Қазақстан халқының 92%-ы цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған — Омаров

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың негізгі тәсілдері туралы мәселе қаралды. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде отандық медиа индустрия белсенді түрде және сапалы дамып келе жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың қатары көбейіп келеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының санымен бірге таралу аумағы, белгілі бір этнос тұратын жерде ғана емес, бүкіл республикаға таралатын басылым тілдерінің әртүрлілігі кеңейіп келеді», — деді А. Омаров.

Бұл ретте, оның айтуынша, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығаруды немесе таратуды тоқтата тұру не тоқтату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша мүмкін болады. Заңның бұл тармағы БАҚ-тың институционалдық қорғалуының айтарлықтай жоғары дәрежесін көрсетеді.

Соңғы 5 жылда мемлекеттің қолдауымен 3 500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Олардың 50-ден астамы Сингапур, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерге сатылды.

«Бұдан басқа, мемлекеттік телеарналар әлеуметтік желілерде ақпаратты ілгерілету бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, бүгінде «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының YouTube арнасы миллионнан астам жазылушысы бар аудитория болған жағдайда берілетін «алтын батырма» марапатының иегерлері болып табылады», — деді А. Омаров.

Қазақстандықтардың сенімі мен ақпаратты тұтынудың неғұрлым танымал алаңдарына келетін болсақ, мына статистиканы келтіруге болады:

Internews in Kazakhstan деректеріне сай, қазақстандықтар теледидарға барынша сенеді (58,1%), екінші орында – интернет-сайттар (34,3%). Сондай-ақ халықтың жартысынан көбі мемлекеттік медиаға сенеді (51,4%), тек 9,6%-ы жеке адамдарға сенеді.

Жалпы, министрдің сөзінше, Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. 2020 жылдан бастап ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жоспар мемлекет пен медиа саласының жүйелі шешімдерін талап ететін БАҚ саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында әзірленді.

«Бұдан басқа, министрлік цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамыту аясында жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде Қазақстан халқының 92,43%-ы цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған», — деді А. Омаров.

11 өңір толығымен ЦЭТХТ-қа көшті. Қалған 6 өңірді көшіру 2024 жылға дейін жоспарланып отыр. Биыл, министрдің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында радиотелевизиялық станцияны пайдалануға беру жоспарланып отыр. ЦЭТХТ-қа көшу халық үшін облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда 30-ға дейінгі, облыс орталығынан төмен деңгейде 15-ке дейінгі телеарнаны трансляциялауға мүмкіндік береді.

«Біз халықтың БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатқа қанағаттану деңгейін бағалау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қанағаттану деңгейі 68,58%-ды құрайды», — деді А. омаров.

Сонымен қатар ол министрліктің ақпараттық саясатты тиімді іске асыру тұрғысынан медиакеңістіктің мониторингін тұрақты негізде жүргізетінін қоса айтты.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша ҚР Үкіметінің қызметіне жұртшылықтың жоғары қызығушылығы байқалады», — деді А. Омаров.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте