Ағайынды композиторлар өз туындыларын әлемге таныту үшін меценаттардан қолдау күтеді

Қазақстанның ең жас композиторы Нұрәлі мен оның ағасы Ғаламат ұлттық күй мен классиканы қалай ұштастырды

Бұл туралы ғаламторда ғажайып туындыларымен танылған жас таланттар Ғаламат пен Нұрәлі Бейсеқожа Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: Ғаламат, сіз домбарышы әрі композиторсыз, 30 астам күйдің авторы екенсіз. Әрбір әуеннің өз тарихы болатыны белгілі. Сіздің туындыларыңыз қалай және қай кезден бастап дүниеге келе бастады?

- Менің алғашқы күйімнің әуені алғаш ауылға, атамның үйіне бара жатқанда құлағыма келді. Атамның үйіне келе салып, домбырамды қолға алып, ойға келген әуенді бірдем домбырама салдым. Күйімді ең бірінші атама естірткен болатынмын. Атам күйді тыңдап, көзіне жас алып маған өз батасын берген еді. Ең бірінші күйімнің атын сол кісі қойған. Бұл үлкен жеңіс деп, күйдің атын «Жеңіс» деп қойды.

F: Жалпы, сізде шабыт қалай пайда болады? Оған қандайда бір құбылыс, оқиға немесе белгілі бір кезең себеп бола ма?

Ең бастысы бұл Алланың бізге берген үлкен сыйы деп ойлаймын. Көбінесе әуен күтпеген жерден келеді. Ал шабытқа келсек, ол әр кезде, әр түрлі жағдайда келуі мүмкін. Бұл табиғаттың әсемділігіне бөленген кезде, жақын адамдармен уақыт өткізген кезде, жалғыз бөлмеде отырғанда келетін шабыт. Адам өзінің сезімін, алған әсерін поэзиямен, мүсін жасаумен, сурет салумен білдірсе, біз оны музыка арқылы бейнелейміз. Музыка арқылы бар әсемдікті, сезімді халықымызға жеткізуге тырысамыз. Бұл біздің парызымыз деп білемін.

F: А. Жұбанов атындағы маузыка мектебінде білім алған екенсіз. Онда қандай мамандық бойынша оқыдыңыз, білім ордасы музыка әлеміндегі бағытыңызға қаншалықты ықпалын тигізуде?

Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің түлегімін. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының бірінші курс студентімін. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі мен үшін ерекше орында, себебі, сол мектепте мен музыка қырларын жан-жағынан таныдым. Көптеген концерттерге қатыстым, әр түрлі мұғалімдерден тәлім алдым. Менің шығармашылығыма көп әсерін, көп пайдасын тигізген мекен. Бұл жерден жыл сайын талантты және дарынды кәсіби музыканттар шығады. Мен үшін ерекше қымбат жерлердің бірі.

F: Отбасыларыңыз туралы айта кетсеңіздер. Сіздерге бұл өнер кімнен дарыды, тектеріңізде музыканттар, өнерлі адамдар бар ма, немесе бұл өнерді меңгеруге кімдердің қатысы, ықпалы болды?

Қарапайым отбасыдан шыққанбыз. Әкем жеке кәсіпкер, ал анамыз үй шаруасымен, балалармен айналысады. Аллаға шүкір, үлкен отбасымыз бар, алты ағайындымыз. Ең үлкені Нұрсәт Бейсеқожа күйші- композитор, қазіргі уақытта Шымкент қаласының Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониясының директоры. Нұрсәт ағамыздан кейін Нұрлан ағамыз, мен, Нұрәлі және екі қарындасымыз бар. Бір Алланың берген сыйы шығар, отбасымызда үш композитормыз- Нұрсәт аға, мен және Нұрәлі. Кішкентай кезімізде бізді қолымыздан жетектеп, өнер жолына алып келген ол ата- анамыз. Бірінші күндерден бастап біздің өнерімізді бағалап, қолдап келе жатыр. Біздің осылай халық алдына шығып, өнерімізді паш етіп келе жатқанымыз ең біріншіден әкеміздің еңбегі, әкеміз біздің продюссеріміз деп айтсақ та болады. Жаңа шыққан шығарманы әр қашан да ата- анамызға, ағаларыма тыңдадып, бірге атын қоямыз. Біздің Нұрәлі екеуіміздің шығармашылығымыз көбінесе отбасымызбен байланысты. Шабытымыздың қайнар көзі де осы біздің отбасымыз.

F: Ағаңыз Нұрсәт Бейсеқожаның да кәсіби күйші екенін білеміз. Сіздің домбыраға, ұлттық бағыттағы музыка әлеміне қадам жасауыңызға оның қандай да бір ықпалы болды ма?

Әрине, Нұрсәт ағамның шығармашылығы мен үшін үлкен ықпалын тигізген. Кішкентай кезімнен мен Нұрсәт ағамның күй тартқанын көріп өстім. Үш- төрт жасымда, ағам домбырада ойнап отырған кезде, мен қолыма ойыншық домбырамды алып, ағамнан қалыспай оның әр қимылын, ойнау стилін қайталап, еліктеп отыратынмын. Бала кезімнен келген әуестігім келешекте мені домбыраға деген қызығушылығымды арттырып, мені музыка әлеміне алып келді. Қазіргі кезде домбырасыз өз өмірімді елестете алмаймын. Өнер жолымның басынан- ақ ағам мені қолдап келе жатыр. Өзінің ақылын, кеңестерін беріп келе жатыр. Менің өнерлік жолымда Нұрсәт ағамның орны ерекше.

F: Ғаламторда ініңіз Нұрәлімен бірге қосылып, фольклер мен классиканы біріктіріп, домбыра мен пианионода керемет туындыларды орындап жүргендеріңізді көрдік. Бірлесіп концерт бересіздер ме, сіздерді қайда шақырады? Ел ішінде және халықаралық байқауларға, концерттерге шақырыласыздар ма?

Иә, Нұрәлі екеуіміздің музыкалық бағытымыз, жанрымыз бөлек болса да, әрқашан да бірге өнер көрсетеміз. Бала кезімізден екеуіміз екі түрлі бағытты бірге қосып, Нұрәлінің, менің шығармаларымызды ойнайтынбыз. Ең бірінші бірлесіп менің күйімді ойнап көрдік, бәрімізге қатты ұнады. Содан бастап екеуіміз классикалық кроссовер стилінде өнер көрсетіп келеміз. Әрине, Нұрәлі де, мен де жеке өзіміздің шығармаларымызды халықтың алдына шығарамыз, бірақ та, осы кроссовер стилі біздің басты назарымызға айналды. Классикалық және Ұлттық стильдер қосылған кезде ерекше әсер беріп, керемет үйлесім пайда болады. Осы бағытта біз көптеген концерттерде өнер көрсеттік. Көпшілік көргендей 2019 жылы өткен Center Asia Got Talent байқауында «Көшпенділер» атты бірігіп жазған шығармамызды камералық оркестмен орындадық. Біздің басты мақсатымыздың бірі- осы домбыра мен фортепиано аспаптарын біріктіріп әлемдік деңгейге шығару. Біздің ұлттық өнерімізді, ұлттық аспаптырымызды классикалық музыкамен біріктіру әлем музыкасы үшін үлкен бір жаңалық болады деп есептейміз.

F: Кезекті сауалды Нұрәліге қойсақ. Нұрәлі, сіз Қазақстанның ең жас композиторы ретінде танылдыңыз. Сізді қазірде әлемге әйгілі музыканттарға теңеп, қазақстандық Моцарт немесе Шопен деп атап жатады. Пианинода, скрипкада қай кезден бастап ойнайсыз, бұл аспаптарды алғаш нота арқылы меңгердіңіз бе, әлде өз бетіңізше ме?

Пианинода мен 4 жасымнан бастап өз бетімше ойнап, үйрене бастадым. Үймізде үлкен ағамнан қалған пианино тұрған болатын. Оған кино, мультфильмдердің музыкасын салып ойнайтынмын. Бірақ нотаны білмедім. Ал, скрипка аспабын мен Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектебінде үйрендім. 1- ші сыныпқа оқуға барғанда мені скрипка аспабына жіберді. Скрипка аспабын мен 8 сыныпқа дейін меңгердім. Нотаны да мектепке барғанда үйрендім.

F: Алғашқы шығарма қалай дүниеге келді, қазір олардың жалпы саны қанша?

Алғаш шығармамды мен 5 жасымда жаздым. Ол шығармамды анама арнап атын «Анашым» деп қойғанмын. Қазіргі уақытта менің 200- ден астам классикалық шығармам бар. Алғашқы шығармаларымның тізімінде «Балалық шақ», «Қыс», «Күз», «Махаббат», «Өмір-өзен» және т.б. бар.

F: Бір туындыға қанша уақыт кетеді. Олардың тақырыбы негізінен қандай бағыттарды қамтиды?

Туындының шығуы уақытқа байланысты емес. Кейде бір мезетте шығады, кейде күндерді қамтиды. Бұл музыканың келуіне байланысты, шабытқа да байланысты деп ойлаймын. Тақырыптары ауқымды, табиғат жайлы, махаббат, ата-ана, достық, адамның жан дүниесіндегі толғау, ауқымды тақырыптар да бар. Мысалы, пандемияға қарсы менің бірнеше шығармам бар, олар «Соғыссыз әлем», «Үміт сәулесі», «Шипа».

F: Бір музыкалық шығарманы Денис Тенге арнапсыз. «Аққан жұлдыз» деп аталатын туынды қалай жазылды, тыңдарман тарапынан қалай қабылданды ? Тағы кімдерге арналған туындыларыңыз бар?

Бұл шығарманы мен Денис Теннің кенеттен бұл өмірден кетіп қалуына байланысты шығардым. Бұл оқиғаның қалай болғаны да барлығына мәлім, ұрылардың қолынан қаза болды. Мен Денистің өнеріне тәнті болатынмын, оның біздің елімізді үнемі мақтан етіп жүретінін телелидардан жиі көретінмін. Сол суық хабарды жаңалықтан естігенде көңілім құлап қалды. Келесі күні осы «Аққан жұлдыз» атты шығармамды Денис Тенге арнап шығардым. Адамдарға арнаған өзге шығармаларым бар, олар: «Абай» - Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнау , «Ақын»- халық ақыны Есдаулет Кәндекұлына арнау және т.б.

F: Ағаңыз оқыған А. Жұбанов атындағы дарынды балалаларға арналған музыка мектебінде білім алады екенсіз. Оқу орнының қарапайым мектептерден айырмашылығы неде, онда музыкадан бөлек басқа қандай пәндерге, бағыттарға басымдық беріледі?

Ғаламат ағам Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның 1 курс студенті. Мен Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектебінің 9 сыныбында оқимын. Бұл мектептің ерекшелігі әрине музыкада. Өнер ордасы болғандықтан барлық оқушылар музыкамен терең айналысады.

F: Ғаламат, сіздер «Central Asia's Got Talent» байқауына қатысқан едіңіздер. Бұл шоу сіздерге не берді, сіздерді қалай бағалады?

- Иә, 2019 жылы біз жеке орындаушылар ретінде Central Asia Got Talent байқауына қатыстық. Алғашында Нұрәлі екеуіміз жеке шығармашылығымызды ұсынған едік. Нұрәлінің орындаушылығын тыңдаған қазылар алқасы оған төрт бірдей дауыс беріп оны келесі турға өткізген. Ендігі кезек менікі, іштей қатты қобалжып тұрдым. Сахнаға шығып өзімнің өнерімді көрсеттім. Ойнап болғаннан кейін қазылар алқасының шешімін тыңдаймын деп тұрғанда бәріміз үшін күтпеген жерден Нұрлан Абдулин ағамыз алтын батырманы басады. Ол біз үшін үлкен қуаныш болды. Одан кейін Нұрәлі екеуімізді жартылай финалға бірге өткізді. Жартылай финалда біз «Көшпенділер» атты авторлық шығармамызды А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектебінің камералық оркестірімен бірігіп орындадық. Халық керемет баға берді бұл қойылымға. Өкінішке орай, жартылай финалдан кейін ары қарай өтпей қалдық. Бұл байқау бізге халық арасынан танымалдық алып келді.

F: Ғаламтор сіздердің шығармаларыңызды коммерцияландыруға қаншалықты үлес қосуда? Туындыларыңызды отандық және халықаралық музыкалық алаңдарға ұсынасыздар ма?

Қазіргі заманда, ғаламтор адамзат өміріндегі бүкіл саланы қамтиды деп толық айтуға болады. Кез келген адамның қолында ғаламторға шығатын ұялы телефоны бар. Адамдардың бір- бірімен байланысуы да ғаламторға байланысты. Барлығы Watsapp-пен сөйлеседі. Сондықтан ғаламтормен жұмыс істеу- ол заманның талабы. Ғаламторсыз қазіргі уақытта жұмыс істеу мүмкін емес деп ойлаймын. Әрине, ғаламтормен халыққа тез танылуға болады, оның мүмкіндіктері ауқымды. Нұрәлінің бірінші альбомы «Apple music», «Spotify» атты платформаларда жүктелген. Және де ғаламторда жұмыс істеу қаражатты қажет етеді. Мысалы, інімнің шығармасын халыққа таныту үшін ол шығармасын инстаграм парақшасына жүктейді, өзінің тыңдармандары тыңдап, бағасын беріп жатады. Бірақ, сол шығарманы әлемге таныту үшін, яғни аудиторияны көбейту үшін, таргетинг (жарнама) жасау керек. Бұл ауқымды қаражатты қажет етеді. Біздің әкеміз өнерімізге осындай жолмен қолдау көрсетіп, біраз қаражатын жұмсап, еңбек етті. Бірақ, қазіргі уақытта әкеміздің денсаулығы сыр беріп, ол шет елде емделіп жүр. Сондықтан, біздің өнерімізге қолдау көрсете алатын меценат ағаларымыз бар шығар деген үміттеміз, олардан қолдау күтеміз.

F: Сіздерге ән, күй жазуға қатысты ұсыныстар болып тұра ма? Мысалы, кино, сериалдарға шығарма, саундтрек жазу, радио немесе телеарна тарапынан сұраныс болды ма?

Иә, ұсыныстар болып тұрады. Әсіресе кино мен сериалдарға саундтрекке ұсыныстар жиі келеді. Менің бірнеше күйлерімді киноға алды. Нұралинің де бірнеше шығармаларын киноларға саундтрекке алды.

F: Жалпы әлемде классикалық туындыларға клип түсіру кең үрдіс алған? Сіздерде өз шығармаларыңызды кеңінен таныту үшін оларға бейнебаян түсіру туралы жоспар бар ма?

Иә, келісемін. Нұрәлінің екі бейнебаяны бар. Халықтың көңілінен өте жақсы шықты. Олар «Үміт сәулесі» мен «Ұмытпа» атты шығармаларына түсірілген бейнебаяндар. Алдағы уақытта бейнебаян түсіру біздің жоспарда бар.

F: Қандай композиторларды, музыканттарды үлгі тұтасыздар? Олардың ішінде Қазақстандық және шетелдік өнер иелерінен кімдерді айрықша атап өтер едіңіздер?

- Үлгі тұтар композиторлар өте көп. Мысалы, классикалық композиторлардан Л. Бетховет, Ф. Шопен, И.С. Бах, В.А. Моцарт, П.И. Чайковский, С. Рахманиновтар болса, Қазақ композиторларынан Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей, Дина, Шәмші Қалдаяқов және мен үшін орны бөлек композитор, ол әрине, Нұрғиса атамыз. Аттары аталған тұлғалардың шығармашылығы біздің музыкалық талғамымызға әсер етті. Әр композитордың өзіндік бір музыкалық стилі, жазу стилі болады. Уақытымыз бос кезде өзіміз үшін жаңа шығармалар, жаңа композиторларды ашамыз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5734 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
24 июля родились
Жаксыбек Кулекеев
экс-министр экономики и торговли РК, научный руководитель Центра исследований прикладной экономики
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить