2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның ішінде 9 – өмірді сақтандыру бойынша. 2022 жылғы наурызда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 2,0%-ға азайды және 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,9 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы наурызда активтердің төмендеуі негізінен шетел валютасындағы активтерді қайта бағалаумен байланысты болды.
Активтер құрылымында барынша жоғары үлесті (жиынтық активтерден 69,5%) 1,3 трлн теңгені құрайтын бағалы қағаздар алады, олар АҚШ доллары мен еуро сияқты номинирлеудің негізгі валюталарының наурызда құнын тиісінше 5,8% және 6,4% жоғалтуына байланысты негізінен шетел валютасында номинирленген бағалы қағаздарды қайта бағалаудың есебінен наурызда 6,3%-ға немесе 89 млрд теңгеге төмендеді.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2022 жылғы наурызда 1,5%-ға немесе 18 млрд теңгеге төмендеді және 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,2 трлн теңгені құрады. Міндеттемелердің азаюы, негізінен, РЕПО операциялары көлемінің төмендеуі есебінен болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2022 жылғы наурызда 3%-ға немесе 21,8 млрд теңгеге төмендеп, 738 млрд теңгені құрады. Теріс серпін инвестициялық қызмет бойынша шығынның есебінен орын алды.
Шетел валютасын қайта бағалаумен байланысты 2022 жылғы наурызда сақтандыру нарығы бойынша 8,1 млрд теңге мөлшерінде таза шығын болды. Бұл ретте 2022 жылдың басынан бері таза пайда 30,7 млрд теңгені құрады.
2022 жылғы наурызда жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 951 389 шартты құрады, бұл 2022 жылғы ақпанмен салыстырған 11,7%-ға артық. 2022 жылдың басынан бері жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 2 499 389 шартты құрады, бұл 2021 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға артық.
Бұл өсім, негізінен, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының 83 539 шартқа немесе 35,3%-ға, ауырған жағдайда сақтандыру бойынша 72 943 шартқа немесе 106,3%-ға және өмірді сақтандыру бойынша 53 525 шартқа немесе 11,8%-ға ұлғаюына байланысты.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2022 жылдың 3 айында 206,9 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 8,4%-ға артық.
Жыл басынан бері міндетті сақтандыру бойынша 31 млрд теңге жиналды, бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,5%-ға артық. Өсім, негізінен, қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша болды, атап айтқанда 2,2 млрд теңгеге немесе 29,3%-ға ұлғайды.
Ерікті жеке сақтандыру бойынша 2022 жылдың 3 айында – 72,8 млрд теңге, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға төмен. Төмендеу, ең алдымен, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары алымының 72%-ға немесе 19 млрд теңгеге азаюына байланысты.
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша ағымдағы жылдың басынан сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары – 103 млрд теңге, бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 23,8%-ға артық. Бұл мүлікті зияннан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың 24,1%-ға немесе 12,9 млрд теңгеге және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша 18,6%-ға немесе 1,3 млрд теңгеге өсуімен байланысты.
2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында сақтандыру төлемдерінің көлемі 36,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34,3%-ға артық. Барлығы 203 830 төлем жасалды.
Вам может быть интересно: «Қазақстан америкалық компаниямен дауда жеңіске жетті»