Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективалары Париж мэриясында талқыланды
Қазақстан-француз стратегиялық серіктестігі тек қарқынды саяси диалогпен, белсенді экономикалық алмасулармен және мәдени-гуманитарлық байланыстармен шектелмейді. Соңғы жылдары екі елдің қалалары мен аймақтарының үлкен әлеуетін жұмылдыратын орталықсызданған ынтымақтастық оның бір тірегіне айналды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 6 желтоқсанда Парижде Нұр-Сұлтан қаласы мен Францияның астанасы арасында ынтымақтастық туралы пакті жасалған болатын. Бұл құжатта екі мегаполистің экономика, мәдениет, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, қалаларды дамыту және басқа салалардағы болашақ өзара іс-қимылының негізгі бағыттары белгіленген.
«Бұл мақсаттар қағаз жүзінде ғана қалмауы тиіс және біз, ең алдымен, астаналарымыздың игілігі үшін нақты жобаларды іске асыруға кідіріссіз кірісуіміз керек», - деп айтты Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев халықаралық ынтымақтастық пен франкофонияны дамытуға жауапты Париж мэрінің орынбасары Арно Нгачамен кездесуде.
Тараптар әр түрлі жобаларды әзірлеу және іске асыру тетіктері туралы пікір алмасты, олардың алғашқысы қала әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында бүкіл әлемге Petit Palais (Кіші сарай) ретінде танымал Париж бейнелеу өнері мұражайы топтамасының көрмесін ұйымдастыру мүмкін болар еді.
Жақын арада мәселені пысықтау үшін бірлескен жұмыс тобын құру жоспарлануда, оған екі муниципалитеттің жауапты қызметкерлері, сондай-ақ мәдениет және білім беру мекемелерінің, жұртшылық пен іскер топтардың өкілдері кіреді.
Қазақстанды дүр сілкіндірген қаңтардағы оқиғалар да назардан тыс қалған жоқ. Елші бейбіт манифестацияларда көрініс тапқан әлеуметтік толқулардың туындау себептерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, жүргізіліп жатқан тергеу қорытындылары бойынша барлық халықаралық нормалар мен міндеттемелерді сақтай отырып, құқықтық баға берілетін террористік шабуылдар, қиратушылардың, тонаушылар мен бандиттердің қылмыстық әрекеттері туралы дәйекті ақпарат ұсынды. Ол сондай-ақ елдегі жағдайды тұрақтандыру шаралары, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған және «Жаңа Қазақстан» ұранымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси және демократиялық реформалар туралы айтып берді.
Өз кезегінде, Париж мэрінің орынбасары Қазақстан халқымен тілектестік сөздерін айтып, еліміздегі ахуалды тұрақтандыру және оны демократиялық жолмен одан әрі дамыту жөніндегі батыл шаралар екі астананы жақындастыру жөніндегі белгіленген жоспарлардың іске асырылатынына сенім артатынын атап өтті.
Кездесу соңында Ж.Ғалиев Қазақстан астанасының әкімі Париж қаласының мэрі Анн Идальго мен оның орынбасары А.Нгачаға ынтымақтастықтың жаңа шеңберін қалыптастыруға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттарын табыс етті.
Вам может быть интересно: «В Ливии рассказали о планах по добыче нефти на ближайшие годы»