Қазақстандық Бейбіт Жукаев Шымкентте өтіп жатқан BeeTV Challenger 80 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік рейтингте 491-орында тұрған Бейбіт Жукаев бастапқы кездесуін әлемнің 418-ракеткасы, үндістандық Саши Кумар Мукундпен өткізді. Ақтау қаласының түлегі, 21 жастағы теннисші бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:1. Екінші сет тартысты өрбіп, тай-брейкте Бейбіт жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11). Бір сағат 41 минутқа созылған матч барысында Б.Жукаев 9 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Жукаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 463-ракеткасы, америкалық Эван Чжумен таласады. Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев екінші айналымда жапониялық Каичи Учидамен шеберлік байқасады.
Вам может быть интересно: «Қазақстан америкалық компаниямен дауда жеңіске жетті»