Серік Төлбасы активтерін REIT TSPG қорына басқаруға бермек

Қазақстандық кәсіпкер коммерциялық негіздегі жылжымайтын мүлік нарығында инвестициялардың жаңа стандарттарын қалыптастыруда

2024 жылдың сәуір айында АХҚО алаңында REIT TSPG – Қазақстандағы сауда объектілеріне маманданған жылжымайтын мүліктің алғашқы REIT инвестициялық қоры тіркелді. Қорға кәсіпкер Серік Төлбасының Dostyk Plaza (Алматы) және Shymkent Plaza (Шымкент) сауда ойын-сауық орталықтары секілді ірі коммерциялық активтері кірді. Provident Fiduciary – АХҚО-дағы қорларды басқару жөніндегі жеке компания қорын басқарады. REIT қорлары инвесторларға кеңсе ғимараттары, сауда орталықтары, қоймалар, инфрақұрылым нысандары, қонақүйлер, көппәтерлі үйлер секілді жылжымайтын ірі мүлікке бірлескен инвестиция салуға мүмкіндік береді. Бірлескен немесе ұжымдық инвестициялау инвесторлардың тәуекелдерін азайтады. Ал REIT қорлары кірістерінің негізгі көзі жалға берілетін жылжымайтын мүліктен түсетін түсімдер. 

Қазақстан нарығында REIT TSPG қорының пайда болуы маңызды оқиға. Provident Fiduciary бас директоры Әсет Әбдіғаппаров айтып өткендей, бұл – өз қалаларында «А» класындағы негізгі сауда орталықтарына иелік ететін және тұтынушылар мен жалға алушылар, инвесторлар үшін құнды болатын активтер портфелін қалыптастырып отырған АХҚО-ның реттеу аясындағы ең алғашқы жылжымайтын мүлік қоры. «Болашақта біз TSPG салыстырмалы кластағы басқа да жылжымайтын мүліктерге иелік етіп, басқаратын Орталық Азиядағы ең ірі REIT қоры болады деген ойдамыз», – дейді Әбдіғаппаров. Оның айтуынша, REIT тұрақты және бәсекеге қабілетті активтерге инвестиция салуға мүмкіндік береді. REIT кірісінің елеулі бөлігін тұрақты жалдау төлемдері құрайды, яғни ақша ағыны мен инвесторларға дивидендтер төлеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін де осы төлемдер.

Айта кетсек, Dostyk Plaza СОО – TS Development компаниялар тобындағы қаржылық жағынан ең ірі жоба, оның құрылысына 200 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салынды. Әлемдік озық тәжірибелерге сүйене отырып TS Development бірегей жылжымайтын мүлік объектілерін жасауға ұмтылады. Мысалы, Dostyk Plaza ғимаратының архитектуралық концепциясын әзірлеуді Абу-Дабидегі Ferrari World жобалары, Лондондағы Westfield сауда орталығы негізінде танымал британдық Benoy компаниясы жүзеге асырды. 2023 жыл Dostyk Plaza және оны басқаратын TSPM консалтингтік компаниясы үшін рекордтық көрсеткіштердің жетістіктерімен ерекшеленді. Былтыр сауда орталығына 14 млн адам келіп кетті, ал тауар айналымы 272 млн АҚШ долларын құрады. Операциялық кіріс (EBITDA) жоспарды 19%-ға асыра орындап, 28 млн долларға дейін ұлғайып өсті. Бұл көрсеткіштерге ірі объектілерді басқару барысын жүйелеп құруға мүмкіндік беретін бизнес-процестерді жетілдіру және тиімді шешімдерді жеделдеп қабылдау негізінде қол жеткізілді.

Shymkent Plaza – Шымкенттегі ең ірі сауда ойын-сауық орталығы. Оның да ғимарат жобасы мен дизайнын Benoy сәулет компаниясы орындаған. 2023 жылы Shymkent Plaza орталығына 5,6 млн адам келіп, тауар айналымы 62,6 млн долларды құрады. Операциялық кіріс (EBITDA) 6,6 млн долларға дейін өсіп, жоспар 6%-ға асыра орындалды. Қор объектілерінің қаржылық-экономикалық көрсеткіштері tspgreit.com сайтында берілген.

Негізі, алғашқы REIT қорлары 1960-жылдары Америкада пайда болды. АҚШ Ұлттық REIT қауымдастығының (NAREIT – National Association of Real Estate Investment Trusts) мәліметтері бойынша, бүгін АҚШ-та активтердің жиынтық құны 4 трлн доллардан асатын 1100-ге жуық REIT жұмыс істейді. Оның ішінде 225 қордың акциялары негізгі биржаларда ашық саудаланады, мұндай REIT қорларының нарықтық капиталдандыруы 1,3 трлн доллардан асады. Жаһандық REIT нарығын дамыту туралы есебінде NAREIT қауымдастығы әлемде нарықтық капиталдандыруы 1,9 трлн доллар болатын 890-нан астам REIT акциялары саудаланып жатқанын атап өтеді. REIT қорлары арқылы инвестициялау моделі қазір бүкіл әлем бойынша кең тарап, экономикасы әлемдік ЖІӨ-нің 83%-дан астамын құрайтын елдер мен аймақтарды қамтыған.

*Дерек көзі: NAREIT https://www.reit.com/investing/global-real-estate-investment

Дамыған қаржы нарықтарында REIT қолдану үрдісі кең тарап жатқанын ескерсек, бұл тұрғыда платформа ретінде АХҚО алаңын таңдаудың өзі кездейсоқтық емес. Әсет Әбдіғаппаров, АХҚО Нью-Йорктен Сингапурға дейінгі қаржы орталықтарының әлемдік үздік тәжірибелері мен заманауи мүмкіндіктерін біріктіретін алаң дегенді баса айтады. АХҚО-ның негізгі мақсаты – қаржы құралдарының кең ауқымын ұсына отырып, өтімді және теңгерімді капитал нарығын дамыту. Ал басты артықшылығы – құқықтық ашық режим және инвесторлар үшін тартымды нормалар мен ережелердің сапалы жиынтығы; компанияны құрудағы артықшылықтар, мысалы, тіркеудің қарапайымдылығы, активтерді қорғау, корпоративтік басқарудың икемді құрылымы, салықтық преференциялар мен жеңілдіктер дегендей. «Осының бәрі компаниялар мен инвесторларға тиімді бизнес-стратегиялар құрып, халықаралық деңгейде дамуға мүмкіндік береді», - дейді Әсет Әбдіғаппаров.

Серік Төлбасы
Серік Төлбасы

Өз кезегінде TSPG қорының кәсіпкері әрі зәкірлік инвесторы Серік Төлбасы АХҚО юрисдикциясында REIT құру бизнесті дамытудың заңға сыйымды жалғасы деп түсіндіреді. «Менің компаниямның тарихы инженерлік консалтингтік қызмет көрсетуден басталды. Өзім  құрылыс инженері болғандықтан, бұл мен үшін қисынды бағыт еді. 1997 жылы мен TS Development атты инвестициялық құрылыс компаниялар тобын құрдым. 2002–2020 жылдар аралығында біздің топ 500 мың шаршы метрден астам коммерциялық және тұрғын үй сипатындағы жылжымайтын мүлік түрін салып, қолданысқа берді. Жобаларға салынған инвестициялардың жиынтық көлемі 600 млн доллардан асты. Ірі жобалардың ішінде «Кең Дала» бизнес-орталықтары, Fidelity фитнес-орталығы, Bukhar Zhyrau Towers, «Аэлита» тұрғын үй кешендері, Crystal Air Village коттедж қалашығы, Sputnik Mall, Dostyk Plaza және Shymkent Plaza сауда орталықтарын атап өтуге болады», - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда TS Development тобы сауда-саттық объектілерін салуға, басқаруға және дамытуға баса назар аударуда. Даму жылдарында барлық бизнес-процестер бір жүйеге келтіріліп, автоматтандыру өткізілді. Өзінің IT-өнімдері, сауда ойын-сауық орталықтарын тиімді басқаруға арналған бағдарламалар әзірленді. Ts-online SAS платформасы – көп функциялы ақылды басқару жүйесі құрылды. «Біз нарыққа сауда объектілеріне инвестициялау мүмкіндігін ұсына отырып, халықаралық алаңда өзімізді масштабтау және сынап көру арқылы дамудың жаңа кезеңін еңсеруді жоспарлап отырмыз. Біз қазір Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында жаңа тренд қалыптастыруға бағыт алдық, бұл жолда біз, ең алдымен, адал бәсекелестікке және әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы ең үздік тәжірибелерге иек артамыз. TSPG Қоры ұсынатын қаржы құралдарын пайдалана отырып Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы жылжымайтын мүлікке инвестиция салатын кез келді», -дейді Серік Төлбасы.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте