400 тоннадан астам алтын қорымыз бар

Қазақстандық тазартылған алтынның әр грамы отандық алтын қорын толықтыруға жұмсалады. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Astana Mining & Metallurgy–2022 аясында өткен Қазақстанның Алтын өндірушілерінің ІІІ форумында айтты, деп хабарлайды ҚР ИИДМ.

Марат Қарабаевтың айтуынша, қазақстандық алтын өндірісі – мемлекетіміздің қаржы-экономикалық әл-ауқатының бір кепілі.

«Елімізде 400 тоннадан астам алтын қоры бар. Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 12-ші орында. Біздің алтын өндірушілер еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтауға айтарлықтай үлес қосуда. Бұл мемлекет пен бизнестің өзара ықпалдастығының нәтижесі. Өз кезегінде, «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» жаңа Заң да осы саланың дамуына тың серпін беруде. Аталған Заң алтын өндірудің барлық кезеңін өз елімізде жүзеге асыруға мүмкіндік берді», - деді вице-министр.

Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстанда 33 млн тонна кен және 66 тонна тазартылған алтын өндірілген.

«Қазіргі таңда елімізде 3 алтын тазарту зауыты жұмыс істейді. Оның екеуі Лондон металл биржасының Good Delivery статусына ие. Бұл – қазақстандық алтын құймасының әлемдік деңгейде мойындалуының айқын нышаны» деп көрсетеді ҚР ИИДМ өз ақпаратында.

Марат Қарабаевтың айтуынша, Қазақстанның ресурстық базасының айтарлықтай кеңдігі – саланың өндірістік қуаттылығын ұлғайтуға зор мүмкіндік береді.
ҚР ИИДМ ақпаратынша, қазір елімізде 1 трлн теңге қаржы тарта отырып, жыл сайын 12 тонна арфинарлық алтын шығару мүмкіндігі бар.

Бүгінде, сондай-ақ 2 600 тұрақты жұмыс орнын қамтитын 11 жобаны іске асыру жоспарланған.
 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте