Бельгиялық фермерлер Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға дайын
Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның солтүстік провинциясы Шығыс Фландрияға барып, бельгиялық көк ет тұқымының BWB (Belgian White Blue) ірі қара малын өсіруге маманданған бельгиялық ірі фермалар бірінің иелерімен және «EcoDynamics» компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесуге Ауденарде қаласының бургомистрі және оның орынбасары қатысты.
Бургомистр Марник Де Майлмейстермен кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі қағидаларын, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.
Бизнеспен келіссөздер барысында «EcoDynamics» бельгиялық компаниясы отбасылық бизнестің үшінші ұрпағы болып келетін «Blockeel» бельгиялық фермасымен бірге Қазақстанға ұзақ мерзімді негізде бельгиялық көк тұқымның эмбриондарын жеткізуге дайындық білдірді.
«EcoDynamics» Бас директоры Люк Ван Хифтенің айтуынша, бельгиялық ІҚМ тұқымының артықшылығы – жақсы ет өнімділігі, май мөлшерінің төмендігі (± 5%), полиқанықпаған май мөлшерінің жоғары болуы, холестерин деңгейінің төмендігі (±45 мг/100 г ет), азықты аз тұтынуы және ет қосу динамикасы (тәулікке орта есеппен 1 кг).
Бельгиялық бизнесмендер асыл тұқымды ірі қара малдың дайын ұрықтарын Қазақстанға экспорттаумен қатар, қазақстандық фермерлер мен ветеринарларға технологиялық оқытуды, фермаларды басқару мен олардың мониторингін қамтамасыз етуге де дайын. 2022 жылғы мамырда бельгиялық фермерлер делегациясы қазақстандық фермерлік шаруашылықтармен ынтымақтастық орнату үшін Қазақстанға бизнес-миссия жасауды жоспарлауда.
Өз кезегінде М.Баймұхан Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ағымдағы жағдайын талқылай отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы, АӨК саласындағы субсидиялар мен салық жеңілдіктері туралы айтып берді.
Тараптар АӨК саласындағы жобаларды іске асыру туралы ақпаратпен алмасуға келісті, сондай-ақ Елшілік 2022 жылғы мамырда бельгиялық бизнесмендердің сапарын және қазақстандық ветеринарлық қызметтер мен мал өсірушілерімен кездесулерін ұйымдастырады.
Вам может быть интересно: «Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімдігін басып алуға қатысқан 2 шетелдік ұсталды»