Astana Opera академиясының солисі әлемдік опера әншісінің арнайы жүлдесін иеленді
Astana Opera Халықаралық опера академиясының солисі Гүлдана Алдадосова Мәскеудегі Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы Музыкалық театрда өткен Хибла Герзмаваның вокалистер мен концертмейстерлердің беделді байқауында арнайы сыйлық иегері атанды. Қазақстандық әнші өзінің ғажайып сопраносымен қазылар алқасының жүрегін жаулап, арнайы жүлдеге қоса, Ресейдің бірнеше жетекші театр алаңдарында өнер көрсетуге ұсыныс алды.
– Осы жазда оқуларын аяқтайтын Astana Opera опера академиясының тыңдаушылары зор әлеуеттерін паш етуде, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
– Жақын арада олар өздерін Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің үздік театрларының солистері ретінде көрсетеді, қазақстандық опера өнерін әлемге абыроймен таныстырады деп үміттеніп отырмыз. Қазірдің өзінде жастар «Астана Операда» белсенді өнер көрсетіп, шетелде опералық қойылымдарда дебют жасауда, халықаралық байқауларға ойдағыдай қатысуда. Гүлдана Алдадосова – келешегі зор, өр мінезді орындаушы, дарынды және мақсатқа ұмтылған керемет дауыс иесі. Әлемдік опера жұлдызы Хибла Герзмаваның атынан арнайы сыйлық алуы Гүлдананың жарқын мансабындағы тағы бір қадамы болады деген сенімдемін. Оны шын жүректен құттықтап, жаңа табыстар тілейміз!
Хибла Герзмаваның Метрополитен Опера, Ла Скала, Ковент-Гарден, Париж ұлттық операсы, Арена ди Верона секілді әлемнің басты опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген дүниежүзіне әйгілі опера әншісі ғана емес, сондай-ақ оның Мәскеу консерваториясының жеке ән айту кафедрасының доценті, «Онегин» Ұлттық опера сыйлығының президенті, «Хибла Герзмава шақырады…» музыкалық фестивалінің негізін қалаушы әрі жетекшісі екенін атап өтуіміз керек. Опера әртісінің қолдауымен өткен байқаудың қазылар алқасының құрамына жетекші әншілер, режиссерлер, дирижерлер мен опера агенттері енді.
Байқауда Astana Opera академиясын Гүлданамен қатар, Ораз Мұқамедияр мен Зәру Жазықбаева таныстырды, олар қатысуды бірінші турдан кейін тоқтатты. Бас жүлде иегері ресейлік бас Алексей Кулагин атанды. Байқау лауреаттары ақшалай сыйлықтармен марапатталып, үздік ресейлік театрлардың опера сахналарында дебют жасауға мүмкіндік алды.
Вам может быть интересно: «Uzbekistan Airways закупит самолёты более чем на 700 млн евро»