Павлодар облысында инвесторлар мен оқу мекемелері әріптестік туралы меморандумға қол қойды

Павлодар облысында «Сапалы білім беру «Білімді ұлт» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Үш жақты құжат ғылыми-техникалық саладағы өзара әрекеттесу мен студенттердің жұмысқа тұру мүмкіндігі бар тағылымдамадан өтуіне жағдай жасауға бағытталған.

Кездесуді аймақ басшысының орынбасары Шаяхметов Сәкен ашты. Ол қазіргі кезде Павлодар облысына инвестициялардың көптеп тартылып жатқанын, олардың ішінде шет елдік инвестициялар да бар екенін атап өтті.

- Өңірімізде сапалы білім алған мамандарды қажет ететін ірі жобалар басталып жатқанын көріп отырмыз, - деді әкімнің орынбасары. – Инвесторлар өңірімізде бай табиғи ресурстар бар екенін және инфрақұрылымды тарту бағдарламалары жұмыс істейтінін біледі. Қазір оларға техникалық білімі бар, жаңа кәсіпорындарда жұмыс істеуге даяр мамандардың болуы қызықтырады.

Инвесторлардың атынан құжатқа «EkibastuzFerroAlloys», «Mineral Product International» және «Ақсу электр металлургиясы зауыты» ЖШС-терінің өкілдері қол қойды. Оқу мекемелерінің атынан меморандумға Торайғыров университетінің, академик Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының, Павлодар жоғары түсті металлургия колледжі, Ақсу қаласындағы қара металлургия және Жаяу Мұса атындағы жоғары көп бейінді колледждің басшылары қол қойды. Облыстық түсті металлургия колледжінің директоры Александр Болдашевский өзі басқаратын оқу мекемесі қазірдің өзінде дуалды оқыту бойынша «Қазақстан алюминийі» АҚ-ы және Қазақстан электролиз зауытымен әріптестік орнатқанын атап өтті.

- Үшінші және төртінші курстарда білім алатын студенттер оқу аптасының төрт күнінде осы кәсіпорындардың өндірістік орындарында практикалық оқытудан өтеді, - деп атап өтті Александр Болдашевский. – Осының бәрі түлектердің жұмысқа орналасуына оң әсер етуде. Биыл оқу орнын 140-а жуық шәкірт тәмамдайды, біз олардың әрқайсысы жұмыс нарығында сұранысқа ие болады деп сенеміз.

Атап өту керек, Павлодар облысында қырыққа жуық мамандықтар кірген Жаңа кәсіптер атласы енгізіліп жатыр. Сарапшылардың болжамдары бойынша бұл мамандықтар алдағы 5-10 жыл ішінде өңірімізде жоғары сұранысқа ие болады.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте