Люксембургте ҚР Президенті Жолдауының басымдықтары талқыланды

Елші Марғұлан Баймұхан Люксембург премьер-министрінің дипломатиялық кеңесшісі Патрик Хэммер, Люксембург Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Саяси департаментінің директоры Вероника Докендорф, Люксембург Қаржы министрлігінің Көпжақты істер, даму және сәйкестік департаментінің директоры Арсен Якоби, сондай-ақ Люксембург Экономика министрлігінің Сыртқы сауда мен инвестицияларды ілгерілету департаментінің кеңесшісі Татьяна Канечнимен кездесулер өткізді.

Кездесу барысында Елші сұхбаттастарына ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Қазақстанның Люксембургпен ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективалары туралы айтып берді. Сонымен қатар, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібі туралы пікір алмасты.

Люксембургтік сұхбаттастар Мемлекет басшысы 16 наурызда бастамашы болған реформаларды оң қабылдады, ал В.Докендорф елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіріп, ҚР-да азаматтық қоғамды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

П. Хэммер ҚР-дың алға қойған басымдықтарын, сондай-ақ саяси диалогтың жоғары деңгейін айта келе, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті және Люксембург Үкіметі қолдау көрсететін ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Өз кезегінде, А.Якоби ҚР Люксембургтің Орталық Азия өңіріндегі маңызды және тұрақты әріптесі болып табылатынын атап өтіп, екіжақты қарқынды байланыстарды қолдауды ұсынды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Люксембургтің Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің шақыруы бойынша АСЕМ тұрақты институтының Asia-Europe қорының бастамасымен «Адам құқықтары және климаттың өзгеруі» конференциясына қатысты.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте