Елорда көшелері дизайн-кодқа сай емес жарнамадан тазартыла бастады

Aстанада қала келбетін дизайн-код бойынша ретке келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты

Бір апта ішінде қала бойынша 800-ге жуық заңсыз ілінген маңдайша мен жарнама банері алынып тасталды. Олардың барлығы 2019 жылы бекітілген Астана дизайн-кодына сәйкес келмейді.

Нұра ауданының әкімдігі «Астана-Жарнама» КММ-мен бірлесіп 9 тұрғын үй кешенінде («Құлагер», «Жағалау-3», «Құлагер-2», «Көркем Tower») орналасқан ШОБ субъектілерінің тілдер туралы заңның сақталуы және заңсыз жарнаманың жойылуын тексеріп шықты. Нәтижесінде 26-28 шілде күндері 91 жарнама мен 30 маңдайша демонтаждалды.

Сондай-ақ, 36 хабарлама беріліп, 3 тұрғын үй кешенінде («Aru Qala», «Манхэттен», «Манхэттен») орналасқан маңдайшаларды дизайн-кодқа сәйкестендіру бойынша іс-қимыл алгоритмі табысталды.

Ал, Сарыарқа ауданында заңсыз ілінген 382 жарнама мен маңдайша алынып тасталды.

Байқоңыр ауданында жыл басынан бері аппарат қызметкерлері түсіндіру және заңсыз жарнамаларды бөлшектеу бойынша 40-тан астам көшпелі іс-шара өткізді. Қорытындысы бойынша бүгінгі күні 300-ге жуық заңсыз жарнама объектісі бөлшектелді.

Қалған аудандарда да осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осылайша, бір апта ішінде әкімдік қызметкерлерінің жұмысының нәтижесінде дизайн-кодқа сәйкес келмейтін 800-ге жуық заңсыз ілінген баннерлер мен маңдайшалар алынып тасталды.

Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айында қала мәслихаты дизайн-кодты бекіткен. Алайда, пандемияға байланысты жұмыс кейінге шегерілген. Биыл 4 сәуірінде Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қ. Тоқаев көше жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейту туралы тапсырма берген болатын.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте