Үкіметте Түркістан облысындағы аумағы 500 га болатын жылыжай құрылысының жобасы таныстырылды

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаковпен кездесті.

Кәсіпкер Түркістан облысындағы ауданы 500 га болатын жылыжай кешені құрылысының жобасын таныстырды. Инвестициялық жоба 8000-нан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Жоспарланған іске асыру мерзімі – 5 жыл.

Үкімет басшысы ТМД кеңістігі аясындағы жобаның бірегейлігін атап өтті.

«Агроөнеркәсіптік кешен – ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс пен бағаның өсуін есепке алсақ, одан әрі даму әлеуеті зор маңызды сала. Осындай ірі жобаны жүзеге асыру біз үшін ерекше маңызға ие», — деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік, «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания қызметінің негізгі түрі — өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. АӨХ құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді.

«Оңтүстік Қазақстан – климаттық жағдайлары мен еңбек ресурстары бойынша таптырмас жер. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін біз Түркістан облысына кездейсоқ назар аударған жоқпыз. Мұнда ауа-райы қолайлы, соның арқасында қыс мезгілін пленкалы жылыжайларда өткізуге болады. Бұл 500 га жылыжай кластері болады, онда көкөністерді ғана емес, көк шөптерді, жидектерді де өсіретін боламыз», — деді А. Рудаков.

Сондай-ақ агрохолдинг басшысы жоғары синергетикалық нәтиже үшін жергілікті фермерлерге агрономиялық қолдау көрсетуге, сондай-ақ тиісті кадрларды даярлау бойынша оқу орталығын құруға ниет білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, инвестициялық субсидиялар және жобаны қаржыландыруға қатысты мәселелерді мұқият пысықтауға келісті.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте