық талаптарына сай жұмыс істейтіндер ірі инвестициялық қорлардың сеніміне ие. Оның сыртында, ЕО, АҚШ және Жапония сынды жетекші нарықтарда ESG есебі мен климаттық тәуекелдер туралы есеп беру заңнамалық міндетке айналған. ESG сондай-ақ компанияның тұтынушылар мен кадрлар үшін тартымдылығын арттырады. Жаңа буын өкілдері жауапкершілігі жоғары, ашық және тұрақты даму принциптерін ұстанатын компанияларды таңдайды. ESG бойынша имиджі мықты фирмалар талантты кадрлар тартуда да, оларды ұстап қалуда да басымдыққа ие.
ESG жай ғана этикалық талап емес, қаржылық табыс пен жаһандық нарыққа шығудың шарты, бұл тұрғыда қазақстандық компаниялар шетелдік тәжірибеге жүгіне алады. Иә, ESG мәдениеті бізде енді ғана қалыптасып келеді әрі оны енгізуде қаржыландыру тапшылығы, білікті мамандардың жетіспеуі, нормативтік-құқықтық базаның толық қалыптаспауы сынды кедергілер де жоқ емес. Дегенмен, PwC жария еткен «TOP 50 ESG Disclosure Companies in Kazakhstan» рейтингіне енген отандық компаниялар халықаралық GRI (Global Reporting Initiative) стандарттарына сай тұрақты даму есептерін жариялап, ашық жұмыс істеуге ұмтылуда. ESG талаптарына сай болу қазақстандық бизнеске халықаралық капиталға жол ашып, инвестор сенімін арттырумен қатар, ұзақмерзімді табыстың негізін қалап береді деуге толық негіз бар.