Тырысқақ бойынша эпидемиологиялық ахуалы тұрақты бақылауда

2022 жылы Қазақстан Республикасында тырысқақ ауруы бойынша қолайлы эпидемиологиялық жағдай сақталуда. Соңғы 10 жыл ішінде тырысқақтың жергілікті жағдайлары тіркелген жоқ.

Жыл бойы эпидемиологиялық және санитариялық-гигиеналық көрсеткіштерді ескере отырып, сыртқы орта объектілеріне (өзендер, су айдындары, рекреация аймақтары) тұрақты бақылау жүзеге асырылады.

Жыл сайын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауыз судың 9 мың сынамасын, оның ішінде орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға арналған судың 2 мыңға жуық сынамасын, жаппай ұйымдастырылған рекреациялық су пайдалану орындарындағы суды (демалыс аймақтары, бассейндер, субұрқақтар, аквапарктер), сондай-ақ тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маңызы бар нүктелерден 6 мың сынамаға дейін зерттейді.

Мәселен, 2022 жылдың ағымдағы кезеңінде ашық су қоймалары суының 479 сынамасы зерттелді, оның ішінде 96 сынамада тырысқақ вибрионының уытты емес штамдары анықталды, оның ішінде:

- орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін су тартудың санитариялық қорғау аймақтарындағы жер үсті су қоймаларының суларынан 51 сынама зерттелді, 4 сынамада тырысқақ вибрионы анықталды (Қызылорда облысы);

- орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған жағдайда халық ауыз су ретінде пайдаланатын жерүсті су қоймалары суынан 1 сынама зерттелді, нәтижесі - теріс;

- жаппай ұйымдасқан рекреациялық су пайдалану орындарындағы (демалыс аймақтары, бассейндер, субұрқақтар, аквапарктер), сондай-ақ тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маңызы бар нүктелердегі судан 360 сынама зерттелді, 66 сынамада тырысқақ вибрионы бөлінді (Алматы облысы: Талдықорған қаласының батыс шағын ауданындағы канал, Балықты, Қаратал өзендері, Байсерке ауылындағы жаңа және ескі су қоймалары, Бақанас ауылы Іле өзенінің арнасы, Ақдала ауылы көпір жанындағы суармалы канал; Шымкент қаласы: Бадам, Қарасу, Қошқар, Қайнар бұлақ өзендері және "Рахат бадам" су қоймасы, Тоғыс, Текесу су қоймалары; Түркістан облысы: Арыс, Сырдария өзендері және Алтынбеков, Кенжалиев каналдары).

- шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды ағызу орындарында 71 сынама зерттелді, тырысқақ вибрионы 28 сынамада бөлінді (Ақтау қ., Маңғыстау облысы, Орал қ., Шымкент қ.).

Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тырысқақтың ел ішінде әкелінуінің және одан әрі таралуының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті және олардың аумақтық бөлімшелері (ғылыми орталықтар, департаменттер, обаға қарсы станциялар) тырысқақтың, басқа да ішек жолдары инфекцияларының берілу жолдары мен факторларының әлеуетті қауіптілік дәрежесін ескере отырып, тұрақты эпидемиологиялық қадағалау жүргізеді.

Медициналық ұйымдардың тырысқақты анықтауға, оқшаулауға және оның таралуын болдырмауға қатысты дайындығын қамтамасыз ету мақсатында республикада санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен 530 семинар өткізілді, оған 11 592 маман қатысты, оның ішінде дәрігерлер – 2 726, орта медицина қызметкерлері – 8 866, сондай-ақ тырысқақ бойынша 1 758 дәрігер, 5 753 орта медицина қызметкері арнайы нұсқаудан өтті. Бұдан бөлек, 606 медициналық мекемеде 2 260 дәрігер мен 7 548 орта медициналық қызметкерлерді қамтумен 547 оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте