Баку - Тбилиси - Джейхан құбырымен мұнай экспорты 1 млн 392 мың тоннаға ұлғайды

Былтыр Ақтау портынан экспортқа 3 млн 376 мың тонна мұнай тасымалданған. Бұл бұрнағы жылғы көрсеткіштен 1 млн 108 мың тоннаға көп

«ҚазТрансОйл» компаниясының баспасөз қызметінен мәім еткендей, Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемінің артуы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жөнелтілетін шикізат көлемінің ұлғаюымен байланысты болып отыр.

«2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдауды арттыруды тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы «Теңіз» кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдауды көздейтін келісім жасады. Былтыр «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен тасымалданған мұнай 250 мың тоннадан 1 млн 392 мың тоннаға артты. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артық. «Теңіз» кенішінен осы бағыт бойынша 1 миллион 057 мың тонна мұнай жөнелтілді», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Ақтау портынан Махачкала портына қарай 1 млн 984 мың тонна мұнай жіберілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий құбыр консорциумы Қазақстаннан 56 млн тонна мұнай тасымалдағанын хабарлаған едік. 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте